Дауыс көмекшісі
kk
Қазақша
Русский
English
ESG15.03.2022

Forbes.kz: «First Heartland Jusan Bank» АҚ Директорлар кеңесінің төрағасы Шигео Катсу мырзамен сұхбат - Jusan жетістігін дамыта түсу

Құрметті Катсу мырза, Қазақстанда көптеген адамдар сізді Назарбаев Университетінің президенті ретінде біледі, бірақ қаржылық басқарушы ретінде сізді танымайтын оқырмандар үшін Jusan тобымен қарым-қатынасыңыз туралы айтып берсеңіз.

 

- Ең алдымен, мен Jusan тобы мен Назарбаев Қоры туралы кейбір БАҚ өкілдері таратқан бірқатар қате мәліметтер мен жаңсақ түсініктерге ойымды айту мүмкіндігіне қуаныштымын.

Назарбаев Университеті (НУ) мен Назарбаев Зияткерлік мектептері (НЗМ) құрылған сәттен бастап Назарбаев Қоры (НҚ), біздің білім беру эндаумент-қоры құрылды. Осы эндаумент-қор жарғыға сәйкес тек білім беру мен ғылыми зерттеулерді қаржыландыруға арналған, біздің академиялық мекемелерімізді ұзақ мерзімді қаржыландыру құралы болып табылады және алға қойған мақсаты - мемлекеттік қаржыландыруға тәуелділікті біртіндеп азайту.

Гарвард, Стэнфорд және т.б. сияқты әлемнің ең үздік университеттерінің көпшілігінде демеушілік ұйымдар мен түлектерден қаражат алатын және университеттердің ұзақ мерзімді өсуі үшін қаржылық активтерді басқаратын осы сынды білім беру эндаумент-қорлары құрылған. Осы эндаумент-қорды, сондай-ақ тұңғыш президенттің есімімен аталатын басқа да қорлармен шатастырмау керек екенін ерекше атап өткім келеді.

Қазақстанның қаржы секторына кіруіміздің себептеріне келетін болсақ, бастапқыда біз университеттің және мектептердің қаражатын банк дағдарысының өршуі жағдайынан қорғағымыз келді. 2017 жылы біз негізінен қазынашылық операцияларымызды жүргізу үшін шағын Экспобанк (бұрын голландиялық ABN AMRO Bank тобының мүшесі болған) сатып алдық. Біздің эндаумент-қорымыздың мінсіз іскерлік беделін және қаржылық мүмкіндіктерін ескере отырып, бір жылдан кейін үкімет бізге проблемалық Цеснабанкті сатып алу туралы ұсыныс жасады, оны сол кезде барлық басқа банктер сатып алудан бас тартты, бірақ оның жүйелік маңыздылығына байланысты банкроттыққа жол берілмеді.

Цеснабанкті сатып алу жөніндегі шешім біз үшін өте оңай болған жоқ, бірақ банктік және инвестициялық менеджерлердің есінде болса соңғы онжылдықта әлемде өте төмен пайыздық мөлшерлемелік көрсеткіштер болды, осы себептерден эндаумент-қордың активтерін арттыру оңайға соққан  жоқ. Сондықтан біз қаржылық қызмет көрсету нарығына шығуды шештік, өйткені біз қаржы мамандарының кәсіпкерлік біліктіліктеріне аса сеніммен қарадық. Нәтижесінде мен Jusan Bank Директорлар кеңесінің төрағасы болдым.

Цеснабанктің проблемалық банктен табысты және тұрақты қаржы институтына жылдам өзгеруіне кәсіпқойлық пен жаңа менеджменттің атқарған жұмысы арқасында қолжеткізілгенін атап өту қажет. Өздеріңіз білетіндей, 2020 жылы бізге тағы да басқа банкті, бұл жолы АТФБанкті құтқару туралы ұсыныс түсті. Біздің команда оның жұмысын оңалту жөніндегі міндетті тағы да орындап шықты, қазіргі уақытта біз Қазақстанның қаржы жүйесі көшбасшыларының бірі болып табыламыз.


