Дауыс көмекшісі
jusan_logo
kk
Қазақша
Русский
English
location
Jusan-да іздеу
Жаңалықтар18.04.2023

Jusan Bank-тің «жасыл» басымдықтары

Климаттық ақпаратты жариялау Қазақстанның банк секторының тұрақтылығы мен инвестициялық тартымдылығын қалай арттырады

Бүгінде климаттың өзгеруі мен оған қатысты қауіп-қатерлер жаһандағы басты мәселеге айналып отыр. Қазірдің өзінде бұл күллі әлемдегі халықтың өмір сапасына, ұзақ мерзімді экономикалық тұрақтылыққа айтарлықтай ықпал етуде. Сондықтан БҰҰ климат мәселесін өршітпеу үшін мұны Тұрақты даму мақсаттарына (ТДМ) енгізді. Бұл мақсаттар мемлекеттер мен бизнестің дамуын бағдарлауға бағытталған. Елімізде әзірге климат тақырыбына алаңдаулы компаниялар саусақпен санарлық. Олардың арасында Қазақстандағы ең ірі қаржы институттарының бірі – Jusan Bank өзгелерге үлгі бола алады. Былтыр басқарманың жаңа төрағасы Нұрдәулет Айдосов келгеннен кейін банк ESG-ді күн тәртібіне білек сыбана енгізіп, ЕДБ арасында бірінші болып көміртек ізін есептеді.

Нұрдаулет Ғалымұлы, екінші деңгейлі банк үшін өз көміртек ізін есептеу және климат мәселесіне басымдық беру неге маңызды?

- Соңғы 10-15 жылда экономикалық даму үлгілерінде климаттық процесстер мен болжамдар ескеріле бастады. Климат тақырыбын да стратегиялық басымдық ретінде белгілеген елдер саны едәуір артып келеді. Қаржы секторы – экономиканың негізі екені белгілі. Бүкіл әлем аз көміртекті дамуға ұмтылса, онда мұның қозғаушы күші әрі капиталдың негізгі көзі ретінде банктің рөлі зор.

Біз әлемде көміртек бейтараптығы мен Net-Zero концепциясының маңызы артып жатқанын көріп отырмыз, ал жеке бизнес бұл мәселеде алтын көпір іспеттес. Оның себебі де түсінікті. Ғылыми деректерге сүйенсек, климаттық өзгерістердің қатерлі салдарын болдырмау үшін жаһандық температураның деңгейі өнертабыстар дәуіріндегі көрсеткіштен 1,5°C-қа аспауы қажет. Бұл ретте мемлекет, бизнес және қоғамның өзара белсенді іс-қимылы маңызды.

Әлемде көптеген банктер 2030-2050 жылдарға арналған климаттық міндеттемелерді өз еркімен қабылдады. Бұл міндеттемелер Science Based Targets Initiative арқылы тәуелсіз тексеруден өтеді. Мәселен, БҰҰ Қоршаған орта бағдарламасының Қаржы бастамасының демеуімен 2021 жылы Net-Zero Banking Alliance құрылды. Алғашында 43 қатысушы құрған қауымдастықтың құрамы 2023 жылы 130 банкке жетті. Бұлар жаһандық банк активтерінің 41% қамтамасыз етеді.

Дүние жүзінде климаттық күн тәртібінің рөлі арта түссе, Қазақстан да бұдан шет қалмауы керек, қазірдің өзінде біз өзгерістердің салдарымен бетпе-бет келудеміз. Мұны елемеуге болмайды, өйткені бұл ірі бизнестің тұрақтылығы мен оған деген сұранысқа кері әсерін тигізуі мүмкін. Осы орайда климат саласындағы нормативтік талаптардың күшеюін және оған рейтинг агенттіктерінің айтарлықтай назар аударуын ескерген жөн. Бұған тек банктер ғана емес, барлық компаниялар мен мемлекет алаңдауы керек.

Банктің көміртек ізін есетеп, оны халықаралық деңдейде растаған соң, іс бітті ме? Jusan Bank-тің осы бағыттағы стратегиясы қалай өрбуде?

