Бизнес-кейстер

Біз Қазақстан бойынша турларды ұйымдастыратын компания аштық

Туған ауылымызды жұмыс орындарымен қамтыдық

Біз Қазақстан бойынша турларды ұйымдастыратын компания аштық

Мақаланың мазмұны

K.k.tour туристік компаниясының негізін қалаушы Ақмарал Мұқан күйеуі және ағасымен бірге жеті жылдан бері қазақстандықтар мен ел қонақтарын Қазақстанның ерекше табиғаты мен көрікті жерлерімен таныстырып келеді. Кәсіпкер бизнестің қалай дамығанын, қандай қиындықтарға тап болғанын және жұмысты жалғастыруға не көмектесетінін айтып берді.

Өз отбасымызға көмектескіміз келді

Мен өзім Қарабұлақ ауылында туып өстім — бұл Көлсай көлінің жанында орналасқан екі ауылдың бірі. Ауыл танымал туристік жердің қасында орналасқанына қарамастан, туристер тек көрші Саты ауылына баратын. Біз бұл жағдайды өзгерткіміз келді, өйткені біздің ауыл Сатыдан еш кем емес. Ауылдың дамуы тек пайда әкелер еді — туризм жерлестерімізге жұмыс бере алар еді, сондықтан біз жұмыс істеп тұрған туристік компанияларға Қарабұлақты түнде тоқтайтын аялдама ретінде қарастыруды ұсындық, бірақ олар жоспарларын бұзып, ауылға кіргісі келмеді.

Сонда біз бұл бастаманы өз қолымызға алып, туристік компания құруды жөн көрдік. Осылайша, мақсаты табыс алу ғана емес, ауылды дамытып, жерлестерге жұмыс орнын ашу болатын кәсіп идеясы пайда болды. Бұл 2018 жылы болатын, мен университеттің үшінші курсында оқыдым. Ал қазір Қарабұлақ алты турфирманы қабылдап жатыр, ауылда 100-ге жуық қонақ үй жұмыс істейді.

Бір бағыттан 30-ға дейін бағыт ашылды

Біз ішкі туризмнің болашағы зор екенін түсіндік. Көптеген адамдар барлық жағдайлары бар және уайым қайғысы жоқ қысқа сапарларға шыққысы келетін. Біз адамдарға сондай дайын маршруттарды ұсынамыз деп шештік.

Біріншіден, қаржы есептеуден бастадық және бизнестің табыс әкелетінін анықтадық. Шабыттанып, ЖК аштық, туристік қызметке лицензия алдық.

Біз Көлсай және Қайыңды көлдеріне апаратын екі күндік турларды өткізуден бастадық (айтпақшы, біздің компанияның атауы осы екі көлдің алғашқы әріптерінен пайда болған), бірақ уақыт өте келе кейбір туристтер білмейтін жерде қонғысы келмейтінін және бір күндік турларға сұраныс бар екенін түсіндік. Карантиннен кейін сұраныс күрт өсті — адамдар жаппай саяхаттай бастады. Бұрын біз турға бір автобус апаратынбыз, ал пандемия кезінен үш-төрт автобус апаратын болдық.

Көп ұзамай Шарын шатқалы, Үлкен Алматы көлі, «Әнші құм» төбесі, Есік көлі, Ассы үстірті, Түрген сарқырамасы сияқты жаңа бағыттар да қосылды. Жылдар өте келе біз географиямызды кеңейте бастадық — Түркістанға, Өзбекстанға турлар ұсынамыз, ал жазда туристерді Алакөлге апарамыз. Бүгінгі таңда бізде 30-дан астам бағыт бар және біз Қазақстан бойынша жаңа маршруттар құруды жоспарлап отырмыз.

Біздің мақсатымыз — адамдарға еліміздің табиғатының қаншалықты сан қырлы және таңғажайып екенін көрсету. Біз әрбір турист ерекше жерлерді көріп, жақсы демалғанын қалаймыз.

