ЖК мен ЖШС тапсыратын статистика есебі

Есеп беру түрлері, тапсыру мерзімдері және кәсіпкерлерге салынатын айыппұлдар

Дана Ермұхан

Дана Ермұхан

автор

Ирина Дубчак

Ирина Дубчак

редактор

Татьяна Федорова

Татьяна Федорова

статистика есебі туралы бәрін біледі

ЖК мен ЖШС тапсыратын статистика есебі

ЖК мен ЖШС салық органына ғана емес, статистика органдарына да есеп беруі керек. Статистикалық есептің бірнеше нысандары бар болғандықтан, компаниялар қайсыны және қашан тапсыру керектігі жайлы жиі шатастырып тұрады.

Статесеп тапсыру мақсаты

Мемлекет компаниялар ұсынған мәліметтер негізінде ресми статистика жасайды.

Әр компания кәсібіне байланысты бөлек есеп тапсырады: егер кәсіпкер жүк тасымалымен айналысатын болса, онда ол автомобиль көлігімен жүк тасымалдайтын ЖК қызметі туралы есеп тапсыруы керек, құрылыс саласындағы компаниялар аяқталған құрылыс туралы есеп береді, ал шаруа мен фермер қожалықтары мал шаруашылығының жай-күйі туралы есеп береді.

Статесеп тапсыратын кәсіпкерлер

Кәсіпкерлердің бәрі статистика есебін тапсыру керек. ЖК-ның міндеттемелері азырақ — статистика есебін жылына шамамен үш рет жібереді. Ал ЖШС оны ай сайын, тоқсан сайын, жарты жыл сайын және жыл сайын тапсырып тұрады, есеп саны қызмет түріне байланысты болады.

Есептердің кейбір түрлері

Статистика есептерінің барлық түрлерінің тізімін мына сілтемеден көруге болады. Әрбір есептің өз тапсыру мерзімі бөлек, мысалы:

  • ЖК қызметі туралы есеп — 1-ИП индексі, екі жылда бір рет тапсырылады;
  • Экономикалық қызмет түрлері бойынша есеп — 1-СР индексі, жылына бір рет тапсырылады;
  • Шағын кәсіпорын қызметі туралы есеп — 2 МП индексі, тоқсан сайын және жыл қорытындысы бойынша тапсырылатын нысандар бар;
  • ЕАЭО-ға мүше мемлекеттермен өзара тауарлар саудасы туралы есеп — 1-ТС индексі, есеп тек тауар айналымы болған айлар үшін ғана тапсырылады.

Статесеп тапсыру мерзімі мен тәсілдері

Салық органдары кәсіпкерлерді салық төлеуші ретінде қабылдаса, статистика органдары оларды респондент ретінде көреді. Есептің қайсысын тапсыру керектігін Ұлттық статистика бюросының сайтындағы респондент кабинеті арқылы білуге болады. Порталға ЭЦҚ арқылы кіруге болады.

Жүйеге кіргеннен кейін «Жүгіртпе» бетіне өтіп, ЖСН/БСН енгізіп, нысандар тізімін сұрату керек. Егер компания алғашқы статистика мәліметтерін тапсыратындар іріктеуіне кірсе, онда сол бетте есептер мен оларды тапсыру мерзімдері тізімі шығады, оны pdf форматында жүктеп алу керек. Бұл құжатты жүктеп алу арқылы кәсіпкер өзін жүйедегі техникалық ақауларға байланысты туындайтын түрлі жағдайлардан қорғайды, өйткені кейде компания тізімде шықпай қалады, ал кейін оған есеп тапсырмағаны туралы күтпеген хабарлама түсіп, айыппұл салынуы мүмкін.

Есептерді толтыру және жіберу үшін «Менің есептерім» бетіне өтіп, тізімнен қажетті есеп нысанын таңдап, «Есеп құру» батырмасын басу керек. Есеп толтыру процесі қиын емес, ал түсінбеген жағдайда, «Нұсқаулықтар» бетіне кіріп, қарауға болады.

Егер компания есеп беретін кезеңде жұмыс істемесе, респондент қызмет етпегендігі туралы хабарлама жібере алады: «Менің анықтамаларым» бөлімінде ЭЦҚ арқылы қол қойып, жаңа анықтама қоса алады. Бірақ мұндай хабарламаны барлық есептер бойынша жібере беруге болмайды; кейбір есептер міндетті түрде тапсырылуы керек.

Компанияны жауып жатқан немесе қызметін тоқтатқысы келетін кәсіпкерлер еркін түрде хат дайындап, оған салық органдарын берген қызметті тоқтата тұру рұқсатының көшірмесін (оны салық төлеушінің кабинетінде жүктеп алуға болады) қосып, хатты жіберу керек.

Кәсіпкер ЖК-ның негізгі немесе қосымша ЭҚЖЖ ауыстырғанда, әлде қызметкерлердің санын өзгерткен жағдайда ол туралы бір ай ішінде статистика органдарына осы нысан бойынша хабарлауы керек.

Компания салық есебін нақты белгіленген уақытта тапсыратын болса, статистика есебін тек тізімге іріктелген жағдайда ғана тапсыруы керек. Бұл кез келген уақытта болып қалуы мүмкін, сондықтан мерзімдерді өткізіп алмау үшін және айыппұлға ұшырамау үшін кәсіпкерлерге айына кемінде бір рет респондент кабинетіне кіріп, тізімді тексеру керек.

Статесеп тапсырмаған жағдайда салынатын айыппұл

Кәсіпкер жалған статистика мәліметтері ұсынған жағдайда, оған ескерту жіберіледі. Ал статистикалық есепті тапсырмағаны үшін айыппұл салынады:

  • жеке тұлғаларға — 10 АЕК, немесе 2024 жылы 36 920 теңге (14 АЕК, немесе 51 688 теңге — есеп бір жыл ішінде қайта тапсырылмаса),
  • шағын кәсіпкерлік субъектілеріне — 14 АЕК, немесе 51 688 теңге (қайталанған кезде — 20 АЕК, немесе 73 840 теңге),
  • орта кәсіпкерлік субъектілеріне — 20 АЕК, немесе 73 840 теңге (қайталанған кезде — 40 АЕК немесе 147 680 теңге),
  • ірі кәсіпкерлік субъектілері үшін — 120 АЕК, немесе 443 040 теңге (қайталанған кезде — 150 АЕК, немесе 553 800 теңге).

Есепте қате табылса

Жеке кәсіпкер немесе компания есепте қате байқаса, түзетілген нұсқасын екі күн ішінде жіберуі керек.

Ал егер статистика органының қызметкерлері қате тапса, онда олар компания мекенжайына бармай-ақ мемлекеттік бақылау өткізеді. Қорықпаңыз, бұл қатты естілгенімен, іс жүзінде олар кәсіпкерге қателерді жою туралы қорытынды жіберіп, оны орындауға екі күн береді.


Статистика есебін барлық кәсіпкерлер тапсыруы керек, бірақ тапсыру мерзімі әр түрлі болады. Тапсыратын уақытты өткізіп алмау үшін және айыппұлдарға ұшырмау үшін респондент кабинетіне кіріп, тізімді тексеріп тұру керек. Есептерді толтыру қиын емес, оны жеке кәсіпкерлер өздері-ақ жасай алады, ал ЖШС бухгалтерлеріне тапсыра алады.