Flip.kz сайтында тауар сату

Маркетплейстің басқа сауда алаңдардан айырмашылығы және кәсіпкерлермен жұмыс істеу тәсілдері

Дана Ермұхан

Дана Ермұхан

автор

Ирина Дубчак

Ирина Дубчак

редактор

Flip.kz сайтында тауар сату

Flip.kz — бас кеңсесі Қарағанды қаласында орналасқан қазақстандық маркетплейс. Компания 2007 жылы онлайн кітап дүкені түрінде ашылған болатын. Бүгінде ол веб-сайты мен мобильді қосымшасы бар, 35 қалаға курьер жеткізілімі және бүкіл ел бойынша қабылдау пункттері бар толыққанды маркетплейс. Кәсіпкерлер сауда алаңында қалай және қандай шартармен сауда жасай алатынын осы мақалада айтып береміз.

Нені ескеру қажет

Flip арқылы қазақстандық және ресейлік жеткізушілер тауар сата алады. Ол үшін оларда ЖК немесе ЖШС (Ресейде — ЖШҚ) болуы керек. Өзін-өзі жұмыспен қамтығандар сайтта тауарларын сата алмайды, тек ЖК тіркесе ғана сауда жасай алады.

Тіркелу кезінде «Поштамен тапсырыс беру немесе Интернет желісі арқылы бөлшек саудада сату» 47 910 ЭҚЖЖ кодын таңдап, ал салық режимін таңдаған кезде оңайлатылған салық режимін таңдауға болады. ЖК ашу туралы толығырақ мына сілтемеден оқыңыз:

ЖК ашу

Flip сайтында тіркелу

Порталда тіркелу үшін «Поставщикам» (Жеткізушілерге) бөлімінде аты-жөніңізді, телефон нөміріңізді және электронды поштаңызды жазыңыз. Жеке кабинетті іске қосу үшін растау кодын енгізіп, құпия сөз ойлап табу керек. Содан кейін «Создать компанию» (Компания құру) өрісі пайда болады, оны басқаннан кейін келесі қадамдардан өтесіз:

  1. Ел таңдау (Қазақстан немесе Ресей) — жұмыс істеу шарттары тұрғылықты елге байланысты болады.
  2. Мәлімет енгізу — компанияның заңды атауын, БСН/ЖСН, ЖСК, БСК, банк атауын, заңды мекенжайын, жұмыс істеу тәсілдерін жазу.
  3. Дүкен туралы мәліметтерді толтыру — ол дүкен атауы, электронды поштасы, телефон нөмірі және байланысатын адамның аты. Бұл қадамда тауар тиетін ыңғайлы хаб қоймасын таңдау керек те, компанияның жұмыс кестесін толтырып, ашық ұсыныс келісімшартына қол қою керек.

Flip-те Астана, Алматы және Қарағанды қалаларында үш қойма және 80 тапсырыс қабылдау пунктілері бар. Тауарларды сатып алушыларға жеткізу мерзімі таңдалған қоймаға байланысты. Жеткізу мерзімі — клиенттердің тауар таңдаған кезіндегі басты фактор саналады, жылдам жасалған жеткізілім тапсырыстарды қайтару санын азайтады.

Компанияны Flip-ке қосып, ұсынысқа қол қойғаннан кейін сіздің тіркеу туралы сұрауыңыз жіберілді деп саналады. Ол бір күннен үш күнге дейін қарастырылады.

Жұмыс істеу тәсілдері

Қазақстандық сатушылар тауарларын екі тәсілмен сата алады:

Тікелей келісімшарт жасап сату

Сатушы бұл модельде сауда алаңымен тауарларды көтерме бағамен жеткізу келісімшартын жасайды. Flip жеткізушінің тауарларын топтамалап сатып алады да, оған өз бағасын қойып сатады. Тауар қоймаға клиенттің тапсырысы бойынша жеткізіледі. Егер тауар қоймаға жеткізілген күннен бастап 30 күн ішінде сатылмаса, онда жеткізушіге қайтарылады.

Комиссия төлеп сату

Комиссия алу — бұл маркетплейстер ұсынатын стандартты серіктестік құру тәсілі, мұнда сатушы тауар бағасын өзі белгілейді, ал сауда алаңы тауар орналастыру және жеткізу үшін өз комиссиясын алып отырады. Комиссия мөлшері (электроникадан басқа) барлық категорияларға 20% құрайды.

