Қазақстанда оңайлатылған режимдегі ЖШС төлейтін салықтар
Бюджетке төленетін аударымдар мен жарналар және салық есептері
Мақаланың мазмұны
Оңайлатылған режимдегі ЖШС жарты жылда бір рет корпоративті табыс салығын және ай сайын қызметкерлері үшін әлеуметтік төлемдер төлейді. Салық есебі салық төлеуші кабинеті арқылы онлайн тапсырылады.
Негізгі салықтар
Оңайлатылған ЖК төлейтін табыс салығы табыс мөлшерінің 3% құрайды, оның 1,5% — табыс салығы, 1,5% — әлеуметтік салық.
Есеп беру мерзімі: 910.00 СЕН — шағын бизнеске арналған оңайлатылған декларация. Оған айналым, салықтар, еңбекақы мен қызметкерлері үшін төленетін аударымдар кіреді. КТС жарты жылдық айналымнан төленеді. Оның есебі әр жарты жыл сайын берілуге тиіс, бірақ ол ЖШС ашылған уақыттан жарты жыл өткенде емес, арнайы белгіленген мерзімдерде тапсырылады:
- I жарты жыл үшін — 1 шілдеден 15 тамызға дейін,
- II жарты жыл үшін — 1 қаңтардан 15 ақпанға дейін.
Салық төлеу мерзімі: әр жарты жыл сайын КТС декларациясын тапсырғаннан кейін — I жарты жыл үшін үшін 25 тамызға дейін, II жарты жыл үшін — келесі жылғы 25 ақпанға дейін.
Егер ЖШС айналымы жарты жылда 24 038 АЕК-тен асып кетсе, оны жалпыға бірдей белгіленген режимге ауыстыру қажет болады.
Қызметкерлер үшін төленетін ай сайынғы төлемдер
ЖШС директорын қоса алғанда барлық қызметкерлер үшін төленетін төлемдер:
- МЗЖ — міндетті зейнетақы жарналары: еңбекақы × 10%,
- ЖМЗЖ — жұмыс беруші төлейтін міндетті зейнетақы жарналары: еңбекақы × 1,5%,
- ӘА — әлеуметтік аударымдар: (еңбекақы − МЗЖ) × 3,5%,
- МӘМС — міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру: еңбекақы × 3%,
- МӘМСЖ — міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жарналары: еңбекақы × 2%,
- Қызметкер еңбекақысынан төленетін ЖТС: (еңбекақы − МЗЖ − МӘМСЖ) × 10%.
ЖТС-ны азайту үшін оған ай сайын 14 АЕК мөлшерінде салық шегерімін қолдануға болады. Ол үшін қызметкер шегерім туралы өтініш беруге тиіс. Егер адам бірнеше жұмыс орнында істейтін болса, онда шегерім тек сол жұмыс орындарының біреуіне ғана қолданылады. Ал мүгедек қызметкерлер, мүгедек балалардың ата-аналары мен тәрбиешілері жылына 882 АЕК мөлшерінде шегерім қолдана алады.
Еңбекақыдан төленетін салықтарды есептеу
Төменде қызметкердің 200 000 теңге мөлшеріндегі еңбекақысынан төлемдерді есептеу үлгісі берілген.
Қызметкер есебінен
МЗЖ — еңбекақы × 10%
200 000 × 10% = 20 000 теңге
МӘМСЖ — еңбекақы × 2%
200 000 × 2% = 4 000 теңге
қызметкер еңбекақысынан төленетін ЖТС — (еңбекақы − МЗЖ − 14 АЕК (шегерім) − МӘМСЖ) × 10%
(200 000 − 20 000 − 14 × 3 692 − 4 000) × 10% = 12 431,2 теңге
Жұмыс беруші есебінен
ЖМЗЖ — еңбекақы × 1,5%
200 000 × 1,5% = 3 000 теңге
МӘМС — еңбекақы × 3%
200 000 × 3% = 6 000 теңге
ӘА — (еңбекақы − МЗЖ) × 3,5%
(200 000 − 20 000) × 3,5% = 6 300 теңге
Қызметкер еңбекақысының нақты мөлшері 200 000 теңге болса, қолына ол 163 568,8 теңге алатын болады. Ал жұмыс беруші үстнен тағы 15 300 теңге төлейтін болады.
Салық төлеу мерзімдері: ай сайын әр келесі айдың 25 жұлдызына дейін. Мысалы, қазан айы үшін 25 қарашаға дейін, қараша айы үшін 25 желтоқсанға дейін, т.с.с.
Қосылған құн салығы
Егер ЖШС-ның жылдық айналымы 20 000 АЕК шамасынан асып кетсе, онда ҚҚС есебіне тұрып, 12% қосымша салық төлеу керек болады.
Айналым аталған шамадан асып кеткен жағдайда ҚҚС есебіне тұру әр кәсіпкердің жеке жауапкершілігі болып саналады. Салық органы ол туралы хабарламай-ақ айыппұл салатын болады. Сондықтан, әр кәсіпкер компания айналымының мөлшерін өз бетімен қадағалауы керек.
Салық мөлшерлемесі: 12%
Есеп беру мерзімі: 300.00 СЕН тоқсан сайын есепті тоқсаннан кейінгі екінші айдың 15 жұлдызына дейін тапсырылады. Мысалы, 2024 жылғы үшінші тоқсан үшін (шілдеден қыркүйекке дейінгі мерзім) — 2024 жылғы 15 қарашаға дейін тапсыру керек.