Катсу мырза, Jusan тобы туралы көбірек айтып берсеңіз-оның ұйымдастырушылық құрылымы қандай және ол Қазақстандағы басқа қаржы топтарынан несімен ерекшеленеді?

- Jusan тобының негізгі компоненттері: бас ұйым ретінде АҚШ-та тіркелген NU Generation Foundation (NUGF) коммерциялық емес ұйымы; топтың операциялық холдингі болып табылатын Ұлыбританияда тіркелген Jusan Technologies (JT) компаниясы; және тікелей Қазақстанда First Heartland Securities (FHS) банк холдингі және Jusan Bank өзі жұмыс істейді.

Jusan Bank акцияларын иеленетін соңғы ұйым NUGF болып табылады, ол Невада штатының заңнамасына сәйкес АҚШ-та құрылған мүшелігі жоқ (қатысушылар мен акционерлерсіз) коммерциялық емес ұйым.

АҚШ академиялық эндаумент-қорларының жұмыс істеуі үшін ең қолайлы болып табылатын негізгі халықаралық юрисдикцияларды мұқият талдағаннан кейін NUGF үшін юрисдикция ретінде таңдалды.

Құрылтай құжатына сәйкес NUGF жалғыз мақсаты - Назарбаев Университетінің, Назарбаев Зияткерлік мектептерінің және олардың еншілес ұйымдарының қызметін қаржыландыруды қамтамасыз ету. NUGF қаражатын тек осы мақсаттар үшін пайдалануға болады, ал NUGF мүшелерінің, қатысушыларының немесе акционерлерінің болмауына байланысты пайда үшінші тұлғаларға бөлінбейді.

Сонымен қатар, NUGF салық салудан босатылған ұйым мәртебесіне ие болғандықтан, АҚШ федералды салық органдары NUGF өз қызметін қатаң түрде жоғарыда аталған мақсатқа сәйкес жүзеге асыруын мұқият қадағалайды. NUGF қызметінің ашықтығы АҚШ салық органының алдында жыл сайынғы есеп беру арқылы қамтамасыз етіледі. Гранттар төлеу және қаражат алу кезінде NUGF АҚШ заңнамасында коммерциялық емес ұйымдар үшін белгіленген рәсімдер мен шектеулерді, соның ішінде KYC (know-your-customer - "өз клиентіңді біл") рәсімін және ақшаны жылыстатуға қарсы іс-қимыл рәсімін сақтауға міндетті. 

NUGF Директорлар кеңесі қордың қаражатын бөлу туралы шешім қабылдауға уәкілетті жалғыз орган болып табылады. Тағы да, АҚШ-тың салық және корпоративтік заңнамасына сәйкес Директорлар кеңесінің мүшелері құрылтай құжаттарында көрсетілгендей бенефициарлардың мүдделері үшін әрдайым әрекет етуі керек және қаражатты басқа мақсаттарға жұмсай алмайды.

Бұл қор НУ және НЗМ-нің халықаралық аренадағы беделін арттыруға, сондай-ақ НУ және НЗМ-ді дамытуға, әсіресе, АҚШ юрисдикциясының жалпыға бірдей танылған және Америкадағы заңның үстемдігін жақсы білетін Қазақстанда жұмыс істейтін америкалық компаниялардан қаражат тарту үшін орталық тетік ретінде қызмет етуге арналған.

АҚШ-та басқарылатын, табысты білім беру эндаумент-қорлары бар шетелдік университеттер ретінде сонымен қатар KAUST (Сауд Арабиясы) және ADA University (Әзірбайжан) қарастырылады.

Біз құрамында танымал қоғам қайраткерлері мен іскерлік беделі жоғары мол тәжірибеге ие тұлғалар бар халықаралық директорлар кеңесін аса құрметпен атай аламыз. 

