Мен Wildberries арқылы миллиондаған ақша табатын декреттегі анамын

Қолдағы 50 мың теңгемен бизнес қалай бастауға болады

Дана Ермұхан

Дана Ермұхан

автор

Ирина Дубчак

Ирина Дубчак

редактор

Мен Wildberries арқылы миллиондаған ақша табатын декреттегі анамын

Астаналық Жазира Марат декретте отырып, қолындағы бар-жоғы 50 мың теңгемен Wildberries-те дүкен ашып, екі ай ішінде тауар айналымын 1 миллион теңгеге жеткізді. Кәсіпкер келіншек өз бизнес хикаясын бізге айтып, ең танымал Ресей маркетплейсінде қалай ақша табуға болатыны туралы кеңес берді.

Корея сусабындары арқасында көтерілдім

Мен төрт жыл бұрын косметика дүкенін аштым. Бұл өзім ұнататын және жақсы білетін кәсіп болатын. Мен әлеуметтік желілердегі парақшаға қатты көңіл бөліп, онымен ынталанып айналысатынмын. Декретке шыққаннан кейін парақша жүргізуге уақытым болмады, өйткені контент жасау, клиенттерге жауап беру және тапсырыстарды жеткізу көп уақыт алатын. Ал мен болсам балама, отбасыма және өзіме көңіл аударғым келді. Дүкенді жабуға тура келді.

Бірақ мен барлық процестері автоматтандырылған онлайн бизнес жүргізгім келді. 2021 жылы маркетплейстер енді ғана қарқын ала бастады, олардың ішінде мені Wildberries қызықтырды. Мен барлығын анықтап алып, бұл бизнеспен айналысайын дедім.

Менде косметика дүкенін жапқаннан кейін қалдық тауар қалмады. Сол кезде қолымда небәрі 50 мың теңге ғана болатын. Сол ақшамен бастайын дедім. Тауар іздеген кезде, кәрістердің бір сусабынын таңдадым — ол клиенттің барлық тілектеріне сай, сульфат пен силикон қосылмаған, барлық тері түрлеріне арналған сусабын болатын. Оны 6 400 теңгеге сатып алып, 16 мың теңгеге саттым. Тапсырыстар бірден түсе бастады, мен тауарларды ірі партиялап сатып ала бастадым. Екі ай ішінде 40 пайызға жуық таза пайдаға шығып, бизнес айналымын 1 миллион теңгеге дейін көтердім.

Тапқан ақшаны қайтадан айналымға салып, бальзам, кондиционер және шашқа арналған маска сияқты қосымша тауар сатып алдым. Wildberries-тің тиімдігі — оның жылдам айналымында. Бұл жерде ең бастысы — өз «хитіңді» табу.

Мен маркетплейске кірмес бұрын юнит экономикасын есептедім. Тауар бағасына жеткізу, қайтару және орау шығындарын қостым. Бір қаптама 250–350 теңге тұрады, оған қоса, сауда жақсы жүрсін деп, мен клиенттерге кішігірім сыйлық салып жіберемін, оның бағасын да үстеме бағаға қосу керек. Тауарды сатып алушыға дейін жеткізу шығыны — 560 теңге. Қайтарылған тауар шығынын, оны қоймадан жеткізу пунктіне дейін «ары-бері тасу» шығынын да сатушы өзі төлейді, сонымен қатар, клиент бір тауарды бірнеше рет қайтарып жіберуі мүмкін — бұл шығынды да орта есеппен 240 теңге етіп есептеп, үстеме бағаға қосамын. Тауарды қоймада сақтауға және салық төлеуге кететін шығындарын да ескеру керек. Ал косметиканы сертификаттауға ақша жұмсағанның орнына, сертификатты ресми дистрибьютордан сұрап алдым. Мен олармен келісімшартқа отырдым да, маркетплейсте сертификатты пайдалану үшін 200 мың теңгеден астам сомаға тауар алып отыруға келістім. Ол кезде тауар айналымы жақсы болып, мен бұл шартқа келісім бердім.

