Көзеші мектебін ашу
Жұмысты өрге бастырудың жолын табу
Мақаланың мазмұны
Светлана Назарчук бір жыл бұрын балалар мен ересектерге арналған шеберлік сабақтарын, біліктілікті арттыру курстарын, арт жүздесу мен тимбилдингтер өткізетін «ГончарЪ» атты керамика және көзеші мектебін ашты. Светлана өз бизнесін бастау туралы шешімді қалай қабылдағанын, шығармашылық студия ашу үшін не қажет екенін, жұмысты ілгері жылжытудың нәтижелі және онша емес әдістері туралы айтып берді.
Біреуге жұмыс істей алмадым
Менің мамандығым — дамуында ауытқуы бар балалар мұғалімі. Мен Санкт-Петербургте оқыдым, онда жаңғыртушы болып жұмыс істедім — біз қасбеттерді қалпына келтіріп, храмдарды безендірдік, пеш пен каминдерді жаңғырттық. Өте қызықты тәжірибе. Мысалы, біз Собор мешітіндегі тақтайшаларды қалпына келтірген кезде, алты ай бойы тіреуіш ағаштарды құрып, жұмыс жасадық. Адмиралтей төбесіндегі сағатпен де жұмыс істедік, мен сағаттың циферблатын жеке өзім қалпына келтірдім. Осылайша тоғыз жыл жұмыс істеп, үйіме, Алматыға оралдым.
Мұнда өндіріспен байланысты жұмысқа орналастым, тапсырыс бойынша мейрамханаларға қолдан жасалған ыдыстар жасадық. Бірақ ол жер шаң мен кір болғандықтан өзімді нашар сезіндім. Содан «Яблоко» академиясына жұмысқа орналастым, онда керамика, кескіндеме, фотосурет бойынша сабақтар өткізетін, сол жерде бір жыл жұмыс істедім. Бірде сол академияның директоры: «Сен өз студияңды ашпайтын шығарсың», — деді. Сонда маған — неге ашпасқа деген ой келді. Мен академияға ризамын — керамикамен жұмыс істеген қиын, мен әр түрлі материалдармен жұмыс істеп көргем, сол жерде тәжірибе жинап, өз дағдыларымды шыңдай түстім.
Менің бизнес ашуға ақшам болмады. Жасөспірімдерге арналған кәсіби бағдарлау жұмысымен айналысатын құрбыммен қосылып, бір бөлмені жалға алып, бірлесіп жұмыс істеуді ұсындым. Бірақ, ақырында ол маған ақшасын беріп — міне, өзің істе, дамыта бер деді.
Орын мен құрал-жабдықтарды таптым
Менің жобама лайықты орын табу қиын. Жұмысым балшықпен байланысты болғандықтан көптеген шарттарды талап етеді. Бізге пеш қажет, ол үшін қауіпсіздік ережелерін сақтау керек, рұқсат және арнайы желінің болуы тиіс. Көшкен сайын электр қуатымен байланысты қиындықтар болады. Басында мен «Несанаторий»-дың резиденті болдым, бұл алаң әр түрлі шығармашылық қауымдастықтарды біріктірді. Ол жерде жақсы болатын, бірақ үш айдан кейін бізді қуып шықты. Осылайша мен Дом 36-ға келдім. Бұл жерде мектептің бөлек ғимараты бар, мұндай орынды таңдаудың жақсы жақтары көп.
Бізге көзеші ұршығы, пеш сияқты құрал-жабдықтар керек болатын. Менің жолым болып, оларды Алматыдан таптым. Екібастұздан 200 кг балшық, Ресейден жақсы жылтырақ жабынға тапсырыс бердім.
Мен құрал-жабдыққа, шығын материалдары, үш айлық жалдау ақысы мен оның депозитіне жететіндей 2 миллион теңге қарыз алдым. Құрбым маған қарызды уақытша төлемеуге рұқсат берді, ақшаны алты айдан кейін пайызсыз қайтара бастадым. Бірақ маған қазірдің өзінде қиын, бір жыл ішінде салған ақшамды әлі қайтарған жоқпын. Алматыда жұмыс істегенімізге қарамастан, бағаларымыз өте төмен. Мысалы, Санкт-Петербургте он жыл бұрын шеберлік сабақтары бағасы 3 мың рубль еді, ал қазір балалармен өткізетін сегіз сабақтың құны 25 мың теңге.