- Jusan Bank БҰҰ Жаһандық шартының мүшесі әрі жауапты банк қызметіне бағытталған әлеуметтік компания ретінде ESG корпоративтік трансформациясының аясында реттеушінің ұсыныстары мен кең ауқымды стейкхолдерлердің мүддесін ескере келе өзінің климаттық күн тәртібін қалыптастыруды бастады. Бұл күрделі және ұзақ мерзімді міндет. Себебі климатқа қатысты сапалы ақпаратты жариялау, климаттық саясат пен стратегиялық құжаттарды әзірлеу, тәуекелді бағалау бір мезетте шешіле салатын дүние емес, елеулі инвестиция мен көп тер төгуді қажет ететін жұмыс.

Jusan Bank-тің климаттық күн тәртібі БҰҰ ТДМ және Қазақстанның көміртек бейтараптығына қол жеткізу жөніндегі бастамаларына сәйкес дамып келеді. Негізгі құжат – Париж климаттық келісімі және оған қатысты барлық бастамалар. Бұл тұрғыда Jusan Bank парникті газдар шығарындыларын тұрақты түрде бағалауды алғашқылардың бірі болып қолға алған қазақстандық қаржы институты екенін ескергім келеді. Бағалау парникті газдар бойынша халықаралық хаттамаға (GHG Protocol) және Қазақстанның экологиялық заңнамасының талаптарына сәйкес жүргізіледі. Биыл біз жеке көздер (Scope 1) мен сатып алынған энергия көздерінен (Scope 2) бөлінген шығарындылардан бөлек, Scope 3 эмиссияларын қадағалауды бастадық. Өз кезегінде мұның барлығын Jusan Bank-тің 2022 жылға арналған тұрақты даму есебінде мүдделі тараптардың назарына ұсынамыз. Jusan Bank-тің 2022 жылғы жалпы шығарындылары 43,59 мың тонна СО2 жетті, бағалау ISO 14064-3-2019 «Парникті газдармен байланысты верификация және валидация бойынша талаптар мен нұсқаулар» стандартnарының талаптарына сәйкес тексеруден өтті.
Осы бір жұмыстарымыз бізге бизнесіміздің климатқа әсерін нақты түсінуге мүмкіндік береді, онсыз бұл салада тиімді ұзақ мерзімді жоспар құру мүмкін емес. Сонымен қатар банк климаттық тәуекелдерді бағалауды және несиелендірілген секторларды егжей-тегжейлі климаттық талдауға кірісті. Яғни, біз бұл күн тәртібін одан әрі – клиенттеріміз бен серіктестерімізге таратамыз.

Біз қаржыландырылатын эмиссияларды бағалауға дайындалудамыз, өйткені кез келген банк үшін несие және клиент портфельдері – климатқа әсер ететін күштің көзі. Жетекші экономикаларда мұндай статистика – әдеттегі тәжірибе. Қазақстанда шағын бизнес пен жеке кәсіпкерлерді айтпағанның өзінде, ірі және орта компаниялар көміртек ізі жайлы ақпарат жарияламайды. Сол себепті қаржыландырылатын эмиссияларды бағалау қиынға соғуы ғажап емес. Дей тұрғанмен Jusan Bank құзыретке ие қызметкерлер мен кеңесшілердің қолдауын ескерсек, мұны сәтті еңсеретініне сенімдімін.

Ал 2023 жылдан бастап біз еншілес компанияларымыздың көміртек ізін бағалауды жоспарлап отырмыз, бұл бүкіл Jusan Тобы бойынша жан-жақты түсінік қалыптастыруға сеп болады. Келесі кезекте көміртек бейтараптығына көшуді жалғастырудың негізін қалайтын орта мерзімді климаттық стратегияны әзірлеу жоспарлануда.


Көміртек бейтараптығы саласындағы заңнаманың жоқтығын ескерсек, нарық қатысушылары ESG және климаттық күн тәртібі бойынша өзгерістерге дайын болуы үшін нені ескеруі керек?

- Біз операциялар кезінде бөлінген эмиссияларды өтеу үшін баламалы электр энергиясын тікелей қол жеткізу, энергия тұрғысынан тиімді технологияларды пайдалану, жасыл сертификаттар мен көміртек офсеттерін сатып алуды қарастырудамыз. Бір өкініштісі, Қазақстандағы банктер эмиссиялардың ұлттық сауда жүйесінде көміртек активтерімен сауда жасауға құқығы бар компаниялардың қатарында емес. Сондықтан халықаралық ерікті көміртек нарықтарының әлеуеті зерттелуде.

