Дауыс көмекшісі
kk
Қазақша
Русский
English
Жаңалықтар24.04.2023

Сыртқы қарыздан бас тартуға болмайды – Jusan Bank басшысы

Нұрдәулет Айдосов мемлекеттік қарыздың Қазақстан экономикасына қандай салмақ түсіретінін, республиканың шетелдік инвесторлар алдында қандай беделі бар екенін және Ұлттық қор резерві бола тұра сыртқы қарыздан неліктен бас тартуға болмайтынын айтып берді.

Әлемнің басқа елдері сияқты Қазақстан да салық түсімдері толық көлемде жаба алмайтын бюджет шығынын қаржыландыру үшін мемлекеттік қарыз алуға ұмтылады. Тартылған қаражат экономикамыз бен инфрақұрылымның маңызды секторларын дамытуға, шағын және орта кәсіпкерлікті қолдауға, әлеуметтік көмек пен қамсыздандыруға бағытталады. Бір жағынан, әкелінген қаражатты тиімді пайдалану отандық экономиканың өсу потенциалын айтарлықтай арттыруы мүмкін, ал екінші жағынан, өте үлкен көлемдегі қарыз мемлекеттік қаржы үшін әжептәуір проблема тудырады. Белгілі қаржыгер, инвестициялық және коммерциялық банкинг эксперті, Jusan Bank басшысы Нұрдәулет Айдосов Forbes.kz басылымына берген сұхбатында мемлекеттік қарыз мәселесінің өзекті сауалдарына пікірін білдірді. 
 


– Нұрдәулет Ғалымұлы, өзіңіз білетіндей, мемлекеттік қарыз мөлшері бүкіл әлемде ең көп талқыланатын тақырып десек қателеспейміз. Әдетте АҚШ, Жапония сияқты елдердің аса жоғары қарыз көлемі туралы айтылып жатады. Ал біздің елдегі мемлекеттік қарыздың жағдайы қандай? Қауіптенуге қандай да бір себеп бар ма?

– Бұл сұраққа жауап бермес үшін мынаны айтайын: мемлекет қарызды негізінен жалғыз мақсатпен алады, ол – экономиканың дамуына қолдау көрсету. Сол себепті өз экономикаңды нығайту үшін қарыз алу, сосын оны қайтару – қалыпты тәжірибе. Әдетте мемлекеттік қарыз мөлшерін жалпы ішкі өнімге (ЖІӨ) пайыздық қатынаспен өлшеп жатады. Алайда бұл көрсеткіштің жоғары деңгейі елдегі проблемаларды жүз пайызға көрсете бермейді. 

Бұл жерде бизнеспен параллель жүргізуге болады – бизнес үлгісі маңызды, қарыздарға қызмет көрсету және қажет болған жағдайда көбірек қарыз алу мүмкіндігі. Кейбір елдер ғасырлар бойы қарыздар бола береді, бірақ инвесторлар да оларға қарыз бере береді. 

ЖІӨ-дегі мемлекеттік қарыз қатынасының 77%-дан асуы экономика перспективасына негативті әсер етуі мүмкін деп пікір айтады Дүниежүзілік банк сарапшылары. Бірақ көптеген дамыған елде мемлекеттік қарыз көлемі аталған деңгейден әлдеқашан асып кетті. Олар – Жапония, Сингапур, АҚШ және басқа да елдер. Сондықтан қарызбен байланысты тәуекелдер қарыз алушы өзі көтере алмайтын ауыртпалықты мойнына алған кезде ғана туындайды, тиісінше экономика үшін үлкен проблемалар туғызуы ықтимал. Әрине, біздің елді әлі де болса жаһандық лидерлермен салыстыруға болмайтын шығар. Соған қарамастан бағдар жасауымызға толық негіз бар. 

Қазақстанның мемлекеттік қарызы небәрі 25,3 трлн теңгеге тең. Бұл – ЖІӨ-нің шамамен 24-25%-ы. Көріп отырғанымыздай, өте төмен деңгейде тұр. Ең бастысы, Қазақстан мемлекеттік қарызының басым бөлігі – 17,5 трлн теңге – ішкі қарыздар, яғни, резиденттеріміз алдындағы, теңгемен алынған қарыздар. Мұндай қарыздың тәуекелі төмен және басқарылуы ыңғайлы болмақ.

Міне, осы кезде неге біз осындай ақшаға 100 зауыт салып тастамаймыз, не болмаса инфрақұрылымды ауыстырмаймыз деген сауалдың туындауы заңды. Алайда шешімді өте мұқият қабылдау керек, бірінші кезекте стратегия және қаржы моделін қабылдау маңызды. Біздің Қаржы министрлігі және мемлекеттік қарыз алу департаментінің қазіргі және бұрынғы құрамы мемлекеттік қарыз мәселесіне қатысты аса байыпты шешімдер қабылдай алды. Қазіргі қарыздың теңгерімі – соның дәлелі. Қалай болғанда да цифрлар жалған сөйлемейді. 
 

