Мемлекеттен бизнесті дамытуға арналған жеңілдетілген кредитті қалай алуға болады

«Қарапайым заттар экономикасы» деген не, бағдарламаға кім қатыса алады және жеңілдетілген кредиттің шарттары қандай екені туралы сөз қозғаймыз

Ақбота Хасенова

Ақбота Хасенова

автор

Ирина Дубчак

Ирина Дубчак

редактор

Мемлекеттен бизнесті дамытуға арналған жеңілдетілген кредитті қалай алуға болады

Қазақстан дүкендерінде сатылатын күнделікті тұтынатын заттардың басым бөлігі шетелде жасалған. Өзіміздің тауарларымызды шығарғанға қарағанда біреулердің тауарларын әкеліп сатқан жеңіл көрінетін сияқты.

Бірақ әлемдік кризистің кесірінен елімізге тауарлармен бірге инфляция да еніп жатыр: дүние жүзінде шикізат, өндіріс және логистика құны өсуде, ал ол біздің дүкендердегі бағалардың көтерілуіне тікелей әсерін тигізеді. Импортқа тәуелді болмау үшін және жергілікті өндірушілерді қолдау үшін мемлекет отандық бизнесмендерге шарттары жеңілдетілген кредиттер ұсынады.

«Қарапайым заттар экономикасы» деген не

«Қарапайым заттар экономикасы» — бұл мемлекет бастаған отандық өндірушілерге жеңілдетілген кредит беру бағдарламасы. «Қарапайым заттарға» халық күнделікті пайдаланатын, ірі қаржыландыруды немесе күрделі технологияларды қажет етпейтін тауарлар мен қызметтер жатады. Оған, мысалы, киім, азық-түлік, құрылыс материалдары, құрылыс қызметтері — балабақшалар, санаторийлар, қонақ үйлер құрылысы, т.б. жатады

Жоба мақсаты

Жобаның басты мақсаты — бәсекелесе алатын зауыттар мен фабрикалар ашу, импортталатын тауарлардың орнын басу және жергілікті өнімдердің үлесін көтеру.

Бағдарламаға кім қатыса алады

Жобаға тек басым салалар тізіміне кірген ауыл шаруашылығы, азық-түлік, өнеркәсіп өнімдері мен қызметтерімен айналысатын өндірушілер ғана қатыса алады:

  • шағын бизнес: қызметкерлер штаты 100 адамға дейін, орташа жылдық табысы — 300 000 АЕК дейін (2023 жылы 1 035 000 000 теңге);
  • орта бизнес: қызметкерлер штаты 250 адамға дейін, орташа жылдық табысы — 3 000 000 АЕК дейін (2023 жылы 10 350 000 000 теңге);
  • ірі бизнес: қызметкерлер штаты 250 адамнан астам, орташа жылдық табысы — 3 000 000 АЕК-тен астам (2023 жылы 10 350 000 000 теңге).

Жеңілдік қандай мақсаттарға беріледі

«Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы бойынша кәсіпкерлерге пайыздық мөлшерлемесі төмендетілген кредит беріледі. Мөлшерлеменің бір бөлігін мемлекеттік бағдарлама өтейді — мұндай көмек субсидиялау деп аталады. Мысалы: егер кредиттің толық мөлшерлемесі 21,25% болса, оның 13,25% мемлекет өтейді де, қарыз алушы қалған 8% төлейді.

Жеңілдетілген кредитті қандай мақсаттарға алуға болады:

  • инвестициялық мақсаттар — бұл бизнесті кеңейту, модернизациялау, жұмысқа қажет негізгі құралдарды, жылжымайтын мүлік пен құрал-жабдықтарды сатып алу, еңбек етуге қолайлы жағдай жасау
  • айналым қаражатын толықтыру — бұл тауар сатып алу, жеткізушілермен есептесу, еңбекақы төлеу, үй-жай жалдау, салық төлеу және тағы да басқа мақсаттар
  • айналым қаражатын жаңартылмалы түрде толықтырып отыру — бұл қарызды толықтай өтегеннен кейін айналым қаражатын толықтыруға қайта кредит алып отыру мүмкіндігі

Субсидиялау шарттары

Кредиттің максималды сомасы: шектелмеген.

Айналым қаражатын толықтыруға берлетін кредиттің максималды сомасы: 5 млрд теңгеге дейін.

