Тоталды театр: тәуелсіз театр ашу

Ең бастысы — эксперимент жасаудан қорықпау

Дана Ермұхан

Дана Ермұхан

автор

Ирина Дубчак

Ирина Дубчак

редактор

Антон Зайцев

Тоталды театр 2023 жылғы күзде бесінші маусымын ашты. Әр түрлі бағыттар мен жанрларда жұмыс істейтін театр батыл эксперименттерден қорықпай, актерлер мен режиссерлерді шақырып отырады. Оның директоры әрі көркем жетекшісі Антон Зайцев тәуелсіз театрды қалай құру керектігін, оны ашу үшін не қажет екенін және көрерменді театрға қалай тарту керектігін айтып берді.

Тоталды театрдың негізін қалау

Менде мамандық таңдаған кезде күдік болған жоқ. Мен жетінші сыныпта оқып жүрген кезімде анам менің қолғап қуыршақтарына қатты қызығатынымды көріп, адам бойымен бірдей ойыншық қоянды сыйға тартты, ал 13 жасымда мен Алматыдағы «Зазеркалье» атты меншікті балалар театрына келіп, репетицияға қатысуды сұрандым — алдымен бақылаушы болдым, кейін қуыршақ ойнатушы актер болдым. Мені барлығы қызықтыратын: сахна артындағы өмір, спектакльдерге дайындық барысы, сахнаның өзі.

Мектепті бітірген соң Санкт-Петербургтегі Ресей мемлекеттік сахна өнері институтының қуыршақ театры факультетіне оқуға түстім. Бірінші актер білімін, содан кейін режиссер білімін алдым. Университетте оқып жүргенде, 2016 жылы маған Алматыдағы Мемлекеттік қуыршақ театрының бас режиссері болуға ұсыныс келді. Мен 21 жасымда ең жас театр режиссері болдым. Қазір мен онда әлі де жұмыс істеймін, бірақ спектакльдерді сирек қоямын. Мемлекеттік театрдағы жұмыстың біраз артықшылықтары бар — жалақы тұрақты түсіп тұрады, толық штат пен костюмерлер де бар, бірақ ол жерде еркін әрекет ету мүмкіндігі аз болады.

Кейіннен «Зазеркалье» театрының негізін қалаушылар мені басқарушы директор болуға шақырды. Мен сол жерде екі жыл жұмыс істедім, біз бірнеше ірі жоба жасадық, бірақ режиссер Элистин Михайловтың интерпретациясындағы Проспер Мерименің «Рок. Кармен» шығармасына дайындау кезінде біз театрдың негізін қалаушылармен шығармашылық жағынан үзілді-кесілді келіспедік. Олар өз сахналарында мұндай репертуарды көргісі келмеді, бірақ мен бұл спектакль театрды жаңа деңгейге көтереді деп сендім. Нәтижесінде мен «Зазеркалье»-дан кетіп қалдым. Дегенмен жоба іске қосылып қойған еді, әрі режиссер мен актерлер жұмысқа дайын болғандықтан, спектакльді өзіміз өткізуді жөн көрдік.

Бізге «Игра» балалар театры репетиция өткізуге орын бөлді. Дайындық қызу жүріп жатты. Бізге реквизитке орындықтар керек болғаны есімде — мен оларды атамның үйінен тауып алып, бояп, сахнада қолдандым. Осылай, өз қолымызбен спектакль қойдық. Біз «Рок. Кармен» атты пластика театры және объектілер театрының элементтері бар заманауи драманы жарыққа шығардық. Ол жоба сәтті болып шықты. Біз мұны әрі қарай жалғастырғымыз келді. Сол кезде менің қолым бос болды да, бренд жасау керек екенін түсіндім. Тоталды театр осылай дүниеге келді.

