Көлік жуу орнын жалдап, ақша таптым

Тұрақты жұмыстан шығып, тәжірибесіз және бір тиын ақшасыз бизнес аштым

Дана Ермұхан

Дана Ермұхан

автор

Ирина Дубчак

Ирина Дубчак

редактор

Көлік жуу орнын жалдап, ақша таптым

Астаналық Айша Алиахметова стереотипті ер адамдар айналысатын бизнестен қорықпай, қарызға ақша алып, көлік жуу орнын жалдады. Бірнеше ай ішінде ол қарызын қайтарып, екінші орын ашуға ақша жинады. Кәсіпкер серіктесінің алдағанын қалай көтергенін, жақсы орынды қалай таңдау керектігін және бір жылдан кейін қызметін неліктен өзгерткісі келетінін айтып берді.

Алдымен статистиканы зерттедім

Мен 2ГИС-те жұмыс істеп, кәсіпкерлерге жарнама орналастыруды ұсынып жүрдім. Менің қолымда сервистің барлық статистикасы болатын: ол ең көп ізделетін сөздер мен қоңыраулар саны, салынған маршруттар. Сол статистикаға қарап, адамдар көлік жуу орындарын жиі іздейтінін байқадым.

Клиенттердің бірі дәл сондай көлік жуумен айналысатын кәсіпкер болатын. Оның бизнесі жақсы көрсеткіштер көрсететін, бұл мені қатты қызықтырды да, мен ол кісіден осы салада қалай жұмыс істейтінін сұрадым. Ол ашық адам екен, бәрін толығымен айтып берді. Мен бұл идеядан шабыттанып, жұмысымды тастап, көлік жуу орнын ашуды шештім.

Бизнес туралы ештеңе білмегендіктен, серіктес таптым

Кәсіпкерлердің көбі көлік жуу орындарын өздері ашпайды, өйткені оған көп қаражат қажет: жер мен жабдық сатып алу немесе жалдау керек, инфрақұрылым дайындау керек, әрі жұмыс барысында тағы да басқа мәселелер пайда болады. Одан да жұмыс істеп тұрған бизнес иесімен жалдау келісімшартын жасаған, нақтырақ айтсақ, қымбатырақ баға ұсынып сатып алған оңайырақ. Бұл салада сұраныс әрқашан жоғары болады, бос тұрған көлік жуу орындары жоқ. Егер сізге нақты бір орын ұнап қалса, оның иесіне қолайлы жалдау шарттарын ұсыну керек, мысалы, сол орынды жөндеп беруге немесе жабдықтарды ауыстырып беруге келісуге болады.

Ыңғайлы орын іздеген кезде мен статистикасы жақсы әр көлік жуу орнына барып, қайсысы ұнаса — солардың иелеріне қоңырау шалып, жалдау жөнінде сөйлесіп жүрдім. Солай, мен астанамыздың сол жағалауынан тамаша көлік жуу орнын таптым — төрт бокстан тұратын, толықтай жабдықталған, жұмыс істеп тұрған дайын орын. Мен бизнес иесімен жөндеу жұмыстарын жасауға келісіп, бір жылдық келісімшартқа отырдым.

Бұл саладағы бизнес туралы ештеңе білмегендіктен, маған кеңес беріп көмектескен кәсіпкерден көмек сұрадым — мен оған 50 де 50 етіп бөлісіп істейтін серіктестік құруды ұсындым: мен бизнестің процесстерін түсінгенше, ол маған ішкі жұмысты реттеп берер еді. Ол келісті.

Мен көлік жуу орнын жөндедім, ол қызметкерлер мен жеткізушілерді тапты. Солай, біз ашылдық.

Тәулік бойы жұмыс істедік

Көлік жуу орны тұрғын үй кешенінің паркингінде орналасқан. Бастапқыда мұнда ешқандай жағдай болмады: орналасқан жер жақсы болғанымен, іші ыңғайсыз болды. Сол үйдің тұрғындарының өзі бізге келгісі келмеді, паркингте 280 көлік қоятын орны бар болса да, күніне 30-ға ғана жуық көлік жуылатын. Сондықтан біздің ең басты мақсатымыз — үй тұрғындарын тарту болатын.

