Lee Fruit: көкөніс пен жеміс-жидек дүкенін ашу

Тез бұзылатын өнімдерді шығынға батпай сату

Дана Ермұхан

Дана Ермұхан

автор

Ирина Дубчак

Ирина Дубчак

редактор

Шота Жарылғапов

Жемістер мен көкөністерді сататын кәсіп ашу қиын емес, оған басқа бизнеспен салыстырғанда 500 мың теңгеден басталатын шағын қаражат қажет. Бірақ одан пайда табу қиынырақ: өнімдер тез бұзылады, және сатып алушылардан сұраныс аз болса, минусқа оңай түсуге болады. Кәсіпкер Шота Жарылғапов Lee Fruit көкөніс дүкенін ашу тәжірибесі туралы бізге айтып берді.

Дүкен орнын таңдау

Жеміс-жидек пен көкөніс дүкенін ашу әйелімнің әкесі Роберт Лидің көптен бергі тілегі болатын. Осы ойымен қатты ынталанып, жыл басында арманын жүзеге асыруға бел буды.

Біз орын іздей бастадық. Әкем Алматыдағы Бәрибаев көшесінде атақты «36-шы үйде» ұзақ уақыт инженер болып жұмыс істеп, оның басшымен таныс болғандықтан, ізденіс ұзаққа созылмады. Үй басшысы бізге жалға үй-жайды берді. Біз оны жөндеп, электр энергиясын өткіздік, кіреберісті құйып қойдық. Дайындыққа бір ай уақыт кетті. Біз жөндеу жұмыстарын өзіміз жүргізгендігімізден, иелер бізге екі ай жалдау ақысын төлемеуге рұқсат берді. 2023 жылғы сәуір айының соңында дүкен ашылды.

Тауарларды сатып алу

Біз жеткізушілерді іздей бастадық. Өнімді тікелей көтерме саудагерлерден сатып алу тиімсіз болып шықты. Олар тауарларды үлкен көлемде сатады, ал шағын сауда нүктелерге бұндай көлем қажет емес. Өніммен толған жүк көліктері базардың тұрағына таң ерте келеді, ал жергілікті сатушылар, әдетте, оның сапасын тексермей тауарды көлігімен сатып алады. Сауда көлемі өскен кезде толайым саудагерлерден де алуға болады.

Қазір көкөніс пен жемістерді базарлардан әкелеміз, ал құлпынай мен шиені кішігірім фермерлерден аламыз. Жеткізушілеріміз әртүрлі, өйткені бір сатушыдан барлық сапалы өнімдерді табу мүмкін емес.

Әкем өзі барып, барлық өнімдерді өз үйіне алғандай таңдайды. Базарда жақсы тауар сатып алу үшін ертерек келу керек. Сатып алатын көкөністердің көлемі көп болса, жүк көлігін жалдаймыз, егер ол бір-екі жәшік жидек болса, оны өз көлігімізбен, кейде қоғамдық көлікпен тасымалдаймыз. Қазір біз барлығын мүмкіндігінше ыңғайлы ұйымдастыру үшін жеткізу мәселесін шешіп жатырмыз.

Ашылу уақытына қарай біз көп жақсы тауар сатып алдық, бірақ осы жердің тұрғындарының мұң-мұқтажын білмеген екенбіз. Көк шөп пен көкөністерді көп сатып алдық, бірақ мұнда көк шөп мүлдем сатылмайды екен. Болгар бұрышы, кәді, баклажан, қытай қырыққабаты сияқты көкөністер де жай қалды. Ол кезде бізде әлі тоңазытқыш болмағандықтан көк шөбіміз сарғайып солып қалды да, ал көкөністердін жартысын сатып, қалғанын үйге апардық. Қазір біз тауардың саны мен қор көлемі арасындағы теңгерімді табуға тырысамыз.

