Бизнес-кейстер

Жаңа маусым қарсаңында қызметкер дөңгелек жөндеу орнын өртеп жіберді

Екі апта ішінде дөңгелек жөндеу бизнесін жаңадан құру

Жаңа маусым қарсаңында қызметкер дөңгелек жөндеу орнын өртеп жіберді

Мақаланың мазмұны

Өскемендік ерлі–зайыптылар бизнесті қала шетіндегі шағын дөңгелек жөндеу шеберханасынан бастаған. Қазір олардың қала бойынша істеп тұрған алты жөндеу орындары бар. Анна Ананина күйеуімен бірге айналысатын ортақ бизнес туралы, қиындықтар және жыл бойы тұрақты табыс әкелетін шығынсыз бизнесті қалай жүргізу керектігі туралы айтып берді.

Бәрі қалай басталғаны туралы

2014 жылы күйеуім қаланың шағын аудандарының бірінде дөңгелек жөндеу шеберханасын ашуды шешті. Ол вагон-контейнердің сыртын өзі қаптап, жөндеді, құрал-жабдықтардың жеткізушілерін тапты, қажет материалдарды сатып алды. Барлығына 1 миллион теңгеге жуық қаражат кетті. Біз жас болғандықтан, ақшаны дұрыс санамадық. Біз жұмысшы таптық, ол кезде күйеуімнің өз жұмысы болатын. Аптасына бір рет барып, істің қалай жүріп жатқанын біліп отырдық. Бірінші айдың соңында қызметкеріміз бізге табыс ретінде 50 мың теңге бергенде, біз бір жерін бұрыс жасап жатқанымызды түсіндік.

Сол кезде бизнеске көп уақыт бөле алмадық. Ол бірнеше жыл бойы айына шамамен 100 мың теңге табыс әкелетін. Күйеуім жұмыссыз қалып, такси айдап, дөңгелек жөндеу шеберханасымен айналыса бастағанда бәрі өзгерді. Күйеуім екеуміз күнде келіп, қадағалап, бизнесті дамытумен айналысып жүрдік. Сол жерге бейнекамера орнаттық — ұрлық азайды. Біз Instagram-дағы қалалық пабликтерде жарнама бердік. Маусымның қызған кезінде акция ұйымдастырып, әр клиентке кішігірім сыйлық бердік. Сондай-ақ, автотұраққа барып, жарнама қағаз беттерін көліктердің алдыңғы әйнегіне қалдырдық. Бұның бәрі нәтиже берді, бизнес көбірек ақша әкеле бастады.

Біз кеңейіп жатырмыз

Бірінші баламыз дүниеге келіп, тұрмыс жағдайымызды жақсартып, ескі үйдегі шағын пәтерден көшкіміз келді. Ол үшін жүк көлігімізді сатып, салынып жатқан жаңа тұрғын үйден пәтер алдық.

Дәл сол кезде тағы бір дөңгелек жөндеу шеберханасын сатып алдық. Туыстарымыз әрекетімізді құптамады: күйеуім болса таксист болып жұмыс істеп жүр, өзімізде бірнеше несие, қолымызда кішкентай баламыз бар. Бірақ біздің шешіміз берік болды, күйеуім екеуміз тек бір-бірімізді тыңдап үйрендік.

Неліктен біз бар шеберханаларды дамытпай, жаңасын ашуды шештік? Осыны түсіндіріп өтейін. Дөңгелек жөндеу шеберханалары — бұл жергілікті бизнес. Егер адам қаланың бір шетінде дөңгелегін тесіп алса, ол жақын жерде жөндеу орнын іздейді. Шағын вагон ішінде бірнеше қызмет түрін көрсету мүмкін емес. Мысалы, бізде радиустағы 5 км жерде үш шеберхана орналасқан. Олардың біреуінде ғана дискі жалға беру қызметі бар, өйткені оны үшеуінде де жасау мүмкін емес — жабдық қымбат. Жұмыс қызып жатқан кезде бір шеберханада бәріне қызмет көрсетіп үлгермейміз.

Біз уақыт өте келе үшінші дөңгелек жөндеу орнын аштық. Клиенттер келе бастады, шеберхана дамып кетті, бірақ кейін жалға беруші өзі бизнес жүргіземін деп шешіп, орынды босатуды сұрады. Сол кезде біз банкке барып, «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қорының қолдауымен несиеге осы мекенжайға қарама-қарсы тұрған орынды сатып алдық. Сол жалға берушінің орны әлі де тұр, бірақ ол жиі жабық болғандықтан, адам аз келеді.

