Креативті кәсіпкерлер қатарына қосылу жолдары

Мәдени және шығармашыл мамандарға арналған бизнес

Ақбота Хасенова

Ақбота Хасенова

автор

Ирина Дубчак

Ирина Дубчак

редактор

Креативті кәсіпкерлер қатарына қосылу жолдары

Креативті кәсіпкерлік — бұл мәдениет және шығармашылық салаларымен тығыз байланысты бизнес. Креативті кәсіпкер бола алатын кімдер, бұл сала дүние жүзінде және біздің елде қалай дамып келе жатыр, креативті кәсіпкерлер қалай жұмыс істейді және қандай салық төлейді деген сұрақтарға осы мақалада жауап береміз.

Креативті кәсіпкерлік ерекшеліктері

Креативті кәсіпкерліктің қарапайым бизнестен айырмашылығы — онымен айналысатын кәсіпкерде шығармашылық дағды, икем, нарықтағы өзгерістер мен тұтынушылар мінез-құлқына бейімделе білу қабілеттері болуы қажет. Бұл кәсіппен айналысатын адамдар табыс әкелетін сала іздегеннен көрі, сапалы өнім жасауға бар күшін салады.

Креативті кәсіпкерлер фильм, музыка, кітап, бейнеойын, сән аксессуарлары, бағдарлама жасақтамасы, т.б. тәрізді бірегей өнім жасайды. Сол себепті мұндай бизнес мақсатты аудиторияға, сұранысқа, тұтынушылардың мәдени даму деңгейіне тәуелді болады.

Креативті өнеркәсіптің басты қауіп-қатерлеріне бизнестің жолы болмай қалу қауіпі, сатып алушылардың тосын мінез-құлқы, бәсеке және командаға қажет дағдылары бар адам таппай қалу қауіптері жатады.

Дүние жүзіндегі креативті индустрия

Креативті сала жақсы табыс әкелетіндіктен, инновациялы болғандықтан және әлемге мәдени ықпал ететіндіктен, көптеген елдер оған ақша салып, қолдайды.

АҚШ көптеген креативті салаларда бірінші орында тұр: бүкіл әлем Голливуд, Силикон алқабы және Нью-Йорк сияқты әлемнің ең ірі мәдени және технологиялы орталықтарын таниды. Ұлыбритания — мәдени мұраға бай ел, ол музыка, әдебиет, киноөнеркәсіп салаларында маңызды орын алады, ал Лондон дүниежүзілік мода және дизайн орталықтарының бірі саналады. Жапония инновациялы технологияларымен, анимациясымен, мангасымен, сәнімен, дизайнымен және мәдениетімен танымал — Sony, Nintendo и Studio Ghibli брендтерін естімеген адам жоқ шығар. Оңтүстік Корея дүние жүзіне K-pop музыкасы, кинематография, технологиялы инновациялар арқасында мәдени ықпал етеді. Ал Франция өнер, мәдениет, тағам, сән және дизайн жағынан әйгілі.

Қазақстандағы креативті индустрия

Қазақстанда креативті саланы бөлек экономика секторына жақында ғана жатқызды. 2021 жылы үкімет 2021–2025 жылдарға арналған креативті индустрияларды дамыту тұжырымдамасын бекітті. Ал 2023 жылы 43 қызмет түрінен, оның ішінде кино, анимация, музыка, бейнелеу өнері, әдебиет, театр, цирк, мұражай, зергер ісі, сәулет өнері, сән саласы, фотография, халық кәсіпшілігі, IT және геймдевелопмент, т.б. салалардан тұратын ресми тізілім бекітілді.

Үкімет креативті индустрияның дамуын қолдамақшы. Осыған орай елімізде шығармашыл кәсіпкерлерге өнімдерін, идеяларын дұрыс ұсынуға, дамытуға, сатуға, тәжірибе алмасуға арналған диалог алаңдарын және арнайы фонд ашу жоспарлануда.

