Кәсіпкерлер мүлік салығын қалай төлейді

Мүліктің кейбір түрлері үшін салық төлеудің қажеті жоқ

Ақбота Хасенова

Ақбота Хасенова

автор

Ирина Дубчак

Ирина Дубчак

редактор

Кәсіпкерлер мүлік салығын қалай төлейді

Мүлік салығын жылжымайтын мүлкі бар, яғни сатып алынған, немесе уақытша иеленуге, қолдануға немесе басқаруға алынған мүлкі бар кәсіпкерлер төлейді. Бұл салықтың есептеу тәртібі мен төлеу мерзімдерін анықтап, төлемеуге болатын жағдайларын осы мақалада қарастырамыз.

Мүлік салығын төлеушілер

  • Жылжымайтын мүлкі бар жеке кәсіпкерлер;
  • Мүлікті меншік құқығы, шаруашылық жүргізу құқығы немесе оралымды басқару құқығы негізінде иеленуші ЖШС-лар;
  • Мүлікті концессия келісімшарты бойынша алған концессионерлер;
  • Жылжымайтын мүлікті лизинг арқылы алған лизинг алушылар.

Концессионерлер — бұл мемлекетке тиесілі мүлікті, мысалы, жылжымайтын мүлік, кәсіпорын, жер, т.б. сияқты мүлікті пайдалануға рұқсат алған дара кәсіпкерлер.

Лизинг алушылар — бұл лизинг компаниясы арқылы тауар немесе мүлік жалдаушы адамдар немесе компаниялар.

Мүлік салығын төлемейтін кәсіпкерлер

Шаруа және фермер қожалықтарына арналған салық режимін қолдана отырып, мүлкін ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіру, сақтау немесе қайта өңдеу мақсатында пайдаланып жүрген жеке кәсіпкерлер мүлік салығын төлемейді. Бұл салықты мүлдем төлемейтін немесе нөл пайыздық мөлшерлемемен есептейтін кәсіпкерлердің толық тізімі Салық кодексінде бекітілген.

Салық салынатын мүлік түрлері

Салықты мына мүлік үшін төлеу қажет:

  • компания атынан сатып алынған ғимараттар;
  • жеке тұлғаларға ұзақ мерзімге сатып алу құқығымен жалға берілген ғимараттар;
  • концессия шарты бойынша берілген ғимараттар;
  • компания меншігіне кепіл берушіден тартып алынған кепілзат түрінде өткен ғимараттар.

Егер ЖК бухгалтер есебі мен қаржы есебін жүргізбесе, онда мүлік салығы тек негізгі құралдарға жатқызылған ғимараттар үшін төленуге тиіс.

Салық салынбайтын мүлік түрлері

Кәсіпкерлер мына мүлік түрлері үшін салық төлемейді:

  • жер салығы салынатын жер учаскелері;
  • консервацияланған ғимараттар;
  • құрылысы аяқталмаған объектілер;
  • ЖК кеңсесі ретінде пайдаланылатын тұрғын үй;
  • ядролық қауіпсіздік аймақтарындағы ғимараттар.

Мүлік салығын есептеу

Кәсіпкерлер бұл салықты мүліктің құнына қарап өздері есептейді.

мүлік салығы = салық негізі × салық мөлшерлемесі

Салықты бұл формуланың көмегімен есептеу үшін оның ішіндегі терминдерді анықтап алайық.

Салық негізі

Салық негізі — бұл мүліктің бухгалтер есебіне енгізілген жылдық орташа теңгерім құны. Мүліктің жылдық орташа теңгерім құнын есептеу үшін алдымен мүліктің биылғы жылғы әр айдың бірінші жұлдызындағы теңгерім құнын және келесі жылғы бірінші қаңтардағы теңгерім құнын анықтап алу қажет.

