Қызметкерді еңбек демалысына қалай жіберу керек

Демалыс түрлері туралы нені білген жөн, оны беру үшін не істеу керек және демалыс ақысы қалай есептелетіні туралы әңгімелейміз

Ақбота Хасенова

Ақбота Хасенова

автор

Ирина Дубчак

Ирина Дубчак

редактор

Қызметкерді еңбек демалысына қалай жіберу керек

Қызметкерлер жыл сайынғы еңбек демалысына және әлеуметтік демалысқа шығуға құқылы. Еңбек демалысы жұмыс істейтін азаматтардың барлығына беріледі, ал әлеуметтік демалыс тек заңда қарастырылған жағдайларда ғана ұсынылады. Демалыс беру, оны кейінге қалдыру және жұмыскерді демалыстан шақыртып алу жұмыс берушінің бұйрығымен бекітіледі.

Жыл сайынғы еңбек демалысы

Еңбек демалысына шыққан қызметкердің жұмыс орны мен орташа еңбекақысы сақталады. Бұл демалыстың екі түрі бар: негізгі және қосымша демалыс.

Негізгі демалыс

Демалыс күндерін есепту үшін күнтізбелік жыл емес, жұмыс істеген жыл алынады. Жұмыс жылы — бұл қызметкердің бірінші жұмыс күнінен бастап саналатын толық 12 ай.

Бірақ демалысқа шығу үшін бір жыл күтудің қажеті жоқ: демалатын күн саны жұмыс орнында істеген уақытқа сәйкес есептеледі. Оған қызметкердің жұмыс істеген уақыты да, төмендегі себептерге байланысты жұмыс істемей қалған уақыты да кіреді:

  • жұмыскердің жұмыс орны мен еңбекақысы сақталса;
  • ол еңбекке уақытша жарамсыз болғандықтан жұмыс істемесе;
  • немесе жұмысқа қайта тұрар алдында жұмыс істемесе.

Еңбек демалысына көбінесе 24 күн бөлінеді, яғни, әр жұмыс айы үшін 2 күннен есептеледі. Есепке оның ішіндегі мереке күндері алынбайды. Демалысты ұзарту мүмкіндігі ҚР заңдарында, еңбек шартында немесе ұжым шартында белгіленеді.

Егер қызметкер 2 жыл бойы демалысқа шықпаса, жұмыс берушіге 20 АЕК-тен 100 АЕК-ке дейін айыппұл салынуы мүмкін (2024 жылы 73 840 теңгеден 369 200 теңгеге дейін).

Егер қызметкер өзінің демалысын мүлдем пайдаланбаса, немесе оның бір ғана бөлігін пайдаланып үлгерсе, онда оған жұмыстан шығар кезде пайдаланылмаған күндер үшін өтемақы төленуге тиіс.

Демалыс беру тәртібі

Демалысты үшке бөліп алуға болады. Оның бір бөлігі 14 күнтізбелік күннен кем болмауға тиіс.

Демалыс кезектілігі жұмыскерлердің пікірлерін ескере отырып, жыл сайынғы демалыс жоспарында бекітіледі. Жоспар бар болса, жұмыскерді демалысқа өтініш жаздырмай да шығаруға болады.

Егер қызметкер бірнеше жұмыста қатар істесе, онда еңбек демалысы негізгі жұмыстағы демалыс мерзіміне байланысты бір уақытта беріледі. Сондай-ақ, егер қосымша жұмыстағы демалыс ұзақтығы негізгі жұмыстағыдан қысқа болайын деп тұрса, онда қызметкер өтініш жазып, жетпеген күндері үшін еңбекақы сақталмайтын демалыс сұрай алады.

Демалыс мерзімін ауыстыру

Егер демалыс кезегі келгенде қызметкер сырқат болу, аяғы ауыр болу, босану немесе балаға күтім жасау себептерімен демалысқа шыққан болса, онда оның еңбек демалысын толықтай немесе бөліп басқа мерзімге ауыстыруға болады.