Климатпен байланысты үлкен мүмкіндіктерді байқап отырғанымызды атап өткім келеді. Мысалы, Қазақстанда көміртек бейтараптығына қол жеткізу стратегиясының бекітілгенін ескерсек, жасыл жобаларды жүзеге асыруға мүмкіндік беретін қаржы өнімдері мен шешімдерге тұтынушылар қызығушылығының күрт артуы болжануда. Бірқатар еуропалық, азиялық және америкалық банктерді бақылай отырып, климаттық күн тәртібі мен жасыл қаржыландыру қаржы секторын дамытудың жаңа күшті драйверіне айналады деген тоқтамға келдім.
Jusan Bank климаттық күн тәртібін маңызды басымдық ретінде белгілеп, ESG трансформация процесін жүзеге асырып жатқанын айтып өттім. Климаттың озық тәжірибелері мен үлгілерін жақсы түсінеміз. Бұл ретте Қазақстанның ерекшеліктерін ескереміз. Еліміз төмен көміртекті дамуға көшкенін жақында жариялады және тиісінше бизнеске бейімделу және қайта құру үшін уақыт қажет. Осы факторларды біріктіріп, ең тиімді және нақты нәтижеге қол жеткізу үшін тепе-теңдікті табу – таяу болашақтағы басты міндетіміз.

Еске салсақ, ЕО, Ұлыбритания және басқа да бірқатар юрисдикциялардың жетекші банктерінің климатқа бет бұрғанына 10-15 жыл болды, сондықтан олардың тәжірибесін көшіре салу мүмкін емес. Жетекші қаржы институттары, ең алдымен, TCFD (Task Force on Climate-related Financial Disclosures, Климатпен байланысты қаржылық ақпаратты ашу жөніндегі жұмыс тобы) кеңестеріне негізделген климаттық есепте айтарлықтай жетістіктерге жетті. Десек те кейбір бағалаулаға сәйкес осы уақытқа дейін әлемдегі банктердің 60%-ы ғана көміртек бейтараптығы бойынша мақсаттарды бекіткен, ал 35% -ында бекітілген климаттық саясат бар.

Инвестициялары арқылы ESG трансформациясын іске асыратын кез келген жеке компания үшін климат саласында халықаралық тәжірибені енгізуде тексерілген реттілігінің маңызын ескергім келеді. Климатқа қатысты өршіл бастамаларды енгізуде асығыстық таныту  бизнестің тұрақтылығына кері әсер етуі мүмкін. Одан өзге бұл корпоративтік бюджетке ауыртпалық түсірмейтіндей етіп, климаттық шараларға ұзақ мерзімді қаржылық инвестициялармен байланысты. Сондай-ақ ұйымда тиісті құзыреттерді қалыптастыру бір ғана жыл ішінде орындалмауы қажет. Сондықтан Jusan Bank климат саласындағы шешімдері мен әрекеттерінің кезеңділігі және негізділігі қағидаттарына мән беруді жалғастырмақ.

Бұл тәсіл жалпы қоғамға оң әсер етіп, акционерлерді тұрақты кіріспен қамтамасыз етіп, сондай-ақ  клиенттермен сенімді қарым-қатынасқа орнатуға кепілдік береді. Біз PR үшін жұмыс істемейміз.

Мұнымен қоса Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің отандық қаржы институттарының озық климаттық тәжірибеге сапалы түрде көшуін қамтамасыз етуге, оның ішінде халықаралық стандарттар бойынша климаттық ақпаратты жариялаудағы ынтасын қолдағым келеді. Бұл бастама Қазақстанның бүкіл банк секторының ұзақ мерзімді тұрақтылығы мен инвестициялық тартымдылығын арттыратынына сенімдімін.

Нұрдәулет Ғалымұлы, климаттық күн тәртібі экономика мен бизнеске қалай әсер етеді? Ал бұл Қазақстан экономикасы үшін неліктен маңызды?

