Бизнесті жарнамалау және жетілдіру

Жарнаманың әр түрлі әдістерін сынап көру, оның арасындағы тиімділерін анықтап, кеңейту

Дана Ермұхан

Дана Ермұхан

автор

Ирина Дубчак

Ирина Дубчак

редактор

Бизнесті жарнамалау және жетілдіру

Бизнесті жарнамалаудың көптеген тәсілдері бар — тауарлар мен қызметтерді интернетте сатуға болады немесе офлайн жарнаманы пайдалануға болады. Бизнесті жарнамалаудын қай түрін таңдау керектігін осы мақалада айтып береміз.

Жұмысты неден бастау керек

Кәсіпкер тауарды немесе қызметті жарнамалауды бастамас бұрын, оның мақсатын анықтап алу керек — жарнама арқылы тауардың танымалдығын арттыру керек па, сайтқа келушілер санын көбейту керек па немесе сату көлемінің көбею керек па.

Кәсіпкерге өз бизнесінің нысаналы аудиториясын түсіну маңызды. Мысалы, кәсіпкер көмір сатып сауда жасап жүрсе, оның негізгі клиенттері жеке меншік секторы мен жақын маңдағы ауылдардың тұрғындары болады. Оларға жай ғана хабарландыруларды ақпарат стендтері мен аялдамаларда орналастырса болады, тіпті телефон нөмірі бар «Көмір» деген жазу да тиімді болып қалар. Мұндай бизнес үшін әлеуметтік желілерде парақша ашу және сол жерде жарнама орналастыру керек емес.

Бірақ мұндай әдістер қымбат еуропалық шаңсорғыштарды жарнамалауға келмейді, өйткені ондай жабдықтың нысаналы аудиториясы — 300 мың теңгеден астам ақша жұмсауға дайын ауқатты адамдар. Оларға таңдаулы тұрғын үй кешендерінде жарнамалау тиімдірек болады.

Жарнама қосу алдындағы соңғы кезең бизнес-процестерді баптау болуы керек. Мысалы, бір кәсіпкер қыз тапсырыс бойынша бенто торттарын пісіреді және оған таргеттелген жарнама қоспақ. Бірақ жарнамадан келген сатып алушылар өз сұрақтарына жауаптарды ұзақ күтсе, олар парақшадан кетіп қалып, қайта оралмайды. Ақша босқа кетеді. Бұл жағдайда тапсырыстарды жылдам өңдеу үшін жауап мәтіндерін алдын ала дайындауға болады.

Барлық процестерді оңтайландырып болғаннан кейін, заңды бұзбау үшін жарнамаға қойылатын талаптарды ескеріп, бизнесті жарнамалау әдісін таңдауға болады.

Интернеттегі жарнама

Егер компания интернетте бар болса және оның тұтынушылары интернетті қолданатын болса, онда бизнесті онлайн жарнамалауға болады. Осы тәсілдің басты артықшылығы — жарнаманы нақты бір аудиторияға келтіріп баптауға болады. Ірі компаниялар бірден нативті жарнамадан бастап блогерлердің жарнамасына дейін онлайн жарнаманың бірнеше әдістерін пайдаланады. Шағын және орта компаниялар таргеттелген немесе контекстті жарнаманы белсенді пайдаланады, өйткені олар бірдей қолжетімді және тиімді болады. Кәсіпкер әр түрлі жарнама әдістерін сынап, қайсысы тиімдірек екенін көріп, оған көбірек қаржы сала алады.

Таргеттелген жарнама

Бұл нақты бір сипаттамалары бар пайдаланушыларға арналған әлеуметтік желілердегі жарнама. Мысалы, жарнама тек 50 жастан асқан алматы тұрғындарына, берілген тақырыпқа қызығушылық танытатын және бәсекелестерінің контентіне лайк басатын әйелдерге ғана көрсетіледі. Жарнаманың бұл түрі аудиторияны география, адам жасы, көрсету кестесі және қызығушылықтар бойынша бөлуге мүмкіндік береді. Мұндай жарнаманың басты мақсаты — бюджетті барынша тиімді пайдалану, брендтің танымалдығын арттыру, аудиторияның қызығушылығын көбейту және тауарлар мен қызметтерін көбірек сату. Жарнаманы Instagram, Facebook, VK және басқа да әлеуметтік желілерде іске қосуға болады.

Контекстті жарнама

Бұл мағынасы ұқсас іздестіру сұратымдарын енгізген кезде іздеу жүйесінде пайда болатын жарнама. Мысалы, пайдаланушы «ноутбук жөндеу» деп іздесу сұратымын енгізсе, бірінші шыққан нәтижелер — сондай қызметтерді ұсынатын компаниялардың жарнамалары болады. Жарнаманы локация, жарнама көрсету уақыты және, ең бастысы, кілт сөздер тізімі бойынша баптайды. Сұратым неғұрлым жиі іздестірілетін болса, оның клик бағасы соғұрлым жоғары болады. Оның бюджетін реттеуге болады. Жарнаманы екі танымал іздеу жүйесінде — Google-де және Яндексте іске қосуға болады. Мұндай жарнама ресми сайты немесе лендингі бар бизнестерге қолайлы.