Әрбір сәтсіз әрекеттерден кейін біз әрқашан жаңа және үлкен жобаларға бел буатынбыз. 2021 жылы қайтадан жер жалға алып, барлық қызмет түрлері бар дөңгелек жөндеу павильонын салып бастадық. Жобаға 12 миллион теңге ақша салдық. Жұмыс аяқталып келе жатқанда, көктемгі маусымның басталуына дайындалып жүрдік.

Қарындас, дөңгелек жөндеу орны өртеніп жатыр

Құрылыстың соңғы күндерінің бірінде, таңғы сағат 4-те телефон шырылдап, телефондағы дауыс: «Сіздің дөңгелек жөндеу орныңыз өртеніп жатыр» деді. «Қайсысы?» деген сұрағыма, маған екі шеберханамыз орналасқан көшенің атын айтты, оның біреуі жуырда ашылуы керек болатын. Ойланбастан сол жаққа барсақ, бұл біздің ескі шеберханамыз болып шықты.

Ішінде 10 миллион теңгеге жуық құрал-жабдықтар, оның ішінде станоктар, құрал-саймандар, жөндеуге арналған түрлі ұсақ жабдықтар болған шағын павильон болатын. Ішінде камералар, сатылуы керек дөңгелектер болды, бұның бәрі резеңкеден жасалғандықтан, олар өте жылдам жанып кетті. Барлығы өртеніп кетті, бірақ көрші контейнерлерге таралып үлгермеді. Жақын жерде өрт сөндіру бөлімі орналасқан болатын, құтқарушылар тез жетіп, өртті сөндірді. Жанымызда көлік бөлшектері толған екі контейнер және тағы бір дүкен орналасқан болатын. Көршілерімізге өрттен еріп кеткен өнімдерін өтеп бердік, бірақ жалпы алғанда аз шығынмен құтылдық. Егер қасымыздағы автобөлшектер контейнерін өртеп жіберсек, 100 миллион теңгеге шығынға батып кетер едік.

Кейін өртке біздің қызметкеріміз кінәлі екені белгілі болды. Біз оны жауапқа тартпай, жай ғана жұмыстан шығардық. Ол ақшаны қайтаруға уәде берді, бірақ оның қолхаты әлі күнге дейін қағаздардың арасында жатыр.

Маусымды бизнес

Дөңгелек жөндеу маусымға байланысты кәсіп. Өрт ақпан айының соңында болды, ал наурыздың ортасында қысқы дөңгелектерді жазғы дөңгелектерге ауыстыру уақыты басталады. Бұл кәсіпкерлер үшін ең табысты уақыт, оны жіберіп алмау керек.

Дөңгелек ауыстыратын кезең күзде 4–6 аптаға, көктемде 6–8 аптаға созылады. Осы уақытта, әдетте, бір орын шамамен 50 көлікке қызмет көрсетеді. Қалған уақытта күніне 10–30 жөндеу жұмыстарын жүргізеді.

Басында біз өртеніп кеткен жерді жөндемей, клиенттерімізді жаңа орынға жібереміз деп шештік, бірақ соңғы сәтте құрылысқа кірістік. Бізде біраз құрылыс материалдары болған, қалғанын сатып алдық, жеткізуші жабдықтарды бөліп төлеуге рұқсат берді. Небәрі 2 аптаның ішінде біз өртенген шеберхананың орнына жаңасын салдық. Ақшамыз аз еді. Сол жерде 6–7 жұмысшы жұмыс істеді. Олардың түскі асына ақша жұмсамау үшін өзім түнде тамақ пісірдім — сорпасын, қою тамағын, компот және салат. Ол кезде қызым кішкентай еді, оған ағам қарайласты, мен ыдыстарға тамақ құйып жаттым — 10 литр борщ, палау, көкөніс салаты. Сол кезде күйеуім түнгі 12-де келіп, бірден ұйқыға жатып, таңғы 7-де тұрып, жұмысқа кететін. Бұл біз үшін нағыз сынақ болды. Соның нәтижесінде жаңа вагонымызды уақытылы ашуға үлгердік.

Бәсекелесіміз дәл қарама-қарсы жерден ашылатын

Жылдар өте шеберхананы тұрғын аудандарда, жанар-жағармай құю станциясының, сауда үйлерінің жанында немесе көлік көп жүретін қиылысқа жақын жерде ашқан жөн екенін білдік.