Алғашқы қате және ірі тауар партиясы

Жарты жылдан кейін мен сауда алаңымен жұмыс істеу тәсілін өзгертуді ұйғардым. Бұрын мен тауарларды маркетплейс қоймасына (FBS жүйесі) өзім жеткізетінмін, тіпті бір тауар үшін күн сайын қаланың басқа шетіне баратынмын, ал тауар айналымы өсіп, ақша пайда болғанда, түгел тауарларды маркетплейс қоймасында (FBO жүйесі) сақтайтын болдым.

Мен барлық тауарды Астанадағы Wildberries қоймасына апарамын деп шештім. Бұл шешім қате болды, өйткені менің негізгі аудиториям, клиенттерім Мәскеуде тұрды, ал менің барлық бәсекелестерім де өз тауарларын Мәскеуде сақтайтын. Мен жеткізу жылдамдығының тауар карточкасы рейтінгіне және сатылымына әсер ететінін ескермедім. FBO тәсілімен жөнелтілген бірінші тауар партиясы көп сатылды — бізге бағаларды төмендетіп, барлық тауарларды сатып жіберуге тура келді, оған қоса ол кезде бағаны қатты төмендетіп жіберген көптеген бәсекелестер пайда бола бастады да, мұндай тауарларды ары қарай сатқан тиімсіз бола бастады. Бүкіл партияны сатқаннан кейін, оның ақшасына мен тұрмысқа арналған заттар сатып аламын деп шештім. Қытайдан жеткізушілер тауып, бұл жолы партияны Мәскеудегі Wildberries қоймасына жібердім. Бұл шешім әлдеқайда арзан әрі тез болып шықты. Ол кезде көптеген қазақстандық сатушылар мен сияқты жұмыс істеуге қорқатын, ал мен бұл жүйені тұңғыш қолданғандардың бірі болдым деуге де болады.

2022 жылғы тамызда сатушыларда қызу маусым басталды — тауарларға сұраныс көтерілді. Шілде айының аяғынан немесе тамыз айының басынан қыркүйек айына дейін маркетплейстегі барлық тауарларға сұраныс күрт өседі. Бұндай сұраныс қараша ортасында (Black Friday сияқты жаппай сатылым өткен кезде), желтоқсан айында, яғни Жаңа жыл қарсаңында, және көктемгі мерекелерге қарсы пайда болады. Оған дейін жеткізушілер тауар қалдықтарын толықтыруы керек, өйткені бүкіл партия бір аптада сатылып кетуі мүмкін.

Мен тауар қорын толықтыру үшін, яғни көбірек тауар алып, FBO-ға апару үшін 1 миллион теңге кредит алдым. Ондай кезеңдерде тапсырыс көбейетіндіктен, кідіруге болмайды, өйткені қалдық тауар саны карточканың рейтингіне және оның жоғары орынға шығуына әсер етеді. Тауар қалдығын 2 ай сататындай мөлшерде ұстау керек.

Қазір менің ай сайынғы айналымым 5 миллион теңгеге дейін жетеді, мен ай сайын Қытайдан Wildberries қоймаларына тікелей кемінде 200 кг тауар жіберемін. Егер мен тауарларды 1 миллион теңгеден астам ақшаға сатып алсам, онда жарнамаға орта есеппен 300 мың теңге бөліп отырамын.

Мен басқаларға ақша табуды үйретемін

Мен маркетплейсте тауар сату туралы әдістеме жазып, басқаларға сауда алаңына шығу жолдарын үйретемін деп шештім. Ұстаз болғаныма 1,5 жыл болды, бұл уақыт ішінде ТМД бойынша 1500-ден астам студент оқыттым. Accelerator ChinaKZ атты онлайн мектеп ашып, Қытай зауыттарынан тауарларды ірі партиямен сатып алып, Wildberries-те сатуды үйретемін. Жеке кәсіпкерлерге де кеңес беремін.