Біз шамамен тауарды үш күнге жететіндей сатып аламыз, ең қымбат тауарларды — жидектер мен авокадоны тоңазытқышта сақтаймыз.

Бастапқы капитал

Көкөніс дүкенін ашуға бір миллион теңге жеткілікті: 600 000 теңгесі тауар сатып алуға керек, қалғаны жалдау ақысы мен сатушының жалақысына кетеді. Әзірге біз өзіміз, көбінесе әкем екеуіміз сауда жасаймыз.

Одан басқа, жалдайтын үйжайдың жай-күйін қарау керек. Оған жөндеу қажет болса, иесі сол жөндеу уақытына жалдау ақысын тоқтата тұруға дайын ба, жоқ па екенін ескеру маңызды. Мысалы, біз үйжайды ретке келтіретін қаражатымызды үнемдедік, өйткені сөре мен үстелді өзіміз жасадық. Таразы сатып алдық, ал ең қымбат алынған нәрсе тоңазытқыш болды — оған 200 мың теңге кетті. Көкөніс дүкені үшін күрделі жөндеу қажет емес, әдетте үйжай таза және жарық болуы үшін жай ғана қабырғаларды ағартады.

Тұтынушының назарын аудару

Біздің ауданда көкөніс сататын дүкендер аз, сондықтан статистикамыз жақсы, тіпті бізге басқа аудандардан келеді. Олар орнымыздын жайлылығы мен тазалығын, көкөністер мен жемістердің сапасы жақсы екенін атап өтеді. Орташа трафик тәулігіне 20 адамды құрайды.

Әлеуметтік желілерде жарнамалау

Lee Fruit дүкенінде Instagram парақшасы бар. Онда біз дүкеннің ассортиментін саламыз. Аудиторияның аздығына қарамастан, әлеуметтік желіде бізді көріп келген адамдар бар.

Сондай-ақ, біз жақын маңдағы тұрғын үй чаттарына жеміс-жидектердің жаңа партияларының келуі туралы хабарлаймыз, содан жақсы трафик келеді.

Жеткізу

Бізде Яндекс арқылы бір сағат ішінде жылдам жеткізу бар. Егер сұраныс артса, біз тұтынушыларды міндетті түрде ескертеміз және сатып алушы артық төлем жасамауы үшін оның азайғанша күте аламыз.

Сондай-ақ, Wolt пен Glovo-ны қосуды жоспарладық, бірақ бұл үшін бізде тауар көп болу керек. Сонымен қатар, осы жеткізу қызметтері құнның 25%-н өздеріне алады. Бастапқыда бізде тек жеткізіліммен жұмыс істейтін нүкте ашып, сауда айналымын тек сонымен жасау идеясы болды.

Тікелей сатылымдар

Сауда сатушының адамдармен сөйлесу қабілетіне байланысты. Әкем әрқашан клиенттермен ортақ тіл таба алады, ешқашан таразыдан алдап көрген емес, өте адал кісі. Сол үшін адамдар оған қайта оралады және сенеді.

Сатып алушыларды тарту үшін бізге түрлі-түсті жемістер мен жидектердің қораптарын сыртқа қоюға кеңес берілді. Біз бұл әдісті міндетті түрде қолданамыз.

Сондай-ақ, бізге бағаларды белгілеу керек. Алғашында сатып алушылар бағаның жоқтығына шағымданды, бірақ біз оны әдейі істедік, өйткені базардағы баға күн сайын өзгереді. Біз өзіміз сауда жасай бастағанда, дүкендердегі бағаны неліктен көтеретінін түсіндік — олар базарлардағы бағалардың өсуіне байланысты. Жақын арада бағаны өшіретін ағаш тақтайшаларды сатып алуды жоспарлап отырмыз.

