Бизнесті жаңа жыл мерекесіне дайындау
Бизнестің әр түрлеріне қолдануға болатын акциялар — маусымдық мәзір, сыйлық жиынтықтары және сертификаттар
Анна Гулиева
10 жылдық тәжірибесі бар маркетолог
Мақаланың мазмұны
Мереке маркетингі жалпы маркетинг сияқты сауда көлемін көбейту және бренд бейнесін жақсарту деген екі негізгі мақсатты көздейді. Оның тағы бір мақсаты — тұтынушыға бренд пен көңілді көңіл-күй арасында эмоционалды байланыс құру.
Жаңа жыл қарсанында кез келген тауарды сату мүмкіндігі, сондай-ақ импульсивті сатып алу көлемі айтарлықтай артады. Сатып алушылар ақшаларын шығындауға дайын болады, ал кәсіпкерлерге оларды бірегей ұсыныстармен — жеңілдіктермен, акциялармен және сыйлықтармен қызықтыруға ғана қалады. Бизнеске жаппай сату ағынында ерекшеленіп, жаңа тұтынушыларды тартуға көмектесетін әдістерді қарастырайық.
Жаңа жыл тауарлары, қызметтері мен тағамдары
Қараша және желтоқсан айларында дүкен сөрелерінде жаңа жыл мерекелеріне байланысты тауарлар пайда бола бастайды. Бөлшек саудагерлер сатып алушыларға алдағы жылдың символикасы бар тауарларды және тақырыптық сыйлық жиынтықтарын ұсына алады.
Тағы бір жақсы идея — клиенттерге бірнеше дайын сыйлық жиынтығын әр түрлі бағалармен ұсыну. Бұл әдіс тауарлардың шағын партияларына, сондай-ақ, күнделікті қолданатын тауарларға өте ыңғайлы. Әлеуметтік желілерде мұндай жиынтықтарға нысаналы жарнама қосуға болады.
Қызмет көрсету саласындағы компаниялар клиенттерге жаңа жыл элементтері бар қосымша жедел процедуралар ұсына алады. Мысалы, массаж салоны жылытатын массаж және балқарағай мен цитрус майлары қосылған ароматерапия сеанстарын ұсына алады. Қоғамдық тамақтандыру орындары арнайы жаңа жылдық ас мәзірін немесе жеке арнайы тағамдар мен қысқы сусындарды әзірлей алады.
Акциялар, жеңілдіктер және бонустар
Жаңа жыл мерзімі маркетинг акцияларын бастау үшін жақсы уақыт. Акцияларға жеңілдіктер, «Бір бағаға екі тауар сатып алу» немесе «Біреуін сатып алсаң, екіншісін жеңілдікпен аласың» деген сияқты акциялар, жедел жеткізу және басқа да арнайы ұсыныстар кіруі мүмкін. Кәсіпкер өзінің әдеттегі акцияларын жаңа жыл тақырыбына бейімдей алады. Мысалы, әлеуметтік желілерде «Репост жасағаны үшін сыйлық сыйлаймыз» деген акцияны «Репост жасағаны үшін жаңа жылдық сыйлық сыйлаймыз» деп ұсынуға болады. Акциялар жаңа клиенттерді тартуға және бұрыннан қалыптасқан клиенттерді сақтауға көмектеседі.
Жаңа жыл мерекесінде ұсынылатын жеңілдіктер мен ұлғайтылған бонустар адамдардың назарларын аударып, оларды тауарды сатып алуға ынталандырады. Мереке кезеңінде барлық кәсіпкерлер белсендік танытады, сондықтан да, олардың арасында тауардың төмен бағасымен ғана емес, сонымен қатар, келесі сатып алғанда пайдалануға болатын бонустар сияқты қосымша ұсыныстармен ерекшеленуге болады. Жеңілдіктер туралы ақпаратты барлық қолжетімді байланыс арналары арқылы — дүкен сөресінде, әлеуметтік желілерде, сайтта, мәзірде бәрі білетіндей хабарлау керек. Жеңілдіктердің жарамды уақыты көрсетілсе, ол тапшылық әсерін тудырады және клиентті тезірек сатып алуға итермелейді. Қосымша сауда жасау үшін маусымдық тауарларды басқа заттармен біріктіріп, акциялар мен жеңілдіктерді пайдалануға болады.
Сый сертификаттары
Сый сертификаттары — бұл уақыттары аз клиенттердің мәселелерін шеше алатын әмбебап сыйлық. Оларды мерекеге байланысты безендіруге және бағаларын әр түрлі етіп қоюға болады. Жолға уақытын жоғалтқысы келмейтіндерге сертификаттың электронды нұсқасын ұсыну да тиімді болады.
Әлеуметтік желілердегі жарнама және смс-хабарламалар
Әлеуметтік желілердегі жарнама және жаппай смс-хабар жіберу мереке акциялары, жеңілдіктер және арнайы ұсыныстар туралы айтуға көмектеседі.
Смс-хабарлама жіберу тұтынушылар базасын жүргізетін компаниялар үшін қолайлы. Хабарлама жіберу кезінде бірнеше ережелерді ескеру керек: мәтінін қысқа да нұсқа жазу, 10:00-ге дейін немесе 21:00-ден кейін хабарлама жібермеу, соңында клиенттерді әрекетке шақыру, смс-хабарламаны қысқа нөмірлерден жіберу. Мысалы, «Жаңа жыл сатылымы — барлығына 70%-ға дейін жеңілдік жасаймыз! Толық ақпарат сілтемеде» сияқты хабарлама. Ондай жарнаманы мессенджерлер және пошта арқылы жаппай жібере отырып, мереке ұсыныстары туралы толығырақ ақпарат беруге де болады.
