Қызметкерге сырқат жәрдемақысын қалай төлеу керек

Сырқаттанған қызметкерге жәрдемақы қандай жағдайларда және қандай мөлшерде төленетіні, және оны қалай есептеу керек екені туралы анықтап береміз

Ақбота Хасенова

Ақбота Хасенова

автор

Ирина Дубчак

Ирина Дубчак

редактор

Қызметкерге сырқат жәрдемақысын қалай төлеу керек

Еңбекке уақытша жарамсыздыққа байланысты әлеуметтік жәрдемақы, немесе жай сөзбен айтқанда «больничный», — бұл қызметкерге ауырғанға байланысты босатылған уақыты үшін төленетін ақша. Қызметкерге ол уақытта жұмысқа шықпауға және міндеттерін атқармауға рұқсат етіледі, ал жұмыс беруші оған өз есебінен жәрдемақы төлеуге тиіс болады. Бұл мақалада біз жұмыскерге қанша күнге жұмысқа шықпауға болатыны, жәрдемақы қалай есептелетіні және қандай жағдайларда оны төлемеуге болатындығы туралы әңгімелейміз.

Жәрдемақы қандай жағдайларда төленеді

Жұмыс берушіден сырқат жәрдемақысын алу үшін қызметкер жұмысқа қайта шыққанда бірінші күні еңбекке уақытша жарамсыздық парағын әкелуге тиіс — ол деген ауруханаларда, емханаларда, медициналық орталықтарда немесе онлайн egov.kz сайтында берілетін ресми құжат. Оны басқаша сырқат парағы деп те атайды. Ол қызметкердің дәрігерге көрінген кезден бастап сырқат болғанын растайды.

Жәрдемақыны тек сырқат парағында жазылған кезең үшін төленеді. Ол қызметкерге еңбекақысымен бірге беріледі. Бірақ егер жұмыскер сырқат парағының орнына еңбекке уақытша жарамсыздық туралы анықтама беріп тұрса, онда оған жәрдемақы төленбейді.

Анықтама мен парақтың қандай айырмашылығы бар

Уақытша жарамсыздық туралы анықтама — бұл сырқаттанған қызметкерге жұмыстан жәрдемақысыз босатылуға құқық беретін құжат.

Уақытша жарамсыздық парағы — бұл сырқаттанған қызметкерге жұмыстан босатылуға және ол үшін жәрдемақы алуға құқық беретін құжат. Оны жұмыс берушінің талабы бойынша жабуға болмайды.

Сырқат парағы мына жағдайларда беріледі:

  • жіті аурулар немесе асқынған созылмалы аурулар;
  • жарақаттар мен уланулар;
  • түсік жасату;
  • науқас балаға күтім көрсету;
  • бала көтеру және босану;
  • жаңа туған нәрестені асырап алу;
  • шипажай-курорт ұйымдарында ем алуды жалғастыру;
  • карантин;
  • ортопедиялық протез орнату.

Сырқат парағы қанша уақытқа беріледі

Аурулар мен жарақаттар

Дәрігер сырқат парағын мынадай мерзімдерге ашады:

  • аурулар мен жарақаттар үшін — 3 күн, оны тағы 3 күнге созуға болады;
  • халық жаппай тұмаумен немесе ЖРВИ-мен ауырып жатқан кезеңдерде — 6 күн.

Дәрігер сырқат парағын бөлімше меңгерушісімен ақылдаса отырып 6 күннен 20 күнге дейін созуы мүмкін. Ал 20 күннен артық созу үшін медициналық ұйымның дәрігерлік-консультациялық комиссиясының қорытындысы қажет. Бұл жағдайда сырқат парағының мерзімі ең ұзағы 60 күнге дейін созылады. Бірақ бұл шектеу бала көтеруге және босануға байланысты демалысқа және 2 айдан астам жұмыстан босатылуға рұқсат етілген ауруларға қолданылмайды.

