2023 жылғы наурызда Салық кодексіне енгізілген өзгерістер

Бөлшек салық арнаулы режимінің қайтарылуы, бірыңғай төлемге қойылған шектеу, курьерлер үшін арнайы мобильді қосымша қолданылатын салық режиміне көшу мүмкіндігі

Ақбота Хасенова

Ақбота Хасенова

автор

Ирина Дубчак

Ирина Дубчак

редактор

2023 жылғы наурызда Салық кодексіне енгізілген өзгерістер

2023 жылғы 20 наурызда Салық кодексіне өзгерістер енгізілді. Өзгерістер наурызда қабылданғанына қарамастан, кейбіреулері 2023 жылғы 1 қаңтардан бастап күшіне енді деп есептеледі.

Бөлшек салық АСР-ның қайтарылуы

Бөлшек салық арнаулы салық режимі (АСР) Қазақстанда қайта қолданылатын болды. Бұл режимді 2020 жылы коронавирусқа байланысты шектеулерден зардап шеккен кәсіпкерлерге — бөлшек сауда, жиһаз жасау, шаштараз, тіс емханасы, химиялық тазарту, жөндеу шеберханалары және басқа да қызмет түрлерімен айналысатындарға қолдау ретінде уақытша енгізген еді. 2023 жылғы қаңтарда салық демалыстары аяқталып, бөлшек салық режимі тек қоғамдық тамақтану саласы үшін ғана қалдырылды.

Наурыздан бастап бұл режимді қолдану үшін мына талаптарды орындау керек:

  • қызметкерлер штаты — 200 адамға дейін;
  • жылдық табысы — 600 000 АЕК-ке дейін (2023 жылы — 2 070 000 000 теңге);
  • бөлшек салық АСР-н қолдануға рұқсаты бар қызметпен айналысады.

Бұл арнаулы режимді қолданатын кәсіпкерлер ҚҚС-тен босатылып қана қоймай, табыс салығын есептеген кезде қызметкерлердің еңбекақыларын санамайды. Сондай-ақ, бұл режимді қолданғанда қызметкерлердің жалақыларынан төленетін салықтар мен төлемдерді бірыңғай төлем түрінде 20% мөлшерлемемен төлеуге болады.

Бөлшек салықтың мөлшерлемесі:

  • 4% — жеке тұлғалармен жұмыс істейтіндер үшін (мөлшерлемені мәслихат шешімімем 2%-ға дейін төмендетуге болады);
  • 8% — заңды тұлғалармен жұмыс істейтіндер үшін (төмендетуге болмайды)

Қалалар мен ауылдарда бизнестің жағдайы әр түрлі болғандықтан, мәслихат бөлшек салықтың мөлшерлемесін төмендете алады. Ондай рұқсатты тек жеке тұлғалармен жұмыс істейтін кәсіпкерлер ғана өздерінің орналасқан мекенжайлары мен қызмет түрлеріне байланысты сұрай алады. Мөлшерлемені төмендету туралы ресми шешім 2023 жылғы 1 шілдеге дейін қабылданады да, төмендетілген мөлшерлеме 2023 жылғы 1 қаңтардан бастап, яғни өтіп кеткен кезең үшін де қолданылатын болады.

Бөлшек салық және ҚҚС

2023 жылғы 1 мамырға дейін бөлшек салық режиміне көшетін ҚҚС төлеушілері бөлшек салықты хабарландыру берген күннен бастап қолдана алады.

Ал ҚҚС төлемейтін кәсіпкерлер бөлшек салыққа көшу туралы хабарландыруды 2023 жылғы 1 мамырға дейін жіберсе, онда бөлшек салықты 2023 жылғы 1 қаңтардан бастап, өтіп кеткен кезең үшін де төлей алады.

Қоғамдық тамақтану саласындағы кәсіпкерлер 2023 жылғы 1 қаңтардан 1 мамырға дейінгі кезеңде бөлшек салық режимінде тұрып, табысын 600 000 АЕК-тен асырып жіберсе, ҚҚС есебіне тұрмауға құқылы.

Бірақ бөлшек салық режиміне көшкен ҚҚС төлеуші кәсіпкер өз қалауы бойынша ҚҚС есебінен шықпауға да құқылы.

Бөлшек салық және ЭШФ

2023 жылғы 21 мамырдан бастап бөлшек салық төлеушілер талап еткен сатып алушыларға электронды шот-фактура (ЭШФ) жазып беруге тиіс.

Шот-фактура берілмейтін жағдайлар:

  • төлемдер қолма-қол ақшалай қабылданып, нәтижесінде фискалды чек берілген кезде, немесе төлем терминалдары арқылы төлем жүргізілген кезде;
  • төлемдер банк картасы арқылы жүргізілгенде;
  • сатып алушының сәйкестендіру нөмірі жазылған арнайы мобильді қосымшаның чегі басып шығарылған кезде.

Курьерлерге АМҚ АСР-ды қолдану мүмкіндігі

Арнайы мобильді қосымша қолданылатын салық режимі 2022 жылы жеке кәсіпкерліктерге салық төлеуді жеңілдету мақсатында енгізілді. Бұл оңайлатылған режимнің мөлшерлемесі — 1%, ал басты шарты — арнайы мобильді қосымшаны (АМҚ) қолдану және сауданы АМҚ чегімен растап отыру. АМҚ арнаулы режиміне жалпыға бірдей белгіленген режимнен, оңайлатылған режимнен, патент режимінен немесе шаруа және фермер қожалықтарына арналған салық режимінен көшуге болады.

АМҚ АСР-ды қолдану үшін мына талаптарға сай болу керек:

  • дара кәсіпкерлік түрінде жұмыс істеу;
  • қызметкер жалдамау;
  • ҚҚС есебінде тұрмау;
  • АМҚ АСР-ды қолдануға рұқсаты бар қызмет түрлерімен айналысу.

2023 жылғы 1 сәуірден бастап арнайы мобильді қосымша АСР-н пошта жөнелтімдерін жеткізуден басқа курьер қызметтерімен айналысатын жеке кәсіпкерлер қолдана алады.

Бірыңғай төлемге қойылған шектеу

2023 жылдың басында микро- және шағын бизнеске арналған қызметкерлердің еңбекақыларынан төленетін бірыңғай төлем күшіне енді. Бірыңғай төлем арнаулы салық режимдерін қолданатын кәсіпкерлерге, яғни оңайлатылған режимдегілерге, ауыл шаруашылығы өнімдерін өндірушілер мен ауыл шаруашылығы кооперативтеріне, сондай-ақ, шаруа және ферма қожалықтарына табыс салығын және әлеуметтік салықтарды есептеу және төлеу тәртіптерін жеңілдетеді.

Бірыңғай төлемнің 2023 жылғы мөлшерлемесі — 20%, бұл төлемді әркім өз еркімен төлей алады.

Оған кіретін төлемдер:

  • қызметкерлер табысынан төленетін ЖТС;
  • зейнетақы жарналары;
  • жұмыс берушілер төлейтін міндетті зейнетақы жарналары;
  • әлеуметтік аударымдар;
  • МӘМСЖ;
  • МӘМС.

Салық кодексінің жаңа түзетулеріне сәйкес бірыңғай төлемді ҚР бейрезиденттері үшін төлеуге тыйым салынады.