Қазақстанда шаруа немесе фермер қожалығын қалай ашуға болады
Шаруа немесе фермер қожалығын қалай ашуға болады, оның салықтары қалай төленеді және оған қандай жеңілдік алуға болатыны туралы әңгімелейміз
Шаруа немесе фермер қожалығы (ШФҚ) — бұл жер учаскесін пайдаланатын жеке кәсіпкерлік. Шаруа немесе фермер болған кәсіпкер ауыл шаруашылығы өнімдерін өндірумен, оларды қайта өңдеумен және сатумен айналыса алады. Қожалық жер учаскесіне құқық алған кезден бастап құрылады, ал кейбір жағдайларда жеке кәсіпкерлікті тіркегеннен кейін де құрылған болып саналады.
ШФҚ туралы нені білу керек
ШФҚ-ны Қазақстанның кез келген кәмелетке толған азаматы немесе қандас аша алады, ал оның құрамына бірлесіп шаруа жүргізетін отбасы, жақын туған-туысқан кіре алады. Сонымен қатар, шаруа немесе фермер қожалығына жұмыскер де жалдауға болады.
ШФҚ мүлкі
ШФҚ меншігіне сатып алынған немесе тапсырылған мүлік, ауыл шаруашылығы өнімі, табылған табыс, сондай-ақ:
- жер учаскесі;
- учаскедегі өсімдіктер мен жабайы аңдар;
- генофонд: өсімдіктердің сұрыптары мен тұқымдары;
- шаруашылық қора-жайлар;
- мелиорациялық ғимараттар;
- малдар мен құстар;
- ауылшаруашылық техника және жабдық;
- көлік;
- құрал-сайман жатады.
ШФҚ түрлері
ШФҚ түрлері адам санына байланысты болады:
- шаруа қожалығы — отбасы мүшелері басқаруындағы жеке кәсіпкерлік;
- фермер қожалығы — бір адам басқаратын жеке кәсіпкерлік;
- қарапайым серіктестік түріндегі фермер қожалығы — ортақ үлескерлік меншік пен ортақ шаруашылық жүргізу келісімшартын жасасқан бір-біріне туыс емес қатысушылардың жеке кәсіпкерлігі.
ШФҚ ашу
ШФҚ ашу үшін жер учаскесін жалдау немесе сатып алу керек, яғни, учаскеге құқық алып, жеке кәсіпкерлік тіркеу керек.
ЖК ашу
ЖК-ті тіркеу үшін мемлекеттік органдарға онлайн хабарландыру жіберу керек. Ол үшін электрондық лицензиялау сайтында немесе банк қосымшаларында белгіленген үлгі бойынша өтініш беру керек. Тіркелу қызметі толығынан тегін, болашақ кәсіпкерге тек қана электронды-цифрлық қолтаңба (ЭЦҚ) қажет болады.
Қызмет түрін қалай таңдауға болады
Елімізде экономикалық қызмет түрлерінің жалпы жіктеуіші — ЭҚЖЖ бар. Онда мал шаруашылығынан бастап, бағдарламалық жасақтаманы әзірлеуге дейінгі кәсіпкерліктің барлық түрлері аталған.
Жіктеуіш бойынша қызметтің үш түрін таңдауға болады:
- Қызметтің негізгі түрі — басты табыс көзі.
- Қызметтің қосымша түрі — негізгіге қарағанда азырақ табыс әкелетін қызмет түрі.
- Қызметтің қосалқы түрі — негізгі және қосымша қызмет түрлерін сүйемелдейтін қызмет түрі: тасымалдау, сақтау, сатып алу, өнім өткізуді дамыту, тазалау, жөндеу, күзет және тағы басқа мақсаттарда пайдаланады.
ШФҚ-ның қызмет түрінің коды
Әр қызмет түрінің арнайы коды болады, ол код қызметтің бөлімін, тобын, класын және ішкі класын анықтайды.
Мысалы, егін егу үшін негізгі қызмет түрі ретінде 01.11 «Дәнді дақылдарды (күрішті қоспағанда), бұршақ дақылдарын және майлы тұқымдарды өсіру» кодын таңдауға болады. Ал оған қоса көкөніс егу үшін қосымша қызмет түрі ретінде 01.13 «Көкөністерді және қауындарды, көкөністердің тамыр тәрізді және түйнекті түрлерін өсіру» кодын таңдауға болады.
