Бизнес туралы мақалалар

Салық жүктемесін азайту жолдары

ЖК мен ЖШС-ке арналған салық жеңілдіктері

Салық жүктемесін азайту жолдары
Юлия Тё

Юлия Тё

салық кеңесшісі, аудитор, бухгалтер

Мақаланың мазмұны

Кәсіпкерлер салық төлеуі керек екені сөзсіз, бірақ олардың төлейтін сомаларын заңды түрде оңтайландыруға болады. Бизнеске салық жүктемесін қалай азайтуға болатынын осы мақалада қарастырайық.

Салық режимін дұрыс таңдау

Салықтардан үнемдеу жоспар құру кезінде басталады. Ең алдымен тиімді салық режимін таңдау керек. Кәсіпкер таңдауына жалпыға бірдей белгіленген режим (ЖБР) мен шағын және орта бизнеске арналған екі арнаулы салық режимдері (АСР) бар. Олардың әрқайсысының шарттары, шектеулері және артықшылықтарымен танысып, салық мөлшерлемелерін, төлеу тәртібін және есеп беру мерзімін білу керек.

Мысалы, ЖБР ЖК салық мөлшермесі табыстың 10%-ын құрайды, ал ол жөнінде есеп беру үшін жылына бір рет декларация тапсыру керек.

Оңайлатылған ЖК төлейтін табыс салығы табыс мөлшерінің 3% құрайды. Бірақ бұл режимде қызметкер санына (30 адамнан аспауы керек) және тапқан табысқа (бір жартыжылдықта 24 038 АЕК-ке дейін болуы керек, 2024 жылы 88 748 296 теңге) байланысты шектеулер бар.

Егер кәсіпкерліктің жылдық айналымы 20 000 АЕК (2024 жылы 73 840 000 теңге) шамасынан асып кетсе, онда ҚҚС есебіне тұрып, 12% қосымша салық төлеу керек болады.

Табыс шегін жоғарлатып, ҚҚС төлемеу үшін үш компонентті интеграцияланған жүйені (ҮИЖ) қосуға болады. ҮИЖ пайдаланатын кәсіпкерлерде жылдық табыстың ең жоғары шегі де жоғарырақ болады. Көптеген кәсіпкерлер ондай қолма-қол ақшасыз төлем жүйесін пайдаланғанды тиімді санайды. Шектеулер туралы толығырақ мына мақалада оқуыңызға болады:

Jusan Business оңайлатылған ЖК-ға салықтарды есептейтін, 910.00 нысанын дайындауға және кадр есебін жүргізуге көмектесетін, салық төлеу мерзімдері туралы еске салып отыратын тегін қызмет ұсынады. Кәсіпкерге тек Jusan Business клиенті ретінде тіркеліп, қызметтерді қосып, өзі туралы деректерді енгізу жеткілікті, қалғанын банк өзі жасап береді.

Патентпен жұмыс істейтін ЖК салық мөлшермесі табыстың 1%-ын құрайды, бірақ бұл режимді тек жалғыз өздері жұмыс істейтін, қызметкерлері жоқ кәсіпкерлер ғана таңдай алады. Есеп тапсырудың қажеті жоқ, ал ең жоғары жылдық табысы — 3 528 АЕК-тен аспауға тиіс, 2024 жылы ол 13 025 376 теңге.

Салық режимінің әрқайсысы туралы, оларды қолдану шарттары мен тәртібі туралы біз басқа мақалаларда толығырақ жаздық:

364 қызмет түрінің бірімен айналысатын кәсіпкерлер бөлшек салық АСР-ін қарастыра алады. Бұнда салық мөлшерлемесі соңғы сатып алушыға байланысты: егер ол шегерім қолданбайтын жеке тұлғалар немесе компаниялар болса, онда мөлшерлеме 4% құрайды, ал егер сатып алушылар ЖК мен ЖШС болса — онда 8%. Бұл режимдегі ЖК шарттары — қызметкерлер саны 200-ден аспауы керек, ал ақша айналымы — 600 000 АЕК-ке (2 215 200 000 теңге) дейін болуы керек. Бұл режимді таңдайтын кәсіпкерлер ҚҚС төлемей жұмыс істейді.

