Азаматтық-құқықтық сипаттағы шарт бойынша қалай жұмыс істеуге болады

Штаттан тыс қызметкерлермен заңды түрде қалай жұмыс істеу керегі жөнінде талқылаймыз

Ақбота Хасенова

Ақбота Хасенова

автор

Ирина Дубчак

Ирина Дубчак

редактор

Азаматтық-құқықтық сипаттағы шарт бойынша қалай жұмыс істеуге болады

Қызметкерді белгілі бір жұмысқа штатқа қабылдамай-ақ жалдау үшін, немесе салықтарды үнемдеу үшін жұмыскермен азаматтық-құқықтық сипаттағы (АҚС) шарт жасасуға болады.

АҚС шартты жасасқанда жұмыс беруші мен жұмыскер бірігіп орындалатын жұмыстың нәтижесі мен екі жақтың басқа да әрекеттері туралы келіседі, бірақ бір-бірімен еңбек қарым-қатынасын құрмайды.

АҚС шарттың еңбек шартынан айырмашылығы

  • Заң бойынша реттеу. АҚС шарт Азаматтық кодекске сәйкес, ал еңбек шарты Еңбек кодексіне сәйкес реттеледі.
  • Шарт тараптары. Еңбек шартының тараптары — жұмыс беруші мен жұмыскер болса, АҚС шартта — тапсырыс беруші мен орындаушы болады.
  • Шарт мәні. АҚС шартта бұл орындалған жұмыстың немесе атқарған қызметтің нәтижесі, ал еңбек шартында — жұмыс процесі, яғни, жұмыскердің өз міндеттерін лауазымдық нұсқаулыққа сәйкес орындауы. Сондай-ақ, АҚС шарт бойынша орындаушы өз жұмысын өзі ұйымдастырады, өз құрал-жабдықтарын пайдаланады және көмекке үшінші тараптарды тарта алады.
  • Шарт мерзімі. АҚС шарттың мерзімі қатаң белгіленеді, ал егер жұмыс барысында аралық кезеңдер бар болса, олардың да мерзімдерін бекіту керек. Ал Еңбек шарты мерзімді және мерзімсіз бола алады.
  • Төлемақы. Еңбек шартында ол — ең төмен жалақы мөлшерінен кем емес мөлшердегі еңбекақы. Ал АҚС шарты бойынша орындаушы сол шартта бекітілген мөлшерде сыйақы алады. Егер сыйақы мөлшерін бірден белгілеу мүмкін болмаса, шартта оны анықтау тәсілі жазылуға тиіс.
  • Еңбек кепілдіктері. Жұмыскерге кепілдіктер Еңбек кодексі мен еңбек шарты бойынша берілуге тиіс, ал орындаушыға, АҚС шартта ол туралы ештеңе жазылмаса, ешқандай кепілдіктер берілмейді.
  • Салық төлеу. Еңбек шартын жасасқанда жұмыс беруші өзі үшін де, жұмыскер үшін де салық төлеуге тиіс. АҚС шартта орындаушының төлемақысынан мына салықтар төленеді:
    • 10% — зейнетақы жарнасы;
    • 10% — жеке табыс салығы;
    • 2% — МӘМСЖ.
    АҚС шарты бойынша жұмыс беруші орындаушы үшін салық төлемейді.
  • Құжаттар. Қызметкерді жұмысқа тұрғызу үшін біршама құжат қажет. Ал тапсырыс беруші мен орындаушы үшін тек АҚС шарт және атқарылған жұмыстар және көрсетілген қызмет туралы акт керек.

АҚС шарттың бірнеше түрі бар, бірақ олардың негізгілері — мердігерлік шарт мен өтелмелі қызмет көрсету шарты. Олардың айырмашылығы жұмыс нәтижесіне байланысты: егер ол техниканы жөндеу, құрылыс немесе бригадаға тамақ дайындау сияқты жұмыс болса, мердігерлік шарт жасасу керек, ал егер ол заңгерлік консультация, аудитор қызметтері, дәрігер қызметтері, т.б. болса, онда өтелмелі қызмет көрсету шартын жасасу қажет.

Мердігерлік шарт

Тапсырыс беруші — бұл заңды тұлға немесе жеке кәсіпкер, ал мердігер — бұл жеке тұлға да, заңды тұлға да, жеке кәсіпкер де. Мердігер тапсырыс беруші тапсырған жұмысты белгілі бір мерзім ішінде орындауға, ал тапсырыс беруші сол жұмыстың нәтижесін қабылдап, ақысын төлеуге тиіс.

Шартта міндетті түрде болуға тиіс мәлімет

Жұмыстың басталу және аяқталу мерзімі

Аралық кезеңдердің мерзімдерінде қажет болған жағдайда орнатуға болады.

Жұмыс құны

Немесе оны бағалау тәсілі. Жұмыс құнын сондай-ақ смета арқылы анықтауға болады.

Материалдар

Көбінесе мердігер берілген тапсырысты қандай тәсілмен және қашан орындау керегін өзі шешеді де, өз материалдарын мен құралдарын пайдаланады. Бастысы — жұмысты адал орындап, шартта берілген мерзімнен асырмай үлгеру керек. Сапасы төмен материал пайдаланғаны үшін мердігер жауапты болады. Ал егер жұмыста пайдаланатын құрал-жабдықтарды тапсырыс берушінің өзі ұсынатын болса, онда мердігер оларға жауапты болады да, жұмыс аяғында барлық жұмсалған материалдар бойынша есеп беріп, қалдықтарын қайтаруға тиіс болады.

