Төрт жылдан кейін кітап дүкенін жабуға тура келді
Бизнесті ынта-жігермен ашып, маркетплейстермен бәсекеге төтеп бере алмадық

Мақаланың мазмұны
Төрт жыл бұрын Айнұр Құспекова Алматыда Book by Moony интернет-кітап дүкенін ашып, осы жылдар ішінде 12 мың жазылушыдан тұратын бейілді аудиторияны жинады. Кәсіпкер қыз маркетплейстер мен жылдам жеткізу дәуірінде кітап бизнесін қалай жүргізу керектігін және жобаны неге жабуға тура келгенін айтып берді.
Кітап дүкенін ашсақ қалай болады…
Ол кезде мен әлі жалдамалы жұмыс істеп жүрдім, бірақ өз кәсібімді ашу туралы ойладым. Болашақ күйеуім екеуміз енді ғана кездесе бастадық, көп кітап оқып, оларды талқыладық, бірлескен отбасылық бизнес жайлы армандадық. Мен өзім жақсы көретін іспен айналысқым келді және «Кітап дүкенін ашсам ба?» деген ой әп-сәтте келді, бірақ көңілге қонымды және өзімізге «жақын» болып шықты. Мен көркем әдебиетті, психология кітаптарын, ал Бақтияр — бизнес әдебиетін, музыка индустриясы туралы кітаптарды оқуды жақсы көретін. Барлығы бізді бірінші қадамға итермелегендей болды және біз дүкен ашуға бел будық.
Құрбым логотип жасап берді, біз Book by Moony деген атауды ойлап таптық. Moony дегеніміз — айды білдіреді, менің есімнің бірінші бөлігі. Дүкен атауы құлаққа жағымды, қысқа да нұсқа болып шықты және бірден бәріне ұнады.
Кітап дүкені 2021 жылдың мамыр айында ашылды.

Ассортимент пен бастапқы идея
Сатып алудың уақыты келді. Біз адамдарға қандай кітаптар керек екенін білмедік, өйткені кітаптардың ассортименті өте үлкен — мұнда балалар мен жасөспірімдер әдебиеті, фантастика, бейкөркем әдебиеті, көркем әдебиеттің әр түрлі жанрлары бар, сондықтан біз барлығынан аз-аздан алдық. Бірінші сынақ партиясы 20 кітаптан тұрды. Біз оларды Алматыдағы «Адем» мен «Байсатта» орналасқан кітап қоймаларынан сатып алдық. Кейінірек біз жеткізушілерге тікелей шығып, сатып алуды бастадық, олардың ең бастысы — ресейлік Book24, олар кітаптарды Қазақстан бойынша көтерме түрде жібереді.
Келесі қадам — Instagram парақшамызды дамыту болды. Алғашқы кітап фотосессиялары кофеханаларда немесе көшелерде өткен болатын, барлығын көзтартарлық етіп түсіруге тырыстық, оған қоса біз кітаптарды шағын сыйлықтармен бірге сыйлық қаптамасында жібереміз деп шештік. Мен барахолкадан орау қағазы мен бетбелгілерді іздегенім есімде, ол кезде олардың сапасы нашар еді, бірақ бұл енді бастап жүрген кезіміз болды. Біз әр тапсырысты бетбелгілермен, стикерлермен және ашық хаттармен толықтырып, сатып алушының көңілінен шыққанын қалағанбыз. Жанымызды салдық.
Біртіндеп Instagram парақшамызды дамыта бастадық, бірнеше посттар жасап, күттік. Сол кезде бізді достарымыз жақсы қолдады, біз оларға кітаптарды сыйлық ретінде жібердік, олар өз әлеуметтік желілерінде сторис салып, бізді белгілеп тұратын. Кейін тапсырыстар түсе бастады, біріншісі ерекше есте қалды — бұл «Круэлла де Виль. История злодейки с разбитым сердцем» кітабі болды. Ақшасын алған кездегі толқу әлі есімде.
Жалға алынған пәтердегі сөрелерден кеңсеге дейін
Басында кітаптар тура жалдамалы пәтердегі сөрелерде сақталып тұратын. Кейін күйеуім кеңсе жалдап, маған сол жерде кітап сақтауға орын бөлді. Бастапқыда бізде бір шкаф болатын, кейін екіншісі қосылды, сөйтіп кітаптар сыймай қалып, сатып алу көлемдері өсіп, бір жылдан кейін бөлек бөлме жалдауға мәжбүр болдық. Бұл көлік жуудың екінші қабатындағы кеңсе болатын. Ол кітап беру орны ретінде жұмыс істеді, бірақ біздің достарымыз бен тұтынушыларымыз мұнда кітап оқып, уақыт өткізуге және әңгімелесуге жиі келіп тұратын.
