2024 жылы ауыл шаруашылығына субсидия алу тәртібі

Бағдарламалардың түрлері, шаруаларға қойылатын шарттар мен талаптар

Дана Ермұхан

Дана Ермұхан

автор

Ирина Дубчак

Ирина Дубчак

редактор

2024 жылы ауыл шаруашылығына субсидия алу тәртібі

Ауыл шаруашылығында бизнес ашу оңай емес, ол үшін база құру, техника, жабдық, мал, жем сатып алу керек. Бірақ бұл саладағы жаңа өндірушілер азық-түлік қорын қамтамасыз етіп, елге пайда әкелуде. Шаруалардың жағдайын жеңілдету үшін мемлекетіміз субсидиялау және жеңілдікті несиелеу бағдарламаларын жүзеге асырады. Фермерлер бизнестерінін дамытуға субсидия қалай ала алатыны және оны қалай жұмсай алатыны туралы осы мақалада айтып береміз.

Ауыл шаруашылығындағы субсидия туралы түсінік

Ауыл шаруашылығына арналған субсидиялар — бұл кәсіпкерлер шығындарының бір бөлігін өтей алатын мемлекеттен бөлінетін қаржылай көмек. Субсидия көкөніс, жеміс-жидек, дәнді дақылдар өсіріп, өңдейтін, асыл тұқымды мал, қара мал және қой-ешкі, құс еті өсірумен айналысатын шаруаларға беріледі. Одан басқа отандық ауыл шаруашылығы техникасын сатып алуға және су мен отын шығынын өтеуге арналған субсидиялар да бар.

Қаржылай көмекті шағын фермерлер де, ірі шаруашылықтар да ала алады. Бірақ субсидия тек жұмсалған шығындарды өтейді, яғни егер фермер бизнес ашқысы келсе, онда алдымен керегін сатып алады немесе құрып салады да, содан кейін шығынын дәлелдейтін есептер ұсынып, соның негізінде субсидия алады.

Асыл тұқымды мал шаруашылығына арналған субсидия

Асыл тұқымды мал шаруашылығы — бұл ауыл шаруашылығының маңызды саласы, сол себепті мемлекет селекциялы және асыл тұқымды мал өсіру жұмыстармен айналысатын тауар өндірушілердің шығындарын субсидиялайды, яғни бір бөлігін өтеп береді.

Субсидия мақсаты

  • асыл тұқымды қара мал басын сатып алу,
  • ет және ет-сүт бағытындағы асыл тұқымды бұқа сатып алу,
  • асыл тұқымды қой, айғыр, түйе сатып алу,
  • ет және жұмыртқа беретін асыл тұқымды жас құс сатып алу,
  • асыл тұқымды бұқаларды, қошқарларды күту,
  • қолдан ұрықтандыру қызметтері,
  • қара малдың, қойдың, маралдың, шошқаның тауарлық және асыл тұқымды малдарымен байланысты жұмыс,
  • бал аралары ұяларымен жұмыс.

Субсидия мөлшері мал түріне байланысты болады. Мысалы, бір отандық асыл тұқымды сиырға 150 мың теңге бөлінсе, Аустралиядан, Солтүстік және Оңтүстік Америкадан немесе Еуропадан әкелінген сиырға 300 мың теңге субсидия беріледі (мемлекет селекция жұмыстарын жүргізу үшін жаңа тұқым сатып алуға мүдделі). Жалға алынған малға субсидия берілмейді. Субсидиялардың толық тізбесі мен нормативтермен осы сілтемеден танысуға болады.

Фермерлерге қойылатын талаптар

Фермер субсидия алу үшін арнайы талаптарға сай болуы керек — ол талаптар мал түріне және мал шаруашылығының түріне қарай өзгеріп тұрады.

