Бизнеске алынатын кредитті мақұлдау ықтималдығын қалай арттыруға болады?

Кредит қалай беріледі, оны алу мүмкіндігін қалай арттыруға болады және ол қандай жағдайларда берілмеуі мүмкін

Ақбота Хасенова

Ақбота Хасенова

автор

Ирина Дубчак

Ирина Дубчак

редактор

Асқар Битигов

Асқар Битигов

шағын және орта бизнесті кредиттеу маманы

Бизнеске алынатын кредитті мақұлдау ықтималдығын қалай арттыруға болады?

Бизнестің табысқа жетуі тек шебер басшылық пен үйлесімді ұжымға ғана байланысты емес, оның кеңеюіне уақытында бөлініп отырған қаражаттқа да байланысты. Құрал-жабдықтарды жаңартуға да, тауар сатып алуға да, мүлік ұстауға да ақша керек. Кәсіпкердің оның барлығын қамтамасыз етуге жағдайы болса жақсы. Ал ақша жетпей жатса, қарыз алуға тура келеді.

Кредиттің стандартты шарттары

Бизнеске берілетін кредиттің жеке тұлғалар алатын кредиттерден айырмашылығы — кредит мөлшерінде, сыйақы мөлшерлемесінде және қарызгерге қойылатын талаптарда. Яғни, ол бизнеске байланысты мақсаттарға ғана беріледі.

Кәсіпкерлерге қойылатын негізгі шарттар:

  • ЖК немесе ЖШС 6 ай бұрын ашылған болуға тиіс.
  • Онлайн кредит алу үшін ЖК иесінің жасы 21-ден 63 жасқа дейін болуға тиіс.

Банк бөлімшесінде берілетін кредит

Бұл жағдайда кредитті банк бөлімшесіндегі менеджердің өзі ресімдейді. Мұндай кредиттің артықшылығы — кредит туралы сұрақтардың барлығын қызметкерге бірден қойып алу мүмкіндігінде.

Кредит алу тәртібі:

  1. Кредиттің мақсатын белгілеу. Кәсіпкер кредит менеджеріне ақшаның қандай мақсаттарға жұмсалатынын түсіндіре алуы керек. Мысалы, жаңа жабдық алу үшін инвестициялауға берілетін кредитті, ал кассалық алшақтықты жабу үшін овердрафтты, яғни, жаңартылмалы кредит желісін ашуға болады.
  2. Кепіл ұсыну. Егер кредиттің шарттарында кепіл талап етілсе, онда оның құны кредит құннынан кем болмауға тиіс. Бірақ кейбір кредиттер кепілсіз беріледі.
  3. Жобаны қорғау. Банк қарызға берілген қаражаттың уақытында қайтып келуін қалайды. Сол себептен компанияның жұмысы мен айналымы туралы сұрақтарға дайын болу керек — бизнестің табатын табысы қарызды өтеу үшін жеткілікті болуға тиіс. Содан кейін ғана қаржыландыру туралы өтінім беріледі.
  4. Құжаттарды жинау. Кредит алуға қажет құжаттардың тізімін кредит менеджері береді, оның құрамы клиенттің меншік нысанына байланысты болады.
  5. Банк шешімін күту. Банк клиенттің кредит тарихын, қаржы жағдайын, дебиторлық және кредиторлық берешектерін, контрагенттері мен әріптестерін тексереді. Тексерісті қауіпсіздік қызметі, заңгерлер және кепіл бөлімшесі өткізеді. Олардан қорытынды келгеннен кейін, клиенттің өтінімі мен құжаттары тәуекелдерді бағалау бөлімшесіне, одан кейін банктің кредит комитетіне жөнелтіледі. Соңында кредит беру туралы қорытынды шешім қабылданып, оның мөлшері белгіленеді.
  6. Келісімшарт жасасу. Егер банк кредит беруді шешсе, банк қызметкері кредит құжаттамасы мен кепіл құжаттамасын дайындайды да, клиентпен келісімшарт жасайды.
  7. Ақша алу. Қаражат клиенттің банк шотына түседі.

Кредит орта есеппен 10 жұмыс күнінде беріледі. Егер клиенттің бизнесі мемлекеттік бағдарлама ілігіп, жеңілдетілген кредит шарттарына үйлесетін болса, кредит менеджері оны тексеріп, қолдау алуға көмектеседі.

Онлайн-кредит

Онлайн-кредиттің басты артықшылығы — кәсіпкерге ешқайда бармай-ақ, компьютер арқылы немесе мобильді қосымшада банк шотын ашып, кредит алуға өтінім жіберу мүмкіндігінде.

Кредит беру шешімін скоринг жүйесі клиенттің төлем қабілеттігін бағалау негізінде қабылдайды. Сол себептен, ең алдымен компанияның шоты, депозиті, POS-терминалы немесе басқа да банк өнімдері ашылған банкке барған тиімдірек болады — онда қарыз алушының ақша айналымы, табысы, банкпен орнатылған қарым-қатынасы бірден көрінеді.

Егер кәсіпкер қандай да бір банкпен бірінші рет жұмыс істейін деп жатса, онда өтініміне басқа банктердің көшірмелерін тіркеп жіберуіне болады. Бұл скоринг жүйесіне көбірек мәлімет беру үшін қажет.

Банк жауабы орта есеппен 20 минутта оралады, одан кейін құжаттарға қол қоюға тағы 3-5 минут кетеді. Ал кредиттің өзі шамамен 3 минутта беріледі.