ШФҚ-ның салық режимдері
Салық режимін ЖК-ны тіркеу кезінде таңдау керек. Салық төлеу және есептілік беру кәсіпкерліктің салық режиміне сәйкес жүзеге асырылады.
ШФҚ қандай салық режимдерін қолдана алады:
- ауыл шаруашылығы өнімдерін өндірушілер мен ауыл шаруашылығы кооперативтерінің арнаулы салық режимі;
- ШФҚ-ның арнаулы салық режимі;
- оңайлатылған режим;
- жалпыға бірдей белгіленген режим.
Егер шаруа немесе фермер қожалығы бірнеше қызмет түрімен айналықысы келсе, онда оған екі салық режимін қолдануға рұқсат етіледі. Мысалы, көкөніспен айналысу үшін ШФҚ-ға арналған АСР, ал оған кірмейтін азық-түлік саудасымен айналысу үшін оңайлатылған режимді таңдауға болады. Мұнда әр салық режимінің табысын бөлек есептеп, салық есебін де екі бөлек тапсыру керек болады.
ШФҚ-ға арналған салық режимі
ШФҚ режимі бухгалтерлік есеп жүргізуді талап етеді. Бірақ оның салық жеңілдіктері көп, жылдық табыс мөлшері мен қызметкерлер саны да шектелмеген. Сондай-ақ, егер табыс мөлшері 20 000 АЕК-тен асып кетсе (2023 жылы 69 000 000 теңге), ҚТС есебіне тұрмауға болады.
ШФҚ режимін таңдау үшін мына шарттардың екеуін бірдей орындау керек:
- ҚТС есебінде тұрмау;
- Қазақстан аумағында меншікті немесе жалданған жер учаскесін иелену.
Бұл режимнің жер ауданына байланысты шектеулері бар. Учаскелер аймақ бойынша бөлінген:
- 1-ші аймақ, 5 000 га — Алматы облысы, Ақтөбе, Атырау, Жамбыл, Қызылорда, Маңғыстау, Түркістан, Жетісу обыстарының, Алматы және Шымкент қалаларының топырақ-климаттық аймақтарындағы шөл, шөлейт және тау етегіндегі шөлді-далалық жерлердегі жайылымдар;
- 2-ші аймақ, 3 500 га — Ақмола, Шығыс Қазақстан, Батыс Қазақстан, Ақтөбе, Қарағанды, Қостанай, Павлодар, Солтүстік Қазақстан, Ұлытау, Абай облыстарындағы, Астана қаласындағы учаскелер (1 аймақтағы жерлерден бөлек);
- 3-ші аймақ, 1 500 га — Атырау, Маңғыстау облыстарындағы учаскелер (1 аймақтағы жерлерден бөлек);
- 4-ші аймақ, 500 га — Алматы, Жамбыл, Қызылорда, Түркістан, Жетісу облыстарындағы, Алматы және Шымкент қалаларындағы учаскелер (1 аймақтағы жерлерден бөлек).
ШФҚ қандай салық төлеуі керек?
ШФҚ жылына бір рет бірыңғай жер салығын (БЖС) және ай сайын мүшелері мен қызметкерлері үшін әлеуметтік төлемдерді төлеуге тиіс. Салық есептемесі салық төлеушінің кабинетінде онлайн тапсырылады.
БЖС — бірыңғай жер салығы
Бұл шаруа және фермер қожалығының негізгі салығы, ол жылдық табыстың 0,5%-ын құрайды және жылына бір рет төленеді. Жылдық табысқа шаруашылық өнімдерін сатудан және қайта өңдеуден түскен пайда, жабылған міндеттемелер, тегін келген мүлік және мемлекеттен алынған субсидиялар кіреді.
БЖС бойынша қандай есептеме тапсыру керек: жылына бір рет 31 наурызға дейін 920.00 нысандағы декларация тапсырылады. Ол жыл сайын өткен жыл үшін тапсырылады, яғни, 2023 жылғы 31 наурызда 2022 жылғы есептеме тапсырылуға тиіс. Бұл декларацияға қызметкерлердің еңбекақысынан төленетін жеке табыс салығы, су ресурстарын пайдаланғаны үшін төленетін төлемақы және ШФҚ мүшелері мен жұмыскерлерінің әлеуметтік төлемдері енгізілуі керек.