Қаламыз кішкентай болғандықтан, біз әрқашан жағдайға қарап жұмыс жасаймыз, егер кейбір орындар табыс әкелмесе, біз иесіне бір ай бұрын ескертіп, ол жерден кететінбіз.

Бір күні біздің шеберханалардың қасында бәсекелестер пайда бола бастағанын байқадық. Біз бәсекелестікке байсалды қараймыз, бірақ бұл жерде белгілі бір стратегия болғаны анық — адамдарға таныс, қозғалыс ағыны бар жерлерде ғана ашылуды жөн көрді. Бұл жағымсыз, бірақ жиі кездесіп тұратын жағдай.

Біздің табысымыз төмендеді, бірақ банкротқа ұшырамадық. Бұл жағдайдан пайда көруді шештік — бәсекелестердің жақын орналасуы бізге оларды бақылап, клиенттерге жақсырақ қызметтер ұсынуға мүмкіндік берді. Елімізде нарықтық экономика болғандықтан, біз бәсекелеспен күресу үшін барлық күш–жігерімізді тастамауды шештік.

Ішпейтін жұмысшылар табу қиын

Дөңгелек жөндейтін шеберханалардың негізгі қиындықтарының бірі — жақсы қызметкер табу. Арақ ішпейтін, өз ісін білетін, адал ниетті жұмысшыны табу қиын. Өрт оқиғасы бізге осы саладағы қызметкерледің жауапкершілігі жоқ екенін көрсетті, бірақ бизнес, яғни клиенттердің келуі мен тұрақты тұтынушылардың пайда болуы, жалпы табыстың болуы соларға байланысты.

Бұрын қызметкер күнделікті қаражатты жинап алып, бір күні жұмысқа шықпай қоятын. Енді жұмысшыларды ынталандыру үшін оларға күнделікті табыстың бір бөлігін ғана беріп, қалғанын еңбекақы ретінде төлеу жүйесін енгіздік. Табыс — 50/50. Кем дегенде орта есеппен жалақылары 150 мың теңге шығады, маусым кезінде (бұл жылына төрт айға жуық созылатын уақыт) 600–700 мың теңге болып шығады.

Дөңгелек жөндейтін бизнес ашу бойынша ұсыныстар

Шеберхананың табысы тікелей орналасқан жеріне байланысты: егер орналасқан жері дұрыс болса, онда маусым кезінде бұл жерге кезекке тұратын болады.

Ыңғайлы кіру жолы мен кемінде 2 көлік орналасатындай орын таңдаңыз. Шеберханадан тұрғын үйлерге дейінгі қашықтық кемінде 15 метр болуы керек екенін ұмытпаңыз.

Дәстүрлі дөңгелек жөндейтін орын ашу үшін теңгерімдеуші стенд, дөңгелек ауыстыратын станок, үш домкрат, компрессор, шағын құралдар, бүйірлік кесектер пісіруге арналған аппарат және шығын материалдарын сатып алған жеткілікті. Бұл жабдыққа шамамен 2 млн теңге кетеді. Мұндай жиынтықпен көліктердің дөңгелегін ауыстырып, оларды теңестіруге болады.

Дискілер мен шиналарды жөндеуге арналған құралдар қосымша жабдыққа кіреді. Егер олар бар болса, онда сіз клиенттерге маусымға қарамастан табыс табуға мүмкіндік беретін қызметтер ұсына аласыз. Сонымен қатар аргон дәнекерлеу, дискілерді түзету, шиналарды қатайту сияқты қызметтер қосымша табыс әкеледі.

Сондай-ақ, клиент қысқы шиналарды жазда сақтауға қалдыратын шиналарды маусым бойы сақтау қызметі бар. Бұл қызмет үшін сізге ылғалсыз желдетілетін бөлме, сондай-ақ бұл шиналарды есепке алатын жөнді жүйе қажет. Бұл үлкен жауапкершілік, өйткені бөлме өртеніп кетуі мүмкін, ал шиналарды ұрлап кетуі мүмкін. Тәуекелдері көп, ал пайдасы аз.

Жарнаманы бастамас бұрын, шеберхананың өзі көзге түсетіндей болуы маңызды — айқын маңдайша жазу, сапалы материалдардан жасалған әдемі павильон болу керек. Бұл клиенттердің сенімін арттырады. Біз қазір 2ГИС пен Instagram-да жарнаманы жүргіземіз, ал блогерлермен жұмыс істемейміз. Бұрын біз жарнаманы үнпарақтары арқылы жасайтынбыз, қазір бұл ойдан бас тарттық, бірақ барлық шеберханаларда клиенттерге визиткамызды береміз.