Жөндеу жұмыстары біткеннен кейін, біз 2ГИС-те көлік жуу атауын өзгерттік, 10% жеңілдік пен құрғақ тұман туралы жарнама парақшаларын жасап, көліктердің алдыңғы әйнегіне қыстырдық, үй чаттарына хабарламалар жібердік.

Көлік жуу орыны жөнделгеннен кейін үй тұрғындары оған назар аудара бастады. Одан кейін адамдар бір біріне біз туралы айта бастады. Үй тұрғындары төрт боксты толығымен жұмыспен қамтиды.

Орналасқан жердің артықшылығы — маңайда бәсекелестердің жоқтығында және үй тұрғындары үшін бізге барған ыңғайлы болғанында. Клиенттер көлік кілттерін бізге қалдырады да, жуғаннан кейін администраторымыз оны орнына қайта айдап қояды.

Жалдау ақысы қымбат болғандықтан, біз бірден тәулік бойы жұмыс істеуді шештік. Клиенттер түнде келуге үйреніп кетті, ал біз көлік жуатын жігіттердің ақысын тәулік бойы жұмыс істегендері үшін көтердік. Біз клиенттерді алдын-ала жазылу арқылы емес, кезекпен қабылдаймыз, өйткені әр көлікке әр түрлі уақыт кетеді: біреудің көлігі таза болса, басқанікі балық аулаудан келіп, бір сағаттан астам уақыт алады. Орта есеппен санағанда, бір көлік жууға 45 минут кетеді. Қақпа биіктігіне байланысты бізге үлкен жүк көліктері, автобустар, газельдер кіре алмайды. Біз салонды химиямен тазалау және көлік жылтырату сияқты қосымша қызмет көрсетеміз.

Пайда табу үшін ақша жұмсадым

Менде тәжірибе ғана емес, ақша да жоқ болды — қарызға 3 миллион теңге алып, оны қайтаруым керек болатын. Сол ақшаның 2,2 млн теңгесі көлік жуу орнын жөндеуге кетті. Біз қосалқы бөлмені қалпына келтірдік, электр қуатын ауыстырдық, жиһаз сатып алып, әкелдік. Керек жабдықтар сол жерде болатын, мен тек шансорғыш ғана сатып алдым. Оған қоса жалға беруші меннен 500 мың теңге көлемінде депозит алды.

Басқа біреудің бизнесіне мұндай ақша салудын пайдасы неде, деп сұрауыңыз болар еді. Бірақ бұл дұрыс шешім болды деп санаймын, өйткені ол жерді жөндеп, мен жаңа клиенттерді тарттым. Жалға беруші коммуналды қызметтер үшін қарыз болды да, жөндеуге ақша сала алмады, сондықтан оған бизнесін жалға бере салған ыңғайлырақ болды. Бір жақсысы — мен жөндеу кезінде жалдау ақысын төлемеуге рұқсат сұрап алдым.

Біз 2023 жылғы ақпанда ашылдық, ал бір айдан кейін көлік жуу бизнесінде қызу кезең басталды, біз күніне 100-ге жуық көлікке қызмет көрсете алатынбыз. Қарызға алынған ақшаны екі айдың ішінде қайтаруға мүмкіндік болатын, бірақ мені ешкім асықтырмады, сондықтан оны асықпай бес айдың ішінде қайтарып бердім.

Ай сайын көлік жуу орнына 2 млн теңгеге жуық ақша кетеді. Жалдау құны шамамен 1 миллион теңгені құрайды: төрт бокс орналасқан орын үшін ол қымбат баға (алты боксқа бөлінген орын норма болып есептеледі), бірақ ыңғайлы орналасу жері өз шығынын өтейді. Автохимияға айына шамамен 500 мың теңге, коммуналды төлемдерге 300 мың теңге жұмсалады. Орталықтан келетін жылу жоқ болғандықтан, бұл жерде электр қазан орнатылған, сол себепті коммуналды қызметтер қымбатқа шығады. Қыста көлік жууға көбірек су кетеді, өйткені көліктер мұзданып келеді, жұмыс та ұзаққа созылады.