Нативті жарнама

Мұндай жарнама сайттағы немесе басқа алаңдағы мақаланың мәтініне немесе басқа материалға білдірілмей енгізіледі. Нативті жарнамада сізді ешкім ашық түрде сатып алуға шақырмайды. Мысалы, қалалық порталда қаладан алыс орналасқан үздік 5 демалыс орны туралы мақала жазылған дейік, мақалада сол орындардың әлеуметтік желілердегі парақшаларына сілтемелер жасалып, олардың жақсы қызметтері берілген. Мұндай мақала жарнама ретінде қабылданбайды да, клиенттерге сенімдірек көрінеді. Ондай материалдар «Арнайы жоба», «Серіктес материал» немесе «Демеуші мазмұн» ретінде белгіленуі мүмкін. Ондай жарнаманы қалалық сайттар мен көпшілік ұнататын парақшаларда жиі қолданады. Бірақ мұндай жарнамаға қымбат тұратын бірегей контент дайындау қажет.

Блогерлер арқылы берілетін жарнама

Блогерлер компанияның тауарлары мен қызметттерін өз парақшалары мен арналарында жарнамалайды. Мұндай жарнама теледидардағы жарнамаға ұқсайды, тек ол блогердің оқырмандары арасында таратылады. Жарнаманың форматы блогер пайдаланатын алаңға байланысты, мысалы, Instagram-да блогерлер постта немесе стористе жарнамалайды. Стористе жарнама бір күн тұрады, бірақ оны интерактивті форматқа салып, сторителлинг қылып құрастыруға болады. Блогерлердің жарнамалары да нативті болуы мүмкін. Мұндай жарнамаға деген сенім мен бейілділік әдетте жоғары болады, әсіресе егер жарнаманы сол саланы білетін блогер беретін болса. Жарнама берушілер блогерлерді таңдағанда жазылмандардың санын ғана емес, олардың парақшадағы белсендігін де ескергені маңызды.

Тікелей саудамен айналысатын компания серіктес маркетинг әдісін қарастыра алады, мысалы, блогер жеке жарнама промокодын өз парақшасында орналастырып, әрбір тапсырыстан белгіленген пайыз алып отырады.

Блогермен ұзақ мерзімді ынтымақтастық құрудың тағы бір түрі — оны амбассадор етіп қою болады. Егер блогер компанияның амбассадоры болса, онда ол брендтің жақтаушысы болып, оның құндылықтары мен миссиясын көрсете алады. Мұндай жарнама орта және ірі бизнеске қолайлы, өйткені аудиторияның брендке деген сенімін арттырады.

Анықтамалар мен каталогтарда тіркелу

2GIS, Google Карта, Yandex Карта сияқты каталогы бар карталарда тіркелу компанияларға қосымша даму мүмкіндіктерін береді. Әрқайсының өз шолу жүйесі және фотосурет қосу мүмкіндігі бар. Онлайн карталар ерекше сұранысқа ие, өйткені адамдар үйге немесе жұмысқа жақынырақ орындар мен қызметтерді көп іздейді. Жарнама берушілер компанияның атын, мекенжайын, жұмыс уақытын, контактілерді, веб-сайт пен әлеуметтік желілерге сілтемелерді, прайс-парақшаларды және фотосуреттерді енгізуі керек. Пайдаланушылар шолуларға, компанияның орналасқан жеріне және бағаларына қарап, оны таңдау жөнінде шешім қабылдайды. Жарнаманы 2GIS сияқты меншікті онлайн карталарда орналастыруға болады.

Сайтты SEO оңтайландыру

SEO оңтайландыру — бұл компанияның сайтын іздеу жүйелерінің талаптарына сәйкес теңшеу процесі. Ол не үшін жасалады? Жиі кездесетін іздеу сұратымдары арқылы сайтты іздеу нәтижелерінің арасында жоғары орындарға шығару үшін. Мысалы, пайдаланушы «қабырғаларға арналған акрил бояуы» деген іздеу сұратымын енгізсе, жарнамаланып жатқан сайттардан кейін басқа да сайттарды көреді, оның ішінде компанияның сайты да болуы мүмкін.