Мысалы, селекция мен асыл тұқым өсіруге байланысты жұмыстарға субсидия алу үшін барлық мал басы селекция және асыл тұқым жұмысының ақпараттық қорында (САТЖАҚ) және ауыл шаруашылығы малдарын бірдейлендіру жөніндегі деректер базасында (АЖБ) тіркелуі керек. Жалпы саны 20–30 аналық мал басына бір жасқа толған және бұрын тұқым шығаруға пайдаланылмаған кемінде бір асыл тұқымды бұқа болуы қажет.

Өтініш беру мерзімі мал шаруашылығының түріне байланысты болады, әдетте, ол ағымдағы жылдың 20 қаңтарынан 20 желтоқсанына дейінгі кезең (өтініш мал сатып алған күннен бастап 12 ай ішінде тапсырылады).

Өсімдік шаруашылығына берілетін субсидиялар

Өсімдік шаруашылығына субсидиялар келесі бағыттар бойынша беріледі:

  • басым дақылдар, оның ішінде көпжылдық көшеттер өндiру,
  • тұқым шаруашылығы,
  • тыңайтқыштар (органикалық тыңайтқыштар кірмейді),
  • зиянды организмдерге қарсы өңдеу жүргізуге арналған биологиялық агенттер мен пестицидтер.

Әр аймақтың өз басым дақылдар тiзбесі және әр жыл сайын нақтыланатын субсидия нормалары бар. Мысалы, Жетісу облысы бойынша 2024 жылы алты бағыт бекітілген — бұл қант қызылшасы, дәнді дақылдарға арналған жүгері, майлы дақылдар, қарақұмық, өнеркәсіптік жылыжай кешендерінде өсірілген көкөністер, фермадағы жылыжайдағы өсірілген көкөністер, ал Шымкент қаласында — үш бағыт: мақсары, өнеркәсіптік және фермадағы жылыжайда өсірілген көкөністер. Басым дақылдардың тiзбесі мен нормаларын білу үшін, өзіңіздің қалаңыз бен ауданыңызға қарау керек.

Тұқым шаруашылығына арналған субсидияны түпнұсқа тұқым өндірушілер, элит тұқым және тұқым шаруашылықтары, ауыл шаруашылығында тауар өндірушілер немесе ауыл шаруашылығы кооперативтері толық бағамен сатып алынған тыңайтқыштар, пестицидтер, биоагенттер үшін ала алады. Тұқымға арналған субсидиялар егіннің түріне байланысты: түпнұсқа тұқымнан бидай өсіретін болсаңыз, 166 000 теңге сұрай аласыз, ал бұршақ өсірсеңіз, 171 500 теңге субсидия сұрай аласыз.

Ауыл шаруашылығы өндірушілер суаруға субсидия ала алады. Субсидия мөлшері сатып алынған суармалы судың текше метрі мен тарифтердің пайыздық қатынасына байланысты болады. Күріш дақылдарына 2024 жылы ол ҚҚС-сыз тарифтің 50% құрайды, басқа ауыл шаруашылығы өндірушілері үшін сараланған түрде белгіленеді.  Әр жылға бекітілген субсидия есептеу тәртібін мына сілтемеден қарауға болады.

Сондай-ақ, фермерлер егін жинау жұмыстарына арзандатылған дизель отынын ала алады. Оның көлемі жер көлемі мен ауыспалы егіс көлеміне қарай автоматты түрде есептеледі. Фермер тек егінін растап, оператор таңдайды да, электронды қолтаңбамен өтінішке қол қояды. Әр оператордан сатып алынған жанармай көлемі мен қалдығы онлайн режимінде бақыланады.

Өсімдік шаруашылығы егінін көбейтуге және сапасын арттыруға арналған субсидия ережелерімен осы сілтемеден танысуға болады.