Осы қиын-қыстау кезеңдерде, Украинада әскери қақтығыс болып, жан-жақты санкциялардың енгізілуіне байланысты халықаралық жағдай күрделеніп жатқан кезде, біз АҚШ-тағы позициямыздың арқасында өзімізді толықтай қауіпсіз сезінеміз. Біз өз клиенттерімізді бізбен бірге сіздің ақшаңыз қауіпсіз деп сендіргіміз келеді! 

Америкалық ұйым Ұлыбританияда тіркелген біздің топтың операциялық холдингі Jusan Technologies (JT) компаниясына иелік етеді, оның портфеліне банк, брокерлік, сақтандыру және активтерді басқару, сондай-ақ электрондық коммерция, телекоммуникация, логистика және бөлшек сауда секторларындағы компаниялар кіреді. Портфельдік компаниялардың трансформациясымен бірігу және қосып алу жөніндегі қызмет JT жалпы активтерінің ұлғаюына әкелді, бірақ JT жалпы активтерінің 90% Jusan Bank құрайды.

Қазақстан нарығының шектеулі мөлшерін ескере отырып, JT стратегиялық мақсаты - ТМД және басқа да өңірлер (мысалы, Түркия) нарықтарына шыға отырып, жетекші өңірлік қаржы-технологиялық холдингке айналу. Біз өсіп, күшейе түсуіміз керек. Бізге үлкен капиталға қолжетімділік қажет, сондықтан бірнеше жылдан кейін IPO-ны жоспарлап отырмыз. Міне сондықтан біз Ұлыбританияда халықаралық инвесторларды тарту үшін ең қолайлы юрисдикцияға тіркелдік. Әрине, біз өз талдауымызда қазақстандық компаниялардың Лондон қор биржасындағы жуырдағы листингтеріне шолу жасадық.

Егер біз орташа мөлшердегі кезекті банк ретінде әрекет ететін болсақ, біз инвесторларды тарта алмаймыз. Біз тартымды және инновациялық бизнес-модель ұсынуымыз керек. Сондықтан Jusan тобы бөлшек клиенттерге, шағын және орта бизнеске және бақуатты жеке клиенттерге арналған цифрлық банк қызметтері, сондай-ақ электрондық коммерция мен мобильді телекоммуникацияларға негізделген қаржылық емес қызметтер арқылы бірегей интеграцияланған цифрлық экожүйені құруға бар күшін салуда. Даму үшін бұл модель үлкен инвестицияларды қажет етеді.

JT, сондай-ақ, «First Heartland Securities» АҚ иелік етеді, ол Қазақстанда тіркелген біздің банктік холдинг компаниямыз. JT сонымен қатар Jusan Bank және Jusan Ventures, біздің технологиялық топқа иелік етеді.

Сонымен, топ құрамы білім беру эндаумент қорларына қолайлы құқықтық режимде жұмыс істейтін АҚШ-та тіркелген коммерциялық емес қордан, біздің топтың болашақта дамуына капитал тарту үшін Лондондағы Халықаралық қаржы орталығындағы операциялық холдингтен, сонымен қатар біздің қаржылық және қаржылық емес экожүйемізден құралған. Мұның бәрі НУ және НЗМ тұрақты қаржылық болашағын қалыптастыруға бағытталған. Осылайша, біз қазақстандық білім беру секторын дамытуға бағытталған әлеуметтік кәсіпорын нысаны ретінде таныламыз.


Катсу мырза, банкроттық шегінде тұрған қазақстандық банктерді Jusan Bank қалай құтқарғаны туралы айтып берсеңіз.

- Мен Jusan командасын мақтан тұтамын, оның құрамы қазір бір емес, үш банктің қызметкерлерімен толыққан және рекордтық қысқа уақыт ішінде біртұтас жүйе болып қалыптаса алды. Кейбіреулер Jusan Bank-тің жетістігі мемлекеттік қолдаудан деп біледі. Ия, біз қолдау алдық, бірақ үкімет сол кезде банкроттық алдында тұрған ұйымдарды сатып алуды сұрады. Бұл ретте біз Үкіметтен немесе Ұлттық Банктен қаржылық қолдау алған жалғыз институт емеспіз.

