Бизнес-кейстер

Мен комикстер мен арт-кітаптар шығаратын тәуелсіз баспа аштым

Қазақстандағы осындай алғашқы жобаның тарихы

Мен комикстер мен арт-кітаптар шығаратын тәуелсіз баспа аштым

Мақаланың мазмұны

Қазақстандықтардың ойында комикстер — суперқаһармандар туралы шытырман оқиғалар деп жатталып қалған. Осы таптаурынды өзгерту үшін Зарина Мингазова талантты суретшілерді қолдап, олардың жұмыстарын жарыққа шығару үшін TRÆSH атты компанияның негізін қалады. Грант, жаңа авторлар және идеялардың ізденісінде жүрген жобаның күнкөрісі жайлы осы мақалада айтып береміз.

Комикстер әртүрлі бола алады

Мен Қазақстанда дүниеге келдім, бірақ ұзақ жылдар бойы Осло қаласында тұрдым. Норвегия университеттерінің бірінде иллюстрация бағыты бойынша білім алдым, содан кейін дизайн студиясында иллюстратор болып жұмысқа тұрдым. Комикстермен көп жұмыс істедім. Сол кезде менде арман пайда болды — өзімнің және достарымның жұмыстарын жариялайтын баспа ашу. Құрбым Ингридке де бұл идея ұнап, біз оны бірге жүзеге асыра бастадық. Шығармашылық адамдарға көмектесетін Grafill ұйымына грантқа өтінім бердік. Олар біздің жобаға сеніп, бізге қаржы бөлді. Осылайша біз бастапқыда жоспарлап қойған мақсаттардан көп нәрсені жасай алатынымызды түсіндік.

TRÆSH — бұл комикстер мен арт-кітаптарды шығаратын шағын, тәуелсіз баспа. Біз заманауи абстрактілі шығармаларды басамыз, бұл бағытты «некомиксы» деп те атайды. 70-ші жылдары Marvel нарықты жаулап алған кезде bubble-дармен ерекшеленетін классикалық стиль қалыптасты. Осылай, комикстер суперқаһармандар туралы ғана деген шектеулі ұғым таралып кетті. Мен үшін бұл қызықты да емес, сондықтан біздің жоба комикстер туралы түсінікті кеңейтуге және форматтардың әртүрлі болуы мүмкін екенін көрсетуге тырысады.

Оған қоса біз зиндерді шығарамыз (ағылш. Fanzine) — бұл кез келген тақырыптағы таралымы аз әуесқойлық басылым. Бұл бағыт 60-шы жылдары пайда болды, сол кезде 6-8 бет А4 қағазын басып шығарып, екіге бөлген, кейін оларды степлермен біріктіріп шағын журнал жасаған. Әсіресе Beatles туралы жанкүйерлердің зиндері кеңінен таралған. Кейінірек зиндер әйелдер құқықтары мен әлеуметтік өзгерістер сияқты тақырыптарды қамти отырып, саяси реңкке ие бола бастады.

Өз елімде шабыт алдым

Мамыр айында Алматыға келдім, менің отбасым осында тұрады. Басында өз оқиғаларым бойынша жұмыс істеп, Орталық Азияны зерттеумен айналысамын деп ойлағам. Бірақ кездейсоқ Дом 36-ға кіріп (Алматыдағы арт-кеңістік. — Ред. ескертпесі), адамдармен танысып, әңгімелесіп, тауашаның бос екенін түсіндім. Қазақстанда мүмкіндіктер көп, бірақ комикстер мен зиндермен айналысатындар аз. Басып шығарушы ретінде мен болашағы зор нарықты көрдім — мұнда жұмыстары басып шығарылған форматта керемет болатын жаңа суретшілер мен басқа мамандардың адамдары көп.

Мен осы кеңістіктегі бөлмені жалға алуды шештім. Бұрынғы қойма, әр бұрышында өрмек болды. Бәрін жаңадан жасауға тура келді, бірақ сәл кеңес заманының вайбын қалдыруды шештім, оның да бір өзіндік ерекшелігі бар. Қазір бұл орын мен жұмыс істеп жүрген студия мен шағын дүкен қызметін атқарады.