Қалған жағдайларда жұмыскер демалыстан шықпай тұрып, жұмыс берушіге өтініш жазады. Ол өтінішке мерзімді ауыстыру себебі мен жаңа мерзім жазылады. Ал жұмыс беруші сол өтініш негізінде бұйрық жасайды.

Демалыстан шақыртып алу

Жұмыскерді демалыстан шақыртып алу үшін одан жазбаша келісім алу керек. Пайдаланылмаған демалыс күндерін кез келген уақытта қайта беруге немесе келесі жылғы еңбек демалысына қосуға болады. Болмаса ол үшін өтемақы төленуге тиіс.

Демалыстан 18-ге толмаған жұмыскерлерді, аяғы ауыр әйелдерді, ауыр жұмыстарда, зиянды және қауіпті жұмыстарда істейтін қызметкерлерді шақыртуға болмайды.

Қосымша демалыс

Кейбір жұмыскерлерге жылда қосымша демалыс беріледі:

  • қосымша демалысты алуға құқығы бар мамандықтар мен жұмыстар тізіміндегі ауыр жұмыстарда, зиянды және қауіпті жұмыстарда істейтін жұмыскерлерге;
  • бірінші және екінші топтағы мүгедек адамдарға (кемінде 6 күнтізбелік күн);
  • ҚР заңнамасына сәйкес қосымша демалыс алуға құқылы қызметкерлерге, мысалы, экологиялық апат орындары мен радиациялық қауіпі бар елді-мекендерде жұмыс істейтіндерге;
  • ұзақ уақыт бойы үзіліссіз жұмыс істегені үшін, немесе аса маңызды, қиын, шұғыл жұмыстар істегені үшін қосымша демалыс алуға құқығы бар қызметкерлерге еңбек шартында немесе ұжым шартында қарастырылған жағдайларда беріледі.

Әлеуметтік демалыс

Әлеуметтік демалыс қызметкердің жеке өміріне байланысты себептермен беріледі де, жұмыс стажында саналады. Әлеуметтік демалыс үшін жұмыскерге ештеңе төленбейді. Оны басқа күнге ауыстыруға да болмайды.

Еңбекақы сақталмайтын демалыс

Ондай демалысқа шыққан жұмыскерге демалыс ақысы да, еңбекақы да төленбейді. Қызметкерге 5 күннен аспайтын ақысыз демалыс мына жағдайларда беріледі:

  • неке қию;
  • бала туу;
  • жақын туыстардың қайтыс болуы — оларға жұбай-зайып, іні-қарындас, аға-апа, ата-ана, бала, немере, ата-әже жатады;
  • еңбек шартында және ұжым шартында қарастырылған басқа да жағдайлар.

Егер жұмыскер басқа себеппен ақысыз демалысқа шыққысы келсе, онда басшысына өтініш жазып, демалыс ұзақтығы туралы келісуі керек.

Оқуға байланысты берілетін демалыс

Жұмыс істейтін студенттер оқуға байланысты демалысқа сынақ, емтихан, зертханалық жұмыс, диплом жұмысын жазу және қорғау, әскери оқытылған резервті даярлаудан өту уақытында шыға алады.

«Болашақ» бағдарламасы бойынша шетелге кететін қызметкерлердің жұмыс орындары демалыс уақытында сақталады.

Егер еңбек шартында немесе ұжым шартында демалыс ақысы туралы ештеңе жазылмаса, жұмыс беруші оны төлемейді.

Бала көтеруге, босануға және баланы асырап алуға байланысты демалыс

Бала көтеруге және босануға байланысты берілетін демалыс

Аяғы ауыр қызметкер демалысқа шығу үшін еңбекке уақытша жарамсыздық туралы парақша ұсынуы керек.

Демалыс ұзақтығы мынадай:

  • жеңіл босанған жағдайда — бала туғанға дейін 70 күн және туғаннан кейін 56 күн;
  • ауыр босанған жағдайда немесе екі және одан да көп бала туғанда — бала туғанға дейін 70 күн және туғаннан кейін 70 күн;
  • басқа ерекше жағдайлар Еңбек кодексінде қарастырылған.