Теңгерім құны — бұл компания мүлкінің бастапқы құны, оның ішіне амортизациядан басқа шығындар, мысалы, жеткізу, сақтандыру, баптау, орнату жұмыстарына жұмсалған ақша кіреді.

Амортизация — бұл мүліктің құны ескіруіне байланысты қаншаға төмендейтінін білу үшін оның сатып алынғандағы құнын қолданыс мерзіміне бөлу. Шыққан сома өнімнің, тауардың немесе көрсетілетін қызметтердің өзіндік құнына жыл сайын қосылып отырып, мүлікке кеткен шығынның орнын толтырады. Мүлік амортизациясының максималды мөлшері 10%-дан аспауға тиіс.

жылдық орташа теңгерім құны = биылғы жылғы әр айдың бірінші жұлдызындағы теңгерім құндары мен келесі жылғы бірінші қаңтардағы теңгерім құнының қосындысы ÷ 13

Бухгалтер есебін жүргізбейтін ЖК-лер салық базасы ретінде мүлікті сатып алуға, немесе оның құрылысына, орнатылуына, жөндеуіне және т.б. жұмыстарға кеткен шығындарды есептейді.

Ал егер жеке кәсіпкерде мүлік бағасын, құрылыс шығындарын және т.б. мүлікке жұмсалған ақшаны растайтын құжаттары болмаса, немесе егер мүлік оған сыйға тартылса, не мұра болып қалса, онда салық базасы ретінде мүліктің сатып алынған құны есептелетін болады.

Салық мөлшерлемелері

  • ЖК — 0,5%;
  • Әлеуметтік кәсіпкерліктер — 0,5%;
  • Оңайлатылған режимдегі ЖШС — 0,5%;
  • Жалпыға бірдей режимдегі ЖШС — 1,5%.

Мүлік салығын төлеу тәртібі

Арнаулы салық режимін қолданбайтын кәсіпкерлер мүлік салығын 1 қаңтардан 31 желтоқсанға дейін созылатын салық кезеңі бойы бірдей бөліктерге бөліп төлейді. Бұл бөліктер ағымдағы төлемдер деп аталады, олардың мөлшері салық кезеңінің басында есептеледі.

Ағымдағы төлемдердің есебін тапсыру мерзімі: 701.01 СЕН-ді биылғы жылғы 15 ақпанға дейін, яғни ағымдағы салық кезеңінің басында тапсыру керек.

Ағымдағы төлемдерді төлеу мерзімдері: 25 ақпан, 25 мамыр, 25 тамыз және 25 қараша күндерінен асырмай төлеу керек.

Салық есебін тапсыру мерзімі: 700.00 СЕН-ді келесі жылғы 31 наурызға дейін, яғни салық кезеңі аяқталғаннан кейін тапсыру керек.

Салық төлеу тәсілдері

Мүлік салығын мына сервистер арқылы онлайн төлеуге болады:

  • cалық төлеушінің кабинеті;
  • банктердің мобильді қосымшалары;
  • e-Salyq Azamat мобильді қосымшасы;
  • egov.kz порталы.

Салық ТТК — 104101 «Заңды тұлғалардың және жеке кәсіпкерлердің мүлкіне салық».

Жаңа мүлік пайда болғанда салық мөлшері қалай өзгереді

Егер кәсіпкердің мүлкіне жаңа мүлік қосылса, онда оның теңгерім құны ағымдағы төлемдерге біркелкі бөліктерге бөлініп қосылуға тиіс. Ағымдарғы төлемдердің жаңартылған есебін келесі төлемге 10 күн қалғанға дейін тапсыру керек те, төлем мерзімі келіп қалғанда, бюджетке өзгерген соманы төлеу керек. Мысалы, егер компания сәуір айында жаңа кеңсе сатып алған болса, оның құны ағымдағы төлемге қосылып, 25 мамырға дейін төленеді, ал сатып жіберсе, төлемдердің мөлшері сәйкесінше қайта есептеліп, азайтылады.