Онлайн тапсырыстарды табыс ету пунктін ашу

Дұрыс таңдалған орын мен сапалы қызмет жетістікке жеткізер

Ақбота Хасенова

Ақбота Хасенова

автор

Ирина Дубчак

Ирина Дубчак

редактор

Онлайн тапсырыстарды табыс ету пунктін ашу

Тапсырыстарды табыс ету пункті (ТТП) — бұл адамдардың маркетплейстер мен интернет-дүкендерде жасаған онлайн тапсырыстарын қабылдайтын орын. ТТП ашу үшін не керек екенін және одан қанша табуға болатынын осы мақалада айтып береміз.

ТТП ашу неліктен тиімді

Электронды сауда тұрғысынан ТТП маркетплейстерге де, клиенттерге де ыңғайлы:

  • тауарлар елді мекендерге бірыңғай жеткізілетіндіктен, тасымал шығындары азаяды;
  • курьер жалдаудың, клиенттерді мекенжайларында іздеп, күтудің қажеті жоқ;
  • тауар қоймада постаматтарға қарағанда ұзағырақ сақталады;
  • сатып алушылар тауарды жақын пунктіден өздеріне ыңғайлы уақытта алып кете алады;
  • тапсырыстарды ашып, қарап шығуға болады, ал оның сырт келбетінде қандай да бір ақау табылса, онда сатып алудан бас тартып, қайтарып жіберуге болады.

ТТП түрлері

Ірі маркетплейстер мен жеткізу қызметтері кәсіпкерлерге тапсырыстарды табыс ету пункттерін ашуға түрлі жағдай жасайды. Ол бар қырынан тиімді: компания жеткізу аумағын кеңейтеді, кәсіпкерлер дайын нұсқаулыққа сүйеніп, бизнес ашады, ал елдің жан-жағындағы клиенттер қалаған тауарларын тапсырыс беріп сатып алатын болады.

Интернет-дүкендердің ТТП-ы тауарларды қабылдау және табыс ету пункті ретінде істейді, яғни тапсырыс келген кезде клиент пунктіге барып, тауарды тексереді де, алып кетеді, ал ұнамаса, одан бас тартады. Клиентке берілген тауар арнайы бағдарламада тіркеліп отырады. Мұндай тәсілмен Ozon, Flip және Wildberries компаниялары жұмыс істейді.

Жеткізу қызметтерінің ТТП-ы тапсырыстарды клиенттерге табыстап қана қоймай, олардан да жеткізілім қабылдап, алушының мекенжайындағы ТТП-ға жөнелтеді. Ондай пунктілер интернет дүкендерімен де, жеке адамдармен де, компаниялармен де жұмыс істей береді. Ол, мысалы, CDEK және Boxberry компаниялары.

ТТП-дан қанша табуға болады

ТТП клиенттер алып кеткен тапсырыстардан пайыз алып отырады. Wildberries-те ол тауар айналымына байланысты болады, оны калькулятор көмегімен есептеуге болады. Мысалы, егер тауар айналымы 1–6 млн рубль шамасынан аспаса (5–35 млн теңге), пункт 3,75% алатын болады, бірақ айналым неғұрлым жоғары болса, пайыз соғұрлым төмен болады. Ozon табыс етілген тапсырыстар үшін ай сайын 5% төлейді де, оған қоса басқа сатушылар мен тасымалдау компанияларының тапсырыстарын қабылдауға рұқсат етеді. Ал CDEK пен Boxberry әр жеткізілім мен жаңа клиент үшін, яғни сіз әкелген компаниялар мен интернет дүкендері үшін пайыз төлеп отырады.

Алайда ТТП табысы мен оның тапсырыс көлеміне кеңсеңіздің орналасу орны, клиенттердің келу жиілігі, жақын маңда орналасқан бәсекелестер саны және қызметкерлерінің қызмет көрсету сапасы мен жылдамдығы айтарлықтай ықпал етеді.

ТТП ашу үшін не қажет

Барлық компаниялардың ең басты талабы — ТТП ашқысы келетін кәсіпкер ЖК немесе ЖШС ретінде тіркелген болуы керек. Тіркелгеннен кейін пунктінің орналасу орнын таңдап, оны жалға алып, бас компаниямен келісімшарт құру қажет.

CDEK серіктестеріне кеңсе табуға көмектеседі, ал Boxberry ТТП-ны істеп тұрған бизнестердің кеңселерінде ашуға мүмкіндік береді. Ozon мен Wildberries сайттарында ТТП орналасу орындары белгіленген карталар бар, олар орын таңдау процесін жеңілдетіп, болжалды табыс мөлшерін есептеуге көмектеседі. Аудан тұрғындарының жаяу өту жиілігін және маңайдағы бәсекелестердің орташа чегін Jusan Oracle көмегімен тексеруге болады — ол Астана, Алматы және Қарағанды қалаларындағы бизнес түрлерін көрсететін жылу картасы.