Салық төлеу мерзімі: тоқсан сайын есепті тоқсаннан кейінгі екінші айдың 25 жұлдызына дейін төленеді. Мысалы, 2024 жылғы үшінші тоқсан үшін (шілдеден қыркүйекке дейінгі мерзім) — 2024 жылғы 25 қарашаға дейін төлеу керек.
Импортталған тауарларға салынатын ҚҚС
Егер сіз тауарларыңызды Ресей, Беларусь, Қырғызстан және Армения елдерінен тасымалдасаңыз, ол үшін жанама салық төлеуге міндетті боласыз. Жай сөзбен айтқанда, бұл 12% мөлшеріндегі ҚҚС-тің өзі, бірақ оны ҚҚС төлеушілер де, ҚҚС есебінде тұрмайтындар да төлеуге тиіс.
Оның қажеті не: мысалы, Ресейде ҚҚС мөлшері 20% құрайды, бірақ ЕАЭО шарты бойынша ресейлік компаниялар өздерінің ҚҚС салынатын тауарларын Қазақстанға нөлді мөлшерлемелі ҚҚС-пен жөнелтуге тиіс, оған қоса олар сол тауарларды өндіру немесе сату кезінде пайдаланылған тауарлар, жұмыстар мен қызметтердің ҚҚС-н мемлекеттік бюджеттен қайтарып ала алады.
Тауарды елімізге жеткізгеннен кейін сіз ҚҚС-ты қазақстандық мөлшерлеме бойынша төлеп, 328.00 нысан бойынша есеп тапсыруыңыз қажет. Ол есеп айыппұлға ұшырамау үшін, сондай-ақ, тауар сатқан ел есеп сұрап қалатын жағдайларда қажет болады.
Мөлшерлемесі: 12%
Өтініш беру және салық төлеу мерзімі: 328.00 СЕН — ай сайын тауар импорттаған айдан кейінгі айдың 20 жұлдызына дейін. Егер тауарлар 2024 жылғы қараша айында импортталған болса, онда 328.00 СЕН 2024 жылғы 20 желтоқсанға дейін тапсырылып, ҚҚС төленуі қажет.
Басқа салықтар
Егер ЖШС меншігінде коммерциялы мүлік, жер немесе көлік, қоршаған ортаға зиян келтіретін объект болса, немесе ол акцизделетін тауар сататын болса, онда оның барлығы үшін тиісті салық төлеу қажет.
Мүлік салығы
Салық мөлшерлемесі: 0,5%
Формуласы: салық базасы × мөлшерлеме
Декларациясы: 700.00 және 701.01 СЕН
Төлемдерді есептеу мерзімі: ағымдағы жылғы 15 ақпанға дейін, яғни осы салық кезеңінде есептеп, 701.01 СЕН тапсыру керек
Есеп беру мерзімі: келесі жылғы 31 наурызға дейін, яғни салық кезеңі аяқталғанда 700.00 СЕН тапсыру керек
Салық төлеу мерзімі: тоқсан сайын 25 ақпан, 25 мамыр, 25 тамыз және 25 қараша күндеріне дейін.
Жер салығы
Салық мөлшерлемесі: елді мекенге байланысты болады
Формуласы: салық базасы × түзетулерді қоса алғандағы салық мөлшерлемесі
Декларациялары: 700.00 және 701.01 СЕН
Төлемдерді есептеу мерзімі: ағымдағы жылғы 15 ақпанға дейін, яғни осы салық кезеңінде есептеп, 701.01 СЕН тапсыру керек
Есеп беру мерзімі: келесі жылғы 31 наурызға дейін, яғни салық кезеңі аяқталғанда 700.00 СЕН тапсыру керек
Салық төлеу мерзімі: тоқсан сайын, 25 ақпан, 25 мамыр, 25 тамыз және 25 қараша күндеріне дейін.
Көлік салығы
Салық мөлшерлемесі: көлік түріне және оның қозғалтқышы көлеміне байланысты болады
Төлемдерді есептеу мерзімі: ағымдағы жылғы 5 шілдеге дейін, яғни осы салық кезеңінде есептеп, 701.00 СЕН тапсыру керек
Есеп беру мерзімі: келесі жылғы 31 наурызға дейін, яғни салық кезеңі аяқталғанда 700.00 СЕН тапсыру керек
Салық төлеу мерзімі: төлемдерді есептеген кезде, яғни 5 шілдеге дейін
Қоршаған ортаға келтірілген зиян үшін төленетін салық
Салық мөлшерлемесі: елді мекенге байланысты болады
Есеп беру мерзімі: 870.00 СЕН тоқсан сайын — 15 мамыр, 15 тамыз, 15 қараша және 15 ақпан айларына дейін
Салық төлеу мерзімі: тоқсан сайын — 25 ақпан, 25 мамыр, 25 тамыз және 25 қараша айларына дейін
Акциз салығы
Салық мөлшерлемесі: акцизделетін тауар түріне байланысты болады
Декларациясы: 400.00 және 421.00 СЕН
Төлемдерді есептеу және есеп беру мерзімі: салық кезеңінен кейінгі екінші айдың 15 жұлдызына дейін
Салық төлеу мерзімі: салық кезеңінен кейінгі айдың 20 жұлдызына дейін