2024 жылы Қазақстанда ауыл шаруашылығы техникасын лизингке алу
Бастапқы жарнасыз және ай сайынғы төлемі аз
Мақаланың мазмұны
Ауыл шаруашылығы техникасының жеке паркін жаңартуды жоспарлап отырған фермерлер жеңілдетілген лизинг бағдарламалары арқылы мемлекеттік қолдауға қол жеткізе алады.
Ауыл шаруашылығы техникасының лизингі туралы
Ауылшаруашылық техникасының лизингі — фермерлердің лизингтік компаниядан ұзақ мерзімге техниканы жалға алуы. Фермерлер техниканы пайдаланғандары үшін ай сайын ақша төлейді. Жалдау мерзімі бітетін кезде техниканы қалдық құны бойынша сатып алуға немесе жалға алу мерзімін ұзартуға болады.
Мемлекет фермерлерді қолдап, бастапқы салымсыз немесе аз шығынмен жаңа ауылшаруашылық техникасын лизингке алу үшін аванстық төлемдерді субсидиялауға дайын. Ең бастысы, бұл үшін кепіл қажет емес. Лизинг фермерлерге техниканы сатып алуға және жөндеуге шығындалмай, ақшаны басқа мақсаттарға, мысалы, тұқым, тыңайтқыш сатып алуға немесе қызметкерлердің жалақысына жұмсауға мүмкіндік береді.
Лизинг бағдарламалары
Алдымен фермерлерге жеткізушіні таңдау керек. Қазақстандағы лизингтік операциялардың көпшілігі екі мемлекеттік компанияға тиесілі — «ҚазАгроҚаржы» және Өнеркәсіпті дамыту қоры (ӨДҚ), одан басқа жеке лизингтік компаниялар да бар.
Көптеген компаниялардың стандартты бағдарламалары көбінесе бірдей — техниканы 10 жылға дейінгі мерзімге 0% аванстық төлеммен және жылдық 22,25%-бен лизингке беру.
Мемлекеттік операторлар жеңілдікті бағдарламалар ұсынады. Соларды қарастырайық.
5%-бен жеңілдікті лизинг
2024 жылы іске қосылған «ҚазАгроҚаржы» бағдарламасы 5 пайыздық мөлшерлемемен отандық өндірілген немесе құрастырылған ауыл шаруашылығы техникасын сатып алуға бағытталған.
- аванс — 0% бастап;
- мөлшерлемесі — жылдық 5% (субсидияланбайды), ЖТСМ — 5%-дан;
- лизинг мерзімі — 7 жылға дейін;
- бірінші лизинг төлемі — кемінде 10%, оны техниканы алғаннан кейін төлеуге болады (бірақ 2024 жылдың 1 желтоқсанынан кешіктірмей).
Жеңілдікті лизинг
«ҚазАгроҚаржы» бағдарламасы отандық өндірістің өздігінен жүретін ауыл шаруашылығы техникасын аванссыз сатып алуға бағытталған.
- аванс — 0%;
- мөлшерлемесі — жылдық 6% (субсидияланбайды), ЖТСМ — жылдық 6,1%-дан;
- лизинг мерзімі — 10 жылға дейін;
- жеңілдік кезеңі — бір жылға дейін;
- шектеу — үш бірліктен артық емес.
Қазақстанда жасалған
«ҚазАгроҚаржы» бағдарламасы отандық өндірістің немесе құрастырудың аспалы, тіркемелі және өздігінен жүретін ауыл шаруашылығы техникасын сатып алуға бағытталған.
- аванс — 15% бастап (инвестициялық субсидиялар есебінен);
- мөлшерлемесі — жылдық 6% (субсидияланбайды), ЖТСМ — жылдық 6%-дан;
- лизинг мерзімі — 5 жылдан 10 жылға дейін (жабдықтың түріне және құнына байланысты);
- жеңілдік кезеңі — бір жылға дейін;
- шектеу — үш бірліктен аспайды.
Өз жем-шөбіміз
«ҚазАгроҚаржы» бағдарламасы жем-шөп жинау техникасы мен жылжымалы суару жүйелері сияқты жемшөп өндіру үшін ауыл шаруашылығы техникасын алуға бағытталған. Бағдарламаның мақсаты — мал шаруашылығының жем-шөпке деген қажеттілігін қамтамасыз ету және мал шаруашылығы өнімдерінің көлемін арттыру.
- аванс — 15% бастап;
- сыйақы мөлшерлемесі — 6% (субсидияланбайды);
- лизинг мерзімі — 5 жылдан 10 жылға дейін (жабдықтың түріне және құнына байланысты);
- қаржыландыру шегі — тоғыз бірліктен аспайды;
- қарсы міндеттемелер — екі жыл ішінде еңбекақы қорын және салық түсімдерін 10%-ға ұлғайту;
- лизинг алушыларға қойылатын шарттар — жер учаскелері, жайылымдық немесе шабындық жерлерінің болуы, жем өндіру және дайындаумен байланысты іс-шараларды жүргізу.
Жасыл өнім
«ҚазАгроҚаржы» бағдарламасы көкөністер, жемістер, жидектер, қант қызылшасы сияқты әлеуметтік маңызы бар азық-түлік өнімдерін өндірушілеріне ауыл шаруашылығы техникасын сатып алуға бағытталған.
