Орынды қосалқы жалға беру
Жалға беру шарттары және төленетін салықтар

Мақаланың мазмұны
Кәсіпкерлердің көбісі кеңселерді жалға алып, бір бөлігін ғана пайдаланғандықтан, бос орынды басқа бизнеске қосалқы жалға береді. Мұның қаншалықты заңды әрі қауіпсіз екенін және салықты қалай төлеу керектігін осы мақалада анықтайық.
Қосалқы жалға беру дегеніміз не
Қосалқы жалға беру — бұл жалға алынған мүлікті үшінші тарапқа қайтадан жалға беру. Мысалы, компания бизнес-орталықта 100 шаршы метрлік кеңсе жалдайды, бірақ оның тек 50-ін пайдаланады. Орын бос тұрмасын деп шағын кеңсе қажет ететін стартапты тауып, бөлменің бір бөлігін соларға жалға береді. Тағы бір жағдай — бизнес жұмыс форматын өзгерткісі келіп немесе көшуді шешеді және бөлмені басқа жалға алушыға қайта жалға береді.
Қазақстанда қосалқы жалға беру тек үй-жай иесінің келісімімен ғана мүмкін. Мұны жалдау шартында жазуға болады немесе бөлек нотариалды куәландырылған жеке жазбаша келісімді рәсімдеуге болады. Егер шартта «Қосалқы жалға беруге тыйым салынады» деген тармақ болса, онда үй-жайды басқа бизнеске тапсыруға болмайды — келісімсіз жалға берілген жағдайда орын иесі шартты бұза алады.
Қосалқы жалдау кезінде тіпті қосалқы жалға алушы төлемдерді кешіктіріп немесе мүлікті қиратып жатса да, орын иесінің алдында тек негізгі жалға алушы жауап береді.
Бизнеске қосалқы жалға беру жолдары
Егер келісімшартта қосалқы жалға беруге рұқсат болса, келесі қадам — бұл қосалқы жалға алушымен келісімшарт жасау. Құжатта жазылатын тармақтар:
- шарттың мәні — үй-жайдың жай-күйі және жалға берілінетін қосымша жабдық
- жалдау мерзімі — негізгі жалдау шартының мерзімінен аспауы керек
- жалдау ақысының мөлшері
- тараптардың міндеттері мен құқықтары
Келісімшартта үй-жайды қосалқы жалға беру туралы рұқсат болса да, оның иесіне бұл жайлы хабарлау керек. Бұл болашақта түсініспеушіліктерді болдырмауға көмектеседі.
Бір жылдан астам мерзімге берілетін қосалқы жалға беру шарты негізгі жалға беру шарты сияқты egov.kz сайтында тіркеуді талап етеді.
Бизнеске арналған орын іздеу және оны таңдағанда ескеретін жайттар туралы осы мақалада жаздық:
Салық төлеу
Үй-жайды қосалқы жалға беретін және одан табыс алатын кәсіпкер салық төлеуге міндетті. Оның мөлшері ЖК, ЖШС немесе ЖК ретінде тіркелмеген жеке тұлға сияқты бизнес түріне және салық режиміне байланысты. Олардың әрқайсысын бөлек қарастырайық.
Қосалқы жалға беруші — ЖК
ЖК бөлмені қосалқы жалдауға бірнеше салық режимі бойынша бере алады:
- оңайлатылған ЖК (сауда объектілерін және олардың аумағындағы сауда орындары мен қоғамдық тамақтандыру объектілерін қосалқы жалға беруді қоспағанда) — 3% мөлшерінде салық төленеді
- жалпыға бірдей белгіленген ЖК — 10% мөлшерінде салық төленеді
Яғни сауда алаңдары мен базарларды оңайлатылған режимде немесе басқа арнайы салық режимінде жалға беруге болмайды, тек жалпыға бірдей белгіленген режимде ғана беріледі. Патент бойынша және мобильді қолданба пайдаланатын арнайы салық режимдері қызметкерлері жоқ ЖК-ға қолайлы. Мұнда салық мөлшері кірістің 1% құрайды.
ЖК қосалқы жалға алушыға БКМ арқылы чек беруге, орындалған жұмыстар актісін рәсімдеуге, ал егер ҚҚС бойынша есепте тұрса — шот-фактураны жазуға міндетті.
Қосалқы жалға беруші — ЖШС
Бөлмені қосалқы жалға беру арқылы табыс алатын компания кірісті есепке алып, салықтарды төлеуге міндетті: оңайлатылған режимде — салық кірістің 3% құрайды, жалпыға бірдей белгіленген режимде — КТС кірістің 20%, сондай-ақ ҚҚС бойынша есепте тұрса — 12%.
ЖШС бухгалтерлік есепті жүргізуі, салық есептілігін нысан бойынша тапсыруы және ресми портал арқылы электрондық шот-фактураларды беруге тиіс. Жалпыға бірдей белгіленген режимдегі ЖШС есептілігінің негізгі нысаны — КТС бойынша 100.00 нысанындағы декларация және әр тоқсан сайын жіберілетін 300.00 нысан, оңайлатылған режимде — 910.00 нысан.
ЖШС төлейтін салықтар туралы толығырақ мына мақалалардан біле аласыз:
Қосалқы жалға беруші — ЖК ретінде тіркелмеген жеке тұлға
Егер жалға беруші қосалқы жалға беруден табыс алса, бірақ ЖК немесе ЖШС ретінде тіркелмесе, онда табыстың 10% мөлшерінде ЖТС төлеуге міндетті. Ол үшін 270.00 нысаны бойынша 15 қыркүйекке дейін салық декларациясын тапсырып, салықты өзі төлеу керек.
Егер қосалқы жалға алушы — жалпыға бірдей белгіленген режимдегі ЖШС немесе ЖК болса, онда ол салықты өзі ұстап, аударады. Бұл жағдайда жалға берушіге декларация тапсырудың қажеті жоқ.
Бөлмені жалға берудің тағы бір жолы — риэлторлық агенттік қызметіне жүгіну. Жеке тұлға жалға алушыларды іздеумен, рәсімдеумен және төлемдерді төлеумен айналысатын риэлтормен келісімшарт жасасады. Бірақ бұндай нұсқа сирек қолданылады, өйткені ол агенттіктің қызметтеріне қосымша ақы төлеуді қажет етеді.
Салық төлемегені үшін салынатын айыппұлдар
Егер кәсіпкер қосалқы жалға беруден кіріс алса, бірақ оны жария етпесе, келесі айыппұлдар қолдануы мүмкін:
- салық төлеуден жалтарғаны үшін — 2 000 АЕК дейін (2025 жылы 7 864 000 теңге)
- жеке тұлғаларға тіркеусіз кәсіпкерлік қызметпен айналысу үшін — 15 АЕК (2025 жылы 58 980 теңге)
Бөлмені жалдау келісімшартында рұқсат етілген болса ғана қосалқы жалға беруге болады. Түсініспеушіліктерді болдырмау үшін ресми қосалқы жалдау шартын жасап, меншік иесіне хабарлап, сәйкес салық режимі бойынша есеп беру керек.