Еңбекке уақытша жарамсыздық туралы парақшаны бала тумай тұрып жасап алу керек, себебі босанғаннан кейін пайдаланылмаған күндерге өтемақы төленбейді.

Егер еңбек шартында немесе ұжым шартында бұл үшін қандай да бір демалыс ақысы қарастырылған болса, оның сомасынан бала көтерген және босанған үшін төленетін әлеуметтік төлемақы сомасы шегеріледі.

Нәресте асырап алған қызметкерлерге берілетін демалыс

Жаңа туған нәрестені асырап алған ата-ананың біреуі бала туғаннан 56 күн өткенге дейін демалыс алуға құқылы.

Егер еңбек шартында немесе ұжым шартында бұл үшін қандай да бір демалыс ақысы қарастырылған болса, оның сомасынан бала көтерген үшін және босанған үшін төленетін әлеуметтік төлемақы сомасы шегеріледі.

Бала күтуге байланысты берілетін демалыс

Бала 3 жасқа толғанға дейін оның туыстарына ақысыз демалыс беріледі:

  • ата-анасының біреуіне;
  • жалғызбасты ата-анаға;
  • баланы тәрбиелеуші туысына немесе қамқоршысына;
  • жаңа туған нәрестені асырап алған қызметкерге.

Ол үшін қызметкер өтініш жазады да, жұмыс берушіге баланың туу туралы куәлігін немесе оның туғанын растайтын басқа да құжатын ұсынады. Оның жұмыс орны мен лауазымы демалыс бойы сақталады. Демалыстан ертерек шығу үшін жұмыскерге ол туралы бір ай бұрын хабарлауға тиіс.

Скрининг зерттеуін өту үшін берілетін демалыс

Ондай демалыс жұмыскерлердің 13 категориясына үш күнге дейінгі мерзімге беріледі. Жұмыскерлердің жұмыс орындары мен орташа еңбекақылары демалыс бойы сақталатын болады.

Бала көтеруге байланысты медициналық есепке тұру үшін берілетін демалыс

12 аптадан кем бала көтеріп жүрген қызметкерге медициналық есепке тұру үшін берілетін демалыс 3 жұмыс күніне дейін беріледі. Бұл демалыс кезінде де қызметкердің жұмыс орны мен орташа еңбекақысы сақталады.

Демалыс ақысын қалай санау керек

Демалыс ақысын есептегенде мереке күндері саналмайды. Егер еңбек демалысына қандай да бір мереке қыстырылса, онда негізгі демалыс мереке күндерінің санына сәйкес ұзартылады, бірақ мереке күндері үшін жұмыскерге ештеңе төленбейді.

Демалыс ақысын қызметкерге демалысқа шыққаннан 3 жұмыс күні бұрын төленеді. Ал егер қызметкер демалысқа жоспардан тыс шығатын болса — демалыс басталғаннан 3 жұмыс күні ішінде төленеді. Демалыс ақысынан да бюджетке салық төленеді.

Демалыс ақысын есептегенде нақты жұмыс істеген уақыттың орташа еңбекақысы алынады, бірақ оған кейбір төлемдер кірмейді, мысалы, іссапарға немесе сауықтыруға бөлінген қаражат, материалдық көмек. Егер қызметкер жұмыс орнында бір жылдан кем уақыт істесе, онда есепке жұмыс істеген кезеңде төленген еңбекақылар қосындысы алынады.

Демалыс ақысын есептеу

Егер қызметкер бір жылдан кем уақыт істесе, есепке жұмыс істеген кезеңдегі еңбекақылар қосындысы алынады
қызметкердің өтінішіне сәйкес
Демалыс ақысы0 ₸

Жақсы демалыс қызметкерлердің нәтижелілігін арттырады. Демалыс беру тәртібін бұзбай, оның ақысын дұрыс есептесеңіз, ешқандай еңбек дауларынан немесе бақылаушы органдардың айыппұлдары мен санкцияларынан қорықпауыңызға болады.