Бизнес туралы мақалалар

Қызметкерлерді іріктеу: жұмыспен қамту жөніндегі мемлекеттік бағдарламалар бизнеске қалай көмектеседі

Мемлекет тарапынан жалақы толық немесе жартылай төленетін жұмысқа жас мамандарды тауып, салықтарды үнемдеу

Қызметкерлерді іріктеу: жұмыспен қамту жөніндегі мемлекеттік бағдарламалар бизнеске қалай көмектеседі

Мақаланың мазмұны

Қазақстанда жұмыссыз жүрген адамдарға лайықты бос жұмыс орындарын табуға көмектесетін түрлі мемлекеттік бағдарламалар бар. Оның үстіне мемлекет халықты жұмыспен қамту орталықтары арқылы жұмыс табуға көмектесіп қана қоймай, жұмыс орындарын ұйымдастырып, қаржыландырады. Жұмыскер іздеп жүрген жұмыс берушілер өтінім беріп, бағдарламаларға қатыса алады. Бағдарламалардың түрлері, қатысу шарттары және қажетті құжаттар туралы толығырақ осы мақалада айтып береміз.

Субсидияланатын жұмыс орындары

Субсидияланатын жұмыс орындары — бұл жұмыссыз жүрген адамдардың жалақысы толығымен немесе жартылай мемлекет тарапынан төленетін жұмыс түрі. Мұндай жұмыс орындарын ұйымдастыру үшін жұмыс беруші ең қарапайым шарттарды орындауы керек — ол бір жылдан астам жұмыс істеу және салықтар мен қызметкерлердің жалақыларын уақытында төлеу. Меншік нысаны жеке кәсіпкерлік ретінде де, заңды тұлға ретінде де тіркелген болуы мүмкін.

Жұмыс берушілерге тиетін пайда

Мемлекеттік бағдарламаларға қатысатын жұмыс берушілер бірқатар мүмкіндіктерді пайдалана алады:

  • қызметкерлерді жеке таңдау,
  • жұмысқа қызығушылық көрсеткен жас мамандарды жұмысқа алу,
  • қызметкерлердің табысына салынатын салықтарды төлеуден босатылу,
  • жұмыскерлердің жалақыларын толықтай немесе жартылай мемлекетке жүктеу,
  • қызметкерлерді тұрақты уақытқа жалдау,
  • жұмыс орындарын ұйымдастыруға жыл бойы өтінім беру мүмкіндігі.

Субсидияланатын жұмыс орындарының түрлері

Субсидияланатын жұмыс орындары әр түрлі санаттарға бөлінеді. Оларға толығырақ тоқталайық.

Қоғамдық жұмыстар

Мұндай жұмыс қоғамдық пайдалы қызметпен байланысты болады және қызметкердің алдын ала кәсіби даярлықтан өтуін талап етпейді. Көбінесе, ол бір жылға дейін созылатын уақытша жұмыс болып табылады. Жалақысы кемінде 20 АЕК (73 840 теңге, бірақ салықтарды алып тастағанда, қолға тиетін ақша одан аз болып шығады). Бұл жалақыны толығымен жұмыспен қамту орталығы төлейді, бірақ жұмыс берушілер жұмыстың күрделілігіне қарай қосымша үстемеақы ұсынуы мүмкін. Қоғамдық жұмыстарға жұмыссыздар, студенттер мен жоғары сынып оқушылары қатыса алады.

Ұсынылатын жұмыстың түрлері көп, мысалы, іс жүргізуші, тәрбиеші, көмекші жұмысшы, курьер, слесарь, т.б.

Әлеуметтік жұмыс орындары

Әлеуметтік жұмыс та уақытша болып саналады, және оның мерзімі бір жылға дейін созылады. Жалақыны жұмыс беруші өзі белгілейді, ал оның 35 пайызын жұмыспен қамту орталығы төлейді (мемлекет тарапынан төленетін ақша 20 АЕК-тен (73 840 теңге) аспауы керек), ал қалған 65 пайызын жұмыс беруші төлейді.

Әлеуметтік жұмыс орындарын кәсіпорында, офисте немесе үйде ұйымдастыруға болады. Үйде ұйымдастырылған жұмысқа көп балалы немесе табысы төмен отбасылардан шыққан қызметкерлерді, сондай-ақ, мүгедек балаларды тәрбиелеп отырған аналарды алады. Әлеуметтік жұмыс орны ретінде зиянды немесе қауіпті жағдайлармен байланысты ауыр жұмыс және біліктігі төмен кәсіптер жарамайды.

Жастар практикасы

Бұл бағдарлама 29 жасқа толмаған адамдарға жұмыс тәжірибесін алуға мүмкіндік береді. Соңғы үш жылда оқуын аяқтаған және мамандығы бойынша жұмыс тәжірибесі жоқ колледждер мен жоғары оқу орындарының түлектері қатыса алады. Жалақыға кемінде 30 АЕК (2024 жылы 110 760 теңге) бөлінеді, ол толығымен мемлекет тарапынан төленеді.

Мұндай жұмыс уақытша болғанына қарамастан (бір жылдан аспайды), жұмыс берушілер жұмыста өздерін жақсы көрсеткендерді жұмыс орындарында қалдыра алады. Жастар практикасы аясында жоғары білімі бар қызметкерлерге арналған бос жұмыс орындарын да қарастыруға болады: экономистер, программистер, дизайнерлер, жалпы тәжірибелік дәрігерлер, бухгалтерлер және басқалар.