- Жаһандық геосаяси проблемаларға байланысты соңғы жылдары энергетикалық ресурстар мен азық-түлік бағасы көтерілді. Еуропада климаттық жағдайдың нашарлауы газ тапшылығымен қоса, аймақтың азық-түлік қауіпсіздігіне және жалпы инфляцияның үдеуіне кері әсерін тигізді. Газ бағасының өсуі өндіріс шығындарының артуына және азот минералды тыңайтқыштар бағасының күрт өсуіне әкелді. Сол себепті ірі еуропалық өндірушілер тыңайтқыштар өндірісін қысқартты, бұл өз кезегінде өнім көлемінің төмендеуіне және ауыл шаруашылығы өнімдерінің қымбаттауына әкеп соқты. 2022 жылдың наурыз айында Германияда ең көп сұранысқа ие азот тыңайтқыштарының бағасы екі есе өсті. Осылайша, КАС (карбамид пен аммоний селитрасының сұйық қоспасы) 400-ден 1000 еуроға, карбамид 500-ден 1300 еуроға дейін қымбаттады. Газ бағасының жоғары болуына байланысты еуропалық зауыттар толық қуаттылығының тек 45% бойынша жұмыс істейді.
Нәтижесінде 2022 жылы ЕО-да азық-түлік тауарларының құны 14%-ға өсті. Бұл энергия ресурстарының бағасына теріс әсер етіп қоймай, қалыптан тыс инфляцияның 10,4%-ға өсуіне әкелді. Бұл Еуропалық Орталық банктің (ЕОБ) мақсатынан 5 есеге көп. Бағалардың шарықтауы мен ЕО және ЕОБ үкіметтерінің шаралары экономикалық өсім мен белсенділік болжамдарының төмендеуіне әкелді. 2022 жылдың қорытындысы бойынша ЖІӨ 3,6%-ға (2021 жылы 5,3%) өсті және ЕОБ болжамы бойынша 2023-2025 жылдары бұл көрсеткіш 1-1,6% деңгейінде болады. Қазақстан шетелдік өнімдерді импорттаушы әрі әлемдік экономиканың бір бөлігі болғандықтан, әрине, бұл біздің нарықтың жағдайына да тікелей әсер етеді.

Айта кетсек, биыл ақпанда Еуропалық Комиссия ЕО өнеркәсібінің бәсекеге қабілеттілігін арттыру үшін Жасыл бағыт жоспарын қабылдады. Ол 2050 жылға қарай ЕО-ның парникті газдар шығарындыларын нөлге дейін төмендетуге бағытталған «Жасыл келісіммен» біріктіріледі. Таза өнеркәсіпті, сондай-ақ жасыл энергияны өндіруді теңдессіз қолдау бойынша бірқатар заңнамалық шаралар әзірленеді. Мұның барлығы ЕО-ның 2050 жылға қарай Net-Zero жоспарлары өзекті болып қала беретінін көрсетеді, ал жасыл қаржыландыру тұрғысынан бұл қаржы секторының рөлі әрі қарай еселенетінін білдіреді. Ал Қазақстан табиғи ресурстардың ең ірі экспорттаушысы боландықтан, өндірушілер мен жер қойнауын пайдаланушыларға да осындай талаптарды енгізу қажеттілігіне сөзсіз тап болады.
 

Дереккөз
 



 

Басқа жаңалықтар

Jusan Bank мемлекеттік қолдаудың 100 миллиард теңг...

Алматы. 9 сәуір 2024ж. 9 сәуірде «First Heartland Jusan Bank» АҚ (Jusan Bank) «С...

Jusan Business командасы Demo Day күнінде өз өнімд...

Jusan Business командасы дәстүрлі Demo Day іс-шарасын өткізді, оның барысында ол...

Ұқсас жаңалықтар

Jusan Bank су тасқынынан зардап шеккендерге қолдау...

Алматы. 3 сәуір 2024 жыл. Jusan Bank су тасқынынан зардап шеккен қазақстандықтар...

Гульмира Джумадиллаева Jusan Bank Басқарма Төрағас...

Алматы. 2 сәуір 2024 жыл.Ағымдағы жылдың 2 сәуірінде өткен «First Heartland Jusa...

Jusan Bank басшылығында орын алған өзгерістер жайл...

Jusan Bank басшылығында орын алған өзгерістер туралы хабарлады28 ақпанда «First ...