Қазақстанға әкелінетін тауарды кедендік рәсімдеу
Қажет құжаттар, рәсімдеу барысы мен баждарды төлеу
Мақаланың мазмұны
Шетелден әкелінетін тауарлар кедендік рәсімдеуден өтеді. Бұл рәсім құжаттарды тексеруден, салықтар мен баждарды төлеуден, сондай-ақ кеден органдарының рұқсатын алудан тұрады. Кедендік рәсімдер ЕАЭО Кеден кодексіне сәйкес жүзеге асырылады. Импорттық өніммен сауда жасайтын компаниялар заңды түрде бизнес жүргізіп, айыппұлдардың алдын алу үшін кедендік рәсімдеуден өтуі тиіс.
Қажет құжаттар тізімі
Алдымен бірқатар құжаттарды жинап, дайындау қажет.
Сыртқы экономикалық келісімшарт (шарт)
Шетелдік жеткізушімен келісім, яғни мәмілені растайтын құжат. Онда тауардың бағасы мен саны, төлеу мерзімі, жеткізу шарттары және басқа да маңызды талаптар көрсетіледі.
Инвойс (шот-фактура)
Шетелден келетін тауарға қатысты кедендік баждар мен салықтарды есептеу үшін қажет құжат болып табылады. Инвойсқа мәміле қатысушылары қол қояды, сондай-ақ қажет болған жағдайда сатушының немесе экспорттаушының мөрімен бекітілуі тиіс.
Буып-түю тізімі
Тауарды шекарада қабылдап, кеденде тексеруді буып-түю тізімі бойынша сәйкестендіру жеңілдетеді.
Тізімде көрсетілетін ақпарат:
- әр қаптаманың реттік нөмірі немесе бірегей сәйкестендіргіші (егер бірнеше қаптама болса)
- тауардың атауы, сипаттамасы, түсі, өлшемі, моделі және басқа да ерекшеліктері
- әрбір қаптамадағы тауар саны
- салмағы — брутто (қаптамамен) және нетто (қаптамасыз)
- қаптаманың өлшемдері
- инвойс нөмірі
- көлік туралы ақпарат (мысалы, көлік құралының нөмірі)
- таңбалау мен штрихкодтар — әр қаптамаға арналған бірегей сәйкестендіру деректері
Көлік құжаттары
Көлiк құжаттарында бағыт, тасымалдаушы, жеткiзу шарттары және тауар алушы туралы ақпарат болады. Тасымалдау түріне байланысты әртүрлі көлік құжаттары пайдаланылады:
- коносамент (B/L) — теңіз және өзен көлігімен тасымалдау үшін
- әуе жүкқұжаты (AWB)
- теміржол жүкқұжаты (Railway Bill of Landing)
- автокөлік жүкқұжаты (CMR)
- көлік-экспедиторлық жүкқұжат — жүкті тасымалдаушының орнына экспедитор жеткізген кезде рәсімделеді
Тауардың шығу тегі туралы сертификаты
Тауардың шыққан елін айқындайтын құжат. Ол баждар мен салықтардың мөлшерiне немесе жеңiлдiктердiң қолданылуына әсер етуi мүмкiн. Мысалы, ЕАЭО елдерінде өндірілген тауарлар үшін баж салығы төмендетілген мөлшерде белгіленуі мүмкін.
Сәйкестік сертификаты
Міндетті сертификаттауға жататын тауарлар үшін беріледі. Мысалы, тамақ өнімдерімен жанасатын өнімдер немесе балаларға арналған тауарлар.
СЭҚ ТН кодын таңдау
Әрбір тауарға Сыртқы экономикалық қызметтің тауар номенклатурасы (СЭҚ ТН) бойынша код белгіленуі қажет. Бұл код тауарларды жіктеу және кедендік баждарды есептеу үшін қолданылады. Кодты Бірыңғай кедендік тарифтен табуға болады.
Кедендік декларация тапсыру
Шетелден әкелінетін тауар бойынша кедендік декларация тапсырылады. Қазақстанда бұл рәсім АСТАНА-1 электрондық жүйесі арқылы жүзеге асырылады.
Декларацияны тапсыру үшін ақпараттық жүйенің нұсқауларын орындаңыз. Рәсім онлайн өтетіндіктен, барлық құжаттарға ЭЦҚ көмегімен қол қойылады.
Кедендік төлемдерді төлеу
Декларацияны тапсырып, оны мақұлдағаннан кейін кеден органдары міндетті төлемдерді есептейді:
- кедендік баж — тауарды әкелгені үшін салынатын салық. Баждың мөлшері тауардың санатына, оның құнына және СЭҚ ТН кодына байланысты.
- ҚҚС — салық мөлшерлемесі 12% құрайды. Салық тауардың кедендік құны мен баждан есептеледі.
- акциздер — белгілі бір тауарларға қолданылады. Мысалы, алкоголь, темекі, мұнай өнімдері.
- кедендік алымдар — тауарды рәсімдеу және құжаттарды тексеру қызметтеріне төленеді
Барлық қажеттi төлемдер төленгеннен кейiн тауар кедендiк бақылаудан шығарылады.
ЕАЭО-дан тауарларды әкелу ерекшеліктері
Егер тауарлар ЕАЭО-ға қатысушы елдерден әкелінетін болса, рәсім жеңілірек әрі арзан болады:
- кедендік баж алынбайды
- ҚҚС-ты тауарды әкелгеннен кейін төлеуге болады
- тауарларға кедендік декларация тапсырудың орнына 328.00 СЕН тапсырылады
Тауарды кедендік рәсімдеуден бұрын сыртқы экономикалық келісімшарт жасасып, инвойсқа қол қою қажет. Декларацияны алдын ала тапсырған дұрыс. Кедендік баждың мөлшері тауардың құны мен өндірілген еліне байланысты анықталады. ЕАЭО елдерінен әкелінетін тауарға жеңілдетілген ережелер қолданылады. Кедендік рәсімдеу ережелерін сақтамау тауарды әкелу мерзімін ұзартады. Ал ең жағымсыз салдары — айыппұл салынып, тауар шекарада тәркіленуі мүмкін.