Алайда, келіссөздер өте қиын болды, дегенмен олардың астарында ізгі ниет бар еді. Сататындар мен сатып алушылардың позициясында өзіндік айырмашылық бар. Екі мәміле де үкіметтен және жеке сектордан сатып алу кезіндегі жағдай бойынша нарықтық шарттарда активтерді сараптамалық бағалау негізінде жасалды. Мысалы, АТФБанк активтерін бағалауды үлкен төрттікке кіретін компаниялардың бірі жасады. Сондықтан бұл шарттар біздің билікпен жасаған келісімдерге негіз болды. Келісімнің бір бөлігі ретінде қолданыстағы акционерлер үшін қатаң шарттар белгіленді.

Тағы да баса айтқым келеді, мемлекеттік сектор тарапынан көрсетілген қолдау екі қаржылық көмек пакетіндегі басым бөлік Jusan Bank төлеуге тиіс ұзақ мерзімді қарыздар нысанында берілді. Мен First Heartland Securities және Jusan Bank барлық міндеттемелерін толығымен орындағанына өте қуаныштымын. Нәтижесінде шектеулерді, оның ішінде дивидендтерді төлеу бойынша шектеулерді алып тастай отырып банк Цеснабанк үшін де, АТФБанк үшін де дағдарысқа қарсы бағдарламадан сәтті шықты.

Біздің команда депозиттердің сыртқа кетуі мен іскерлік белсенділіктің төмендеуін тоқтату үшін керемет күш салды және табысты бизнес құру үлігісін жасап шықты. Мысалы, команда проблемалық қарыздармен жұмыс істеу бойынша қағидатты ұстанымды әзірледі. Біздің команда қолданатын модель (i) ашық корпоративтік басқару қағидаттарына, (ii) тәуекелдерді басқарудың жаңа жүйесіне, (iii) борыштарды сот және соттан тыс өндіріп алудың түсінікті тетігіне және (iv) борыштарды өндіріп алу процесінде сыбайлас жемқорлық элементінің болмауына негізделген. Команда алдына менің естігенімдей, банк секторында кең таралған және сыбайлас жемқорлықты тудырған қарыздарды бейресми қайта құрылымдаудың кез келген әрекетін үзілді-кесілді қабылдамау және оларды тоқтату бойынша нақты міндет қойылды.

Қарыз алушылар банкпен қайта құрылымдау туралы «келісу»  мүмкін емес екенін түсінген және оларды сот процесі және заңда белгіленген тәртіп бойынша кепілдер мен басқа да активтерді кейіннен сату күтіп тұрғанын түсінген кезде, көптеген борышкерлер қарызды қайта қаржыландыруды, банкке қарызды қайтару туралы ақылға қонымды ұсыныстар жасауды жөн көрді немесе «ғажап жағдайда» қаражат тауып, қарызды толығымен төледі. Нәтижесінде проблемалық активтермен жұмыс істеу және оларды қалпына келтіру бойынша тиімді жүйе мен алгоритм қолданылды.

Кейбіреулер құқық қорғау органдарының күшті қолдауы үлкен рөл атқарды деп санайды. Алайда, мен нарықты жақсы білемін және басқа банктердің мүмкіндіктері дәл осындай еді, алайда олар мүмкіндіктерін толық қолдана алмады. Дәл осы сыбайлас жемқорлыққа ымырасыз көзқарас жылдам оң нәтижелер берді және проблемалық активтердің елеулі бөлігін табысты түрде қалпына келтіруге ықпал етті.

Өкінішке орай, Қазақстанда мемлекет тарапынан банктерді құрдымнан алып шығудың бірнеше мысалы бар – мен оларды айтудан бас тартар едім. Мұндай әрекеттер мемлекет қаражатының босқа кетіріп, халықаралық қаржы нарығында  абыройымызды төмендетті, ең бастысы - азаматтардың елдің қаржы жүйесіне деген сеніміне нұқсан келтірді. Біздің қағидатты тәсіліміз нарық пен сарапшыларды таң қалдырды деп санаймын, талдаушылар проблемалық қарыздардың осылай жылдам қалпына келуін күтпеген еді. Мен бұл туралы аса сөз өрбіткім келмейді, дегенмен менің ойымша, бұл мемлекет тарапынан тым үлкен қаржылық қолдау болды деген қауесеттер мен әңгімелердің катализаторына айналды.