Шартқа тапсырыс берушінің қалауы бойынша қосатын мәлімет

Үшінші тұлғаларды тарту

Егер шартта үшінші тұлғаларды тартуға тыйым салынбаса, онда мердігер жұмысқа қосалқы мердігерлерді шақыруға құқылы. Бұл жағдайда мердігер тапсырыс берушіге бас мердігер ретінде, ал қосалқы мердігерлерге тапсырыс беруші ретінде қызмет атқарады.

Жұмыстың сапасы және кепілдіктер

Мердігердің орындайтын жұмысы шарттың талаптарына сай болуы керек, бірақ шартта ол туралы ештеңе жазылмаса, онда әдетте сондай жұмысқа қойылатын талаптарға сәйкес болуға тиіс. Егер жұмыс сапасына заң бойынша немесе шарт бойынша кепілдік берілетін болса, онда орындаушы сәйкес кепілдік беруі қажет.

Шарттан біртарапты бас тарту

Тапсырыс беруші дайын жұмысты қабылдамас бұрын кез келген уақытта шарттан бас тартуға құқылы. Бұл жағдайда ол мердігерге әуелде орындалып қойған жұмыстың ақысын төлеп, шарт бойынша келтірілген шығындарды өтеп шығуға тиіс.

Өтелмелі қызмет көрсету шарты

Орындаушы байланыс, медицина, мал дәрігерлігі, аудит, консультация беру, ақпараттық қызмет, білім беру, туризм, және тағы басқа салаларда қызмет көрсеткенде жасалады.

Шартты тапсырыс берушінің тарапынан бұзу тек орындаушыға барлық шығындарды төлегеде ғана мүмкін. Ал орындаушы болса міндеттерінен бас тарту үшін тапсырыс берушінің кесірінен туған шығындардан басқа барлық шығындарды өтеуі керек.

Бұл шарт мынадай қызметтер үшін жарамайды: тасымалдау, көлік экспедициясы, сақтау, тапсыру, мердігерлік немесе комиссиялық қызмет көрсету, қызметкерлерді іріктеу және мүлікті сенімгерлік арқылы басқару қызметтері.

АҚС шарттың тәуекелдері

Кәсіпкер үшін АҚС шарт еңбек шартына қарағанда тиімдірек көрінуі мүмкін, себебі мұнда салық төлемдерін төлеудің, еңбекке жарамсыздық бойынша демалыстар мен еңбек демалыстарының ақысын төлеудің, жұмыс орнын ұйымдастырудың және еңбек талаптарын сақтаудың керегі жоқ, әрі мұндай шартты бұзу оп-оңай. Бірақ оның да кемшіліктері бар.

АҚС шартқа отырған орындаушы тапсырыс берушінің ішкі жұмыс тәртібіне де, басқа да талаптарына да бағынбайды. Оның міндеті — тек өз жұмысын уақытында орындау. Егер сізге компанияның ережелері мен ішкі құжаттарына бағынатын, белгілі бір мамандықта жұмыс істейтін қызметкер қажет болса, онда онымен міндетті түрде еңбек шартын жасасу қажет.

Ал егер жалдамалы жұмыскер компанияның қызметкерімен тең жұмыс істейтін болса, АҚС шартын таңдамаған жөн. АҚС шартты еңбек шарты ретінде танылатын болса, тапсырыс беруші жауапкершілікке тартылуы мүмкін. Мұндай жағдай тек салық тексерісінен кейін ғана емес, сондай-ақ, кепілдіктер мен өтемақылар алмай жүрген қызметкер сотқа шағымданса да туындауы мүмкін.

АҚС шартын еңбек шарты ретінде тану

Төмендегі қызметкерге байланысты үш талап еңбек шартын сипаттайды:

  1. белгілі бір біліктілікті, мамандықты немесе лауазымды талап ететін жұмыс істеу;
  2. еңбек тәртібіне бағыну;
  3. еңбекақы алу.

АҚС шарт еңбек шарты ретінде танылса, не болады

АҚС шарты еңбек шарты ретінде танылған жағдайда жұмыс берушіге тиетін салдар:

  1. айыппұл төлеу:
  2. еңбек демалысы, еңбекке жарамсыздық бойынша демалыс және жұмыс тоқтап қалған уақыт үшін өтемақы төлеу;
  3. АҚС шарттың қолданыс мерзімі ішінде төленуге тиіс барлық салықтарды төлеу.

АҚС шарты жұмысыңызды жеңілдете алады. Ең жақсысы — заңгермен бірге отырып, өз компанияңыз үшін арнайы типтік мердігерлік шарт пен өтелмелі қызмет көрсету шарттарын құрастыру. Сонда бизнесіңіздің барлық ерекшеліктерін ескеріп, шарт мәтінінің дұрыс-бұрыстығы туралы уайымдамауға болады. Бірақ еңбек шарты керек жерде АҚС шарт жасаспаған жөн: бұл сіздің ақшаңызды үнемдемей ғана қоймай, керісінше, үлкен шығындар мен заңды бұзуға байланысты қиыншылықтар тудыруы мүмкін.