Банк қызметтерін бизнес басқару құралына айналдыру

Қаржы қадағалауды жеңілдету жолдары

Ақбота Хасенова

Ақбота Хасенова

автор

Ирина Дубчак

Ирина Дубчак

редактор

Банк қызметтерін бизнес басқару құралына айналдыру

Қымбат өз үйінде кондитер өндірісін ашып, тапсырыс бойынша торт пісіреді де, Instagram арқылы сатады. Оның «Тоқашмейкер» атты жеке кәсіпкерлігі (ЖК) таргет жарнамасы мен біреуден-біреуге айтып жарнамалау арқылы жақсы көтеріліп келеді, оның клиенттері де, ақша айналымы да, жұмыс көлемі де өсіп бара жатыр. Бұның барлығын жөнді қадағалау үшін Қымбат банк қызметтерін пайдаланады.

Алдыңғы мақалада біз Қымбаттың банк таңдап, шотты қалай ашқанын, интернет-банкинг пен бизнеске арналған карталарды қалай пайдаланып жүргенін жаздық, ал мына мақалада ақшаны қалай реттеп, салықтарды ненің көмегімен төлеп жүргені туралы айтып береміз.

Кредит өнімдері

Бизнеске арналған кредиттер мен кредит желілері — бұл банктің клиентке бизнесті ұлғайту, жабдық алу, касса алшақтығын жабу, т.б. шығындарды өтеу үшін қарызға беретін қаражаты. Бизнес-кредит алсаңыз, ақша шотқа бірден толығымен аударылады. Ал кредит желісін ашсаңыз, қарызды өтеген сайын, ақшаны қайтадан шешіп отыра алатын боласыз — бұл кредит түрі жаңартылмалы кредит деп те аталады.

Уақыт өті келе, Қымбаттың торттарына тапсырыс көбейе бастайды, оны орындау үшін қосымша жұмысшы мен мықтырақ кондитер жабдығы керек, ал кішкентай ас үйде тіпті адам айналатын жер де жоқ. Алдымен, Қымбат кеңірек орын жалдап, кондитер цехін ұйымдастырғысы келеді. Оны сатып алғаннан көрі, жалға алған әлдеқайда арзан көрінеді, бірақ цехқа арнайы жабдық алу керек, әрі жұмысқа, ең болмаса, тағы бір кондитер алып, орнығып алу керек. Бұның барлығына Қымбаттың ақшасы жоқ, сол себепті ол қайтадан банкке барады.

Қымбаттың жоспарлы шығындарын өтеуге аса көп ақша қажет емес, сол себепті ол бизнестің қаржы жағдайын тексермейтін, кепіл сұрамайтын, көп құжат қажет етпейтін шағын кредит алғысы келеді. Мұндай шарттармен оған онлайн-кредит алуға болады: ол кез келген мақсатқа беріледі, ал оны алу үшін тек ЖК иесінің ЖСН мен телефон нөмірі ғана қажет.

Қымбат банк сайтындағы калькулятордың көмегімен кредиттің болжалды шарттарын тексеріп алады: егер ол 3 млн теңге алып, оны 12 айда өтегісі келсе, онда ай сайын 300 689 теңге төлеп отырып, қарыз үстінен 608 268 теңге артық төлейтін болады. Қымбат сайтта онлайн-өтініш беріп, бейнетексерістен өтеді де, банктің оң шешімін SMS арқылы алады. Содан кейін электронды құжаттарға қол қойып, ЖК шотына кредит қаражатын алады. Бұл ақша касса алшақтығының алдын алу үшін жетіп қалады.

Онлайн-есеп

Бизнестің қаржы жағдайын, яғни шоттағы қаражат қалдығын, ақша аудару тарихын, төлемдерді, банкоматтан ақша алу тарихын телефонда тікелей бақылап отыруға болады, ал POS-терминалдардан өткен барлық операциялардың толық есебін шот көшірмесі түрінде жүктеп алуға болады. Оны қолмен істеп жүрмеу үшін, көшірмені автоматты түрде жүктеу қызметін баптап, поштаға ыңғайлы уақытта, мысалы, күн сайын, апта сайын немесе ай сайын алып отыруға болады.

Қымбат Jusan Business-те ақша қозғалысын қадағалап отырады. Ал төлемдерді контрагент атауы, құжат нөмірі, төлем сомасы немесе төлем түрі арқылы, мысалы, төлем тапсырмалары, картадан картаға ақша аудару, зейнетақы жарналары, әлеуметтік аударымдар деп сұрыптап іздейді. Осылайша, ол транзакцияларды ыңғайлы реттеп, шығыс-кіріс ақшаны есептеп, ЖК бюджетін жоспарлап отырады.

Онлайн-бухгалтерия

Қымбат оңайлатылған режимде жұмыс істегенді ұнатады, себебі мұнда бухгалтер есебін жүргізбей, жарты жылда бір рет 3% табыс салығын төлей салады. Ақшаға байланысты барлық жұмысты да өзі істейді: ЖК-да небары төрт-ақ жұмыскер бар, ал бөлек бухгалтер алайын десе, жалақысын көтере алмайтын сияқты. Сол себепті, Қымбат оңайлатылған режимдегі ЖК-ларға салықтарды есептеп төлеуге көмектесетін Jusan Business онлайн-бухгалтериясын пайдаланады.

Жұмыскерлері үшін салық төлеу үшін Қымбат олардың жеке мәліметтерін банкингке қосып, кадр жазбасын тіркейді. Мысалы, жақында ЖК-да курьер ауысты, сол кезде Қымбат бұрын істеген адамның жұмыстан шыққан күнін тіркеп, жаңа жұмыскердің ЖСН, еңбекақысын және жұмысқа тұру күнін белгіледі. Мобильді қосымша бұл мәлімет негізінде жұмыскердің жарналары мен аударымдарын автоматты түрде есептеп, төлем тапсырмаларын дайындап, төлем күні келе жатқанын екі жұма бұрын ескертеді.

Онлайн-бухгалтерияның көмегімен Қымбат жарты жыл сайын 910 декларацияны дайындап, ЖТС төлейді. Декларацияны толтыруға қиналған жағдайда, ол есептеу үлгілері берілген кеңестерді пайдаланады. Өрістердің көп бөлігі қосымшада автоматты түрде толтырылады, ал Қымбат декларацияны тек телефонына немесе компьютеріне жүктеп алып, салық төлеушінің кабинеті арқылы салық департаментіне жібереді. Оған қоса, мобильді қосымшада есеп беру мерзімі туралы ескерту алып, жарты жылдық салықты да төлей алады.


Қымбат ЖК-ның әр процесіне үңіліп, жұмыстың бар қырын қадағалайды. Ал Jusan қызметтері күнделікті қаржы операцияларын жүргізуді жеңілдетіп, ақша қозғалысын бақылап отыруға, бюджетті жоспарлауға және салықтар мен мемлекет бюджетіне төленетін төлемдерді бухгалтерсіз есептеуге көмектеседі.