ТІЖ және онымен жұмыс істеу жолдары

Ілеспе жүкқұжаттар қай тауарларға қажет және оны жасамағаны үшін салынатын айыппұлдар

Дана Ермұхан

Дана Ермұхан

автор

Ирина Дубчак

Ирина Дубчак

редактор

ТІЖ және онымен жұмыс істеу жолдары

2023 жылдан бастап Қазақстанда тауарларға ілеспе жүкқұжаттар (ТІЖ) ішінара жойылды. Қай тауарларға ілеспе жүкқұжаттар беру міндеттемесі сақталғанын және оны қалай дұрыс енгізу керектігін осы мақалада сізге айтып береміз.

ТІЖ дегеніміз не

Тауарларға ілеспе жүкқұжаттар Қазақстандағы тауарлардың кез келген қозғалысын — оны әкелген немесе өндірген сәттен бастап соңғы тұтынушыға өткізгенге дейін тіркейтін құжат болып табылады. ТІЖ белгілі бір тауар түрлерінің қозғалысын бақылау және көлеңкелі айналымды азайту үшін қажет.

ТІЖ тек электронды түрде ғана болғанымен, толыққанды есеп құжаты болып табылады. Ілеспе жүкқұжаттар кеден қызметкерлері үшін де қажет, өйткені ТІЖ болмаса немесе дұрыс дайындалмаса, онда тауар шекарада ұсталып, оған айыппұл салынуы мүмкін.

ТІЖ тек Қазақстанда ғана бар, сондықтан құжатты тек осы елде тұратын адам жасай алады. Мысалы, егер қазақстандық компания тоңазытқыш жабдыққа Ресейден тапсырыс берген болса, ол тауардың шекарадан қандай көлікпен өтетінін көрсететін ілеспе жүкқұжаттарды өзі дайындау керек. ТІЖ Еуразиялық экономикалық одақ елдерімен мемлекеттік шекарадан өту тәртібін жылдамдатады, өйткені құжаттарды сканерлеуге уақыт кетпейді.

ТІЖ қажет ететін тауар тізімі

ТІЖ-ні барлық тауарларға емес, тізімде бекітілген тауарларға ғана жасау керек. Тізімге кейде өзгерістер енгізіліп отырады: тауарлардың кейбір түрлері одан өшіріледі, мысалы, темекі өнімдері үшін ТІЖ енді қажет емес, ал кейбір түрлері, керісінше, қосылады — 2023 жылғы 1 сәуірден бастап тоңазытқыштар мен мұздатқыштар үшін ТІЖ ресімдеу керек.

Қазір Қазақстанда тауардың келесі түріне ТІЖ рәсімдеу қажет:

  1. Алкоголь және этил спирті.
  2. Тұрмыстық тоңазытқыштар мен мұздатқыштар.
  3. Мұнай өнімдері мен биотопливо.

Тауарлардың алғашқы екі түрі порталдағы «Виртуалды қойма» модулі арқылы өңделеді. Армениямен, Беларусьпен, Қырғызстанмен және Ресеймен сауда жасағанда, тауарларға ТІЖ «Виртуалды қоймаға» байланыстырмай ресімделеді.

2023 жылғы 10 ақпаннан бастап кәсіпкерлер астық өнімдері, оның ішінде екпе бұршақ, күріш, жүгері, күнбағыс және басқа да түрлерге ТІЖ-ді дайындауға міндетті.

ТІЖ ресімдеу тәсілі

ТІЖ ресімдеу ҚР Қаржы министрлігінің Мемлекеттік кірістер комитетінің «Электрондық шот-фактуралар» ақпараттық жүйесінде жүзеге асырылады.

ТІЖ-мен жұмыс істеу бірқатар процестерді қамтиды: біріншіден, сатушы ілеспе жүкқұжаттарын дайындайды, оны қабылдау үшін алушыға 20 күн беріледі. Егер бірдеңе сәйкес келмесе немесе ТІЖ-не қате болса, алушы құжаттан бас тарта алады немесе оны қайтара алады. Тауар екі жағдайда ғана қабылданбай қалуы мүмкін — егер сатып алушы жеке тұлға болса (бірақ жеке кәсіпкер емес) немесе ақпараттық жүйеге қол жеткізе алмайтын шетел компания болса.

Жүйеге арналған толық пайдаланушы нұсқаулығы порталда берілген.

Тауарларды импорттау кезінде тізбекше күрделене бастайды: біріншіден, импорттаушы импортқа бастапқы ТІЖ жасайды, содан оны растайды және әр айдың 20-күнінен кешіктірмей 328.00 СЕН-ді (тауарларды әкелу және жанама салықтарды төлеу туралы өтініш) тапсырады.

ТІЖ рәсімдеу мерзімі

ТІЖ тауар Қазақстанның шекарасынан өткенге дейін берілуі тиіс, ал егер тауар Қазақстан ішінде жүрсе, онда тиелім жасайтын күні берілу керек. Яғни, шын мәнінде, ТІЖ-ні алдын-ала рәсімдеуге болады.

ТІЖ талаптарын бұзғаны үшін салынатын айыппұлдар

Ілеспе жүкқұжаттарды кеден қызметкерлері тексереді. Егер олар жүйеде оны таппаса, олар жүкті өткізбей қояды да, ТІЖ алмаған адамға айыппұл салады. Айыппұл мөлшері әртүрлі факторларға байланысты. Мысалы, тәртіп бұзушы адам жеке кәсіпкер ме немесе заңды тұлға болып табыла ма, ол бірінші рет немесе бірнеше рет бұзышылық жасады ма, тауар қай санатқа жатады және т.б.

Жеке тұлғаларға 5 АЕК (2024 жылы 18 460 теңге), шағын кәсіпкерлік субъектілері мен бейкоммерциялық ұйымдарға 10 АЕК (2024 жылы 36 920 теңге), орта кәсіпкерлік субъектілеріне 20 АЕК (2024 жылы 73 840 теңге), ірі кәсіпкерлік субъектілеріне 30 АЕК (2024 жылы 110 760 теңге) көлемінде айыппұл салынады. Егер акцизделетін тауарларға (мысалы, алкоголь) ТІЖ болмаса, онда айыппұл мөлшері 400 АЕК-ке дейін (1 476 800 теңге) болуы мүмкін.


ТІЖ мемлекетке тауарлардың қозғалысын, салықтар мен кедендік төлемдерді төлеуді бақылауға мүмкіндік беретін шара ретінде ойластырылған. ТІЖ-ні реттейтін заңдар үш жыл ішінде бірнеше рет өзгеріп тұрды. Түрлі техникалық ақауларға қарамастан, мемлекет бизнеске бүкіл процесстер жақын арада толығымен жөнделіп, автоматтандырылады деп уәде береді.