Сенбеушілік, маусымдық және бизнестің басқа да қиындықтары

Ең басында кездестірген басты қиындықтардың бірі — клиенттердің сенбеушілігі болатын. Instagram-да көптеген алаяқтар көбейіп кетті, адамдар белгісіз бір компанияға ақша аударудан қорқатын. Олардың бізге деген сенімін арттыру үшін біз түгел құжаттарды беруге, фото лицензиялар мен гид сертификаттарын жіберуге тырыстық. Сол жылдары көптеген процестер қазірге қарағанда қиынырақ болатын, мысалы, онлайн-кассалар болмады, біз билеттерді өзіміз жеткізетінбіз, кездесу кезінде фискалды чек бердік, ал кеңсеміз үйде орналасқан болатын. Бір жылдан кейін офлайн кеңсе аштық. Бірте-бірте бұл процесс жеңілдеді: туристер келіп, құжаттардың бар-жоғын жеке тексеріп, тур ақысын төлейтін болды, біз онлайн төлемді қостық және қашықтықтан шот жібере бастадық. Қазір бізде төлемнің барлық түрлері — қолма-қол ақша, карта және QR бар. Біздің атымыз кең жайылып, туристер біздің кәсіби және сенімді компания екенін біледі.

Туристік бизнеске мезгіл әсер ететіні жасырын емес. Турлардың қызып тұрған кезі мамырда басталып, қыркүйектің соңына дейін жалғасады. Бұл саяхаттар ұйымдастырудың ең жақсы және тиімді уақыты. Қыста біз өзімізді өтеу үшін жұмысты жалғастырамыз — Шымбұлаққа, Богданович мұздығына, ҮАК-ке апаратын турлардың және басқа да шаралардың арқасында тиін табамыз. Қыста біз 16 желтоқсан сияқты мереке күндерінен пайда көреміз және дәстүр бойынша Аяз ата мен Ақшақармен бірге тауда Жаңа жылды қарсы аламыз. Биыл саяхат кезі нашар болды — өткен жылмен салыстырғанда туристер саны 20%-ға аз болды. Оған себеп — елімізде су басып, адамдардың қазір демалуды ойлайтын мұршасы болмады деп ойлаймыз. Ал басқа жағынан қарасақ, шетел турлары да қазір қолжетімді бола түсті.

Осы саланың тағы бір қиыншылығы — бұл жыл сайын туристік компаниялар арасында артып келе жатқан бәсеке. Лицензиясыз немесе сертификатталған гидтерсіз жұмыс істейтін, салық төлемейтін, сондықтан бағаларды төмендейтін көптеген компаниялар пайда болды. Біздегі турлардың бағалары төмен, бірақ олар бағаны тағы бірнеше мыңға азайтып, жаңа клиенттерді тартады. Бұрын біз бұны уайымдап жүретінбіз, бірақ қазір көңіл бөлмейтін болдық, өйткені әр бағаның өз клиенті табылады.

Жоба командасы және гидтердің ерекше вайбы

Бірінші жылы барлық жұмысты мен, күйеуім және ағам үшеуміз ғана істедік. Өзіміз сату менеджері мен гид болып жұмыс істеп жүрдік. Уақыт өте келе жұмысшыларды ала бастадық. Қазір біздің ұжымда 23 штаттағы адам бар, одан басқа штатқа кірмейтін қызметкерлер де бар. Олардың орта жастары — 18-ден 30-ға дейін. Одан үлкен жастағы адамдар бізге келмейді, өйткені олардың көңіл-күйлері басқаша болады. Біз туристердің көңілін көтеру, от жағу, ойындар ұйымдастыру, гитарада ойнау және т.б. қажет ететін екі күндік саяхаттарды ұйымдастыратындықтан, бізге жұмысқа ішкі энергиясы бар адамдар қажет.