Бұның арқасында мемлекетіміз қалаларды дамытуға, дарынды әрі шығармашыл адамдарды тартуға, креативті мамандардың шетелге ақша табуға көшіп кетуін тоқтатуға үміттенеді. Оған қоса, креативті бизнес халықтардың назарын Қазақстан мәдениетіне аударуға, елімізді халықаралық сахнада табысты әрі тартымды қылып көсетуге көмектеседі.

Креативті кәсіпкер ретінде тіркелу тәртібі

Бизнес ашу процесі бір қалыпты: алдымен жалпыға бірдей тәртіпте ЖК тіркеп, ЭҚЖЖ таңдап, бөлшек салық арнаулы салық режимін таңдау керек.

ЖК тіркеу үшін мемлекеттік органдарға онлайн хабарландыру жіберу керек. Ол үшін электронды лицензиялау сайтында немесе екінші деңгейлі банктер қосымшаларында белгіленген үлгі бойынша өтініш беру керек. Тіркелу қызметі толықтай тегін.

ЖК-ны мемлекеттік қызмет арқылы онлайн тіркеу үшін тек қана электронды-цифрлық қолтаңба (ЭЦҚ) қажет. Оны ХҚКО-да немесе egov.kz электрондық үкімет сайтында алуға болады.

Jusan Business қосымшасында ЖК ашу

ЖК-ны Jusan Business мобильді қосымшасында да жылдам ашуға болады. Ол үшін JB қосымшасын жүктеп алып, телефон нөмірі мен ЖСН енгізіп, «ЖК тіркеу» → «Тіркеуді бастау» беттеріне өтіңіз → жеке кәсіпкердің аты-жөнін және қызмет мекенжайын толтырыңыз → ЭҚЖЖ кодын таңдаңыз → салық режимін таңдаңыз → өтінімді растаңыз.

Содан кейін Jusan Business-те шот ашып, бизнесті дәл қосымшада басқаруға болады.

Бөлшек салық АСР тиімдігі

Креативті кәсіпкерлерге салық салу тәртібі жеңілдетіліп, бөлшек салық төлеуге рұқсат етіледі. Яғни бизнес ҚҚС төлемейтін болады, ал оның табыс салығы былай төмендетіледі:

  • ЖК — 2%-дан 4%-ға дейін
  • ЖШС — 8%

Арнаулы режимге көшу шарттары:

  • қызметкер штаты — ЖК иесін қоса алғанда 200 адамнан аспауға тиіс;
  • жылдық ең жоғары табыс мөлшері — 600 000 АЕК-тен артық болмауға тиіс (2024 жылы 2 215 200 000 теңге).

Бөлшек салық режиміне кез келген режимнен ауысуға болады, ол үшін тек жоғарыда айтылған шарттарды орындасаңыз болды.

Креативті кәсіпкерлер төлейтін салықтар

Бөлшек салық АСР-дегі ЖК тоқсан сайын жеке табыс салығын және ай сайын қызметкерлері үшін әлеуметтік төлемдер (әлеуметтік салықтан басқа — одан босатылған) төлеп отыруға тиіс. Кейбір жағдайларда ЖК ҚҚС есебіне тұруға тиіс, ал егер оның меншігінде мүлік, жер немесе көлік болса, онда ол үшін тиісті салықтарды төлеп отыруы қажет. Салық салу тәртібі туралы толығырақ біздің басқа мақаламыздан оқыңыздар.

Креативті индустрияның қазіргі заманғы рөлі зор. Ол экономикаға, мәдениетке, технологиялы прогресске елеулі ықпал етіп, кәсіпкерлікке жаңа мүмкіндік береді. Ал жетістікке жеткен креативті жобалар мен өнімдер халықаралық аудиторияның назарына түсіп, еліміздің имиджін көтеруге және туристер мен инвесторларды тартуға жағдай жасайды.