Проблемалық кредиттердің қазіргі деңгейін жалпы кредит портфелінің 10% дейін төмендету және Банктің кірістілік көрсеткіштерін едәуір жақсарту үшін үш жыл қарқынды жұмыс қажет болды. Біз мұндай елеулі табысқа Jusan Bank тарапынан дұрыс бизнес-тәсілді қолдану арқасында қол жеткізілді деп санаймыз: банк Цеснабанк пен АТФБанктен мұраға қалған проблемаларды шешіп қана қоймай, сонымен бірге тұтастай алғанда елдің қаржы нарығы үшін өзекті бола алды. Ол шағын және орта бизнес пен жеке клиенттер үшін қаржылық және қаржылық емес қызметтер экожүйесін құрды.


Жақында қаржы нарығының кейбір сарапшылары 2020-2021 жылдар аралығында банк төлейтін тым жоғары дивидендтер мәселесін көтерді, әсіресе мемлекеттік қолдаудың деңгейін ескере отырып кейбіреулер оларды тым жомарт деп сипаттауы мүмкін. Осы дивидендтерді төлеу орынды ма, жоқ па, түсініктеме бере аласыз ба?

- Маңызды сұрақ үшін алғыс айтқым келеді. Мен бұл туралы түсінік бере кеткім келеді. Билікпен банктерді сатып алу туралы келіссөздер барысында біз олардан кем дегенде нөлдік балансы бар мекемелерді бізге беруді өтіндік. Менің ойымша, әрине ешкім теріс активтермен банкротқа ұшыраған банкті қабылдағысы келмейді. Сондықтан біз өтімділік пен депозиттік базаны қолдауды қамтамасыз ету үшін барлық билік органдарымен және мүдделі тараптармен, соның ішінде «Самұрық-Қазына» және басқа да квазимемлекеттік ұйымдармен келіссөздер жүргіздік. Біз шығындарды, яғни депозиттер мен клиенттік базаның сыртқы ағынын тоқтатуымыз керек еді. Мысалы, біз мемлекеттік сектордың депозиттерін Jusan Bank-тің ұзақ мерзімді міндеттемелеріне шоғырландыра алдық және банктерді капиталдандыру үшін өзіміз шамамен 167 млрд теңге инвестиция салдық. Осы біртұтас қабылданған шаралар арқасында Қазақстанның екі ірі банкін банкроттықтан сақтап қалдық.

Банк секторын тұрақтандыру үшін ресми қолдау деңгейіне келетін болсақ, мемлекеттің Jusan-ға көрсеткен қаржылық қолдауы басқа банктерге (Халық банкі, RBK Bank, Еуразиялық банк, Kaspi Bank және т.б.) көрсетілген қолдау аясынан ерекшеленбейтінін атап өткім келеді.

Күрделі жұмыстар нәтижесінде біз дивидендтер төлей алдық, сұрақ туындайды: неге және не үшін? Себебі біз нөлден құруға тура келген экожүйемізді дамытқымыз келеді. Тиісінше, біз интеграциялық технологияларға айтарлықтай қаражат салдық. Яғни, біз алдағы күндері дамуға негіз болатын экожүйемізге инвестиция салу үшін дивидендтер төледік. Дәл осы жерде сіз айтқан дивидендтердің 97-98% инвестицияланды.

Мен мемлекеттік қолдауға ие болған басқа банктердің дивидендтер деңгейін зерттедім және олармен салыстырғанда, Jusan Bank инвесторларға немесе өз қызметкерлеріне қатысты аса ерекшеленбейді, өйткені біз бизнесті дамытуға бәрін қайта инвестициялаймыз. Ең бастысы, біз НЗМ мен университетті дамытуды қаржыландыруды бастай алдық.