Көркем жетекші Елена Локшина екеумізде меншікті театр ашу тәжірибеміз болды: біз Қазақстанда ересектерге арналған тұңғыш қуыршақ театрын ашқанбыз, онда Рэй Брэдберидің «Жила была старушка» атты пьесасын қойдық, оған қоса менің «Зазеркалье» театрында алған тәжірибем болды, сонымен қатар Лена ARTиШОК театрының негізін қалаушылардың қатарына кіреді.

Біз театрға бизнес саласынан келген жоқпыз, керісінше, театрдан бизнеске келдік. Біз үшін ең бастысы — театрдың бүгінгі таңда қай бағытқа бет алғаны, яғни шығармашылық бағыт. Егер бізде жөнді репертуар болмаса, көрермендерге не көрсетеміз? Әрине, біз кейбір жұмыс процестеріне түрлі көзқараспен қараймыз, бірақ бұл жерде бәрін талқылап, сөйлескен дұрыс. Біз үшін ақша емес, идея мен адамдар арасындағы қарым-қатынас маңызды. Бізге адалдық, достық, махаббат деген қасиеттер маңызды, ал қалғанын сөзбен шешуге болады.

Бірінші сахна мен театрға орын іздеу

Біз «Рок. Кармен» спектаклін «Игра» балалар театрында ойнай бастадық. Көрермендер балалар театрының сахнасында ересектерге арналған спектакль не себеппен қойылғанын түсінбеді. Содан кейін біз «Трансформа» театрына көшіп, сол жерде репертуарымызда «Я есть» атты пьеса пайда болғанша ойнадық. Ал одан көшкен себебіміз — бізге он шақты түтін қондырғысын орнату керек болатын, ал сахна бізге техникалық жағынан сәйкес келмеді. Жаңа орынды біз жарты жыл іздедік, күн сайын хабарландыру тақтасындағы ұсыныстарды қарастырып жүрдік. Бізде бірнеше техникалық критерий болды — біз биіктігі үш метр атты пайдалануды жоспарлаған едік, сол себепті төбелері биік бөлме іздедік. Бірақ бізге жарайтын ұсыныс болмады.

Театрда жұмыс істейтін адамдар көбінесе тағдыр мен энергия күшіне сенеді. Бір сәтте біз қате жолмен келе жатқанымызды түсініп, жағдайға алаңдауды қойып, премьераны тоқтатып, қолайлы уақытты күтуді шештік. Дәл сол сәтте достарым маған телефон соғып, біздің талаптарымызға сай орын ұсынды.

Жаңа орынды жөндеу қажет болды. Сахнаны жаңадан бастап құру керек болды. Жөндеу кезінде электриктердің: «Бұл жерде театр орнату мүмкін емес, электр қуаты жетпейді, қаладан бар болғаны 10 ватт келеді» дегені әлі есімде, ал бізге одан да көп қуат керек болатын. Он бес шақты электрик шақырдық, барлығы киловатт туралы сұрай берді. Мен көзіме жас тұңып: «Мен режиссермін, мен ештеңе білмеймін» дегенім бар. Бұл біз үшін жылдам өсу кезеңі болды.

Ақырында біз барлық кедергілерден өтіп, сахна құрдық, бірақ фойе жасауға ақша жетпей қалды, оны осы жазда ғана аяқтап бітірдік.

Сөйтіп біз ашылдық та, ойнай бастадық.

Театр философиясы — жанрларды біріктіру

Біз дәстүрлі театр емеспіз, біз театр компаниясымыз. Бізге дейін Қазақстанда мұндай басқару жүйесі болмаған. Біздің театрда үш бөлімше бар: ересектер театры, балалар театры және театр студиясы.

Ересектер театрында тұрақты труппа жоқ — біз әр жобаға бөлек әртістерді шақырамыз. Мен театр директоры ретінде өз командасы бар ерекше режиссерлерді шақыра аламын. Біз олармен бір маусымға келісімшарт жасасамыз, ал олардың әртістері жалақыларын алады.