Жұмыс барысы мүмкіндігінше оңай ұйымдастырылған: мен Google күнтізбесін қолданамын, оған қоса түгел ақпаратты журналға қайта жазамын. Телефонымнан бір нәрсе жоғалып қалса, қағазда жазылған деректерге сүйенемін.
Қызметкерлер көп емес — екі мұғалім бар, бірақ біз қалағандай клиенттер көп болмағандықтан, олардың әрқайсысы тек бір демалыс күн жұмыс істейді. Сондай-ақ, бухгалтермен келісімшарт жасалған — менде оңайлатылған ЖК ашылған, бірақ есеп беру мен салық төлеуден басқа, кейде келісімшарттар мен басқа да құжаттармен айналысуға тура келеді. Қалғанын өзім жасаймын.
Қызметтердің тұтас желісін құрдым
Жұмыстың басты бағыты — бұл балалар мен ересектерге арналған шеберлік сабақтары. Бұдан түскен табыс әр жерден келеді: сабақ курстарына абонементтер, бір реттік шеберлік сабақтарын және сертификаттар сатамын. Ересектер арт жүздесулерге және тимбилдингтерге келеді. Сертификаттарды сыйлық ретінде сатып алады — бұл қазір сұранысқа ие, өйткені адамдар бірінші кезекте эмоцияларды іздейді. Балшықпен жұмыс істеу — бұл арт-терапия, стресстен арылуға көмектеседі. Оған қоса коворкинг бар: егер сен балшықпен жұмыс істей алсаң, онда бізге келіп, орын мен шеңберді жалға алуға ғана төлейсің, ал мен материалдар беремін, жұмыс барысында көмектесіп, содан кейін жасаған бұйымды күйдіремін.
Студиялардың көбі ортақ шеберлік сабақтарын өткізеді, мысалы, ертең сағат 15:00-де біз хош иіс шығаратын затқа арнап қойғыш жасаймыз. Мен де мұндай сабақты көп адаммен ұйымдастыруға тырыстым, бірақ ешкім қоңырау шалмады, алдын ала белгіленген бір уақытта келгісі келмеді. Біреуге бұл идея ұнап, өздеріне ыңғайлы күнге жазылды. Бұл жағынан менде бәрі ыңғайлы — мен адамдардың өздерін жақсы және жайлы сезінгенін қалаймын. Әркім өз қалағанын жасайды. Бір сабақ кезінде неше түрлі бұйымдарды жасауға болады — біреулер қолмен жасайды, басқалары көзеші ұршығында жасайды. Мәжбүрлеу деген жоқ. Әрине, мен барлығына назар аударып, ілесіп кетуім керек, бірақ клиенттерім көңілдері шығып, бақытты болып кеткеніне не жетсін.
Демалыс кезінде балалар көп келеді. Бір жылға арналған кешенді бағдарлама бар, жеке шеберлік сабақтары да бар. Мен балаларға мүсін жасауды, көзеші ұршығында жұмыс істеуді, түрлі әдіс-тәсілдерді үйретемін. Тақырыптарды таңдағанда, мен маусымдықты ескеремін — мысалы, Жаңа жыл қарсаңында шырша әшекейлері мен шамдарды жасаймыз, 8 наурызға таман аналарға сыйлауға болатын керамикадан жасалған ашықхаттар, ботаникалық бедерлері бар сандықшалар, әшекейлерге арналған ұстағыштарды жасаймыз. Кез келген сабаққа менде үлгілер, идеялар бар, бірақ қысым жасамаймын — не істейтінін бала өзі таңдап шешеді.