Сатушы тауарды өз қоймасында сақтайды және тапсырыс түскенде керегінше маркетплейс қоймасына жеткізеді. Яғни, тауар қоймаға клиенттің тапсырысы бойынша жеткізіледі. Одан кейін Flip тауарларды өзі орап, клиентке Қазақстан бойынша жеткізеді. Бұл жерде сатушы тек 100 теңге шамасында қайтарылған тапсырыстарды өңдеу комиссиясына ғана шығындалады. Маркетплейс қайтарылған тауарды қоймаға жеткізеді де, сатушы оны 30 күн ішінде алып кетпесе, жойып жіберетін болады.

Бұл схема бойынша сатқанда бухгалтер құжаттамасын дайындаудың қажеті жоқ. Тек айына екі рет тауар қозғалысы туралы есеп жасалады да (айдың 1–15 және 16–30 жұлдыздары), сатылған тауардың төлемі сатушыға үш күн ішінде жіберіледі. Сатушы бұл есепті қабылдап алғаннан кейін орындалған жұмыстар актісін растап, ЭШФ GOV порталында электронды шот-фактураға қол қояды. Содан кейін ақшаны өзінің банк шотына аударып ала алады.

Тауарға қатысты құжаттар

Сатушыда сертификатталуға міндетті тауарларға ЕАЭО сәйкестік декларациясы, ЕАЭО сәйкестік сертификаты, ЕАЭО өнімін мемлекеттік тіркеу туралы куәлік сияқты құжаттар болуға тиіс. Оларды талап етілген күннен бастап үш күн ішінде жіберуі керек. Егер сатушыдан хабар болмаса, Flip құжат келмегенше ондай тауарларды сайттан алып тастауы мүмкін.

Бренд тауарларын сату үшін пайдалану құқығын растайтын құжаттар қажет. Сауда алаңы ол құжаттарды сұрамайды, бірақ автор құқығын иеленушілер тауар белгісін пайдалануыға тыйым салып, сатушыға айыппұл салып, келтірілген шығындарды өтеуге міндеттей алады. Сайт бұндай жағдайларда құжаты жоқ тауарларды бұғаттап тастайды.

Жұмыс істеу нюанстары

Платформаның алгоритмдеріне сәйкес тауар неғұрлым көп сатылса, пайдаланушыға соғұрлым жиі көрсетілетін болады.

Контентке қойылатын талаптар

Тауар карточкаларын өз бетіңізбен немесе сайттың контент бөлімі көмегімен толтыруға болады. Екінші жағдайда бір карточка толтыру үшін 120 теңге төлеу керек.

Тауар фотосуретінің өлшемі 800×800 пиксельден кем емес, ал кітап суретінің өлшемі 550×550 пиксельден кем емес және сутаңбасыз болуы керек.

Денсаулық, косметика, азық-түлік, спортқа арналған тамақ, тұрмыстық химия, үй жануарларына арналған өнімдер, кеңсе тауарлары сияқты категорияларға тауарлардың құрамы мен жарамдық мерзімін міндетті түрде жазу керек.

Тауар сипаттамасы тауардың өзіне сәйкес келуі керек. Толығымен жазылған ақпарат клиент сұрақтарына жылдам жауап беруге көмектеседі. Әйтпесе сатып алушылар тауарларды қайтарып, теріс пікір жазып, рейтингті төмендіп жібере алады, ал сайт өз жағынан сатушы кабинетін бұғаттап тастай алады.

Науқандарға қатысу

Маркетплейс сатушыларға жыл басында жыл бойына жоспарланған маркетинг шаралары тізімін жібереді де, ай сайын науқан туралы ақпарат пен оның шарттарын поштаға жіберіп тұрады. Науқандарға қатысу не қатыспау туралы өзіңіз шешесіз, бұл жерде сіз тауардың бір бөлігіне ғана жеңілдік беруге еріктісіз.

Сатушыларға арналған өзекті ақпарат алу үшін Telegram арнасына қосылыңыз.


Маркетплейс Қазақстанда 2 миллионнан астам ірі аудиториямен жұмыс істейді, оның жұмыс шарттары ыңғайлы және түсінікті, тауар жеткізу процесі жеңіл, сондай-ақ менеджерлермен жылдам тікелей байланыс орнатуға болады. Алаң жаңадан бастаған кәсіпкерлер үшін өте қолайлы, өйткені онымен жұмыс істеу үшін көп тауар қажет емес.