Катсу мырза, бұл қызметтің Қазақстан экономикасы үшін пайдасы қандай және сіздің болашақтағы  жоспарларыңызбен бөліссеңіз?

- Біздің қажырлы еңбектеріміздің бүгінгі таңда айтарлықтай нәтижелері бар екенін нық сеніммен айта аламын. Біз мемлекеттік қазынаға 30 миллиард теңгеден астам салық төледік. Бұл біздің еңбегіміздің 30 миллиард теңгесі ел мен қоғам үшін табысқа айналғанын білдіреді. Мен басқа банктер де солай жасай алмады ма деп сұрағандардың бәріне жауабым: мүмкін, бірақ біз қайдан бастағанымызды ескеру керек, біз сатып алған екі банктің екеуі де құрдымға сүйрейтін қиын қаржылық жағдайдағы банктер еді!

Біздің жетістігіміз сәттілік пен кездейсоқтықтың нәтижесі емес. Біз экономика үшін орасан зор құндылық жасадық, оның ішінде банк жүйесін қалпына келтіру мен жұмыс орындарын сақтап қалу да бар. Біз сондай-ақ шағын және орта бизнес пен корпоративтік сектор үшін де озық қаржы қызметтерін әзірледік. Jusan Invest-те біз қаржылық сауаттылықты оқытамыз. Біз бұрын-соңды инвестиция салумен айналыспаған клиенттерді: үй шаруасындағы әйелдер, студенттер және т.б. өзімізге тарта білеміз, оларды инвестициялау және қаржылық жоспарлау ұғымдарымен таныстырамыз. Менің ойымша, бұл қоғамның дамуына үлкен үлес.

Біз адал компаниямыз. Біз сондай-ақ мемлекеттік құрылымдармен және Президент әкімшілігімен тығыз ынтымақтастықта жұмыс істейміз және «Қазақстан халқына» халықтық қорына көмек көрсетуге рұқсат алу үшін біздің Қордың АҚШ-тағы Директорлар кеңесімен келіссөздер жүргіземіз және жақын арада маңызды үлес қосамыз деп үміттенеміз. Біз «Қазақстан халқына» қоры Қазақстандағы қиын жағдайға душар болған үй шаруашылықтарын, отбасылар мен жекелеген тұлғаларды қолдауға тиіс деген идеяны толық қолдаймыз.

Біз АҚШ-тағы қорымыздың ережелері мен жарғысын басшылыққа ала отырып, Jusan тобының коммерциялық және қаржылық қызметінің барлық түрлерінен түсетін пайда тек білім беруді дамытуға жұмсалуы керек деген қағиданы ұстанамыз. Әрине, қаражатты пайдалануға қатысты ашықтық маңызды. Біздің клиенттер мен қоғам қаражаттың қалай пайдаланылатынын бақылап отыруға тиіс және бәрі де біздің есеп беру талаптарымызға сәйкес келуі керек.

Осы жылдың басынан бастап біз бизнесте шартты түрде «қара аққулар» деп аталатын екі оқиға: Қазақстандағы қаңтардағы қайғылы оқиғалар және Украинадағы қорқынышты әскери қақтығыстарға куә болдық. Ресейге қарсы экономикалық және қаржылық санкциялардың салдары бізге де, бүкіл әлемге де әсер етеді. Мысалы, енгізілген санкциялардың ұзақ мерзімді сипаты Қазақстан мен Ресей Федерациясы арасындағы экономикалық және қаржылық қатынастарда құрылымдық өзгерістерге түрткі болуы ықтимал. Атап айтқанда, басқаларының арасында біздің екі елдің қалыптасқан де-факто валюталарын байланыстырудан ауытқу жоққа шығарылмайды. Билік елді күйзелістерден қорғау үшін қолдан келгеннің бәрін жасайтынына сенімдімін, бірақ бұл өте қиын болады.