Өзің өзіңді шектегеннен гөрі, әр спектакльге лайық әртістерді шақырған жақсы емес пе? Балет қойылымы үшін біз труппадағы актрисаға пуанты кигізгеннің орнына, кәсіби балеринаны шақырамыз. Бұл жеңілірек те, сапа жағынан жақсырақ та. Тоталды театрдың концепциясы — барлық жанрларды бір шаңырақ астына біріктіру.

Балалар театрында тұрақты труппа жұмыс істейді. Оның әртістері ересектерге арналған қойылымдарға да қатыса алады, театр студиясында да жұмыс істей алады. Егер цирк элементтері бар қойылым қоятын болсақ, оған арнайы ұстаздарды шақырып, труппаның болашақты әртістерін өсіреміз. Балалар театрының әртістері — жан-жақты әртістер.

Біз барлығымыз дербес адамбыз және біз театрдың әр қырлы болғанын қалаймыз, бірақ бізді саяси мәлімдемелер мен хайп тақырыптары қызықтырмайды, өйткені олар бүгін бар, ертең жоқ. Бізді экспериментті заттар қызықтырады. Мысалы, Сидни Хопкинстің «Здравствуйте, мистер Бог, это Анна» кітабы негізінде «Я есть» спектаклі. Бұл Анна есімді кішкентай қызбен кездейсоқ кездесіп, өмірге жаңа көзқараспен қарай бастаған жігіт туралы әңгіме. Романды оқығаннан кейін мен бұл хикаяны сахнаға шығарғым келді. Қойылымға біз бес жылдай дайындалдық (классикалы театрда бұл мүмкін емес еді), және сахналау жолдары мен декорацияларды ойластырып, ең дұрысын тапқан соң, бір ай ішінде спектакль қойдық. Қойылым достық, жалғыздық, қатыгездік және махаббат сияқты мәңгілік сұрақтарды көтереді. Сондай тақырыптар бізді қызықтырады. Біз қойылымды жоспарлағанда оны ешкім түсінбейді деп ойладық, бірақ ол өзімізге керек деп шешіп, өзіміз бен достарымыз үшін ойнаймыз деп жүрдік. Бірақ қойылым көрерменнің көңілінен шықты, қазір бұл спектакльге билет сатып алу қиын. Мұндай жағдай бізде көп болды.

Мен Абайдың 170 жасына орай қуыршақ театрында спектакль қоюға тапсырыс алдым. Сөйтіп, алты ай бойы ақынның шығармашылығын зерттеп, оның «Қара сөздерін» мен басқа да шығармаларын оқып, оның ішінде мені шынымен толғандыратын бір мағына таптым. Содан режиссерге барып, спектакль тақырыбын ойлап тапқанымды айттым. Міне, осылайша «Абай. Впечатления» атты қойылым шықты. Театр режиссерге өз идеяларын тыққыламай, барынша еркіндік беруге тиіс.

Мені театрмен айналысудан түк жаңылтпайды

Театрдың ашылғанынан бірнеше жыл өтсе де, біз шаруаларымызды аяқтай алмай жүрдік. Фойені жөндеуге және сахнаға жарық жүргізуге ақша керек болды. Инвестиция алу үшін біз ірі бизнеспен айналысатын кәсіпкерлерге хабарластық. Біз олардан көмек күттік, өйткені біз шынымен де жақсы театр көрсетеміз ғой, ал бизнесмендер адамды адам етіп тәрбиелеудің маңызын түсіне алады деп ойладық. Оларға неше түрлі хат жаздық. Біреулері жауап берді, біреулері үндемеді, жарайсындар деп жазғандар да болды. Әрине, мұның бәрі күлкілі. Бізді ол кезде ешкім қолдаған жоқ. Мен бұған ренжідім бе? Жоқ. Мен еш қиындыққа қарамастан театрды тастамаймын.