- аванс — 15% бастап;
- мөлшерлемесі — жылдық 6%;
- лизинг мерзімі — 10 жылға дейін;
- негізгі қарыз бойынша жеңілдік кезеңі — бір жылға дейін.
Ауыл шаруашылығы техникасының лизингі
ӨДҚ бағдарламасы ауылшаруашылық техникасын, ауыл шаруашылығы және мелиорация жұмыстарына арналған арнайы техниканы және ауыл шаруашылығы өнімдерін тасымалдауға арналған көлікті сатып алуға бағытталған.
- аванс — 15% бастап;
- мөлшерлемесі — жылдық 7%;
- лизинг мерзімі — 7 жылға дейін;
- жеңілдік кезеңі — бір жылға дейін.
«Даму» бағдарламасы бойынша лизинг
«Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» АҚ-ның бірыңғай кешенді бағдарламасы аясында жүзеге асырылып жатқан «ТехноЛизинг» ЖШС-ның ауылшаруашылық және арнайы техникасын сатып алу бағдарламасы.
- аванс — 30% бастап;
- мөлшерлемесі — жылдық 19,5% (кәсіпкер 9-10% төлейді, ал қалғанын мемлекет субсидиялайды);
- лизинг мерзімі — 7 жылға дейін;
- қаржыландыру шегі — 500 млн теңгеге дейін.
Барлық лизингтік операторлардың сайттарында сатып алынған техниканың бағасын есептеуге болатын калькулятор бар, сондай-ақ, құжаттар тізімін жүктеп алуға және кеңес алу үшін кері байланыс қоңырауына тапсырыс беруге болады.
Техниканы лизингке алу кезеңдері
- Лизингтік компанияның жеткізушілер тізімінен қажет техниканы таңдау («ҚазАгроҚаржы», ӨДҚ, «ТехноЛизинг»);
- Лизингтік компанияға құжаттардың толық тізімін жинау және ұсыну;
- Өтінім беріп, құжаттардың қаралуын күту;
- Лизинг келісімшартын жасау;
- Техниканың алғашқы лизингтік төлемін жасау;
- Техниканы алу.
Талап етілетін құжаттар
Таңдалған бағдарламаға байланысты құжаттар тізімі әр түрлі болуы мүмкін. Әдетте, құжаттар тізімінде келесілер болады:
- өтініш берушінің сауалнамасы;
- қаржылық лизинг түріндегі инвестиция алу туралы өтініш;
- жобаның бизнес-жоспары немесе техникалық-экономикалық негіздемесі;
- несие тарихын алуға несие бюросының келісімі;
- жеке кәсіпкер ретінде қызметті бастағаны туралы хабарлама;
- егер қаржыландыруға жер учаскелерінің болуы талап етілсе, онда жер учаскелерінің құжаттары, егіс алаңы мен соңғы үш жылдағы өнімділік туралы анықтамалар (№ 2, 4 және 29 нысандары бойынша анықтамалар) керек;
- қызмет көрсетіліп жатқан банктерден бір жыл ішінде ай сайынғы айналым көрсетілген шоттардың бар-жоғы туралы және қарыздың бар-жоғы туралы анықтамалар;
- салық берешегінің жоқтығы туралы анықтама.
Өтінім беру тәртібі
Жеңілдікті лизингке өтінім берудің бірнеше жолы бар.
Ресми сайт
- «ҚазАгроҚаржы» бағдарламасына өтінімді ресми сайтта (ЭЦҚ немесе олардың Telegram-дағы чат-боты арқылы тіркелу) беруге болады.
- ОДҚ өтінімдерді сайтта қабылдайды (ЭЦҚ арқылы тіркелу).
- «ТехноЛизинг» ЖШС сайтта кері байланысқа өтінімдерді қабылдайды.
Бірыңғай портал
Өтінішті bgov.kz кәсіпкерлікті қолдаудың бірыңғай порталы арқылы беруге болады. Тіркеу ЭЦҚ арқылы жүзеге асырылады.
- Негізгі бетте «Санатты таңдаңыз» бөлімінде «Лизинг» батырмасын басыңыз. Нәтижелерінде мемлекеттік операторлардың барлық лизингтік бағдарламалары көрсетіледі.
- Қажетті бағдарламаны таңдап, «Толығырақ» батырмасын басыңыз. Бағдарлама бетінде «Қызмет алыңыз» батырмасын басыңыз.
- Нұсқауларды орындаңыз. Платформаның өзінде өтінімді қарау барысын бақылауға болады. Әдетте бес күннің ішінде қарастырылады.
Лизингтік аванс бойынша сыйақы мөлшерлемесін субсидиялау кезінде өтінімді Qoldau.kz арқылы беруге болады.
Жеңілдікті лизинг бағдарламалары шаруа қожалықтарына, кооперативтерге және ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілерге қолайлы шарттармен ауыл шаруашылығы техникасы паркін жаңартуға мүмкіндік береді. Өтінімді онлайн беруге болады, қарастыру мерзімі қысқа — әдетте өтінімді тапсырудан бастап техниканы алуға дейінгі кезең шамамен екі аптаға созылады, кепіл керек емес.