Біз тұтынушылармен ұзақ мерзімді қарым-қатынас орнатуға тырыстық: кімнің не оқып жатқанын біліп, олардың сүйікті авторларының жаңа кітаптарына ұсыныстар жіберіп тұрдық, туған күндеріне жеңілдіктер бердік, магниттер, тосап және саяхаттан сүйкімді кішігірім сыйлықтар әкеліп жүрдік — әр клиенттің назарсыз қалмағанына көз жеткізуге тырыстық.
Кітаптарды сатып алған кезде Flip және Meloman-да көп сатылатын кітаптарға қарадық, TikTok пен YouTube-тегі трендтерді бақыладық — не көп талқыланып жатса, соны сатып алып жүретінбіз. Мысалы, 2022 жылы «Миндаль», Milk and Honey, «Лето в пионерском галстуке» кітаптарына керемет сұраныс болды — біз оларды бір кезде 40–100 данадан сатып алдық, 2024 жылы кітапқұмарлар «Скорбь Сатаны», ал экранға «Граф Монте-Кристо»-ның кезекті фильмі шықаннан кейін, бұл кітапті жаппай сатып жүрдік.
Соңғы екі жылда қазақстандық авторлардың кітаптары жақсы сатылуда. Елімізде кітап шығару мен сату қаншалықты қиын екенін жақсы білетіндіктен, біз оларға әрқашан қолдау көрсетуге тырыстық.
Шығындар мен табыстар
Бизнес ашқан кезде 200 мың теңге салдық. Негізгі шығындар кітап сатып алуға кетеді. Бір кітапқа орта есеппен 800 теңге шығатын қаптамаға ақша жұмсалды — оған крафт-қағаз, ашық хаттар, дизайнерлік стикерлер, кітап күтімі бойынша нұсқаулық кіреді. Бірінші жылы жалдау ақысына қаражат кетпеді, өзіміздің орнымыз пайда болған кезде айына 170 мың теңге төлеп жүрдік, қазір бұл жерді жалға алу бағасы 200 мың теңгені құрайды. Мен жұмыстың бәрін өзім істеп жүрдім, кейде сіңілім көмектесіп жүрді — оған ұсақ шығындарына ақша беретінмін.
Ақшаның бірталайы таргет жарнамасына кететін, сондай-ақ фотосессияға да ақша жұмсалатын — біз фотостудияларды сағатына 15-20 мыңға жалға алып, өзіміз түсірдік. Басында барлық шығындарды жазып, санап жүрдім, бірақ кейін мұны қойдым — бизнес барысынан ләззат алуды есептеулермен құртқым келмеді.
Кітап бизнесі — бұл үлкен табыс әкелетін бизнес емес. Мұнда тауар маусымдылығы бар, мереке айлары ең тиімді болады. Біздің ең жоғары ақша айналымымыз 2023 жылы Жаңа жылда — айына 1,5 млн теңге болды, бұдан 400 мың теңгеге жуық таза пайда таптық. Желтоқсан, наурыз айлары — кітаптар сыйлық ретінде алынатын ең қызып тұрған кез. Жазда тапсырыстар аз болады, өйткені адамдар демалады, ал оқушылар мен студенттерде емтихандар мен сессиялар басталады. Күз — бұл кітап оқуға жағымды уақыт, сатылымдар өсе бастайды, бірақ қаңтар, ақпан айлары — сатылымдар тоқтап тұрған кез. Кітап сату — бұл тек пайда табу үшін ақша бөлетін бизнес емес. Егер кітаптарға деген сүйіспеншілік болмаса, онда басқа саланы таңдаған дұрыс. Біз бұдан ешқашан тек ақша табуды мақсат еткен емеспіз, тек өз сүйікті ісімізбен айналысқымыз келді, ал пайда табу — бұл жағымды бонус ретінде болды.
Есте қалған күндер көп
Бір сәтте мен кітаптарды сатып қана қоймай, оларды талқылағым келетінін түсіндім — осылайша кітап клубын ашу идеясы пайда болды. Instagram арқылы хабарлама жіберіп, 40 адамды тез жинадық. Мен барлығына ыңғайлы болу үшін қатысушыларды шағын топтарға бөлдім. Уақыт өте келе ең ынталы адамдар — шынымен оқып, өз ойымен бөліскісі келетіндер ғана қалды. Форматы келесідей қалыптасқан: біз жалпы тақырыпты таңдаймыз, мысалы, мықты әйелдер, адам есеюі немесе махаббат туралы, ал әркім осы тақырып бойынша өз кітаптарын таңдап, оқиды. Кейін кездесіп, әсерлерімен бөлісеміз, талқылаймыз, күлеміз. Осылайша біз нағыз кітап қауымдастығын құрдық десе болады.