Біздің студиямыз — жазда балалардың туған күнін өткізетін тамаша жер. Шеберлік сабақтардан кейін аулаға шығып, жүгіруге, ыстық шоколад сатып алуға, әткеншекке отырып тебуге болады — Дом 36-ның аумағы бұған мүмкіндік береді.
Тағы бір бөлек қызметтің түрі — бұл ерекше қажеттіліктері бар балалармен жұмыс жасау. Мамандығым дефектолог болғандықтан, бұндай балалар маған жиі келеді. Балшықпен жұмыс істеу — бұл тамаша арт-терапия, ол ұсақ моториканы дамытады, ал бұл өз кезегінде сөйлеуге ықпал етеді. Мұндай балаларға сабақ өткізу қиынырақ: оларға тұрақты бақылау қажет, ата-ананың қасында болуы керек және баламен байланыс орнату қиынырақ. Кейбіреулер өзіне қол тигізуге мүмкіндік бермейді, ал сабақ кезінде қолды көзеші шарығына дұрыс қою үшін қажет. Менде бұл жағдайда ішкі қайшылық пайда болады: уақыт пен ресурстар тұрғысынан мұндай жұмысқа көбірек ақы алу керек, бірақ мен мүлдем ақша алғым келмейді.
Мен негізінен ересектермен жұмыс жасап, топ ішінде сабақ өткізгім келеді. Бәрінен де мүсін өнерінен сабақ бергенді ұнатамын. Менде біліктілікті арттыру курстары бар — 12 сабақ ішінде білгенімнің бәрін үйретемін. Сонда барлығын айтып беремін: мүсін жасау жолдары, көзеші ұршығында жұмыс істеу, түгел техниканың түрлерін айтып беремін, пешпен қалай дұрыс жұмыс істеп, кейін оны кептіру туралы, балшық пен басқа материалдардың қандай ерекшеліктері бар. Бір шәкіртім ауылда шығармашылық студия ашты, тағы екі қыз Шу қаласында студия ашты, жақында менімен Монтессори мектебінің үш мұғалімі білім алды.
Мен үшін ең тиімді жұмыс — жеке тапсырыстарды орындау. Соңғы тапсырыстардың ішінде үйге арналған тақтайшалар мен айнаға жасалған керамикалық жақтау. Кейде клиенттер маған қалпына келтіруге керамика, сылақ, гипс әкеледі.
Жарнаманың әр түрлі әдістерін қолданамын
Осы жылдың ішінде мен көптеген жарнамалық әдістерді қолданып көрдім, олардың кейбірі нәтиже бермеді. Біз бір орында бос отырмай, неше түрлі нұсқаларды істеп көруіміз керек.
Біріншіден, әлеуметтік желілер. Мен Instagram-ды өзім жүргізуді бастадым, кейін: smm маманын жалдасам, күшті контент жасаймыз, клиенттердің саны көбейеді деп ойладым. Бірақ шын мәнісінде былай болды: мен қызметкерге жақсы ақы төлеп жүрдім, контент шынымен де жақсы болды, бірақ бұл маған клиент әкелмеді. Мен тек ақша жұмсаумен болдым, ал уақытым босқа кетті. Сондықтан қазір мен әлеуметтік желілерді өзім жүргіземін. Өзім контент жасаймын, жарнамалық науқандарды қосамын. Клиенттердің және Дом 36-ның репосттары жақсы көмектеседі.
Екіншіден, Ticketon. Мен сол жерде сабақтарға билеттер мен сыйлық сертификаттарын сатамын, клиенттерімнің үштен бірі сол сайттан келеді. Мен тек осы платформамен жұмыс істеймін, өйткені эксклюзив үшін жоғары пайыз береді және қосымша сыйақылары бар.
Үшіншіден, 2GIS-тағы пікірлермен жұмыс істеу. Маған жазылған пікірлер көп емес, мен олардың кім жазғанын да білемін. Әрбір пікірге жауап беру керек, түйінді сөздермен дұрыс жұмыс істеу керек, мысалы, мен «мастер-класс», «мерекелерді ұйымдастыру» және т.б сөздерді қолданамын. Мен 2GIS-те ақылы жарнаманы қоспаймын, өйткені қымбатқа шығады.