Ақырында бізге достарымыз бен көрермендеріміз көмектесті. Біз краудфандинг платформасы арқылы ақша жинай бастадық. Ол кезде барлығы да солай істейтін. Біз 600 мың теңге жинамақпыз деп жарияладық, бірақ ол ақшаның жартысын ғана жинай алдық. Біз демеушілерімізге арнап бір жылдық театр көрермені жазылымын ұсынғаннан басқа, күлкілі номинациялар ойлап таптық, мысалы, театр қызметкерлері демеушілердің бірін «Жарқын жүзді тақсыр» деп каламбурлап атайтын болды, себебі ол кезде ақшаны сахнаға жарық жүргізуге жинаған едік. Ақша аз жиналды, бірақ біз біраз қажеттіліктерді өтей алдық. Бізге Ata Lux компаниясының директоры әрі менің досым Андрей Утьев көп көмектесті. Ол менің театр салып жатқанымды біліп, бізге жарық жүргізу жұмыстарын сыйлады.

Қазіргі уақытта біз шығындарды алдын ала жоспарлап отырамыз. Табыстың көп бөлігі жаңа қойылымдарға жұмсалады. Спектакль билетінің бағасы оған жұмсалатын қаражат мөлшеріне байланысты. Бүгінгі таңда ең қымбат спектакль — Виктор Гюгоның «Человек, который смеется» романы бойынша қойылатын «Гуинплен. Погружение» спектаклі. Оның билеті 12 мың теңге тұрады. Бұл ең қымбат әрі ең үлкен спектакль: оған көп адам қатысып, аспапты музыка, ән, би өнерлерін көрсетеді. Бұл біздің 2,5 сағат созылатын, үзілісі бар жалғыз спектакліміз. Қойылым фойеде басталады, содан кейін көрермендер бірінші актіге көшеді, ал үзіліс кезінде барлығы қайта фойеге шыққанда, зал толығымен өзгертіліп, онда басқа қойылым өтеді.

Рөлдерді бөлу

Театрда жұмыс істеу үшін сегіз қырлы болу керек — бізде команданың әр мүшесі барлық процестерді түсініп, әркім өз саласында мықты маман болуға тиіс. Әрқайсымыз еден жуу, қабырға бояу, киім тігу және спектакль қою деген сияқты жұмыстан қорықпайды, бірақ біздің әрқайсысымызда мықты жақтарымыз бар, соған көңіл бөлуіміз керек. Сол себепті бір кезде жауапкершілікті бөлуге тура келді, онсыз театр алға жылжи алмас еді. Жұмысты басқаларға бөліп тапсырғанның арқасында бізде театрды дамытуға уақыт та пайда болды. Қазір театр бірнеше бөлімшелерден тұрады: актер бөлімі, қоюшы топ, әкімшілік, маркетинг бөлімі және сату бөлімі.

Біз екі жыл бұрын жұмыстың негізгі нәтиже көрсеткіштері туралы ойлана бастадық. Бірақ оларды анықтай бастағанда, барлығымыз тек бір-бірімізбен ұрысып қалдық. Оған тек екі жылдан кейін ғана басымыз жетті. Біз есікті қалай ашу керек, аудиторияға не айту керек деген сияқты әрекеттерді реттейтін нұсқаулық жазып, алдымызға «Мінсіз өнер көрсету арқылы саналы бол, сана — мінсіз өмір сүру негізі» деген миссия қойдық. Сөйтіп, жұмыс жеңілдетілді де, өз ретімен кетті. Бұрын бізге барлығы түсінікті болып көрінгенімен, маңызды жайттарды талдап, жазып алу қажет екен.

Қазір театрымызда елуге жуық адам жұмыс істейді — ол шақырылған жұмыскерлер де, штаттағы жұмыскерлер де. Біздің әртістер өздері реквизит әкеліп, киімдерін өздері жуады. Мұнда әркім өз рөліне де, жалпы қойылымға да үлес қосады. Айына отызға жуық спектакль қоямыз.