Біз ресми түрде жұмыс істейтіндіктен, біздің барлық гидтер Қазақстан туризмі қауымдастығында алғашқы медициналық көмек көрсету курстарынан және сертификаттаудан өтеді. Оқудың бағасы — 50 мың теңге. Бұл, әсіресе, дәріханаға немесе медициналық көмекке қол жеткізе алмайтын шалғай жерлерде жұмыс істеу үшін міндетті талап. Оқу барысын гидтер өздері төлейді, кейде біз бағаның жартысын өтеп береміз. Кейбір гидтердің халықаралық сертификаттары бар. Гидтердің нақты жалақысы жоқ, жолға бір шыққаны үшін 25-30 мың теңге алады. Ал аптасына олар 3-4 рет шығады, бұл шамамен 100-120 мың теңге. Айына 400 мың теңгедей шығуы мүмкін.

Біздің маркетинг командамыз фотографтан, мобилографтан, таргетологтан және контент менеджерден тұрады. Штаттағы жүргізушілеріміз жоқ, біз сапарларға көлік компанияларын келісімшарт бойынша тартамыз, олармен алдын ала саяхат туралы келісіп аламыз.

Отбасымен бизнес жүргізу — бұл ерекше тәжірибе. Біз міндеттерімізді бөліп алдық: мен компанияның ұйымдық құрылымымен айналысамын, клиенттермен және қызметкерлермен қарым-қатынас жасаймын, күйеуім қаржы мәселелері мен бухгалтерлік есептің бір бөлігін өз мойнына алды, ал ағам қонақ үйлермен айналысады — бұл біздің бөлек жобамыз. Көптеген адамдар бізден жеке өмір мен жұмыс арасындағы тепе-теңдікті қалай сақтайтынымызды сұрайды. Жұмыс пен отбасылық сәттерді ажырату маңызды. Басында келіспеушіліктер болды, бірақ бізге өзара сенім білдіріп, бір-бірімізге қолдау көрсету маңызды. Біз үшеуміз бизнестің дамығанын қалаймыз, сондықтан мәселені конструктивті түрде талқылауға тырысамыз, жұмысты үйге әкелмейміз.

Клиенттерді тарту

Бизнесті сәтті бастаудың бір құралы әлеуметтік желілерді дұрыс пайдалануда деп санаймын. Біз Instagram парақшамызды ашқаннан кейін таргет жарнамасын бірден іске қостық. Көлсайдағы алғашқы тур жарнаманың арқасында 18 адам жинаған, біз оларды шағын автобуспен апардық. Әрбір жаңа турмен саяхаттағысы келетіндердің саны көбейе бастады, солай біз толыққанды автобустарды жалдай бастадық.

Клиенттеріміздің базасы қалыптаса бастады. Әрине, компания туралы ақпарат ауыздан ауызға таралғаны бизнеске жақсы әсер етеді, бірақ бұл жолмен ауқымды бизнес құру мүмкін емес. Әрі қарай даму үшін әлеуметтік желілерді дұрыс пайдалану керек — біз жоғары сапалы контент жасаймыз, фотолар мен бейнелер арқылы саяхат туралы әңгімелер айтамыз. Бұл қазақстандық туристерді ғана емес, басқа елдерден келген қонақтарды да қызықтырады.

Туристермен байланыс құру — жұмыстың маңызды бөлігі. Турлар, маршруттар және тұру шарттары туралы барлық ақпарат қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде WhatsApp арқылы жіберіледі.

Қазір біздің клиенттер қатарында қазақстандықтар ғана емес, Қытай, Үндістан, Еуропа және Ресейден келген туристер де бар. Біздің саламыз әлі толық қалыптасқан жоқ және біздің алдымызда әлі жұмыс көп. Біз турлардың инфрақұрылымын дамытып, жаңа маршруттар құрып, қызмет көрсетуді жақсартқымыз келеді. Қазақстанның халықаралық туризмді дамытуға зор әлеуеті бар деп сенемін және біздің міндетіміз — оны қолжетімді әрі тартымды ету.