Бөлшек салық АСР-ді басқа заңды тұлғаның құрылтайшысы немесе қатысушысы болып табылатын кәсіпкерлер қолдана алмайды.

Ауыл шаруашылығымен айналысатын компанияларға да салық жеңілдіктер қарастырылған. Оларға екі арнаулы салық режимі бар — ауыл шаруашылығы өнімдерін өндірушілерге арналған режим және шаруа немесе фермер қожалығы режимі. Біріншілері корпоративті табыс салығын (немесе жеке табыс салығын), әлеуметтік салық және мүлік пен көлік салықтары бойынша төленетін соманы 70%-ға азайта алады. Ал екіншілерінің табысы 20 000 АЕК-тен (73 840 000 теңге) асып кетсе де, ҚҚС бойынша тіркелмеуге құқылы.

Егер ЖК мен ЖШС біршама уақыт жұмыс істегеннен кейін басқа режимге ауысқысы келсе, бұны e-Salyq Business мобильді қосымшасында жасай алады. Режимді қолдану мерзімі салық режимін өзгерту туралы хабарлама берілгеннен кейінгі келесі айдың бірінші күні басталады.

Салық төлеуші таңдаған ЭҚЖЖ қызмет түріне сәйкес жұмыс істеуі керек, ол бұл үшін жауап береді. Мысалы, кәсіпкер консалтинг немесе заңгер қызметін көрсетіп, оңайлатылған ЖК тіркейді дейік. Салық органдары үш жыл ішінде қызмет түріне сәйкессіздік анықтаса, онда 3% ЖТС орнына жалпыға бірдей белгіленген режим мөлшерлемесімен ЖК-ге 10%-ға дейін, ЖШС-ға 20%-ға дейін салық салып, салық режимін бұзғаны үшін айыппұл салатын болады.

ҚҚС-тан босату

Кейбір бизнес түрлері ҚҚС-тан босатылады. Оларға дәріханалар, ветеринар клиникалары, халықаралық тасымалдаумен айналысатын компаниялар, түсті және қара метал сынықтары мен қалдықтарын сататындар, ауыл шаруашылық техникаларын сататын компаниялар және т.б кіреді.

Әлеуметтік сала

Салық жеңілдіктері қызметі әлеуметтік маңызы бар, мысалы, медицина саласында көмек көрсететін, білім және тәрбие беретін, ғылыми қызметпен айналысатын және кітапхана саласында қызмет көрсететін компанияларға да беріледі.

Бұл салалардағы компаниялар табыстарының кем дегенде 90%-ын әлеуметтік қызметтен табатын болса, онда КТС төлемейтін болады. Сондай-ақ, олар мүлік салығы мөлшерлемесін 0,1% мөлшерінде төлеуге құқылы, бірақ егер компания жұмыс орнының бір бөлігін жалға немесе сенімгерлік басқаруға берсе, онда мүлік салығын 1,5% стандартты мөлшерлемемен төлейтін болады.

Айта кету керек, әлеуметтік салаға штатында қызметкерлердің кемінде 51% мүгедек адам, ал олардың жалақыларының қосындысы еңбекке жұмсалатын жалпы шығындардың кемінде 51% құрайтын қоғам бірлестіктері кіреді. Бұндай ұйымдар КТС төлемесе болады. Алайда, штатының 51% мүгедектер болғанымен, әлеуметтік саласына жатпайтын ЖШС мен ЖК табыс салығын төмендете алмайды және салықтарды әдеттегідей тәртіппен төлеу керек.

