2024 жылы кәсіпкерлерге арналған кредитке кепілдік алу
«Даму» қорының кепілдігі, оның алу шарттары және қажетті құжаттар
Алтынай Шәрімова
Jusan Bank мемлекеттік бағдарламалармен жұмыс істеу басқармасының басшысы
Мақаланың мазмұны
Банктен кредит алу үшін кепіл керек. Кепіл ретінде жылжымайтын немесе жылжымалы мүлік қоюға болады, оның құны кредит мөлшерінен жоғары болуы керек. Кәсіпкердің кепілі жеткіліксіз болса, ол жетіспейтін сомаға «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қорынан кепілдік ала алады — осылайша мемлекет шағын, орта және ірі бизнесті қолдамақшы.
Кепілдік дегеніміз не
Кредитке берілген кепілдік — бұл клиент кредитін төлей алмаған жағдайда біреу оның атынан кепілдік шегінде банк алдында жауап беретіні туралы құжат. Яғни, бұл жағдайда «Даму» кәсіпкерге бизнесті дамытуға кредит алуға көмектесу үшін кепілгер болады. Кәсіпкер өз тарапынан қарсы міндеттемелерді қабылдауы керек — бұл кепілдіктен айрылып қалмау үшін нақты белгіленген мерзімде орындалатын шарттар.
Кәсіпкер «Даму» қорының бірыңғай кешенді бағдарламасы бойынша кредитке кепілдік алумен қана шектелмей, кредиттің сыйақы мөлшерлемесінің бір бөлігіне субсидия да ала алады.
Кепілдік беру мақсаты
Кепілдік инвестицияға және айналым қаражатын толықтыруға арналған кредиттерге беріледі.
- Инвестицияға компанияны кеңейту, модернизациялау, сондай-ақ, негізгі құрал, жылжымайтын мүлік пен құрал-жабдық сатып алу және еңбек етуге қолайлы шарттар жасауға жұмсалатын ақша жатады;
- Айналым қаражатын толықтыру — бұл тауар сатып алу, жеткізушілермен есептесу, еңбекақы төлеу, үй-жай жалдау, салық төлеу, т.б. мақсатта жұмсалатын ақша.
Кепілдік бағыттары
- Микро және шағын кәсіпкерлік.
- Шағын және орта кәсіпкерлік.
- Шағын, орта және ірі кәсіпкерлік.
- Моно- және шағын қалалар, ауылды елді мекендер.
- Әлеуметтік кәсіпкерлік.
- Қор биржасы (KASE, АХҚО).
Микро және шағын кәсіпкерлік
ЭҚЖЖ
- Саудадан (азық-түлік сатуға рұқсат етіледі), жылжымайтын мүлік пен жеңіл көлікке байланысты қызметтерден, такси қызметтерінен басқа барлық қызмет түрлері
- МҚҰ микрокредиттері бойынша — экономикалық қызметтің басым түрлері тізбесіне сәйкес қызметтер.
Кредит мөлшері
- Инвестициялар — 20 млн теңгеге дейін
- Айналым қаражатын толықтыру — 5 млн теңгеге дейін
Кепілдік мөлшері
Кредит мөлшерінің 85%-на дейін
Сыйақы мөлшерлемесі
- ҚР Ұлттық Банктің базалы мөлшерлемесі + 7%
Қарсы міндеттемелер
- Кредитті мақсатқа сай пайдалану
- Егер кредит инвестициялауға берілген болса, онда «Даму» қорының кепілдік беру туралы шешімі қабылданған күнінен екі жыл өткеннен кейін кемінде бір жұмыс орнын ашу керек
Шағын және орта кәсіпкерлік
ЭҚЖЖ
Экономикалық қызметтік басым түрлері
Кредит мөлшері
- Біраз жұмыс істеп жүрген кәсіпкерлер үшін: инвестицияға — 1,5 млрд теңгеге дейін, айналым қаражатын толықтыруға — 500 млн теңгеге дейін
- Жаңа бастаған кәсіпкерлер үшін — 360 млн теңгеге дейін
Кепілдік мөлшері
- Біраз жұмыс істеп жүрген кәсіпкерлер үшін — кредиттің 50%-ға дейін
- Жаңа бастаған кәсіпкерлер үшін — кредиттің 85% дейін
Кредит мөлшерлемесі
ҚР Ұлттық Банктің базалы мөлшерлемесі + 5%
Жоба қатысу үлесі
Кәсіпкерлер 500 миллион теңгеден асатын кредиттерге жоба құнының кемінде 10% үлесін өз ақшасымен немесе мүлкімен өтеуі керек.