БЖС-ты қашан төлеу керек:
- 1 қаңтардан 1 қазанға дейінгі кезең үшін — биылғы жылғы 10 қарашаға дейін;
- 1 қазаннан 31 желтоқсанға дейінгі кезең үшін — келесі жылғы 10 сәуірге дейін.
Бірыңғай жер салығы учаскенің мекенжайындағы салық комитетіне төленуі керек.
ШФҚ мүшелері мен басшысы үшін төленетін ай сайынғы төлемдер
Міндетті әлеуметтік төлемдер ШФҚ-ның барлық кәмелетке толған мүшелері үшін төленеді, бірақ оның мөлшері 1 ең төмен еңбекақыдан кем болмауы керек — 2023 жылы ол 70 000 теңгені құрайды.
Нені төлеу керек:
- МЗЖ — міндетті зейнетақы жарналары
- ӘА — әлеуметтік аударымдар
- МӘМСЖ — міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жарналары
Ай сайынғы қызметкерлер үшін төленетін төлемдер
Қызметкерлер үшін төленетін әлеуметтік төлемдер еңбекақы сомасынан есептеледі.
Қызметкерлер үшін нені төлеу керек:
- Қызметкер еңбекақысынан төленетін ЖТС
- МЗЖ — міндетті зейнетақы жарналары
- ӘА — әлеуметтік аударымдар
- МӘМС — міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру
- МӘМСЖ — міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жарналары
Еңбекақыдан қанша салық төлеу керек
200 000 теңге мөлшеріндегі қызметкер еңбекақысынан әлеуметтік төлемдерді есептеу формулалары. ЖК өзі үшін де осы формулалар бойынша төлейді.
Қызметкер есебінен
МЗЖ — еңбекақы × 10%
200 000 × 10% = 20 000 теңге
Қызметкер еңбекақысынан төленетін ЖТС — (еңбекақы − МЗЖ − 14 АЕК) × 10%
(200 000 − 20 000 − 48 300) × 10% = 13 170 теңге
МӘМСЖ — 1,4 АЕК-тен 5%
98 000 × 5% = 4 900 теңге
Жұмыс беруші есебінен
МӘМС — еңбекақы × 3%
200 000 × 3% = 6 000 теңге
ӘА — (еңбекақы − МЗЖ) × 3,5%
(200 000 − 20 000) × 3,5% = 6 300 теңге
Қызметкер еңбекақысының нақты мөлшері 200 000 теңге болса, қолына ол 161 930 теңге алатын болады. Ал жұмыс беруші үстнен тағы 12 300 теңге төлейтін болады.
Еңбекақыдан ұсталатын әлеуметтік төлемдер мен салықтарды қашан төлеу керек: ай сайын, әр келесі айдың 25-ші жұлдызында. Мысалы, қазан айы үшін — 25 қарашаға дейін, қараша айы үшін — 25 желтоқсанға дейін, т.с.с.
БЖС төлеушілер қандай салықтар мен төлемдерден босатылады
АСР-дегі шаруа және фермер қожалықтары мынадай салықтар мен төлемдерден босатылады:
- шаруашылық табысынан төленетін жеке табыс салығы;
- жер салығы;
- көлік салығы;
- мүлік салығы;
- әлеуметтік салық;
- қоршаған ортаға келтірілген зиян төлемақысы.
Ауыл шаруашылығы тіршілік етуге де, табыс табуға да жол ашатын кәсіп. Онымен айналысу үшін жағдай да, уақыт та керек. Бірақ егін шықпай қалу қауіпі мен маусымдық жұмыстарға байланысты тәуекелдер де бар. Алайда қорқудың қажеті жоқ: ауыл шаруашылығы өнімдеріне сұраныс ешқашан таусылмайды, ал кәсіпкерлерге жеңілдетілген кредиттеу бағдарламалары мен импорттың орнын басу жобалары қарастырылған: ауыл шаруашылығы елімізді азық-түлікпен қамтамасыздандыратын бірінші сала болғандықтан, мемлекет оны дамытуға қолдау көрсетуге әрдайым дайын.