Өңдеу және маусымдық жұмыс

Әкем үшін мерзімі өтіп кеткен жеміс-жидекті тастау обал. Базарларда оларды жай ғана лақтыра салады. Біз бұған жол бермеуді шештік — әкем көкөністер мен жемістерді ары қарай өңдейді. Құлпынай мен алмадан джем, анар мен алмадан шырындар, көкөністерден салаттар жасаймыз. Бірақ көк шөпті ешқандай жолмен сақтай алмайсыз, сондықтан біз оны бірден сататындай мөлшерде алуға тырысамыз.

Өнімдердің түрлерін таңдау олардың пісу маусымына байланысты. Мысалы, қарбызды тамыз айына дейін Иран мен Түркиядан аламыз. Жазда Өзбекстаннан, ал тамыз-қыркүйек айларында біздің Оңтүстік Қазақстаннан қарбыздар шығады. Жыл басында шығатын құлпынай әдемі, бірақ олар сырттан әкелінген, ал пісу маусымында олар пішінсіз болғанымен, өте дәмді — Ташкент пен Сарыағаштан әкелінген болады.

Әрине, біз жергілікті фермерлерді қолдап, олардан өнім алғымыз келеді, бірақ ол үшін оларды іздеу керек.

Жоспарларымыз

Біз дамытып, кеңею үшін тағы үш-төрт пункт ашқымыз келеді. Бәрібаев көшесіндегі дүкеніміз бағалардың құрылуы мен сатып алудын көлемін түсінуге, идеяны сынауға көмектесетін экспериментке айналды. (Мақала дайындалып жатқанда, Lee Fruit дүкені көшіп кетті, жаңа мекенжайы 12-шағын аудан, 22/2 орналасқан — ред.)

Жаңа дүкен орналысатын ғимаратта біз Repas-тағы достарымыздан біздің тақырыптағы жарқын, есте қаларлық сурет салуды cұрағымыз келеді. Бұл жерде, өкінішке орай, дүкен үйге жақын болғандықтан, мүмкін емес. Сондай-ақ, сыртқы маңдайша жазумен жұмыс жасау керек.

Жұмыс істеп жатқанымызға бір ай ғана болды, нәтиже туралы айту әлі ерте. Әдетте, біздің сегменттің бизнесіне ілгері жылжу үшін кемінде үш ай қажет, бірақ біз қазір да өтелімдікке жеттік.

Жалпы алғанда, күш-жігер мен нәтиже арасында тікелей өзара байланыс жоқ, саудаға дүкеннің орналасуы мен өтерлік көбірек әсер етеді. Біреулер көкөністер мен жемістерді қарапайым жай жерде сатса да, әдемі дүкендерде сататындардан көбірек ақша табуы мүмкін.

Көкөніс дүкенінің ашу жоспары

Көкөніс дүкен ашудың көптеген артықшылықтары бар: көкөністер мен жемістер әрқашан сұранысқа ие және бастапқыда аз ақша талап етеді.

  1. Жеке кәсіпкер немесе жауапкершілігі шектеулі серіктестік ретінде тіркелу керек.
  2. Орналасқан жерге талдау жасап, орынды таңдау керек. Жақын жерде супермаркеттер болмағаны жақсы. Тұрғын үй бар аудандарда ашқан дұрыс — ол жерде әрқашан әлеуетті сатып алушылар болады.
  3. Үйжайды реттеу үшін сөрелер, таразылар, тоңазытқыш, касса машинасын және POS терминал сатып алу керек.
  4. Дүкеннің ассортименті қандай және жеткізушілері кім болады екенін шешу керек. Сатып алушылардың қалауын жақсырақ түсіну үшін сынақ партияларын сатып алуға болады.
  5. Жарнама беру жолдарын қарастыру керек. Әрине, сатып алушылардың негізгі легі аудан тұрғындары болып саналады, бірақ ауыздан-ауызға тарау, мессенджерлердегі чаттар, әлеуметтік желілердегі жарнама берген, әсіресе жеткізумен жұмыс істеу жоспарлауда болса, артық болмайды.