Медициналық жәрдем

Адамдарға медицина саласында көмек көрсететін, медициналық лицензиясы бар компаниялар салық жүктемесін азайта алады. Олар КТС-пен бірге, ҚҚС-тан да босатылады — табысы шектен асып кетсе де, есепке тұрудың қажеті жоқ. Бұл категорияға медицина және оңалту орталықтары, зертханалар мен тіс емханалары кіреді.

Білім беру қызметі

Бастауыш, орта, техникалы, жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру, сондай-ақ, қосымша білім беру, мектепке дейінгі тәрбие мен оқыту салаларында қызмет көрсететін компаниялар да әлеуметтік салаға жатады, яғни олар КТС төлемейді. Бұл саладағы ұйымдардың толық тізімін мына сілтемеден көруге болады.

АЭА қатысушылары мен инвесторларға арналған жеңілдіктер

Қазақстанда арнайы экономикалық аймақтар (АЭА) бар, сол аймақтарда елдегі қызметердің басым түрлерімен айналысатын компаниялар бірқатар салықтардан толығымен босатылады. Олар КТС, жер салығын және мүлік салығын төлемейді, мемлекет оларға инфрақұрылымы дайын жер телімін тегін береді.

Сондай-ақ, АЭА қатысушылары инвестиция келісімшарты шеңберінде импортталатын тауарлар ҚҚС-н төлеуден және импорт үшін төленетін кеден бажынан босатылады.

Бұндай салық жеңілдіктері 2024 жылдан басталған өзгерістерге сәйкес үш категориялы инвесторларға келесі кезеңдерде қолжетімді:

  • А категориясы — құны 3 000 000 АЕК-ке дейінгі жобалар (7 жыл);
  • B категориясы — 3 000 000 АЕК-тен 14 500 000 АЕК-ке дейін тұрады (15 жыл);
  • С категориясы — 14 500 000 АЕК-тен басталады (25 жыл).

АЭА қатысушысы болу үшін ЖК немесе ЖШС тек жалпыға бірдей белгіленген режимде жұмыс істеуі керек.

Astana Hub қатысушыларына арналған жеңілдіктер

Ақпаратты технологиялар саласында дамып келе жатқан және Astana Hub құрамына кіретін компаниялар корпоративті табыс салығы (КТС), ҚҚС, әлеуметтік салық және басқа да салықтарды төлеуден босатылады. Осылайша мемлекет IT өнімдерін әзірлейтін компанияларға қолдау көрсетеді. Басты шарт — қызметтің басым түрлерінің тізбесіне сәйкес жұмыс істеу. Егер компания басқа бағытқа ауысса, ол барлық салық жеңілдіктерінен айырылады.

АХҚО қатысушыларына арналған жеңілдіктер

«Астана» халықаралық қаржы орталығының қатысушылары, соның ішінде шетел компаниялар корпоративті салық (КТС), жер және мүлік салығын, бірқатар қаржы қызмет бойынша ҚҚС төлеуден босатылды. Әдетте, оған банктер, сақтандыру компаниялары, брокерлер, инвестициялық қорлар және крипто биржалар жатады.

Қаржыға қатысы жоқ қызмет түрлерімен айналысатын компанияларға да салық жеңілдіктері қарастырылған — қызмет түріне қарамастан, бұндай кәсіпкерлер кейбір табыс түрлерінен корпоративті салық (КТС) төлеуден босатылады.

Криптовалюта сатудан түсетін ақша айналымына да 2024 жылдан бастап ҚҚС салынбайды.

 

Салық жүктемесін азайту үшін кәсібін жаңадан бастаған кәсіпкерлер немен айналысатынын нақты түсінулері керек және соған қарап тиімді салық жүйесін таңдаулары керек. Біраз жұмыс істеп жүрген кәсіпкерлер де түрлі салық режимдерін байқай алады: мысалы, 2024 жылдан бастап бөлшек салық АСР қолдана алатын қызмет түрлерінің тізбесі кеңейді сол себепті, жаңа режимге ауысу тиімдірек болуы мүмкін.