Қаржы және әкімшілік мәселелермен айналысу маған қиын, сондықтан Ингрид бұл жұмыс бөлігін өзіне алады. Ал мен шығармашылықпен айналысамын — идеяларды ойлап табу, адамдармен қарым-қатынас жасау, суретшілер мен авторларды іздеу. Қазақстанда табыстан салық төлеу үшін ЖК ашуға тура келді, бірақ бұл оңай боп шықты.

Сауда Instagram және онлайн-дүкен арқылы жүргізіледі. Сайтта біз өзіміздің және әлемнің басқа суретшілерінің жұмыстарына 30% мөлшерінде үстеме қосып, сатамыз. Бағалар қымбат болып көрінуі мүмкін, бірақ Еуропада одан да жоғары.

Маңызды тақырыптар мен авторлық құқық

Бізге өз көзқарасын білдіріп, пікірімен бөлісетін, сол арқылы бірдеңеге талпынып, қол жеткізуге тырысатын адамдардың жұмыстары қызықты. Біз авторларға платформа бергіміз келеді. Мысалы, бізде «Өлім туралы кішкентай кітап» шыққан болатын. Бұл идея авторға анасынан айырылып, өлім ұғымын балаларға қалай түсіндіруге болатынын ойластырған кезде келді. Бұл мықты жоба, көлемі аз болғанымен, оны жариялау бізге маңызды болды. Сыншылар кітапты жақсы қабылдады, жүлделерге ие болып, кітап жайлы көптеген журналдар жазды.

Бізде өз жолын тауып, алға ұмтылып, қалағанын істейтін мықты әйел туралы тағы бір кітап болды. Әдетте мұндайды әйелдерден гөрі еркектерден жиі көреміз, өйткені әйелдер эмпатияға жақын және басқалар туралы жиі ойлап жүреді. Бірақ кейде кедергілерді бұзып өтіп, өзіңіз қалаған нәрсені тайсалмай жасау керек болып тұрады.

Біз ешқашан басқа адамдарға, олардың діни көзқарастары мен өмірлік таңдауларына қысым көрсететін — кімді жақсы көру, кіммен бірге өмір сүру керектігін айтып, не соғыстар мен қақтығыстарды қолдайтын жұмыстарды шығармас едік.

Авторлық құқыққа келетін болсақ, біз авторлармен келісімшарт жасасамыз және істелетін жұмысқа алдын ала ақы төлейміз. Олар материалдарды шығарылымға дайындап, бізге береді, ал біз оны басып шығарып, таралымды сатамыз. Сатылымнан түскен табысты өзімізге аламыз.

Тағы бір әдісті тексеріп көргенбіз — «Өлім туралы кішкентай кітаптың» авторымен келісімшарт жасастық, баспаға шыққаннан кейін ол табыстың 70%, ал біз 30% алдық. Нәтижесінде барлық кітаптар сатылып кетті, ал автор одан жақсы пайда көрді.

Гранттар мен қаржыландыру туралы

Бізде табыс жоқ, біз абсолютті нөлге шығамыз. Ең көп дегенде, көлік немесе билеттің шығындарын өтей аламыз. Қазір барлық табыс жаңа авторларды басып шығаруға кетеді. Біз тек гранттардың арқасында күн көріп жатырмыз.

Мен гранттарды жылына екі рет — күзде және көктемде іздеймін. Норвегияда іске қосылғанымызға қуаныштымын — Еуропада көптеген грант бағдарламалары бар. Өкінішке қарай, Қазақстанда ондай мүмкіндіктерді әлі таппадым.

Гранттарды іздеу көп уақыт алатын маңызды және қиын жұмыс, бірақ әзірше күнкөрістің жалғыз амалы. Қолдау мен қаржыландырусыз өте қиын. Қазір біз сатылымнан түскен азғантай табысымызды пайдаланып жүрміз, ол ақша мен Қазақстанда тапқан жаңа суретшілерді басып шығаруға жұмсалады. Болашақта біз кітаптар шығарып, дүкендерге барып, таралымды көбейткіміз келеді. Сол кезде табысымыз көбейетініне үміттенеміз, ол ақшаны авторларға, дизайнерлерге, редакторларға бере аламыз.

