Күн батареяларымен бизнес жасау

Электр қуатын сатып, қалай ақша табуға болады

Ирина Дубчак

Ирина Дубчак

редактор

Дана Ермұхан

Дана Ермұхан

автор

Абдулла Ушуров

Абдулла Ушуров

жаңартылатын энергия көздері саласындағы сарапшы, Solarway-A (Elcomtel) ЖШС компаниясының басшысы

Күн батареяларымен бизнес жасау

Кәсіпкерлер күн электр станцияларын жеке тұтынуы үшін ғана емес, қосымша табыс үшін де орната алады — артық энергияны қалалық желіге сатып, табыс табуға болады. Оны қалай жасау және нені ескеру керектігін сарапшымен бірге қарастырайық.

Жұмыс барысы

Бәрі де оп-оңай — кәсіпкер өзінің жеке меншігінде энергия өндіретін күн электр станциясын орнатады. Егер нысан өндірілетін энергияны толығымен тұтынбаса, онда оның артық мөлшері жалпы қалалық электр желісіне түседі. Электр энергиясын жеткізуші оны өзі сататын тарифі бойынша сатып алады. Нысан иесі осылайша электр энергиясына деген қажеттілігін жауып, табысын да таба алады.

Көбінесе күн электр станциялары (КЭС) кәсіпорындардың төбесінде орнатылады. Күн сәулесі шатырларға ағаштардың немесе басқа ғимараттардың көлеңкесіз, тікелей түседі. Осылайша, күн панельдері жоғары тиімділікті қамтамасыз етеді. Бұл қолайлы әрі оңтайлы шешім. Қалаған кезде, панельдерді жерге де орнатуға болады.

Желіге қосылу процесі

Желіге қосылу процесін біртіндеп қарастырайық.

Рұқсат алу

Кәсіпкер өз қаласындағы өңірлік электр желілері компаниясына (ӨЭЖК) хабарласу керек және электр желілеріне қосылу үшін техникалық шарттарды сұрау керек. Сұрауды ЭЦҚ арқылы онлайн жіберуге болады — әдетте, кез келген ӨЭЖК сайтында мұндай мүмкіндік қарастырылған. Қызмет көрсету мерзімі — 5 күн.

Техникалық шарттарды алуға керек құжаттар:

  1. ЖК ретінде қызмет басталғаны туралы хабарламаның көшірмесі немесе заңды тұлғалар үшін — мемлекеттік тіркеу туралы анықтама;
  2. жағдаяттық жоспар;
  3. мәлімделген қуаттың есептеу-негіздемесі;
  4. электрмен жабдықтау объектісіне құқық белгілейтін құжаттар;
  5. тұтынушыны сыртқы электрмен жабдықтау схемасы (5 МВт және одан жоғары жүктеме үшін).

Техникалық шарттар — бұл электр желілеріне қосылған кезде міндетті түрде берілетін талаптар. Оларды орындағаннан кейін кәсіпкер бәрі дайын екендігі туралы хабарлама жібереді — ӨЭЖК бұған көз жеткізу үшін нысанды тексереді. Одан кейін күн электр станциясын орнату қалады.

Жүйені таңдау және орнату

Жабдықты Bloomberg компаниясының Tier рейтингіне кіретін сертификатталған өндірушілер тізімінен таңдау керек. Бұл үлкен өндіріс көлемі мен тәжірибесі бар, автоматтандырылған, өз зерттеулері бар шетелдік компаниялар. Қазақстанда солармен жұмыс істейтін компанияларға хабарласу керек.

Соңғы бес жылда сапалы жабдықтың бағасы 60%-дан астам төмендеді, ал қуаты керісінші өсті. Электроника өнеркәсібінің қалдықтарынан панельдер шығаратын жалған өндірушілерден жабдық сатып алудың мағынасы жоқ, өйткені түпнұсқаның бағасы да қолжетімді болды.

Зауыттың кепілдігі — 30 жыл. Бірақ өндірушілер осы уақыт өткеннен кейін де жабдық қуаты 20%-дан төмен түспейтініне кепілдік береді. Демек, панельдер шынымен де ұзақ мерзімге жарамды. Егер 10–12 жыл ішінде күн модульдерінің ақауы анықталса, онда зауыт оларды тегін ауыстырып береді.