Алғашқы жұмыс орны

Кәсіби білімі жоқ және еңбек тәжірибесі жоқ 35 жасқа дейінгі жастарға арналған жұмыс. Жоба өмірдегі алғашқы жұмыста кәсіби білім мен дағдыларды алуға көмектеседі. Қатысушылар 18 айға созылатын жұмысқа орналасады, ал бағдарлама аяқталғаннан кейін жұмыс беруші оларды кемінде бір жыл тұрақты жұмыспен қамтамасыз етуі керек.

Жалақыны алғашқы 18 айда жұмыспен қамту орталығы төлейді, оның мөлшері кем дегенде 30 АЕК (110 760 теңге) болу керек, ал келесі жылы мөлшерді жұмыс беруші белгілеп, төлеп тұрады. 1,5 жылдан кейін қызметкерлер біраз тәжірибе жинақтап, не осы жұмыста қалады, не басқа орын іздейді.

Жұмыспен қамту орталықтын базасында 300-ке жуық жұмыс орындар бар, олардың ішінде офис-менеджерлер, администраторлар, сауда өкілдері, бухгалтерлер, заңгерлік көмекшілер бар. Кәсіби білімі бар болуы маңызды емес. Жобаға қатысудың басты шарты — жас адам бұрын жұмыс істемеуі керек.

Ұрпақтар келісімшарты

Бұл бағдарламаға қатысу үшін жұмыс берушіде зейнет жасына таяп қалған қызметкер болуы керек, ол өзінің орнына жас маманды оқытып, оған өз білімін, тәжірибесі мен дағдысын беруге тиіс.

Жұмыс мерзімі 6 ай болып белгіленеді, содан кейін жұмыс беруші тәжірибе алған адамды зейнеткерлікке шыққан қызметкердің орнына тұрақты жұмысқа ала алады. Жалақы мөлшері кемінде 30 АЕК (110 760 теңге) болуға тиіс, ол алғашқы алты айда халықты жұмыспен қамту орталығы арқылы төленеді, кейіннен жұмыс беруші жалақыны өзі белгілейді де төлейді.

Күміс жас

Зейнеткерлікке шыққанға дейін тұрақты жұмыс іздеп жүрген 50 жастан асқан адамдарға арналған жұмыс. Жұмыс беруші қызметкерді үш жылға алады, ол уақыт ішінде мемлекет жалақының құнын жартылай төлейді:

  • бірінші жылы 70 пайызын мемлекет, 30 пайызын жұмыс беруші төлейді;
  • екінші жылы 65 пайызын мемлекет, 35 пайызын жұмыс беруші төлейді;
  • үшінші жылы 60 пайызын мемлекет, 40 пайызын жұмыс беруші төлейді.

Үш жылдан кейін қызметкер әлі зейнетке шықпаса, жұмыс беруші оған кемінде тағы бір жыл тұрақты жұмыс орнымен қамтамасыз ету керек.

Қысқа курстар

Мемлекет бұл бағдарламаларға қоса жұмыссыздардың білім алуына қосымша субсидия береді. Мысалы, егер жұмыс беруші жұмыссыз жүрген адамды жұмысқа орналастыруға дайын болса, бірақ оның тәжірибесі жеткіліксіз болса, ол оған қосымша оқудан өтуді ұсына алады.

Ол үшін жұмыссыз жүрген адам жұмыспен қамту орталығына оқудан өту туралы өтініш береді, оның оқуының 6 айлық ақысын мемлекет төлейді. Оның үстіне, мемлекет оқу ақысын төлеп қана қоймай, жұмыссыздарға ай сайынғы стипендия мен медициналық тексеруден өтуге бір жолғы қаржылай көмек береді.

Бұл жағдайда жұмыспен қамту орталығы, жұмыссыздар, білім беру ұйымы және жұмыс беруші арасында төрт жақты әлеуметтік келісімшарт жасалады.

Бағдарламаларға қатысу үшін өтініш беру

  1. Enbek.kz электронды еңбек биржасының сайтында тіркеліп, жеке кабинетте мәліметтерді толтыру.
  2. Жұмыспен қамту орталығына өтініш жіберу.
  3. Заңды тұлғаны немесе жеке кәсіпкерлік мемлекеттік тіркеу (немесе қайта тіркеу) туралы куәлікті немесе куәліктің көшірмесін, сондай-ақ заңды тұлға жарғысының көшірмесін қосып жіберу.
  4. Жергілікті атқарушы органның шешімін күту.
  5. Өтінішті мақұлдағаннан кейін халықты жұмыспен қамту орталығымен келісімге қол қою.
  6. Лайықты үміткерді тапқаннан кейін онымен еңбек шартын жасау.
  7. Жұмыспен қамту орталығына қызметкердің жалақысын төлеу үшін ай сайын ақпарат беріп тұру.

Өтініш беру туралы толық бейне нұсқаулық

Субсидияланатын жұмыс орындарын ұйымдастыру жөніндегі нұсқаулық

Субсидияланатын жұмыс орындары туралы толық ақпаратты қалаңыздағы жұмыспен қамту орталығынан немесе 1414 бірыңғай байланыс орталығына хабарласу арқылы алуға болады.


Жұмыс берушілер мамандардың тапшылығы мәселесін шешу үшін мемлекеттік жұмыспен қамту бағдарламаларын пайдалана алады. Мемлекет бағдарламаларға барынша көп компаниялардың қатысуын қолдап, ол арқылы елдегі жұмыссыздықтың жалпы деңгейін төмендетуге болатынына сенімді. Бұл жерде әркім өз пайдасын алады — мемлекет әлеуметтік мәселелерді шешсе, ал жұмыс беруші жас мамандарды жұмысқа қабылдай алады.