Бала көтеру және босану

Бала көтеріп жүрген қызметкер уақытша жарамсыздық парағын акушер-гинеколог дәрігерден мынадай мерзімдерге алуға тиіс:

  • қалыпты босанғанда — босануға дейін 70 күн, бала туғаннан кейін 56 күн;
  • ауыр босанғанда немесе екі және одан да көп бала туғанда — босанғанға дейін 70 күн, бала туғаннан кейін 70 күн;
  • жаңа туған нәрестені асырап алғанда — баланың туған күнінен бастап 56 күн;
  • басқа да ерекше жағдайларда — Денсаулық сақтау министрінің бұйрығына сәйкес.

Бұл жағдайда жәрдемақыны Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қоры соңғы 12 айда төленген әлеуметтік аударымдардың негізінде төлейді. Ал егер бұл үшін еңбек шартында немесе ұжым шартында қандай да бір ақы қарастырылған болса, жұмыс беруші ол сомадан әлеуметтік жәрдемақы сомасын шегереді.

Науқас балаға күтім жасау

Бұл жағдайда жұмыскер науқас балаға күтім жасауға байланысты уақытша жарамсыздық парағын әкеледі. Сырқат парағы балаға күтім қажет болған уақытқа беріледі, бірақ мерзімі 10 күннен аспауы қажет.

Егер бала ауруханада немесе оңалту орталығында жатқан болса, онда жұмыстан мынадай мерзімдерге босатылуға болады:

  • 3 жасқа дейінгі балалар үшін — ауруханада жатқан толық мерзімге;
  • 3 жастан үлкен ауыр науқастанған балалар үшін — балаға күтім қажет болған мерзімге;
  • мүгедек балалар үшін — ауруханада жатқан толық мерзімге;
  • басқа қалаларда немесе елдерде ем алуға жөнелтілген балалар үшін — жолға кеткен уақытты қосқандағы толық кезеіңге.

Егер ауруханадан кейін балаға әлі де күтім қажет болса, жұмыскер мекенжайына сәйкес емханадан сырқат парағын алып келуі тиіс. Ол жалпы 10 күннен аспауы керек. Бірақ егер сол ауруға байланысты парақ ауруханаға түскенге дейін бір рет беріліп қойған болса, онда ол екінші ретінде ол 10 күндік мерзімнің қалған күндеріне беріледі.

Жәрдемақыны қалай есептеу керек

Жәрдемақыны есептеу үшін жұмыскердің орташа күндік еңбекақысы сырқат парағындағы мерзімге кіретін жұмыс күндерінің санына көбейтіледі. Орташа күндік еңбекақы — бұл нақты жұмыс істеген күндердің санына бөлінген жылдық еңбекақылар қосындысы.

Айлық жәрдемақының жалпы мөлшері 25 АЕК-тен аспауы керек. Бірақ бұл шектеу кейбір жұмыскерлер категорияларына, мысалы, өндірістік жарақат алған немесе кәсіптік сырқатқа ұшыраған қызметкерлерге салынбайды.

Әлеуметтік жәрдемақы қандай жағдайларда төленбейді

Жұмыс беруші сырқат жәрдемақысын төлемейтін де жағдайлар бар:

  • қылмыс жасау кезінде өндірістік жарақатқа ұшырағанда;
  • сот шешімі бойынша мәжбүрленіп емделгенде (психикалық науқастардан басқа);
  • тұтқындалған немесе сот-медициналық сараптамадан өтіп жатқан жұмыскердің кінәлі болып танылғанында;
  • алкогольдің, есірткінің, психотроптық заттардың және олардың аналогтарының кесірінен туған аурулар мен жарақаттарға ұшырағанда;
  • еңбек демалысында аурып қалғанда;
  • ақысыз демалыс кезінде ауруға шалдыққанда, соның ішінде балаға 3 жасқа толуына дейін күтім жасауға байланысты ақысыз демалыс кезінде ауырғанда.