Жарнаманың бұл түрі бизнеске тұрақты трафик пен нысаналы тапсырыстарды жарнамасыз-ақ алуға мүмкіндік береді. Мұндай сайттарға пайдаланушылардың сенімі көбірек болады. Сұратымдардың жоғарғы жағына жету үшін сайт үш айдан астам жұмыс істеуі керек, оның мәтіндері бірегей болуы керек, техникалық бөлігі жағынан сынған сілтемелері мен қайталанатын беттері жоқ болуы керек және жүктеу жылдамдығы жақсы болуы керек. Егер кәсіпкердің бұл саладағы білімі жеткіліксіз болса, онда іске SEO маманын тартқан дұрыс. Жөнді бапталған SEO болашақта бизнеске табыс әкеледі.

Купон сататын сайттар

Купонаторлар — бұл бизнестердің өз өнімдері мен қызметтеріне жасаған жеңілдіктерін бір жерде жинайтын сайттар. Ондай сайттарда пайдаланушылар ұсыныстарды санаты, бағасы және орналасқан орны бойынша сұрыптай алады. Компания мұндай сайттарды қолданып, қосымша жарнама жасайды, өзінің акциялары туралы хабарлайды және жаңа тұтынушыларды тартады, ал купон сататын сайттар акцияны орналастыру үшін және сатылған купондар үшін комиссия алады. Клиенттермен қиындық туындамас үшін науқанның шарттарын түсінікті етіп сипаттау керек: акцияға кім қатыса алады, шектеулері бар ма — барлығын толығырақ жазу керек. Мысалы, егер компания шаш бояуға жеңілдік жасайтын болса, ол ұзындығы қандай шашқа жарамды екенін нақтылау керек.

Хабарландыру тақталары

Хабарландыру тақталары қажетті тауарлар мен қызметтерді іздеуге арналған өзекті алаң болып есептеледі. Оларға тек жеке тұлғалар ғана емес, бизнес те өз ұсыныстарын сала алады. Кейбір хабарландыру тақталарында бөлек категорияларда хабарландыру санына шек қойылады, ал қосымша мүмкіндіктер ақылы тариф сатып алғаннан кейін қолжетімді болады. Мысалы, тарифті қосқаннан кейін «Қызметтер» бөлімінде хабарландыруларды орналастыру, сондай-ақ, оларды іздеу нәтижелерінде көтеру мүмкін болады.

Офлайн жарнама

Бұл жарнама түрі тауарды немесе қызметті дәстүрлі әдістер арқылы, интернетті пайдаланбай-ақ көпшілікке танымал етеді. Ол азық-түлік сияқты күнделікті заттарға жақсы жарайтын әдіс. Бизнесті автоматтандыру қызметтері сияқты күрделі өнімдерді тек баннердегі және радиодағы жарнамамен түсіндіру мүмкін емес. Офлайн жарнаманың интернеттегі жарнамадан айырмашылығы — келген адамдардың санын қадағалау қиын.

Сыртқы жарнама

Сыртқы жарнама ірі және орта бизнес үшін брендтің танымалдығын арттыру және жаңа өнімді жарнамалау үшін қолайлы. Сыртқы жарнамадағы ақпарат адамға түсінікті әрі қолжетімді болуы керек, мысалы, егер клиент сайтқа тез кірсін деп, жарнамаға сілтеме тіркелген QR кодын орналастыру керек.

Хабарландырулар мен жарнама үндеухаттар

Флаерлер мен жарнама үндеухаттар тарату бизнестің кейбір түрлері үшін әлі де қолайлы. Мысалы, оны сауда нүктесінің немесе компания кеңсесінің жанында тұратын тұтынушыларды тарту қажет болғанда қолдануға болады. Бұл әдіс қоғамдық тамақтану орындарының, дүкендердің, сән салондарының иелері үшін қолайлы. Үндеухаттарды таратқанда өнімнің немесе қызметтің ерекшеліктерін ескеру қажет, мысалы, ішкі есіктерді орнататын компания үндеухаттарын аялдамада таратқаннан гөрі, құрылыс базарында таратқаны дұрыс.

Іс-шаралар

Қалалық іс-шараларға қатысу брендтің танымалдығын арттырады және сауданы көтереді. Жәрмеңкелерге тауарларды бірден сатып алғысы келетін, немесе кейінірек сатып алу үшін қайта оралғысы келіп, әлеуметтік желілердегі парақшаға жазылуға дайын көптеген адамдар келеді. Сондай-ақ, ондай іс-шараларды тауарға назар аударту үшін пайдалануға болады, мысалы, би студиясы су жағалауында шеберлік сабағын өткізе алады, ал кондитер дүкені клиенттерге қолдан жасалған нан өнімдерінің дәмін татуды ұсынып, басқа да өнімдерді сата алады.


Бизнестің барлық түрлеріне жарайтын әмбебап жарнамалау стратегиясы еш жерде жоқ. Кәсіпкер өзі әр түрлі әдістерді іздеп, сынап, өткізу көрсеткіштерін өлшеп, қайсысы көбірек нәтиже беретінін бағалап таңдау керек.