Jusan Business-те онлайн-кредитті кез келген мақсаттарға кепілсіз алуға болады. Кредит клиенттің қаржы жағдайын тексерусіз беріледі, оған тек қарыз алушының цифрлық қоймадан тартылатын жеке куәлігі ғана қажет болады.

Онлайн-кредит

Jusan Business қосымшасында кез келген мақсатқа кепілсіз кредит алыңыз

Толығырақ
Онлайн-кредит

Кредитті мақұлдау мүмкіншілігін арттыру тәсілдері

Банк қаржылық тәуекелдерге барып отырғандықтан, қарызгер туралы барлық мәліметтерді — оның төлем қабілеттігін, адалдығын, тұрақтылығын мұқият тексереді.

Банктен оң шешім алу үшін алдын-ала мыналарды ойластырып барған жөн:

  1. Кредит мақсаты. Ақша не үшін керек және қайда жұмсалатынын білу керек.
  2. Құжаттар тізімі. Банк клиентке құжаттардың қатаң тізімін береді, оны тиянақты жинау керек. Қандай да бір қағаз кредит жетіспей тұрса, кредит беру процесі тоқтап отырады, сондықтан да барлығын бірден алып келген жөн.
  3. Кредит тарихы. Ол қосалқы мәлімет ретінде қарастырылады, бірақ егер кәсіпкер бұған дейін бизнесіне кредит алмаса да, банк оны қабылдауға тиіс. Банк негізі бизнестің жағдайын зерттейді, сол себептен, жеке кәсіпкер бұрын кредит алған болса да, ол мақұлдау ықтималдығына онша әсер етпейді. Банк сенімін ақтау үшін ең бастысы қарызды уақытында өтеп, банк алдында жүріс-тұрысты қадағалап отыру керек.
  4. Бизнес-жоспар. Бұл инвестициялық мақсаттарға кредит алғанда ең жиі қойылатын талап. Кәсіпкер бизнесінің жұмысы және оның қаржы көрсеткіштері туралы сұрақтарға анық жауап беруі керек. Мысалы, егер ақша жабдық алуға жұмсалатын болса, онда қарыз алушы алдын-ала нарықты зерттеп, тауарды қайдан сатып алатынын, ол қанша тұратынын және қашан табыс әкелетінін анықтауы керек.
  5. Кепіл. Пәтер, үй, өндіріс немесе сауда орны, алтын жамбылар, автокөлік, жабдық сияқты мүлік кепіл бола алады. Банк криптовалютаны кепіл ретінде қабылдамайды.
  6. Кепілгер немесе бірлескен қарыз алушы. Егер бизнестің табысы кредитті төлеуге жетпей жатса, одна кепілгер немесе қосалқы қарыз алушы ретінде үлкенірек бизнес ұстайтын туыс-жолдасты шақыруға болады.
    • кепілгерлермен кепілдік шарты жасалады, ал оны орындау тәртібі тұтынушылық кредиттегі кепілгерлікке ұқсас болады;
    • бірлескен қарыз алулармен жасалатын шартқа екі қосалқы қарыз алушы қол қояды, бірақ алынған ақшаны тек екеуінің бірі ғана жұмсауға құқылы болады.
    Жағдайдың екеуінде де клиенттерге ортақ жауапкершілік салынады. Егер кәсіпкер өз інісінің бизнесіне кепілгер болса, ал інісі қарызын өтей алмай қалса, онда өтеу міндеті ағасына толығынан көшеді.
  7. Қайта кредит алу. Банктер кредитті әуелде жұмыс істеп үлгерген клиенттеріне оңайырақ береді.
  8. Адал болу. Егер кредитке алар кезінде клиент қандай да бір ақпаратты жасыратын болса, банк оны біліп қойып, ақша бермеуі әбден мүмкін.

Кредит бермеу себептері

Банк кредит бере қоймайтын жағдайлар:

  1. Кредит тарихы бұзылған болса. Мерзімі бұрын өтіп кеткен кредиттер қарыз алушыға деген сенімді төмендетеді.
  2. Борыш жүктемесі ауыр болса. Егер клиенттің атында көп кредит тұрса, банк оның төлем қабілеттігін төмен санайды.
  3. Бизнес залалды болса. Компания көптен бері табыс әкелмей, тек қарыз жинай берсе, ал оның түсімі шығындарын жаба алмай жатса, кредитті де өтеу қиын болады.
  4. Кепілзат жоқ болса. Клиент қарызын өтей алмаса, банк оның кепілзатын тартып алуға мәжбүр болады.
  5. Айыпақылар көп болса. Айыппұлдары мен өсімпұлдары бар немесе салық органдарымен соттасып жатқан компанияларға кредит берілмейді.
  6. Тәуекел жоғары болса. Мысалы, егер қарыз алушының жалғыз табыс көзі болып қандай да бір жағдайы нашар компания тұрса, онда банк тәуекелге бармай-ақ, қаржыландырудан бас тартады.
  7. Компания банкрот болса. Егер клиент банкрот болу, қайта ұйымдастыру немесе тарату рәсімдерінен өтіп жатса, онда кредит алу мүмкіндігі жоқ деуге де болады.

Банктің барлық талаптарын орындасаңыз, кредит беру ықтималдығы да артады. Ең бастысы — төлем кестесін қадағалап, төлемдердің мерзімін өткізбеу және алынған қаражатты мақсатына сай жұмсау. Мысалы, егер кредит жабдық алуға берілсе, онда банк оның сатып алынғанын растайтын құжаттарды талап етеді. Егер сіз кредит алу тәртібін жауапкершілікпен орындасаңыз, банк келесі жолы қаржыландыру процесін оңайырақ өткізетініне күмән жоқ.