Бұл курс мен үшін негізгі табыс көзі болмағанымен, ол 100% өтелетін табысты бизнес екенін жасырмай айта аламын. Курс өткізу — менің сүйікті ісім, мен білімімді бөліскім келеді. Саудасы жақсы жүріп жатқан мамандар көп, бірақ оны басқа адамдарға бәрі үйрете алмайды, ал мен түгел ақпаратты басқаларға өзіме бергендей беремін.

Қазіргі кезде тек теория үйретіп, түк нәтиже бермейтін инфосығандар толып кетті, олардың көбі қысқа уақытта миллиондаған табысқа ақша салмай-ақ жеткізуге уәде береді. Егер сізге де солай айтса, онда олар сізден ақша сыпырып алғысы келеді деген сөз.

Менің сабақтарым өз тәжірибеме және студенттерімнің тәжірибесіне негізделген. Мен тек әрбір қазақстандық отбасы материалды жағдайын жақсарта алса екен деймін.

Менің ойымша, маркетплейсте сауда жасау үшін тауар таңдап, оны қоймаға жіберуден бастап, оған жарнама беруге дейінгі әр қадамды өзіңіз жасауыңыз керек. Содан кейін ғана жұмысты менеджерге тапсырып, стратегия мәселелерімен айналыса беруге болады.

Маркетплейс тиімдігі

Мен пандемия кезінде фотосурет түсіруге қызығушылық танытып, оқуын оқып шықтым. Ол кезде кофеханасы бар фотостудия ашқым келді. Сөйтіп, мен қаржы маманына бизнес-жоспар дайындаттым — бұл жобаға шамамен 20 млн теңге керек болып шықты. Оған қарағанда Wildberries бастапқы инвестиция тұрғысынан тиімді екенін қазір ғана түсіндім. Маркетплейспен жұмыс істеудің артықшылықтары мынадай:

  1. Жоғары қаражат айналымы. Бұл тұрғыдан бұл бизнестің басқа бизнестерге қарағанда аналогы жоқ. Мысалы, егер мен дүйсенбі күні тауарларды қоймаға апарып тастасам, бейсенбі күні клиенттер оның түгеліне тапсырыс беріп, сатып алады, ал келесі дүйсенбіде төлем ақшасы есепшотқа түседі.
  2. Бизнесті толықтай онлайн жүргізуге болады. Онлайн сатылымдардың ықпалын пандемия кезінде барлығымыз байқадық, ол кезде Wildberries инфрақұрылымы дами бастады да, қазір жеткізушілер барлығын телефонда-ақ істей алады. Бұл мен үшін өте маңызды, өйткені мен отбасыммен бірге көбірек уақыт өткізіп, балаларымның өсуін көргім келеді.
  3. Бизнес бастау үшін көп ақша керек емес. Мен сауда жасауды не ақшамен бастап, қазір қандай айналымға жеткенімді айта бастасам, адамдар таң қалады. Шамалы бюджетпен бастаған, әрине, қиынырақ болады, бірақ егер одан басқа мүмкіндік болмаса, онда оны қорықпай сынап көру керек.
  4. Сіз бәрін жалғыз өзіңіз жасай аласыз. Бұл бизнеске администратор, қызметкер немесе бөлек жұмыс орны қажет емес. Декреттен шыққанда мен барлығын бір өзім жасай алатынымды дәлелдегім келді.
  5. Сізде қателесу құқығыңыз бар. Егер мен маркетплейсте 1 млн теңге жоғалтсам да, қателерді түзетіп, бәрін қайта бастай алар едім. Ал 20 млн теңгеге кофехана ашып, шығынға батып кетсем, олай істеу мүмкін болмас еді. Wildberries-те жасалған қателер сабақ бола алады.
  6. Сауда көлеміне шек салынбайды. Егер тауарыңыз жақсы өтетін болса, оны кез келген көлемде сата беруге болады.

Қалай болса да, бизнестің қауіп-қатері көп, әрі сіз де Wildberries арқылы барлық қаржы мәселелерін шеше алмайсыз. Бірақ егер сіз 2024 жылы маркетплейстке кіру тым кеш деп ойласаңыз, қателесесіз. Оның уақыты енді ғана келді. Бастысы, барлығын алдын-ала ойлап істесеңіз болды.