Қарсы міндеттемелер
- Кредитті мақсатқа сай пайдалану
- Егер кредит инвестициялауға берілген болса, онда «Даму» қорының кепілдік беру туралы шешімі қабылданған күнінен екі жыл өткеннен кейін салық төлемдерін, еңбекақы қорын немесе жұмыс орнын 10%-ға арттыру керек
Шағын, орта және ірі кәсіпкерлік
ЭҚЖЖ
Кредит мөлшері
- Инвестициялар — 3,5 млрд теңгеге дейін
- Айналым қаражатын толықтыру — 1 млрд теңгеге дейін
Кепілдік мөлшері
Кредит мөлшерінің 50%-нан аспауы керек
Кредит мөлшерлемесі
ҚР Ұлттық Банктің базалы мөлшерлемесі + 5%
Кепілдік құны
- 500 миллион теңгеге дейінгі кредитке кепілдік алу тегін
- 500 млн теңгеден асатын кредиттерге арналған кепілдік құнын кәсіпкер өзі төлейді
Жобаға қатысу үлесі
Кәсіпкерлер 500 миллион теңгеден асатын кредиттерге жоба құнының кемінде 10% үлесін өз ақшасымен немесе мүлкімен өтеуі керек.
Қарсы міндеттемелер
Кепілдік алғанға дейін — үш жылдан астам уақыт бұрын тіркелген кәсіпкерлерге өтінім беру алдындағы екі жыл ішінде салық төлемдерін, еңбекақы қорын немесе табысын арттыру керек.
Кепілдік алғаннан кейін
- Егер кредит инвестицияға алынған болса, екі жылдан кейін салық төлемдерін, еңбекақы қорын немесе жұмыс орындарын 10%-ға үлкейту керек
- Егер шағын бизнес 3 миллиард теңгеден астам кредит алған болса, үш жылдан кейін орта бизнеске ауысуы керек.
Моно- және шағын қалалар, ауыл елді мекендер
ЭҚЖЖ
Жылжымайтын мүлік пен жеңіл көлікке байланысты қызметтерден, такси қызметтерінен басқа барлық қызмет түрлері
Кредит мөлшері
- Біраз жұмыс істеп жүрген кәсіпкерлер үшін: инвестицияға — 1,5 млрд теңгеге дейін, айналым қаражатын толықтыруға – 500 млн теңгеден дейін.
- Жаңадан бастаған кәсіпкерлер үшін — 360 млн теңгеге дейін
Кепілдік мөлшері
- Біраз жұмыс істеп жүрген кәсіпкерлер үшін — кредиттің 50%-на дейін
- Жаңадан бастаған кәсіпкерлер үшін — кредиттің 85%-на дейін
Кредит мөлшерлемесі
ҚР Ұлттық Банктің базалы мөлшерлемесі + 5%
Жобаға қатысу үлесі
Кәсіпкерлер 500 миллион теңгеден асатын кредиттерге жоба құнының кемінде 10% үлесін өз ақшасымен немесе мүлкімен өтеуі керек.