– Сіз айтқандай, қарыздың көбі – ішкі қарыздар. Ал сыртқы қарыз туралы не айтасыз? Оның деңгейі қаншалықты қолайлы? Біздің ел бұл тұрғыда шетелдік инвесторлар мен кредиторлар үшін қаншалықты қызықты?

– Қалған 7,8 трлн теңге, бұл – өзге мемлекеттер, шетелдік ұйымдар мен жеке инвесторлар алдындағы берешек. Сыртқы мемлекеттік қарыз – шетелдік инвесторлардың Қазақстанға білдіретін сенімінің индикаторы. 

Мемлекет басқа қарыз алушы сияқты пайыздарды төлей отыра өзіне жүктелген міндеттемені орындауға міндетті. Елге деген сенім деңгейі неғұрлым жоғары болса, соғұрлым оған несиелер ықыласпен беріледі және ол инвесторларға ұсынатын бұл қарыздың бағасы соғұрлым төмен болады. Мемлекеттік қарыз жағдайында сенім деңгейі тәуелсіз несие рейтингі және инвестициялық климат арқылы анықталады. 

2019 жылдың соңында Қаржы министрлігі дер уақытында 1,15 млрд еуро сомасына еурооблигацияның екі траншын шығарды. Сол кезде мен инвестициялық банкир ретінде консорциум құрамында осы мәмілеге белсенді қатыстым. Ұйымдастырушылар командасы сыртқы нарықта 110 сапалы инвестордан 2,8 млрд еуроға өтінім жинай алды. Яғни, сұраныс шығарылымнан 2,5 есе асып түсті. Бұл 15 жылдық еурооблигациялар шығарылымы ТМД елдерінің эмитенттері арасында ең ұзақ шығарылым болды және олар бойынша мөлшерлемелер ВВВ рейтингтік санаты бар елдер үшін тарихи төмен деңгейде белгіленген. Көрдіңіз бе, бұл – жоғары сенім деңгейі. Бұдан басқа да мысалдар көп, дегенмен оларды санамалап отырғанға уақыт тапшы. 

Бір тұрғыдан алғанда, шығарылған еурооблигациялар Қазақстанға өзінің қарыздық міндеттеме портфелін әртараптандыруға мүмкіндік берді, екінші тұрғыдан – Қазақстанның шетелдік инвесторлар үшін қаншалықты қызық екенін айғақтап берді: қарыз қауіпсіздігі және экономикалық перспектива жағынан да. 

Еліміздегі жинақтаушы жүйелер – Ұлттық қор мен Ұлттық банктің халықаралық резерві де шетелдік инвесторлардың оң шешім қабылдауына әсер етеді. 
 

– Нұрдәулет Ғалымұлы, мемлекеттік қарызға қызмет көрсетуге біздің ел қанша қаражат жұмсайды?

– Қазақстанда қарыз бойынша пайыз төмен саналады және соңғы 5 жылда орташа 5,2 пайызға жетеді. Бұл тартылған қаражаттың айтарлықтай төмен құнын және Қазақстанның жоғары тәуелсіз рейтингке ие екенін көрсетеді. 

Дегенмен соңғы уақытта жыл сайын мемлекеттік қарызға қызмет көрсету мәселесі қоғамды алаңдата бастады деген пікірлерді жиі ести бастадық. Ол рас, мемлекеттік қарыздарға қызмет көрсету шығыны жағынан бесінші позицияда тұр. Ол бюджеттік шығынның 7 пайызын алады. 

Халықаралық тәжірибеде мемлекеттік қарызды өтеуге үкімет бюджеттің орташа 15 пайызын жұмсайды. Тәуелсіз рейтингі жоғары елдер қарызға қызмет көрсетуге бюджет шығынының 10 пайызға жуығын жұмсаса, төмен рейтингтегі елдердегі бұл көрсеткіш 23 пайыздан асып кетеді. Сондықтан мен қарыздық жүктеменің артқанын білдіретін жоғары шығындарды 25%-дан жоғары деңгей деп санауға болады дегенді құп көремін. Сол шектен әрі қарай фискалдық саясатты маневрлеу еркіндігі шектеледі және шын мәнінде мемлекеттік қаржы кредиторлар үшін жұмыс істей бастайды. Бұл экономикасы әлсіз елдер үшін қорқынышты болса, экономикасы жолға қойылып, дамыған елдер үшін әдеттегі күн болып есептеледі. Сондықтан қазір Қазақстанда мемлекеттік қарызды өтеу тұрғысынан проблема жоқ деп айта аламыз. 

Жақында Jusan Analytics эксперттерімен бірігіп қарыз орнықтылығының индексін жасап шықтық. Жиынтық ЖІӨ-сі әлемдік ЖІӨ-нің 90%-дан асатын алғашқы 46 елді алдық. Бұл елдерді үш көрсеткіш бойынша бағаладық: ЖІӨ-дегі мемлекеттік қарыз, бюджеттің қарыз жүктемесінің коэффициенті және обигациялық шығарылымдарға (CDS) 5 жылдық несие-дефолттық свопы. Нәтижесінде біздің ел Израиль, Ұлыбритания және Польша сияқты сенімді рейтингке ие 25 елдің қатарына енді.