Қызметкерлердің жалақысы — тағы бір шығын көзі. Көлік жуатын қызметкерлер әр көліктен жыл мезгіліне байланысты 25%-дан 40%-ға дейін сыйақы алады (қыста пайызын көтереміз), ал администратор бекітілген айлық алып жұмыс істейді.

Біреуін жұмыстан шығарсаң, барлығы кетіп қалады

Серіктесім хабарландыру тақталары арқылы қызметкер іздеумен айналысты. Бұл салада тәжірибелі жігіттерді тапқан өте маңызды. Әдетте, жас жігіттердің ішкі мотивациясы жоқ болады — олар күніне 20 мың теңге жасаса, одан кейін көлік көп болса да, асықпауы мүмкін. Сондықтан мен отбасылары бар, балалы-шағалы жігіттерді алуға тырысамын, олар өз жауапкершіліктерін түсініп, жұмыс кезектерін тиянақты істейді.

Көлік жуу қызметі 24 сағат жұмыс істегендіктен, жігіттер дәл сонда тұрады. Оларға тұрмыс жағдайын жасап бердік — ішінде төсек-орын, кір жуғыш машинасы, тамақ пісіретін пеш, электр жылытқыш бар арнайы бөлме ұйымдастырдық. Жігіттер тегін тұрып, жұмыс істей алады, бірақ ол жер суық, сол себепті жағдай қыста қиынға соғады.

Бізге жігіттерді, әсіресе клиенттерден жақсы пікір алғандарын, сақтап қалу маңызды. Көлік жуушылар сауданы жақсы көтереді. Клиенттердің кейбір жұмыскерлерге үйреніп қалатыны мені таң қалдырады, олар таныс көлік жуушыға бару үшін кезекте тұруға да дайын болады.

Бір жыл ішінде менде екі-ақ команда ауысты. Қызметкерлер ұзақ уақыт жұмыс істегенде жалқауланып, жуатын көлік таңдай бастайды. Оларды 24 сағат бойы бақылау мүмкін емес, ал жігіттер қосымша табыс тапқысы келеді де, түсіріп тұрған камераларға қарамастан, көлікті жазбай салады. Біреуін жұмыстан шығарсан, бүкіл команда кетіп қалады.

Қызу кезеңде төрт боксқа алты қызметкер алған жеткілікті. Қазір қыс мезгілі болғандықтан, бізге күніне 35–50 көлік жууға төрт жігіт жетіп тұр. Жылы күндер басталған кезде күніне 100-ге жуық көлік жуамыз, ол кезде жігіттер бірнеше кезекпен жұмыс істейді.

Ақшаны босқа шаштым, бірақ тәжірибе алдым

Екі ай ішінде серіктесім екеуіміз ақша жинап, жазда тағы бір көлік жуу қызметін ашамыз деп шештік. Ол көлік жуу орнын тапты, мен оның ішін жөндеуге ақша салып, шаңсорғыштар, сорғыштар сияқты жабдық сатып алдым. Біз жұмыс істей бастадық, бірақ жалға алу келісімшартына отырмадық, келісім тек сөз жүзінде болды. Мен бизнес серіктесіме сенімді болдым, оның шешімдеріне ешқандай күмән болған жоқ. Кейін көлік жуу орнының иесі ол жерді басқа адамға жалға беріп қойған болып шықты.

Бұл жағдай ақшаны салып, екі ай жұмыс істегеннен кейін бірақ анықталды. Қолымда құжат болмағасын, мен оған ештеңе дәлелдей алмадым. Сол көлік жуу орнының иесі мен менің серіктесім екеуі туыс екенін және мені алдап кеткендерін кейін түсіндім. Сөйтіп, қыркүйек айында серіктесім екеуіміз екі бөлек кеттік. Мен салған ақшамды жоғалттым, бірақ зор тәжірибе алдым және құжаттарсыз жұмыс істемеу керегін және адамдарға сенбеу керек екенін түсіндім.