Қарсы міндеттемелер
- Кредитті мақсатқа сай пайдалану
- Егер кредит инвестицияға алынған болса,екі жылдан кейін салық төлемдерін арттырып, еңбекақы қорын немесе жұмыс орнын 10 пайызға арттыруы керек
Әлеуметтік кәсіпкерлік
ЭҚЖЖ
Жылжымайтын мүлік пен жеңіл көлікке байланысты қызметтерден, такси қызметтерінен басқа барлық қызмет түрлері
Кредит мөлшері
- Біраз жұмыс істеп жүрген кәсіпкерлер үшін: инвестицияларға — 1 млрд теңгеге дейін, айналым қаражатын толықтыруға — 500 млн теңгеге дейін
- Жаңа бастаған кәсіпкерлер үшін — 360 млн теңгеге дейін
Кепілдік мөлшері
- Біраз жұмыс істеп жүрген кәсіпкерлер үшін — кредиттің 50%-на дейін
- Жаңадан бастаған кәсіпкерлер үшін — кредиттің 85%-на дейін
Кредит мөлшерлемесі
ҚР Ұлттық Банктің базалы мөлшерлемесі + 5%
Жобаға қатысу үлесі
Кәсіпкерлер 500 миллион теңгеден асатын кредиттерге жоба құнының кемінде 10% үлесін өз ақшасымен немесе мүлкімен өтеуі керек.
Кепілдік алуға өтінім беру
Кепілдік алу үшін бизнеске қолайлы кепілдік бағытын таңдап, барлық қажет құжаттарды жинап, банкке хабарласу керек.
Құжаттардың ішінде:
- жеке кәсіпкер куәлігі немесе ЖШС тіркеу туралы куәлік,
- жобаның бизнес жоспары,
- кәсіпкердің қаржы қызметтері бойынша құжаттары,
- несие берешегініңің бар-жоғы туралы, 12 айдағы айналымы туралы және салық берешегінің жоқтығы туралы анықтамалар,
- жобаны жүзеге асыру жөніндегі құжаттар (бар болса): келісімшарттар, сатып алу-сату шарттары, ниет шарттары, жұмыс жүргізу және қызмет көрсету шарттары, орындалған жұмыстар актілері, төлем шоттары, т.б.
Құжаттардың толық тізімін банктен немесе «Даму» қорынан сұрап алуыңызға болады.
Кепілдік алуға өтінімді онлайн және офлайн беруге болады. Офлайн беру үшін барлық құжаттармен банк бөлімшесіне немесе «Даму» қорының филиалына бару керек.
Мамандар клиенттің төлеу қабілетін және қаржыландыру қажеттігін тексереді, кепіл мүлкін бағалайды және басқа стандартты процедураларды жүргізеді.
Содан кейін кәсіпкер банктің жазбаша оң шешімін қоса «Дамуға» кепілдік беру туралы өтінім жібереді. Қор өтінімді қарастырады да, мақұлданған жағдайда банкпен және өтінім берушімен келісімшартқа қол қояды. «Микро және шағын кәсіпкерлік» бағыты бойынша кепілдік туралы келісімшарт жасалмайтынын ескертеміз.
Өтінімді онлайн беру
Өтінімді онлайн беру үшін online.damu.kz сайтында тіркеліп, бизнеске сәйкес бағдарламаны таңдап, «Қызметті алу» батырмасын басу керек. Сонда электронды нысан ашылады, оның өрістерінің көбі мемлекеттік деректер базасынан автоматты түрде толтырылады. Бар болғаны кредит жөніндегі негізгі ақпаратты қосу және өтінімге ЭЦҚ арқылы басшының қолын қою ғана қалады. Өтінім күйін жеке кабинетте «Өтінімдер» бөлімінде көруге болады.
Есте сақтайтын жайттар
Бүгінгі күні кепілдікті оңай, тез әрі артық бюрократиямен айналыспай-ақ алуға болады. Кредитті жеке шығындарға емес, мақсатқа сай жұмсау керек екенін есте ұстаған жөн. «Даму» қоры ақшаның қайда жұмсалғанын міндетті түрде тексереді, егер қаражат орынсыз жұмсалса, кепілдік жойылады.