Уақыт өте келе біз қазақстандық авторлармен таныса бастадық. Алғашқылардың бірі — Мадина Бостамбаева автор қыздың «Воспоминания алматинцев» кітабы. Ол кезде ол небәрі 17 жаста еді. Ол өзі қала тұрғындарының әңгімелерін жинап, кітап шығарғысы келді, бірақ ірі кітап желілермен келісе алмады. Нәтижесінде кітапты өзі шығаруды шешті — стипендиясынан ақша жинап жүрді, біз де бірінші басылымды дайындауға біраз көмектестік. Кітап тез тарап кетті, ал «Воспоминания акмолинцев» деген екінші басылымында бізге арналған алғыс сөздерін көрдік. Бұл өте әсерлі сәт болды.
Біздің кітап клубымыздың тағы бір қатысушысы — Дарья Акулова, алғашқы қазақ түркі қиял-ғажайып шығармасының авторы да өз ақшасын жұмсап кітап шығарды, таралымы 90-ға жуық дана болғанымен, кітапқа деген қызығушылық өте зор болды, біз жас жазушы қызға презентация ұйымдастыруға көмектестік: кітап тақырыбында дастархан жайып, фото және видео түсірілім ұйымдастырдық.
Мен қалада дәріс оқитын, әртүрлі әдеби тақырыптарды талқылайтын, кездесулерге шақыратын жазушылардың қауымдастығы бар екенін кейін білдім. Осындай сәттерде біздің кітап дүкеніміз шағын мәдени кеңістікке айналып кететін және бұл өте маңызды сәттер болатын.
Қиналып кеткен кез
Уақыт өте келе ірі маркетплейстермен бәсекелесу мүмкін емес екені белгілі болды. Олардың жылдам жеткізу, жеңілдіктер, жарнама мен логистикаға бөлінетін үлкен қаражаттары бар. Ал біз болсақ барлығын өз қолымен жасайтын шағын жергілікті кәсіп болдық — әр тапсырыс көп уақыт пен күш алатын.
Әсіресе, рубль бағамы құбылып, ресейлік дүкендерде сатып алулар жүргізілетін кезеңдерде қиын болды. Кітаптар барған сайын қымбаттап бара жатты, біз бағаны төмендетуге тырыстық, бірақ шығынға батып жұмысымызды жалғастыра алмадық. Біз ең көп дегенде 50% қоса алдық — бұл дегеніміз 1000–1500 теңге.
Мен бизнесімді жалғастырудың жолдарын іздей бастадым. Бір жағынан кітап клубы пайда болғаны да осы — кітап сатылымына көмектеседі деп ойлағам. Бірақ, өкінішке орай, қаржы мәселесі өзекті болып қала берді.
Әр жолы мен стратегияны қайта қарап, әлеуметтік желілерде жаңа форматтарды сынап көрдім, науқандарды жариялап, құпия кітаптар сатуды іске қостым, бетбелгі жасау бойынша шеберлік сабақтарын ұйымдастырдым, мерекелерге арналған іс-шараларды өткіздім — Жаңа жыл мейрамына қарсы шамдар жасап, глинтвейн дайындадық.
2024 жылдың күзінде мен тапсырыстардың азайып бара жатқанын сезіндім, алаңдай бастадым, бірақ өзіме желтоқсан айына дейін жұмыс істеуді уәде бердім, өйткені Жаңа жыл алдындағы кезең біз үшін әрқашан табысқа толы болды.
Дегенмен бұл керемет тәжірибе болды
Кітап дүкенін жабу туралы шешім оңай болған жоқ, бірақ қисынды болды. Бұл жайлы білген достарымыз қандай да бір жолмен көмектескісі келді — жалдау ақысын төлеп, әлеуметтік желілерде айтып берейік деді, барынша қолдап, шешімнен айнытқысы келді, бірақ біздің шешіміміз ақылға салынып қойған еді. Біз кітаптардың көбін өзіндік құны бойынша сатып жібердік, қалғанын өз кітапханамызда қалдырамыз.
Біз адамдарға кітап оқудың қуанышын сыйладық, кітап жай ғана тауар емес, сыйлық болатындай жағдай жасадық. Book by Moony арқылы мен қызық адамдармен таныстым, бизнес-процестерді құруды, брендті дамытуды, кітап қауымдастығын басқаруды, сұранысты талдауды және тұтынушыларды тыңдауды үйрендім.
Бұл тәжірибе баға жетпес. Ол мені бизнес бастаудан қорықпауды, тырысуды, қателесуді, бағытты өзгертуді және, ең бастысы, дер кезінде тоқтауды үйретті. Кейде бизнес үлкен жобаға айналмайды, ондай болып тұрады. Бізде әлі де кітап клубы бар, ал парақшамыз кітап блогына айналады.