Жобаны дамыту әдістері

Біз театрды ілгері итеру үшін түрлі іс-шаралар өткізіп отырамыз. Мысалы, соңғы уақытта біздің адам бойымен бірдей қуыршақтарымыз кешке қарай балабақша орналасқан аймақтарға барып, балалармен және олардың ата-аналарымен суретке түсіп, театр репертуары мен кестесін таратады.

Сондай-ақ, біз классикалы жарнама беру әдістерін қолданамыз — бізде ресми веб-сайт бар, оны қазір дизайнерлер даярлап жатыр, одан басқа әлеуметтік желілерде ересектер мен балалар театрларының бөлек аккаунттары бар. Спектакль билеттерін басқа да сервистерде сатып алуға болады.

Көрермендер бізге Астанада ашылу туралы жиі сұрақ қояды. Біз елордада филиал ашуға әлі дайын емеспіз, бірақ міндеттерді бөлісе бастағаннан кейін, бізде елордаға гастрольдік сапармен баруға мүмкіндік пайда бола бастады.

Театрмен айналысқыңыз келсе

Кез келген театр ашу үшін алдымен ниет керек. Театр дегеніміз не? Ол сахна емес, декорациясының арғы жағы емес, бөлме де емес, ол тіпті зат та емес. Театр актер мен көрермен арасында жүретін энергия. Мен қазір моноспектакль көрсете бастасам, айналамдағылар маған қарап, эмоция алады. Театр деген осы. Дүниедегі барлық театрлар көшелерде, алаңдарда бой көтерді.

Егер сіз театр ашқыңыз келсе, онда әрекет ете бастаңыз — алдымен үйде отбасыңыз үшін, содан кейін достарыңыз үшін спектакль қойыңыз. Айналаңызда көгал болса, спектакльді көгалда қойыңыз, шатыр болса, шатырда театр ұйымдастырып көріңіз. Ең бастысы, көрерменге не айта алатыныңызды түсіну. Өзіңізге өзіңіз: «Мен театрды не үшін ашып жатырмын, адамдарға не айтқым келеді?» — деген сұрақ қойыңыз. Мысалы, сіз Орал қаласында балалар театрын ашуды жоспарлап, бірақ ол жақта күннің көзі жетіспейтінін көрдіңіз дейік. Сіз балаларға күн жарығы мол тисін деп ойлайсыз. Сол себепті сіз күннің көзі туралы спектакль жасап, оған түрлі мәнерлі құралдарды ойлап табасыз. Мысалы, балаға күннің жылуын сезсін деп, шам әкеліп, оның қолдарын жыласыз, ал жұмсақтығын сезсін деп, құшақтауға болатын жұмсақ нәрсе бересіз.

Ештеңеден қорықпаңыз, күмәнданбаңыз, тек алға ұмтылыңыз. Біз театрымызды ашқан кезде фойе дайын емес болған еді. Ашылу қарсаңында біз қабырға бояуды аяқтап жатқанбыз. Залда үлкен көк бөшке тұрды, біз оны су өшіп қалғанда пайдаланатынбыз, бізде айна да, гардероб те жоқ еді. Не істерімізді білмедік. Содан кейін Лена плакат әкеліп алып, оған түрлі әзіл жаза бастады: «Бұл жерде айна ілініп тұратын болады, бірақ әзірше күлімсіреңіз», «Мына бөшкенің түрі жағымсыз болып көрінеді, бірақ бізге ол әлі керек», «Мына жерде гардероб орналасады, бірақ әзірше сіз курткаларыңызды орындықтардың арқаларына іле аласыз». Әзіл жағдайды құтқарды. Сондықтан да, егер сіз дербес болсаңыз, бұл өмір сенім білдірсеңіз, және өмірді ойын ретінде қабылдасаңыз, барлығы оңай болады.

Құдай адамды өзіне ұқсатып жаратқанын есте сақтаңыз. Жаратушының негізгі міндеті — жарату. Ол бізге де жарату сыйын сыйлады. Ендеше, осы мүмкіндікті неге пайдаланбасқа?