Контрагенттерді тексеру

Қазақстан, Ресей және Қытай жеткізушілерін тексеру

Дана Ермұхан

Дана Ермұхан

автор

Ирина Дубчак

Ирина Дубчак

редактор

Контрагенттерді тексеру

Контрагенттер — бұл кәсіпкермен серіктестік, тауар жеткізу немесе бірлескен жобалар сияқты іскерлік қарым-қатынаспен байланысатын ұйымдар немесе жеке тұлғалар. Олармен келісімшарт жасамас бұрын контрагенттің сенімді екенін тексеру керек.

Тексерудің қажеттігі

Контрагенттерді тексеру кәсіпкердің қаржы және бедел тәуекелдерін азайтады. Іскер беделі бағалы активтер қатарына кіреді, бірақ егер контрагент белгіленген мерзімде жеткізіп үлгермесе, кәсіпкер жаман атаққа ие болуы мүмкін.

Сондай-ақ, салық органдары тексеру кезінде салыстыру актілерін, келісімшарттар мен басқа да құжаттарды талап етуі мүмкін. Сенімді контрагенттермен жұмыс істесеңіз, болашақта түрлі проблемалар мен мәмілелерге байланысты дауларға ұшырау ықтималдығы төмендейді.

2024 жылы ҚР Салық кодексінде «кешенді тексеру» деген ұғым пайда болады. Оған сәйкес мәміле жасағаннан 10 күн бұрын контрагентті тегін бірыңғай тізілімнен міндетті түрде тексеру керек. Салық органдары тексеру нәтижесіндегі есептен мәміленің тиісті сақтықпен жасалғанын көретін болады. Кешенді тексеру арқылы адал салық төлеушілер жағымсыз мәмілелерден және олардың салдарынан құтыла алады.

Контрагентті тексергенде ескерілетін мәліметтер

Тексеру бірнеше кезеңнен тұрады:

  1. Контрагент туралы негізгі мәліметтерді анықтау, ол компанияның тіркелген күні, басшысының аты-жөні, заңды және нақты мекенжайлары. Жаңадан тіркелген компанияларды мұқият тексеру керек. Ал тіркелгеннен кейін жұмыс істемеген біркүндік фирмаларды жазылған мекенжайға барып анықтауға болады.
  2. Кіріс, пайда, кредитор қарыздары сияқты қаржы көрсеткіштерін зерттеу. Компанияның банкрот болайын деп тұрғанын біліп алған жөн.
  3. Сот арыздары, тыйым салынған шоттар және басқа да заңды мәселелердің бар-жоғын тексеру. Контрагенттің заңдар мен ережелерді сақтайтынына көз жеткізу керек. Одан басқа, компанияның қызмет көрсетуге қажетті білігі мен тәжірибесі бар екенін тексеру керек, бұл әсіресе мердігерлерді таңдағанда маңызды.
  4. Серіктестер мен клиенттердің пікірлері мен ашық деректерден алынған ақпарат арқылы контрагенттің беделін тексеру. Ол үшін іздеу жүйесіне компанияның атауын немесе оның басшысының атын теріп, олардың қандай контекстте кездесетінін анықтауға болады. Әдетте, контрагенттің ресми сайтында клиенттер туралы ақпарат болады, олармен байланысып, компания туралы пікір алуға болады.

Жаңадан ашылған компаниялармен келісім жасамас бұрын, олардың біркүндік компаниялар емес екеніне көз жеткізу керек. Ол үшін олардан келесі құжаттар тізімін сұрау керек:

  • ұйым жарғысының көшірмесі;
  • мемлекеттік тіркеу туралы куәліктің көшірмесі;
  • салық органында тіркеу есебіне қою туралы куәліктің көшірмесі;
  • өткен жылғы қаржы есебі;
  • ұйым басшысының жеке куәлігінің көшірмесі;
  • үйжайды жалдау келісімшартының көшірмесі;
  • салық берешегінің жоқтығы туралы анықтама.

Егер компания бір жылдан астам жұмыс істейтін болса, оның ЭҚЖЖ кодтары жұмыстың негізгі бағытымен сәйкес келсе, істеп тұрған банк шоты болса және қаржы көрсеткіштері тұрақты болса, онда мұндай компания сенімді болып саналады.

Компанияларды тексеретін негізгі сайттар

Контрагентті таңдау жауапкершілігі толығымен ынтымақтастық туралы келісімшарт жасасқан кәсіпкерге жүктеледі. Мемлекет ресми деректерді ашу арқылы сенімсіз жеткізушілерді анықтауға көмектеседі. Кәсіпкер контрагентті заңды тұлғаның атауы немесе ЖСН/БСН арқылы онлайн тексере алады.

