Франшиза сатып алғанда жиі жасалатын жеті қате

Ақшадан айрылу себептері

Ақбота Хасенова

Ақбота Хасенова

автор

Ирина Дубчак

Ирина Дубчак

редактор

Кира Гофштадт

Кира Гофштадт

Franch Region компаниясының басшысы

Франшиза сатып алғанда жиі жасалатын жеті қате

Франшиза — бұл белгілі бір компанияның атынан ашылатын бизнес түрі. Мұнда жаңадан ештеңе ойлап табудың қажеті жоқ: франшиза сататын компания өзі жұмыс істеу шарттары мен технологияларын бөлісетін болады. Оған қарамастан, бизнес өз бетімен өсе алмайды. Бұл мақалада біз кәсібін жаңа бастаған бизнесмендер жиі жасайтын қателер мен оларды қайталамау жолдары туралы айтып береміз.

1. Бас компанияны жөндеп тексермеу

Келісімшартқа қол қоймас бұрын франшиза сатушы компанияны жақсылап тексеріңіз. Ол жалған бизнес сатып жатқан жалғыз бір жұмыскерден тұратын тар кеңсе болып шықпасын десеңіз, орналасқан мекенжайына барып, қалай жұмыс істейтінін көріп келіңіз. Компанияның тұрақты екеніне көз жеткізу үшін интернетке кіріп, ол туралы ақпарат іздеңіз, әлеуметтік желілерін қарап шығыңыз, басқалардың ол жөніндегі пікірлерін де оқыңыз.

Ол компания франчайзиларына қаншалықты адал екенін тексеріп, келісімшарттағы міндеттемелерін қалай орындайтынын анықтаңыз. Франшиза ретінде жұмыс істеп жатқан компанияларға қоңырау соғыңыз, немесе мекенжайына барып, әңгімелесіңіз. Оларда бас компания туралы қандай пікір қалыптасқанын, үміттері ақталды ма екенін, тауарларды уақытында алады ма екенін, тапқан табыстары уәделескен мөлшерлерге сәйкес пе екенін біліп алыңыз. Олардың байланыс нөмірлері мен мекенжайларын басқарушы компаниядан сұрап көріңіз, ал егер ол бергісі келмесе, онда оның адал екендігіне күмәндануға да болады.

Франшиза иелерінің арасында түрлі жауапсыздар да болады, мысалы, кейбіреулері франшиза сатқаннан кейін оның қалай істеп жатқанын қадағаламай, тек паушалдық төлем алудан пайда тауып отырады. Франшиза сатылғаннан кейін жауапкершілік толығынан франчайзиға жүктеледі де, аталмыш франшиза иелері өз ақшаларын жинап алып, оның ары қарай қалай дамитынына мән бермей қояды.

2. Келісімшарт талаптарын мұқият оқымау

Франшиза келісімшартында талаптар орындалмағаны үшін үлкен айыппұл қарастырылуы мүмкін. Мәселен, бір кәсіпкер франшизасымен шығынға батып, оны жапқысы келді, бірақ келісімшарт жасасқан кезде онда жазылған айыппұлдарға назар аударған жоқ, ал енді ол бизнесін ары қарай жүргізе де алмайды, әрі айыппұл салынатындықтан жаба да алмайды. Мұндай жағдайларға ұшырамау үшін келісімшартты заңгермен бірге отырып мұқият оқығаныңыз жөн, себебі сіз заңды құжатқа қол қоятын боласыз, ал егер онда жазылған талаптарды өз бетіңізбен оқып, қате түсінетін болсаңыз, келешекте ақшаңыздан айрылып қалуыңыз әбден мүмкін.

Сонымен қатар, егер сіз өз бетіңізбен бірдеңе істегіңіз келсе, мысалы, жарнама түсіргіңіз келсе, немесе франшизаның негізгі стандарттарынан тыс әрекет еткіңіз келсе, онда бас компаниядан алдын-ала рұқсат алып, барлығын жазбаша түрде мақұлдағаныңыз жөн — қолыңыздағы құжат сізді болашақта түрлі проблемалардан құтқаратын болады.

3. Орналасатын елді-мекеннің экономикалық ерекшеліктерін ескермеу

Кәсібін жаңа бастаған кәсіпкерлердің жиі жіберетін қатесі — басқа бір елді-мекенде орналасқан франшизаның нәтижелеріне жеткісі келу. Бас компанияның ұсынысында Астана сияқты ірі қалаларда ашылатын франшиза үлгісі берілуі мүмкін. Бірақ егер франшиза, мысалы, Шымкентте ашылатын болса, онда жаңағы үлгіде келтірілген көрсеткіштер мүлдем жарамсыз болып қалады: Шымкент ірі мегаполис болғанына қарамастан, елордаға қарағанда оның бағалары да, түрлі қызметтерге деген сұраныс да, тұтынушыларының мінез-құлқы да басқаша болады.

Мысалы, егер сіз маникюр салоны франшизасын сатып алғыңыз келсе, келісімшартқа қол қоймастан бұрын, қалаңызда басқа салондар қалай жұмыс істейтінін анықтап алыңыз. Болашақ бәсекелестеріңізге барып, олармен әңгімелесіңіз, оларда қанша жұмыскер істейтінін, олар бір қызмет үшін қанша алатынын, бөлме жалдау үшін қанша төлейтінін, құрал-сайманға қанша жұмсайтынын, тұрғындар салон маңынан жаяу қаншалықты жиі өтетінін, күніне қанша адам келетінін, т.б. сұрап көріңіз. Олардың айтқандарын франшиза иесінің ұсынысымен салыстырсаңыз, бұл франшиза сіздің қалаңызда қалай істейтінін болжай алатын боласыз.