Жаңа жылға байланысты жүлделі байқаулар әлеуметтік желілердегі белсендікті арттырады, аудиториямен байланыс орнатуға және жаңа клиенттерді тартуға көмектеседі. Мереке қарсаңында оқырмандар арасында олардың жаңа жылға қойылған жоспарлары туралы айтып беру, құттықтау бейнеролигін түсіру немесе ең әдемі жаңа жыл шыршасы фотоконкурсына қатысу сияқты талаптары бар конкурстар өткізуге болады. Тақырыпқа байланысты хэштег қою мен аккаунтты белгілеу аудитория тартып, оның белсендігін арттырады, ал қызықты сыйлықтар оқырмандарды байқауға қатысуға ынталандырады. Мысалы, манты, самса, бәліш сияқты жартылай фабрикаттарды үйде дайындайтын кәсіпкерлер тамақ дайындау уақытын үнемдеу мүмкіндігін ұсына отырып, мереке қарсаңында сатылымдарын арттыра алады.
Әлеуметтік желілерді пайдалы контент орналастыру үшін де пайдалануға болады, мысалы, сыйлық идеялары, чек-листтер, нұсқаулар мен кеңестер және компанияның жыл нәтижелерін дайындауға болады. Мысалы, Jusan әлеуметтік желілерде Жаңа жылды экологиялық тұрғыдан зиянсыз қалай қарсы алуға болатыны туралы жазған — бұл әрі оқырмандар үшін пайдалы контент, әрі банктің тұрақты даму саласындағы саясатын ескере отырып, жаңа жыл тақырыбын ашу мүмкіндігі.
Жаңа жыл сыйлықтары
Клиенттердің бейілдігін арттырудың тағы бір жолы — сатып алушыларға жаңа жылға байланысты ашықхаттар, компания логотипі бар кәдесыйлар және тәтті тағамдар сияқты шағын сыйлықтар қоса сыйлау. Оған кететін шығындарды тұтынушылардың бейілді көзқарасы мен олардың жақсы пікірлері өтейді.
Тұрақты және белсенді тұтынушыларға келесі келгенде жеңілдік беретін промокод немесе өнімдер жиынтығын да сыйлауға болады.
Жаңа жыл тақырыбында безендіру
Клиенттерді тартудың тағы бір жақсы тәсілі — офлайн дүкенді жаңа жыл тақырыбында безендіру. Бұндай қадам бәсекелестер арасында ерекшеленуге көмектеседі, ал қызу сауда кезеңінде клиенттің назарын аудару — ол оның қызыққанын және сатуға дайын тұрғанын білдіреді. Дизайнер жасаған кешенді жаңа жыл декорына елеулі қаржы қажет болуы мүмкін, бірақ жай ғана шырша, гирлянда немесе жылтыр әшекей сияқты жаңа жыл атрибуттары адамда мереке сезімін тудырып, сол жерге қайта оралу ниетін тудырады.
Компанияның сайттары мен әлеуметтік желілеріне де назар аудару керек — онда жаңа жылға арналған логотип және жарнама ұсыныстары бар баннер орналыстыруға немесе жауып жатқан қар салып қоюға болады.
Жаңа жылға дайындалу үшін бизнеске арналған бес кеңес
- Бәсекелестерді талдау. Ұқсас салалардағы бәсекелес компаниялардың соңғы екі жылдағы ең жақсы маркетинг идеяларын тауып, оларды өзіңізге бейімдеуге болады.
- Жарнамаға бюджет бөлу. Максималды нәтиже алу үшін әлеуметтік желілерде жарнама жіберу маңызды, мысалы нысаналы жарнама жіберуге немесе блогерлер арқылы жарнама беруге болады. Жаңа жыл қарсаңында ондай жарнаманы көрермен жақсы қабылдайды.
- Арнайы қызмет көрсету стратегиясын құру. Көптеген адамдар үшін жаңа жыл алдындағы қарбалас стресспен байланысты болады. Лайық сыйлық табу, оны орау және жіберу уақыты аз клиенттерге нағыз ізденіске айналуы мүмкін. Ондай уайымдардың кейбірін өзіне алатын компаниялар мереке барысында пайда таба алады.
- Босалқы тауар қорын құру. Мерекелерден кейін тапшылық немесе артықшылық болдырмау үшін тауар қорын бағалау және оңтайландыру керек.
- Мерекеден кейін жаппай сату науқанын ұйымдастыру. Жаңа жылдан кейін көптеген кәсіпорындар сұраныстың төмендеуіне тап болады, бірақ бұл кезеңді жаңа мүмкіндіктер ретінде пайдалануға болады. Мысалы, мерекелерден кейін клиенттерді тартуға жарнама ұсыныстарын, бейілдік бағдарламаларын немесе басқа да шараларды әзірлеу керек.
Жаңа жылдық мерекелерге дайындық бизнеске сауда көлемін арттыруға тамаша мүмкіндік береді. Екі жақ та өз пайдасын көреді — клиент жоғары сапалы әрі қажетті тауар сатып алады, ал бизнес болса сату көлемін көбейтеді, брендке бейілдікті арттырады және жылды табысты аяқтайды. Сауданы арттыру үшін ұсынылған нұсқалардың бірнеше түрлерін пайдаланып көріңіз, өйткені мерекенің бизнеске деген ықпалы өте зор.