Қазір мен бір грантқа өтінім дайындап жатырмын, біз оған үміт артып жүрміз. Грантқа қол жеткізсек, көптеген зиндер, жаңа газет, кітап шығара алатын боламыз. Менде Скандинавия мен Орталық Азия суретшілерін біріктіретін және екі түрлі мәдениетті бір-бірімен құрақ көрпе сияқты байланыстыратын кітап шығару идеясы бар. Бұл жолы грант алмасақ, басқа жолы аламыз. Арман мен мақсат мені алға жетелей береді.

Қазақстанда басып шығару қымбат

Мен өнімді Норвегияда басып шығарамын. Қазақстанда бізбен жұмыс істегісі келетін баспахана табу қиын. Талаптарымызға сай қағаз жоқ және ең аз дегенде 500 данаға тапсырыс беру керек. Біз үшін бұл өте көп. Әдетте, біздің газеттің таралымы — 300 дана. Біз Англияның «newspaper club» деп аталатын шағын баспаханаларына тапсырыс береміз. Олар әдеттен тыс, ерекше, газет форматында әртүрлі қағазға басып шығаруға әрдайым дайын. Ол бізге арзанға шығады және басылуы тез. Ослода біз ризографта жұмыс істейміз. Әрине, егер Қазақстанда басып шығарсақ, оңайырақ болар еді. Басқа амал жоқ — үлкен партияға тапсырыс беріп қойып, кейін қалдықтарды қоқысқа лақтырғым келмейді.

Жақында Ыстамбұлда болдым, онда бизнесті енді бастаған ризографы бар жас жігіттерді таптым, олар екі айдан кейін хабарласуды ұсынды. Егер олармен ынтымақтастық орната алсақ, онда басып шығару арзан және жақын болады.

Екі жылдан кейін Қазақстанда бәрі өзгеретініне сенімдімін, адамдар ризографтарды сатып ала бастайды және онымен қалай жұмыс істеу керектігін түсінеді. Әзірге бұл бағасы қымбат және жүзеге асырылуы қиын іс боп тұр.

Экзистенциялық дағдарыс туралы

Магистратураның бірінші жылында мен таңдаған жолымның дұрыстығына күмәндандым. Мен мансап жайлы қайта ойлана бастадым: мен кіммін? иллюстратор, суретші, дизайнер немесе редактормын ба? TRÆSH-ті қайта қарастыруға тура келді. Біз андеграунд болып бастадық және «треш» тақырыптармен жұмыс жасадық. Мен жобаға маңыздылық пен салмақ қосу туралы ойлана бастадым, адамдар бізді қызық нәрсе жасайтын екі жайдары қыздар ретінде қабылдамай, жұмысымыздың түбінде терең мағыналар жатқанын көрсін деген мақсат пайда болды.

Жобаны тоқтатып, бір жыл бойы ештеңе басып шығармадық. Бұл дұрыс шешім болды, сол уақыт ішінде мен жобаның шынайы мағынасын түсіндім — біз тек қызықты комикстер шығарып қана қоймай, маңызды жаңа бағытты дамытып жүрміз деген ойға келдім.

Біз ынтымақтастыққа ашықпыз

Біздің басты мақсатымыз — комикстер туралы түсінікті кеңейту. Ол үшін біз тек комикс авторларымен ғана емес, суретшілермен, фотографтармен, сәулетшілермен, дизайнерлермен, жазушылармен, ақындармен, қызығушылықтарын танытқан әртүрлі сала өкілдерімен жұмыс жасағымыз келеді. 

Бізбен қалай серіктес бола аласыз? Оңай! Біздің Instagram парақшамызға жазыңыз.

Біз Норвегиядан грант алу арқылы дарынды суретшілерге иллюстрацияларын дамытып, жұмыс істеуге көмектесеміз және сол үшін ақы төлеуге дайынбыз. Екі жылдан кейін біздің баспа арт-кітаптар мен комикстер әлемінде танымал брендке айналып, Орталық Азия авторларына өз дарындарын паш етуге мүмкіндік береді деп үміттенемін.