Ресми және тегін алаңдар

Мемлекеттік кірістер комитеті — контрагенттерді тексеруге арналған бірнеше қызмет ұсынатын ҚР Қаржы министрлігінің қарамағындағы мемлекеттік орган. Ұсынылған қызметтер:

«Сот кабинеті» — контрагентті сот істері бойынша тексеруге мүмкіндік беретін қызмет. Мұнда 2009 жылдан бергі азаматтық, қылмыстық және әкімшілік істер туралы сот актілерімен танысуға болады.

«Борышкерлердің бірыңғай тізілімі» — компанияны атқару өндірістері бар борышкерлердің тізімінен тексеретін ҚР Әділет министрлігінің қызметі.

Egov — порталға ЭЦҚ арқылы кіріп, БСН арқылы тіркелген заңды тұлға, филиал немесе өкілдік туралы анықтама жүктеуге болады. Мұнда ұйымның атауы, оның ұйымдық-құқықтық нысаны, директоры мен құрылтайшысының аты-жөні туралы ақпарат алуға болады.

Коммерция алаңдары

ABIS — ашық ақпарат көздерінің деректеріне сүйеніп негізгі есеп дайындайтын және Салық төлеушінің жосықтық индексі негізінде компанияға жалпы баға беретін «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының қызметі.

Kompra.kz — компаниялардың сенімдігін тексеретін қызмет. Ол контрагенттің салық шегерімдерін, компанияның банкрот немесе сенімсіз жеткізушілер тізілімінде және сот талқылауында бар-жоғын қарайды. Алғашқы екі компанияны тегін, кейін — тариф бойынша тексеруге болады.

«Бизнес-Аналитик» — компания туралы, оның салық шегерімдері және әртүрлі мемлекеттік тізілімдерде болуы туралы жиынтық ақпарат беретін контрагенттерді бағалау қызметі.

Ресейдегі жеткізушіні тексеру

Кәсіпкер ресей жеткізушісін «За честный бизнес» порталында Салық төлеушінің сәйкестендіру нөмірін, мемлекеттік тіркеу нөмірін, құрылтайшының немесе компанияның атауын енгізу арқылы тегін тексере алады. Порталдағы деректер күн сайын жаңартылып, Ресей Федерациясының Федералды салық қызметімен синхрондалады.

Контрагенттерді тексеруге арналған тағы бір тегін қызмет бар — бұл List-Org веб-сайты. Ол компанияның сот істерін және берешектерін тексеруге, қаржы көрсеткіштері мен мемлекеттік сатып алу туралы деректерді көруге мүмкіндік береді.

Қытайдағы жеткізушіні тексеру

Қытайдағы коммерциялық тауар алаңдары, тіпті олардың ішінде ірілері де тіркелген сатушыларын тексермейді, бұл жауапкершілік толығымен кәсіпкерге жүктеледі. Келісімшарт жасамас бұрын жеткізушіден тауар шығарылатын зауыттың мекенжайын біліп алу керек. Егер компанияның тіркелген мекенжайы мен өндіріс мекенжайы әр түрлі болса, бұндай компания алыпсатар немесе алаяқ болып шығуы мүмкін.

Сонымен қатар, кәсіпкер контрагенттің тіркеу нөмірін сұрау керек. Сол нөмір арқылы кәсіпорынды қай мемлекеттік орган және қай қалада тіркегенін, және оның меншік нысаны қандай екенін білуге болады. Кәсіпкер бұл мәліметті ағылшын тіліндегі China Company Registration меншікті веб-сайтында тексере алады, өйткені Қытай үкіметінің сайттары шетелдіктерге өз ресурстарына кіруге рұқсат бермейді. Егер компанияның тіркеу нөмірі бар болса, онда ол шынымен жұмыс істейтінін білдіреді, ал егер жеткізуші тіркеу нөмірін бермесе немесе қате нөмір берсе, онда онымен келіссөзді тоқтату керек.

Сондай-ақ, компаниядан экспорт лицензиясын сұрау керек. Кейде Қытай компаниялары ішкі нарыққа бағдар алып, бірақ сонда да импорт және экспортпен айналысатын компаниялармен бірге жұмыс істейді — онда кәсіпкерге сол компанияның құжаттары жіберіледі.

Әр Қытай компаниясының стационарлық телефон нөмірі бар екенін біле жүріңіз — бұл Қытай заңнамасының талабы, онсыз компания тіркелмейді. Кәсіпкер сол нөмір арқылы оған қоңырау шалып, бірнеше сұрақ қойып, оның шынымен жұмыс істейтінін тексере алады.

Кейбір логистика компаниялары Ресей және Қытай жеткізушілерін тексеріп, келісімшарт жасап, тауар партиясын жөнелту міндетін өзіне алады.


Контрагенттің сенімдігін тексеру арқылы тәуекелдерді азайтуға, компанияның беделін қорғауға және тиімді ынтымақтастық құруға болады. Мемлекеттік қызметтердің немесе коммерция қызметтерінің есептерін салық органдары тексеруі мүмкін, сондықтан да оларды мәміле жасағаннан кейін сақтап отырған дұрыс болады.