4. Қосымша шығындар туралы ойламау

Ақшаға байланысты жиі жасалатын қате — кәсіпкерлер бизнеспен айналысу үшін франшиза пакетін сатып алу жеткілікті деп, бар ақшаларын франшиза сатып алуға жұмсап жібереді де, одан кейінгі ілеспе шығындарға ақшаларын жеткізе алмай жатады.

Мысалы, бір кәсіпкер көпқабатты үйде кофехана ашуға орын сатып алды, бірақ кофехананың ас үйіне ауа сорғыш орналастыру керек екенін ойластырмады дейік. Тұрғын үйде ауа сорғыш орнату үшін желдету жүйелерінің нормаларын сақтау керек, себебі ас үйден шыққан иіс пәтерлерге барып, тұрғындарға кедергі жасайтын болады. Ондай ауа сорғыш орнату — кофехананың ашылу мерзімін кешіктіретін өте ұзақ әрі қымбат жұмыс. Ал ол дегеніңіз босқа кеткен уақыт, ақшалай шығын және қосымша кредит немесе қарыз деген сөз.

5. Бизнестің орналасу орнын қате таңдау

Бизнестің жағдайы оның орналасқан орнын қате таңдағаннан нашарлау мүмкін. Орын таңдауда әр франшизаның өз талаптары болады: біреуіне тек қана сауда орталығында орналасқан шарт, біреуі жаяу жүрілетін көшеде ғана орналаса алады, ал тағы біреуіне тұрғын аудандарда жұмыс істеу керек болады. Сонымен қатар, ондағы адамдардың жүру жиілігін, бәсекелестер санын және тұрғындар контингентін де алдын-ала анықтаған дұрыс, себебі кей жерлерде бәсекелестер тұтынушылардың жоқтығынан да болмауы мүмкін.

Басқарушы компаниялар өз талаптарына сай орын іздеуге көмектесуі де мүмкін: кейбір құрылыс компаниялары ірі франшизаларға бизнеске арналған бос алаңдар бойынша жиі ұсыныс жіберіп отырады.

Ал уақытыңыз бен ақшаңызды үнемдеу үшін орналасу орындарын келісімшартқа қол қоймай тұрғанда іздей бастаған жөн, себебі ол бірнеше айға созылуы мүмкін, ал ол уақытта сіз басқарушы компанияға бостан-босқа паушалдық төлем төлеп отыратын боласыз.

6. Бизнес өз бетімен істей береді деп ойлау

Кейбір кәсіпкерлер франшизаны өзі бетімен ақша әкелетін бизнес ретінде көреді. Бірақ ол да кәдімгідей жұмыс және оған жай ғана ақша салып қойып, қарап отыруға болмайды. Сіз ең басынан өзіңіз өзіңізге қандай бизнеспен айналысқалы отырсыз, оған қанша күш-қуат пен қаражат салу керек деген сияқты сұрақтарға нақты жауап беріңіз де, онша біле қоймайтын немесе қызықтырмайтын салаларды қарастырмауға тырысыңыз. Себебі мұнда сіз франшизаны тек сатып алып қана қоймай, жұмыс процестерін ұйымдастыру, қызметкерлермен жұмыс істеу, келіп түскен проблемаларды шешу сияқты мәселелермен айналысып, оны тұтас басқаратын да боласыз. Сондықтан да, бизнесіңізді өсіру үшін оған 100% қатысып, жағдайды толығынан бақылап отыруыңыз қажет.

7. Ыңғайсыз жайттарға мән бермеу

Бұл өте ерекше әрі жеке жайт: егер сізге басқарушы компанияның қандай да бір жағы, мысалы, жұмыс шарттары, келісімшарт талаптары, тауарлары, қызметтері, менеджерлермен қарым-қатынас, т.б. ұнамай тұрса, онда онымен ары қарай жұмыс істеуге қалай шыдайтыныңыз туралы ойлап көріңіз. Мысалы, сүйемелдеуші менеджер сұрақтарыңызға кешігіп жауап беріп отырса немесе сұраған ақпаратты толық бермей жатса, әр жауапсыз қалған сұрағыңыз болашақта түрлі қателерге, болжамдарға, артық шығындарға әкеп соғуы мүмкін. Сондықтан да, интуицияңызды тыңдап отырыңыз, себебі егер ертең бірдеңеден күмәнданатын болсаңыз, онда жұмыс та жүрмей, шығын да көбейіп, тіпті бизнес те құлдырауы мүмкін.


Франшиза «жалға алынатын» бизнестің бір түрі, ал сіз ары қарай бренд иесімен жұмыс істеп, яғни оның бизнес-моделіне бағынатын боласыз. Мұндай бизнестің өз артықшылықтары бар: сіз кез келген жағдайда басқарушы компанияға хабарласып, одан көмек және қолдау ала аласыз. Ең бастысы, жұмысқа байыпты көзқараспен қарап, франшиза бөлек ашылған компания сияқты шынайы бизнес екенін ұмытпағаныңыз жөн.