Еркектердің мәселелерін шешуден шаршадым

Мен осы жылдан бастап бизнесімнің қызмет түрін өзгертуді жоспарлап отырмын. Негізі, ер адамдар айналысатын салада жұмыс істеу қыздарға қиынырақ екен: кейбір жеткізушілер әйелдің дауысын естіп, тауарлар мен қызметтердің бағасын көтере бастайды, ал дәл сол күні администраторым хабарласса, бағасы төмен болып шығады. Бұндай жағдай барлық жерде жиі кездеседі. Неге екенін білмеймін, ер адамдар әйелдерге біржақты көзқараспен қарайды. Ал маған мәселелерді үнемі шешу керек: бірде шланг жыртылып қалады, бірде шаңсорғыш сынып қалады, ал бірде құйылу тесігі бітеліп қалады. Бұған байланысты бір кеңес берейін — мұндай мәселелерді тез шешу үшін қосымша құрал-жабдық, әсіресе қосалқы шаңсорғыш болғаны дұрыс.

Биыл жемісті жыл болды, мен бұл салада бизнес қалай жүретінін түсіндім, бірақ көлік жуу саласынан кетіп, өзімді басқа бағытта сынап көргім келеді — аспазхана ашам деген ойым бар.

Көлік жуу қызметін ашқыңыз келсе

Ең бастысы — бұл жақсы орын табу. Табыс әкелетін орын таңдау үшін көлік жуу иелеріне хабарласып, жалға беруге дайын адамдарды табу керек. Таныс адам және тәжірибе болмаса, жаңадан бастаған кәсіпкерлерге бұның барлығы қиын болу мүмкін. Бұл жағдайда өзіңізге таныс көлік жуушы жігіттерден сала туралы сурап алуға болады, олардың көбінде бес-алты жылдай тәжірибе болады, олар қаладағы барлық көлік жуу орындарын және олардың статистикасын біледі. Қорқудың ештеңесі жоқ, адамдармен әңгімелесіп отыру керек.

Келесі қадам — құжаттарды тексеру. Бизнес қызмет түріне сәйкес болуы керек, әйтпесе бірінші тексеруден кейін бүкіл жұмыс тоқтап қалады. Әрине, басты қиындыққа көлік иесі шалады, бірақ сіз уақытыңыз бен ақшаңызды жоғалтасыз. Көлік жуу орнының жабдықталуын тексеріңіз: трансбойлар, сорғыштар, шаңсорғыштар күйі жақсы болуы керек. Көптеген көлік жуу орындарының тозығы жеткен, жабдықтары жөндеу жұмыстарын қажет етеді. Егер сіз ақша салуға және жабдықтарды жаңартуға дайын болсаңыз, онда алдымен жалдау шартын жасаңыз, содан кейін ғана жөндей бастаңыз. Жабдықтардың бағалары да арзан емес, мысалы бір трансбойдың бағасы 500 мың теңгеден басталады. Көлік жуу бизнесінің негізгі шығындары — ол жалдау ақысы, химиялы заттар және қызметкерлердің жалақысы.

Инфрақұрылымды міндетті тұрде тексеру қажет — су төгетін тесік қалай жасалғанын, автохимия қай жаққа ағып кететінін қарап шығыңыз, өйткені ол орталық кәрізге түспеуі керек. Көбінісе бұндай жерлерде су тазарту сүзгісі бар күрелген қоқыс төгетін ор жасалады. Автохимия араласқан суды орталық жүйеге ағызу үшін, оны тазарту керек, сондықтан су төгілетін тесікті тексеріңіз.

Қорытындыласақ, білетіндерге сұрақ қоюдан қорықпаңыз, бизнес иелерінен заңды құжат талап етіңіз және басқалардың жай ғана айтылған сөздерге сенбеңіз.