Сыйақы мөлшерлемесі: ҚР ҰБ + 4,5%, оның 8% кәсіпкер төлейді.

Субсидия мөлшері: 13,25%.

Субсидиялау мерзімі: инвестициялауға — 5 жылға дейін, айналым қаражатын толықтыруға — 3 жылға дейін.

Қарыз алушыға қойылатын талаптар

Кәсіпкерге қойылатын негізгі талап — 2 жылдан кейін бизнесінің көрсеткіштерін көтеру:

  • табысын 10%-ға өсіру;
  • еңбекақы қорын өсіру немесе жұмыс орындарын көбейту.

Басқа талаптар:

  • болжалды түсімі мен табысы жазылған бизнес-жоспар;
  • кәсіпкердің бизнеске салған қаржы үлесі 20%;
  • салық берешегі және еңбекақыға байланысты қарыздары жоқ;
  • төлем мерзімі 90 күн бұрын өтіп кеткен кредиттері жоқ;
  • қарыздары соңғы жылы қайта құрылымдалмаған;
  • құны кредит сомасының 100% тең кепілзат.

Жеңілдетілген кредит алу үшін талап етілген құжаттарды толық тапсыру керек. Кредитке байланысты құжаттар тізімін кредит менеджері береді, ал субсидияға байланысты құжаттарды «Даму» қорының менеджерлері сұрайды.

Кепіл болмаған жағдайда кәсіпкер «Даму» қорынан қолдау сұрай алады: бағдарлама аясында 1 млрд теңгеге дейінгі кредиттер үшін кепілдік беріледі.

Субсидияны қалай алуға болады

  1. Банкке немесе лизинг компаниясына кредит/лизинг алу туралы өтінім беру;
  2. Олардан кредит беруге келіскені туралы жазбаша жауап алу.
  3. «Даму» қорына субсидия алу туралы өтінім беру — оны онлайн egov.kz немесе damu.kz сайттарында беруге болады.
  4. Қордың жауабын күту.
  5. «Даму» қорымен және банкпен немесе лизинг компаниясымен субсидиялау келісімшартын жасасу.

Кепілдікті қалай алуға болады

  1. «Даму» қорына кепілдік туралы өтінім беру — оны онлайн egov.kz немесе damu.kz сайттарында беруге болады.
  2. Қордың жауабын күту.
  3. Банкпен кредит келісімшартын жасасу.
  4. «Даму» қорымен және банкпен кепілдік беру туралы келісімшарт жасасу.
  5. Кредит алу.

«Даму» қорының менеджерлері клиенттерге бағдарлама шарттары бойынша консультация беріп, құжаттарды ресімдеуге көмектеседі.

Субсидиялар кімге берілмейді

Мемлекет мынадай компанияларға субсидия бермейді:

  • акцизделетін өнімдерді өндірушілерге (құрамында спирті бар медициналық өнімдерді өндірушілерден басқа);
  • мерзімі 90 күн бұрын өтіп кеткен қарызы бар кәсіпкерлерге;
  • кредит беріп отырған банкпен ерекше қарым-қатынаста тұрған тұлғаларға;
  • акцияларының 50%-дан астамы мемлекет меншігіне жататын мемлекеттік кәсіпорындар, ұлттық холдингтер мен ұлттық компаниялар (әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациялар мен мемлекеттік-жекешелік әріптестіктен басқа), оларға үлестес тұлғалар, жекеменшік мекемелер және бейкоммерциялық ұйымдар құрған жеке кәсіпкерлік субъектілері.

Нені есте сақтау керек

Бүгінгі күні бизнесті дамытуға арналған жеңілдетілген кредитті оңай, тез, әрі бюрократиямен айналыспай-ақ алуға болады. Ескеретін жайт: мемлекет берген қаражатты тек бизнес-жоспарда жазылған мақсаттарға ғана жұмсау керек. Барлық шығын есептілік кезеңдерінде және тексеру барысында растайтын чектер мен жүкқұжаттарды ұсыну керек болған кезде көрінетін болады. Қаражатты мақсатқа сай пайдаланбаған жағдайда кәсіпкер субсидия сомасын мемлекетке толықтай қайтаруы қажет. Сонымен қатар, қызмет түгелдей ап-айқын болуы үшін уақытында келісімшарттар жасап отырып, төлемдерді шоттан шотқа жүргізіп отырған жөн.