– Көпшілікті алаңдататын сұрақ: бізде Ұлттық қор болғандықтан мемлекеттік қарыздан бас тартсақ болмай ма? Ұлттық қор қаражатын өзекті мәселелерді шешуге жұмсауға болушы еді ғой?


– Ұлттық қор – келешек ұрпаққа деп жиналған резерв. Оның қаржысы ұзақ мерзімді стратегиялық мақсат пен перспективаны ескере отырып жұмсалуы керек. 

Бірінші кезекте, Ұлттық қордың сақталуын және ондағы қаражаттың көбеюін қамтамасыз ету маңызды. Ол қазіргі міндеттерді шешу үшін жұмсалмауы керек. Мемлекет басшысы қор қаржысының пайдаланылуына ерекше көңіл бөліп отыр. Сол үшін қорды сапалы басқару, оның инвестициялық кірісін сақтау бойынша Үкімет пен Ұлттық банкке тапсырма жүктеді. Құзіретін және монетарлық операция департаменті командасының нәтижесін білгендіктен олардың осыған дейін де табысты басқарып келгенін және өз миссияларын абыроймен атқара алатынын айтқым келеді.

Менің және әріптестерімнің пікірі: мемлекеттік қарыз – әрқашан нарықтық қатынаспен жұмыс істейді. Егер инвесторлар тарапынан төмен мөлшерлеме бойынша біздің қарызға сұраныс болса, онда жеке жинақты табысты құралдарға инвестициялаған әлдеқайда тиімді болмақ. Ал бюджет тапшылығын жабу үшін арзан сыртқы қорландыруды тартқан қолайлы. 

Осы тұрғыдан алғанда 2030 жылға дейінгі Ұлттық қордың активтерін дамыту тұжырымдамасына сай, қордың валюталық активін қазіргі 58,5 млрд доллардан 2030 жылға таман 100 млрд долларға дейін арттыру маңызды. Менің пікірімше, Қазақстанда толыққанды бюджет ережесін енгізген жағдайда, яғни күрделі пайыз принципі бойынша өсетін активтерді көбейтетін модельге сәйкес, яғни капиталдандыру арқылы аталған міндет оңай орындалады. Бұл әрқашан қайталап алынатын «тік» қарыздан жақсы. Өз қаражатыңызды инвестициялап пайда тауып, қосымша қаржылай қор ұстап, ал арзан ақшаны шетелден алып отырған дұрыс. 
 

– Сіздің ойыңызша, Қазақстанның мемлекеттік қарызды одан әрі көбейтуіне потенциал бар ма? Мемлекеттік қарыз проблемаға айналмай, ел экономикасының өсіміне жұмыс істеу үшін не істеу керек?

– Экономиканың әрі қарай қауіпсіздігі үшін Қазақстанның мемлекеттік қарызының өсуіне қатысты әлеует бар. Меніңше, біздің еліміз үшін салыстырмалы түрде қолайлы сыртқы ортада мұны пайдалану керек. Ең бастысы, Қазақстанда өңірдегі ең жоғарғы тәуелсіз рейтинг бар. Жақында S&P Global Ratings агенттігі Қазақстанның несие рейтингі болжамын «негативтіден» «тұрақтыға» өзгертті. Бұл елдің инвестициялық тартымдылығының артуына және қарызды әлдеқайда тиімді шартпен алуына жағдай жасайды. Сондай-ақ қазіргі қарыздарды тиімді шарттармен қайта қаржыландыруға мүмкіндік береді. Мемлекеттік қарыз проблемаға айналмай, экономикалық өсім мүддесіне жұмыс істеу үшін займ қаражатының тиімді пайдаланылуын бақылау керек. Бұл негізінен инфрақұрылымдық жобаларды, сондай-ақ адам капиталының өсуіне, экономикалық өсуді ынталандыратын және халықтың әл-ауқатын жақсартуға мүмкіндік беретін жаңа технологияларды енгізуге бағытталған жобаларды қаржыландыру қажеттілігін білдіреді.
 

Дереккөз 

Басқа жаңалықтар

Moody's Jusan Bank-тің позитивті болжаммен «Ba3» д...

Алматы. 16 шілде 2024ж. Moody's Ratings (Moody's) халықаралық рейтинг агенттігі ...

«Jusan Vibe» Қазақстанның бірегей құстарының көрме...

«Қазақстан құстары» көрмесінің келушілері еліміздің қанаттылар алуандығын түсірг...

Ұқсас жаңалықтар

Jusan Bank өз қосымшасына “Алматы паркинг” қызметт...

Jusan бұдан былай «Алматы Паркинг» қызметтерін банк қосымшасында төлеуге болатын...

S&P CSA Jusan Bank-тің тұрақты даму саласындағы ба...

«First Heartland Jusan Bank» АҚ (бұдан әрі — Банк) S&P Global Market Intelli...

Jusan Singularity Алматыда IT бойынша тегін оқуға ...

Jusan компаниялар тобының Jusan Singularity білім беру жобасы Almaty IT Сamp бағ...