Төртіншіден, жақсы орын. Дом 36 — бұл өнер алаңы, мұнда көптеген шығармашылық адамдар бар, бұл ынтымақтастыққа мүмкіндік береді. Мысалы, жазда олар балаларға арналған лагерь жасап, бір жарыс өткізді. Балалар бір күнде бірнеше орынға бара алады — менде мүсін жасау мен көзеші шеберханасы болса, біреуде сурет салу, балет мектебі бар, мұнда тамақ ішуге, аулада ойнауға болады. Қазір Дом 36 иелерімен сот болып жатыр, болашағымыз қандай болатынын белгісіз, бірақ бәрі жақсы болатынына үміттеніп, жоспар құрудамыз. Бұл жердің бастапқы концепциясы керемет, мұнда жаңа бірдеңе ойлап тауып, бірлесіп жасауға болады.
Бесіншіден, хабарландырулар. Қасымызда бір жабық тұрғын үй кешені бар. Бір кезде мен кешеннің аланыңа кіріп, жарнамаларымды жабыстырып шықтым. Ол жақтан маған бірнеше бала келіп, әлі күнге дейін оқып жүр. Бірақ жарнамаларды тез алып тастағаны өкінішті-ақ.
Алтыншыдан, ауыздан-ауызға таралған ақпарат. Менің алғашқы клиенттерім — мен әлеуметтік желілерге контент түсіру үшін шақырған фотографтың әріптестері. Оған қоса ерекше қажеттіліктері бар балалар жақсы келеді — олардың аналары бір-біріне кеңес ретінде бізді ұсынады.
Жетіншіден, біз туралы мүлдем білмейтін адамдармен жұмыс істеу. Ауданымызда 25-ке жуық мектеп, 30-ға жуық балабақша бар, мен оларға телефон соғып, коммерциялық ұсыныстар жібердім. Бұл әдіс мүлдем жұмыс істемеді — көбісі сыпайы түрде «рақмет, ойланып көреміз» деп жауап береді.
Тағы бір ойға бірден келе қоймайтын әдіс — бұл бәсекелестермен ынтымақтастық құру.
Мен бәсекелестермен жұмыс істеймін
Бизнес бастамас бұрын мен экономика бойынша курс бітірдім. Онда бәсекелестік жоқ деген қызықты идея айтылған болатын. Әр адамның күш-қуаты мен бірегейлігі бар, ол маңызды, мысалы, мен дамуында ауытқуы бар балалар мұғалімімін, жаңғыртушымын — бұл менің ерекшелігім.
Қаламызда 22 студия бар, оның екеуінің негізін қалаушыларымен доспыз. Біз бір-бірімізмен идея алмасып, бір-бірімізді бақылап тұрамыз. Кейде қонаққа барамыз, тәжірибе алмасамыз. Бір-бірімізге көмектесеміз — мысалы, балшық бітіп қалса немесе шұғыл түрде бірдеңе қажет болса, дайын тұрамыз. Бұл бизнеске көп пайда әкеледі: бір-бірімізге клиенттерді жіберетін жағдайлар да болып тұрады. Мысалы, біреуде жылтырақ жабын жоқ, ал менде бар, бәсекелесім менің нөмірімді береді. Немесе маған үлкен компания келеді, ал менде тек екі көзеші ұршығы ғана бар, онда мен адамдарды бәсекелестеріме жіберемін, оларда жеті көзеші ұршығы бар. Бұл өзара көмек болып саналады, ал клиент басқа бәсекелестерге кетіп қалмайды.
Егер мен ісімді енді бастап жатсам, өзіме бір кеңес берер едім: қорықпа. Кейде енсем түсіп, бəрінен мүлдем бас тартқым келген бір сəт болды. Бірақ мен немен айналысатынымды білдім. Қазір бізде күнкөріс тауып, қарыз өтеудің қиын кезеңі. Бірақ оған қарамастан еркіндік бар, мен бұны ештеңеге айырбастамас едім. Егер бәрін басынан бастасам да, дәл осылай істейтін едім.