Қосылу

Электр станциясын салғаннан кейін электр санауышты екі бағытқа ауыстырып, энергия өткізу компаниясына хабарласу керек. Заң бойынша олар 5 күн ішінде сатып алу-сату шартына қол қойып, келесі айда өзара есеп айырысуды бастауға міндетті.

Құжаттардан станцияға берілген төлқұжат пен есеп жүргізу үшін жоспарланған жылдық генерацияның болжамы қажет.

Жалпы, екі айдың ішінде бүкіл жобаны жүзеге асыруға болады — күн станциясын іске қосып, келісімшарт жасап, ақша таба бастауға болады. Процесті жеңілдету үшін барлығын аутсорсқа беріп, барлық құжаттары дайын, қолданысқа дайын станцияны қабылдауға болады.

Күн панельдерінің бағасы және өтелуі

Күн электр станциясын орнату арзанға шықпайды. Орта бағамен алғанда, 1 кВт — 500 доллар. Қуаттылығы кемінде 50 кВт болатын станцияларды салу тиімді, масштабтың арқасында өтелу мерзімі тезірек болады. Мұндай станция салу үшін 12,5 млн теңгеден бастап қаражат кетеді. Өтелу мерзімі қаланың тарифіне байланысты. Мысалы, Алматыдағыдай тарифі 37 теңге болса, ол 4,5 жылда өтеліп шығады. Тарифі 53 теңге болатын Ақтөбе облысында — 3,5 жыл.

Ең жоғары рұқсат етілген қуат — 200 кВт — бұл қарапайым тұтынушыға және тіпті шағын кәсіпорынға да үлкен станция. Мұндай станция үшін шамамен 30 гектар бос шатыр немесе жер қажет.

Егер бизнесте коммерциялы объектілер болса, онда күн батареяларын шатырға орнату экономикалық тұрғыдан тиімді болады. Жер үсті станцияларын орнатқаннан гөрі күрделі салым шығыны аз жұмсалады. Жер инвестициялы құндылығы бар актив болғандықтан, оны тек электр энергиясын өндіруге ғана жұмсаудың қажеті жоқ. Одан да қоймалар немесе өндіріс сияқты жылжымайтын мүлік ашқан дұрыс, ал оның шатырында өз пайдасына және пассив табысқа айналатын қосымша станция орнатқан тиімдірек.

Күн панельдерінің электр энергияға қажеттілігін өтеуі кәсіпорынның жұмысына және техникалық жағдайларына байланысты. Мысалы, тәулік бойы жұмыс істейтін кәсіпорын электр энергиясын көбірек пайдаланады және сәйкесінше көбірек жұмсайды, ал түнде күн болмағандықтан, ол энергияны қаладан алады. Кейде көбірек панельдер орнатуға орын болмайды — онда барына қанағат етеді.

Кәсіпкерлерге арналған кеңестер

  1. Керек локацияңызға электр энергиясын өндіру болжамын есептеп беруді сұраңыз. Күн панельдерін орнататын компаниялардың ай сайынғы координаттар бойынша жылдық есепті жасап беруге арнайы бағдарламалық кешендері бар.
  2. Tier рейтингісінен жабдық таңдаңыз — оған 30-40-тан астам компания кіреді. Олардың көбісі Қытайдан деп қорқудың қажеті жоқ — бүгінгі таңда Қытай мемлекеті күн панельдерін шығарудан жаңа көшбасшы.
  3. Қаржы бағдарламалары, соның ішінде «Даму» қорының бағдарламаларын пайдаланыңыз. Қазақстанның Даму Банкі желісі бойынша күн энергетикасы сияқты басым салаларға 7%-бен кредит алу мүмкіндігі бар.


 

Электр энергиясының барлық тұтынушыларына, мейлі ол шаруа қожалығы, өндіріс немесе әлеуметтік нысандар болсын, тіпті жеке адамдарға да күн батареяларын келешекте қою тиімді. Күн панельдері — бұл ұзақ мерзімді перспективада электр энергиясын үнемдеуге, бағаның өсуінен және басқа да тәуекелдерден сақтандыруға мүмкіндік беретін таза түрдегі актив.