ЖК үшін ипотека алу жолдары
Банктердің талаптары, құжаттар тізімі мен жеңілдікті шарттар
Мақаланың мазмұны
Жеке кәсіпкерлер үшін ипотека рәсімдеу барысы ерекше дайындықты талап етеді. Табыстары тұрақсыз болғандықтан, банктер ЖК-ның қаржы есептіліктері мен бизнесті жүргізу ұзақтығына қарап, өз талаптарын қояды. Ипотеканы рәсімдеу кезеңдері мен жеке кәсіпкерлерге оны алу мүмкіндігін арттыруға көмектесетін лайфхактар туралы сіздерге айтып береміз.
Бизнесті жүргізу ұзақтығы
Банктер ЖК өз қызметін қаншалықты ұзақ жүргізіп жатқанына жете назар аударады. Бизнестің жұмыс істеп жатқанына орташа есеппен алғанда бір жылдан кем емес уақыт болуы қажет.
Кәсіпкер бизнесін неғұрлым ұзақ жүргізсе, ипотеканы тиімді шарттармен алу мүмкіндігі соғұрлым жоғары болады. Жас ЖК үшін ипотекалық несие бойынша қосымша талаптар қойылып, несие мөлшерлемесі жоғары болуы мүмкін.
ЖК-ның табысын растау
Көптеген кәсіпкерлер шартты түрде үш жыл қызмет етсе де, табыстары тұрақсыз немесе маусымға тәуелді болады. Сол себепті банктер жеке кәсіпкерден белгілі бір кезең ішіндегі табысын растауды қосымша сұрап, көз жеткізеді. Дәлел ретінде әдетте мыналар қажет:
- соңғы 12–24 ай үшін салық есептілігі — ЖК қаражатының айналымы тұрақты болып, салықтары уақтылы төленуі қажет;
- шоттардың үзінді көшірмелері — ЖК-ның ақшалай операцияларды тұрақты түрде жүргізгені оның қаржылық тұрақтылығын растайды.
Жеке кәсіпкердің табысы неғұрлым көп және тұрақты болса, банктің ипотеканы мақұлдау мүмкіндігі соғұрлым жоғары болады.
Ипотекалық несиелеу шарттары
ЖК мен қарапайым қарыз алушыларға несие беру рәсімі бірдей: алдымен банк кәсіпкердің несие тарихын және табысын растайтын құжаттарды тексереді. Содан кейін осы ақпараттың негізінде несие сомасы мен мерзімін, пайыздық мөлшерлемені және бастапқы жарнаны есептейді.
Бірақ басқа қарыз алушылармен салыстырғанда кәсіпкерлер үшін несие беру шарттары әдетте қатал болады. Себебі — банктерге кепілдік қажет және қарыз алушының сенімді болғаны маңызды.
ЖК-ға ипотекалық несие беру шарттары әр банктің өзіне байланысты.
Банктердің көпшілігінде кездесетін жалпы талаптар:
- орташа алғанда бастапқы жарна 30–50%-ды құрайды — бұл қарапайым қарыз алушылармен салыстырғанда едәуір көп;
- қайталама нарықта тек 1975 жылдан кейін салынған тұрғын үйлер қаралады (қарапайым қарыз алушылар үшін табыстары толық расталған кезде одан да ескі тұрғын үйді қарастыруға болады);
- банктер сыйақының ең жоғары мөлшерлемесі бойынша азырақ соманы мақұлдай алады;
- әдеттегіден көбірек құжат тапсыру қажет (мысалы, белгілі бір кезең ішіндегі салық есептілігі және т.б.);
- кейбір банктер қосымша кепіл талап етуі мүмкін.
Жеңілдікті ипотека
ЖК кәсіпкерлік қызметтен түсетін табысын растай отырып, әртүрлі мемлекеттік ипотекалық бағдарламаларға қатыса алады. Мысалы, «7-20-25» бағдарламасы.
Мемлекеттік бағдарламалардың қатысушыларына әртүрлі талаптар қойылады. Кең таралған талаптарға мыналар жатады:
- кәсіпкердің соңғы бес жыл ішінде жеке тұрғын үйінің болмауы;
- тұрақты табыстың болуы;
- қаржылық тұрақтылықты растау.
Мұндай бағдарламаларға қатысу үшін қосымша талаптар қойылуы мүмкін. Мысалы, әкімдікте тұрғын үйге мұқтаж ретінде тіркелу.
Қажетті құжаттар топтамасы
ЖК-ға ипотека алу туралы өтінім беру үшін қажетті құжаттар топтамасы:
- жеке куәлік;
- жеке кәсіпкер ретінде тіркелгені туралы куәлік;
- соңғы жыл үшін салық декларациялары (немесе басқа кезең бойынша — банктің талаптарына байланысты);
- шоттардан үзінділер;
- сатып алынатын тұрғын үйдің құжаттары;
- егер қажет болса, зейнетақы жинақтарын пайдалануды растайтын құжаттар.
Құжаттар тізімі рәсімделіп жатқан банкке байланысты өзгешеленуі мүмкін.
ЖК үшін ипотека рәсімдеу бойынша кеңестер
Табысты растайтын барлық құжаттарды дайындап қойыңыз: соңғы жыл бойынша салық декларациялары, бизнестен түсетін кірістер туралы үзінділер, контрагенттермен жасалған келісімшарттар және т.б. Жеке кәсіпкер бизнесін неғұрлым ұзақ жүргізсе, тұрақты табысын растайтын құжаттары көп болса, тиімді шарттар бойынша ипотека алу мүмкіндігі соғұрлым жоғары болады.
Бастапқы жарнаны ескеріңіз: ЖК үшін ол 30-дан 50%-ға дейін болуы мүмкін. Кейбір банктерде БЖЗҚ-дағы зейнетақы жинақтарын немесе бизнес активтерін кепіл және бастапқы жарнаға балама ретінде пайдалануға болады. Бастапқы жарнаның сомасы неғұрлым көп болса, ипотека бойынша мөлшерлеме соғұрлым төмен болады.
Жеңілдікті ипотекаларды қадағалап жүріңіз: жаңа мемлекеттік бағдарламалар пайда болып тұрады. Олардың көбісіне кәсiпкерлiк қызметтен түскен табыспен қатысуға рұқсат етiледi. Жеңілдікті ипотеканың шарттары неғұрлым тиімді болады.
ЖК үшін ипотека алу тұрақты табысты қосымша растаумен өзгешеленеді. Сондай-ақ несие беру шарттары ерекшеленуі мүмкін: бастапқы жарна сомасы, сыйақы мөлшерлемесі мен қарыз мерзімі. Таңдауыңыз түскен банктің шарттарын алдын ала біліп, мемлекеттік бағдарламалардың сайттарындағы жаңалықтарды қадағалап отырыңыз.