Сыртқы қауіптерге қарамастан, біз кредит беру және үй шаруашылықтары мен кәсіпорындарға қолдау көрсету арқылы экономиканы қолдауға тырысамыз. Менің айтайын дегенім, ең болмағанда осы жылды айтқанда біздің табыс бойынша болжамдарымыз әлемдік экономикалық дағдарысқа, атап айтқанда, Қазақстандағы жағдайға өте қатты тәуелді болады. Ағымдағы жағдай осындай күрделі кезеңдерде өтімділіктің жеткілікті қоры мен капиталдың қуатты резервінің болуы бұрынғыдан да маңызды екенін тағы да еске салды.

 Осы сұхбатты болашақ жоспарларымыз туралы азғана сөзбен аяқтауға рұқсат етіңіз. Мен біздің топ үшін жаңа бизнес-стратегияны әзірлегені үшін біздің басқарушы командаға алғыс білдіргім келеді. Jusan  — елдегі көптеген банктердің бірі ғана. Сондықтан біз үнемі өзімізге сұрақ қоямыз, бізді басқалардан не ерекшелендіреді? Ия, біз еңбекқор, адалмыз, алайда басқа банктер де банк секторының игілігі үшін жұмыс істейді деп үміттенемін. Бізге активтеріміздің құнын арттыру тетіктерін анықтау керек болды. Шешім барлық операцияларды цифрландыру және толық интеграцияға өту болды. Бұл тек шағын бизнес, корпорациялар және жеке клиенттерге арналған қаржылық қызметтерге ғана емес, сонымен қатар инвестициялық және сақтандыру қызметтерін, брокерлік қызметтерді және қаржылық қызметтер тізіміндегі барлық нәрселерге де қатысты. Біз электрондық коммерция платформасын құрдық, онда клиенттің қолында бәрі бар. Біз біртұтас экожүйеде жұмыс істеу арқылы бизнестің өсуіне көмектесеміз. Біз сауда алаңын бірінші болып жасамаған шығармыз, бірақ біз толыққанды әмбебап банк ретінде жұмыс істейміз, сонымен қатар мобильді шешімдердің артықшылықтарына ие боламыз.

Біздің орта мерзімді мақсатымыз  — цифрлық экожүйені толығымен дамыту және халықаралық деңгейге шығу. Бұл мақсат үлкен инвестицияларды қажет етеді, сондықтан біз халықаралық капитал нарықтарына шығуды жоспарлап отырмыз. Екі банктің табысты интеграциясына және интеграцияланған экожүйені дамытуға құрылған Jusan Bank беделі мен бизнес-моделі жаңа инвесторлар үшін тартымды болуы тиіс.

Біз ТМД мен өзге де елдерге өзіміздің клиенттерге қызмет көрсетудің бірегей бизнес-моделін экспорттау арқылы одан әрі дамуды жоспарлап отырмыз.  Бізбен бірге болыңыз, сонда сіздің ақшаңыз әрқашан қауіпсіз болады.

Басқа жаңалықтар

Ғалымжан Есенов пен Jusan су тасқынынан зардап шек...

Ғалымжан Есенов пен Jusan Bank тобы 2024 жылғы су тасқыны салдарынан зардап шекк...

Jusan Bank мемлекеттік қолдаудың 100 миллиард теңг...

Алматы. 9 сәуір 2024ж. 9 сәуірде «First Heartland Jusan Bank» АҚ (Jusan Bank) «С...

Ұқсас жаңалықтар

Jusan Bank тұрақты даму туралы үздік есебі үшін ма...

Қазақстан қор биржасы (KASE) ұйымдастырған жылдық есептер байқауында Jusan Bank ...

Jusan банктер арасында ESG-қорытынды есебі рейтинг...

Jusan Bank PwC Kazakhstan құрастырған ESG-қорытынды есебі бойынша елдің 50 үздік...

Jusan Bank S&P Global Corporate Sustainability Ass...

S&P Global Corporate Sustainability Assessment халықаралық агенттігі алғаш р...