Шығындар мен алдыға итермелейтін күш

Ай сайынғы шығындардың қатарына жарнама, орын жалдау, қызметкерлердің жалақысы, кеңсе тауарларын сатып алу, картридждерді толтыру шығындары кіреді. Оған қоса мерзімдік шығындары да бар: үш айда бір рет біз өз қызметкерлерімізге форманы жаңартамыз (футболкалар, жаңбыр жамылғылары және т.б.) және барлық гидтерге музыкалық колонкаларды сатып аламыз. Нәтижесінде шығындар келесідей болады:

35% қызметкерлердің жалақысы
15% орын жалдау
10% коммуналды төлемдер
3% салықтар
1% банк комиссиясы
5% ағымдағы шығындар
31% таза пайда

 

Біз қалай шаршамай жұмыс істеп келе жатқанымызды сұрағанда, мен өзім куә болған маңызды сәттерді есіме түсіремін. Осы жылдар ішінде турларымызда адамдар көлдің ортасында гүл шоқтарын сыйлап, қайықта үйлену туралы ұсыныстар жасады, батып кеткен орманның жағалауында гендер пати болды, адамдар саяхатта танысып, бір-бірлеріне ғашық болады, отбасы құрады. Бұл өте маңызды оқиғалар емес пе. Дәл осы сәттерді еске алғанда, алға қарай басып, жұмысты жалғастыруды жөн көреміз.

Жаңа бастаған кәсіпкерлерге кеңес

Туристік бизнесті енді ғана бастағысы келетіндерге біздің басты кеңесіміз — ашық және ресми түрде жұмыс істеңіздер, фискалдық чектер беріңіз және декларацияларда шынайы табысты көрсетіңіздер. Бұл бизнесті мемлекеттік органдардың тексерістерінен қорғайды және клиенттердің сенімін қалыптастырады.

Туристік қызметке лицензияны бірден алыңыз. Бұл қиын емес, компанияда жұмыс істейтін біреуде «Туризм» бойынша диплом болуы керек, көлік компаниясымен және қонақ үймен келісімшарт жасау қажет. Кәсіпкерлердің арнайы білімі болуы қажет емес, қызметкерлердің біреуінде болса жеткілікті.

Келесі маңызды мәселе — бұл турды ұйымдастыру. Сіз көлік компаниясымен алдын-ала келісіп, қонақ үйлердегі орындарды брондауыңыз керек. Сіздің қызметіңіз үнемі жақсарып тұруы керек, клиенттерге турдың барлық ұсақ-түйектері мен егжей-тегжейлері туралы ескерту маңызды. Мысалы, біз туристерге толық нұсқаулар береміз, қонақ үйлердің дәретханаға дейін фотосуреттер жібереміз. Турист өз демалысын компанияға сеніп тапсырғандықтан, бұл сенімді ақтау әрбір ұйымдастырушының маңызды міндеті деп санаймын. Біз алдын ала төлемді алу керек екенін түсіндік, өйткені егер ақша жіберілмесе, туристер келмеуі мүмкін, ал турға төлемеген қалған бөлігін сапар алдында бірден жинап алу керек, өйткені адамдар сапардан кейін төлемеуі мүмкін. Қазір біз 100% алдын ала төлем аламыз.

Біз бизнесті қалтамызда 500 мың теңгеден бастадық, бұл ақша таргет жарнамаға, гид формасына, жолда көңілді сапар болу үшін музыкалық колонкаға кетті. Қазір туристік компанияны ашуға шамамен 1 млн теңге қажет. Кеңсенің болуы өте маңызды, бұл, әсіресе, ақша жіберуден қорқатын және қазақстандық карталары жоқ шетел туристерге қатысты. Оларға кеңсеге жеке келіп төлеген оңайырақ.

Ең бастысы — бизнес бастаудан қорықпау керек. Қиындықтар болып тұрады, әсіресе басында, бірақ егер мақсатыңыз болса, онда тек алға басу керек. Барлық тәуекелдердің алдын алу мүмкін емес, бірақ икемді болып, өз қателіктеріңізден сабақ алу және жаңа нәрсені жасаудан қорықпау маңызды.