Инвестицияға арналған субсидиялар

Инвестицияға арналған субсидиялар жоба паспорттарына сәйкес жаңа өндіріс орындарын құруға немесе жұмыс істеп тұрған қуаттарды кеңейтуге, жаңғыртуға, техника және ауыл шаруашылығы машиналары мен жабдықтарын сатып алуға беріледі. Барлығы 30–ға жуық бағыт субсидияланады. Мысалы, қант өндіретін кәсіпорын құруға салынған инвестицияны субсидиялау үлесі 25%, ал басым ауыл шаруашылығы техникасы мен жабдықтарын сатып алу немесе жылыжай кешенін салуға және кеңейтуге салынған инвестицияны субсидиялау үлесі 30% құрайды. Мына сілтемеде субсидиялауға жататын жобалар паспорттарының толық тізбесі берілген.

Сыйақы мөлшерлемелерін субсидиялау

Агробизнес дамытуға жеңілдікпен несие алған шаруаларға мемлекет несие пайызының бір бөлігін өтей алады.

Қағида бойынша ҚР Ұлттық Банкінің базалық мөлшерлемесі + 7,5% қолданылады, кәсіпкер оның тек 6% төлейді, ал қалғанын мемлекет субсидиялайды. Субсидиялау мерзімі несие мерзімінен аспауы керек.

Мына мақсаттарға берілген несиелерді субсидиялауға болады:

  • ауыл шаруашылығы техникасын, оның ішінде аспалы және тіркемелі жабдықтар, ауыл шаруашылығы жануарларын, негізгі құрал сатып алуға және құрылысқа берілген несиелер (ұн, минералды су және алкогольсіз сусын өндіруге сатып алынған негізгі құралдар бұл тізімге кірмейді);
  • өндіріс процесінің технологиялық цикліне жұмсалатын айналым қаражатын толықтыру;
  • көктемгі дала және егін жинау жұмыстарын жүргізу.

Субсидия алуға өтініш беру

Субсидия алуға барлық өтініштер Gosagro.kz бірыңғай мемлекеттік жүйесінде беріледі. Субсидияның барлық түрлеріне өтініш беру тәртібі:

  1. Gosagro.kz сайтында ЭЦҚ арқылы тіркеліңіз.
  2. Негізгі бетте субсидиялау категориясын таңдаңыз, мысалы, басым дақылдарды субсидиялау.
  3. Өз аймағыңызды таңдап, «Қызмет алу» батырмасын басыңыз.
  4. Жеке кәсіпкерлік немесе заңды тұлға ретінде тіркелу формасын таңдаңыз.
  5. Мына өрістерді толтырыңыз — ЖСН/БСН, телефон нөмірі, біздің мысалда кездесетін өріс — ауыспалы егіс жылы, егін дақылы, ЖК немесе ЖШС аты-жөні жазыңыз.
  6. Жер учаскесі туралы мәлімет, банк деректемелері толтырыңыз және қажет құжаттарды (қайта өңдеу кәсіпорнымен жасалған ауыл шаруашылығы өнімдерін жеткізу туралы келісімшарт), шот туралы туралы анықтама, өңдеуші кәсіпорын шығындарының төлем құжаттарын жүктеңіз.
  7. Құжат жасап, ЭЦҚ-ға қол қойып, процедураны аяқтаңыз.

Өтініш екі күн ішінде қарастырылады. Кейін субсидиялауға нәтижелері электронды поштаға және порталдағы жеке кабинетіңізге жіберіледі.

Сайтта Күту тізімі бар — фермерлер бюджет бөлінгенше күтіп отырмай, өзі ыңғайына қарай кез келген уақытта өтініш бере алады. Өтініш мақұлданғаннан кейін жүйеге түсіп, төлем кезегін күтеді. Әр қаладағы Ауыл шаруашылығы басқармалары ағымдағы өтінішті қарастырмағанша, келесі өтінішке көше алмайды. Өтініштерді тіркеу және күту тізімі онлайн жарияланған.

Бүгінгі күні агроөнеркәсіп кешенін дамытуға субсидияны бірыңғай субсидиялау жүйесі арқылы онлайн алуға болады. Процедура толығымен автоматтандырылған, сол себепті сыбайлас жемқорлық қаупіне жол берілмейді.