Кейбір компаниялар серіктестерінен паушалды төлем мен роялти алып отырады — ол, мысалы, CDEK компаниясы. Ал Wildberries және Ozon компаниялары кәсіпкерден тек өз бетімен пункт орналасатын орын тауып, оған жиһаз бен құрал-жабдық сатып алуды ғана талап етеді.

Сонымен қатар, бас компаниялар ТТП-ға қолдау көрсетіп отырады. Мысалы, Ozon компаниясы серіктестеріне жұмыс негіздерін үйретіп, олармен әрдайым байланысып отырады, сондай-ақ, жаңа ашылған пунктілерді Яндекс, Google, 2ГИС, карталарына қосып, оларды дамытуға бастапқы қаражат бөлмек. CDEK барлық мәселелер бойынша консультация беріп, франшизаны заңды түрде ресімдеуге көмектеседі және серіктестеріне жұмыс негіздерін үйрететін болады. Flip жалға алынған кеңсені жөндеп беруге дайын, ал Boxberry келісімшарт мерзімі бойы қолдау көрсетіп отыратын болады. Бұлардың барлығы дайын брендтелген материалдар жіберіп отырады, тасымалдауға байланысты барлық мәселелерді де өздері шешетін болады.

ТТП-ға қойылатын негізгі талаптар

Әр компанияның кеңселерді безендіруге байланысты брендбуктері болады, брендбукте пунктіге қандай жиһаз бен ресепшн құрал-жабдығын алу керек, бөлмені қалай брендтеу керек, компания логотипін қалай ілу керек деген сияқты талаптар жазылады. Сондай-ақ, жалға берушілерден кіреберісте компания атауы жазылған белгі ілуге рұқсат алу керек.

Пункт орналасатын кеңселердің аудандарын компаниялар өздері белгілейді. Мысалы, Wildberries үшін бірінші қабатта орналасқан, есігі көшеге немесе жолға шығатын, ауданы кемінде 50 ш.м. кеңістік керек. Flip пунктін ашу үшін 20 ш.м. әрленген бөлме керек, оның есігі көшеге немесе бас кіреберіс аймағына шығуға тиіс болады. CDEK әр кәсіпкердің жағдайын жеке қарастырады, Ozon компаниясы тіпті жертөле қабатта да орналасуға рұқсат беруі мүмкін — оларға орналасқан жер адамдарға тапсырыстарын әкетуге ыңғайлы болса болғаны, ал Boxberry үшін 15 ш.м. орын да жете береді.

Кеңседе қойма мен клиенттерді қабылдау аймағын ұйымдастыру үшін екі бөлме болуы қажет. Оған ресепшн стенді, екі киіну орны, қойма сөрелері, үстел, орындықтар, т.б. жиһаз сатып алу керек. Жұмысқа қажет құрал-жабдық та компанияның талаптарына байланысты болады. Біреуіне ноутбук пен касса аппараты керек болса, екіншісіне ноутбук, бейнекамера және штрих кодтарын сканерлейтін құрылғы қажет болады. Тапсырыстарды жүйеде өңдеу үшін барлық ТТП-да интернет болуы қажет. Бұның барлығы компания талаптары мен шарттарында жазылады.

ТТП-ға салынатын айыппұлдар

Бас компаниялардың ТТП жұмысына да қойылатын талаптары жетеді, және бірдеңе дұрыс орындалмаса, ТТП-ға айыппұл салынатын болады. Мысалы, тауар жоғалып қалса, оның сырт келбеті бұзылып қалса, жұмыс кестесі бұзылса, тауар клиентке 5 минут ішінде берілмесе, компания белгісі кіреберісте дұрыс орналаспаса немесе кеңседе заттар шашылып жатса, түр-түрлі айыппұл қарастырылады. Кейде адамдарға тауар ұнамай қалады да, олар оны сатқан дүкенге емес, тауарды жеткізіп берген ТТП-ға төмен баға беріп, пікірлерін қате жерге жазып жібереді, сол кезде алаңғасар клиенттердің кесірінен де айыппұлға ұшырауға болады.

ТТП-ға қойылған негізгі талаптарды сақтай отыра, шығындарды азайтуға және бизнесті клиенттер үшін барынша ыңғайлы етуге болады, себебі мұндағы басты жұмыс — адамдарға қызмет көрсету, сондықтан да барлық жетістік пен табатын табыс та оларға байланысты болады.


Жаңадан бөлшек сауда дүкенін немесе қойма ашқаннан гөрі, ТТП ашу әлдеқайда жылдам әрі арзан. Мұнда тауар алу немесе тасымалдау жолдарын ойластыру сияқты мәселелерді шешудің де қажеті жоқ — тауарларды қабылдайтын және табыс ететін орынды қауіпсіз және ыңғайлы етіп ұйымдастырсаңыз жетеді. Бастысы, ТТП адам қатысысыз ақша әкеле бастайды деп күтпей, жұмысты өз бетімен жібермесеңіз болды — сонда еңбегіңіз де жемісті болады.