My Motiv: той полиграфиясын ашудың сырлары
Үйде басталған хендмейд кәсібін сұранысы бар бизнеске айналдыру
«Өз қолымен» жасалған бизнес — мұндай атауға бонбоньеркалар және гүл қораптарын дайындайтын My Motiv атты астаналық шеберхана лайық. Оның иесі Сайина Тайгозина-Давыдова өзіне өзі жұмыс істеуді қолдаусыз және қаражатсыз қалай бастауға болатынын, бизнес пен төрт кішкентай баланы тәрбиелеуді қатар қалай алып кетуге болатынын және есту кемістігі бар адамдарға жұмысқа тұруға қалай көмектесуге болатынын айтып берді.
Шеберхананың ашылуы
Барлығы флоралық бизнестен басталды. Мен бала кезімнен шығармашылық жұмысқа, безендіру жұмыстарына құмар болдым, сол себептен алдымен гүл сататын дүкен аштым. Жеті жылдан кейін менде өсімдіктерге аллергия пайда болды. Гүл композицияларын жасауды білгендігімнен, мен үйлену тойларының залдарын безендіруге көштім. Ондай жұмыс мен үшін ауыр болды — оған түнде шығу керек болды. Ал екінші балам туғаннан кейін мұндай жұмыс кестесі біздің жанұяға тіпті ыңғайсыз болып кетті, себебі барлық жұмысты балаға күтумен қатар жүргізу керек болды. Ананың шаруасы тәулік бойы бітпейді ғой.
Балам бір жасқа толғанда, маған кәдімгі офисте сияқты кестесі бар жұмыс керек болды жұмыс керек екені анық болды. Сонда жұбайым екеуіміз өз кәсібімізді бастауды шешіп, той полиграфиясын аштық. Біз жеке кәсіпкерлігіміздің ЭҚЖЖ кодын өзгерттік те, өндірушілер қатарына қосылдық. Бірақ біз өзімізді шеберхана деп санаймыз, себебі кейде полиграфияда жасалмайтын заттарды жасаймыз. Уақыт өте келе, бізбен жұмыс істегісі келетін компанияларға ілеспе құжаттар беру үшін біз ЖШС да аштық.
Бұйымдар және оларды жасау
Біз бонбоньеркалар, дөңгелек қораптар, конверттер және сүргіш мөрлер жасап шығарамыз. Негізі, бизнесті бонбоньерка жасаудан бастадық. Бонбоньерка — бұл қонақтарға тойда сыйланатын шағын сыйлық. Алдымен біз бос қораптар жасайтынбыз, ал биылдан бастап оларды толтыратын болдық. Кейінірек гүл салатын дөңгелек қораптарды да жасай бастадық, қазір олар көбірек пайда әкеледі. Ал сүргіш мөрлер туралы айтатын болсақ, біз металл дайындамаларды тапсырыс бойынша сатып алып, клиенттерге нақыштап береміз.
Тапсырыстардың барлығы әр клиентке жеке болғандықтан, біз қолда түк те ұстамаймыз. Клиент бұйымның пішіні мен түсін таңдайды, ал біз оған соңында не жасап беретінімізді көрсетеміз де, тапсырысты қабылдап, қағаз сатып алып, барлығын қолдан жинай бастаймыз. Біз тек қана Италияда жасалған дизайнер қағазымен жұмыс істейміз, және тапсырыс берген кезде клиенттің өзі таңдаған түсті аламыз. Карантин уақытында қағаз сатып алу қиынға түсті: оны жеткізумен қатты қиналдық, әрі валюта бағамының өзгеруі де шикізат құнына ықпал етті. Бізде өзіміздің қағаз өндірушілеріміз болмағаны өте нашар, себебі біз жеткізілімдерге қатты байланып отырмыз.
Мысалы, бірде мен алматылық шеберлерге шағын кітапшалар жасауды тапсырдым. Олар кітапшалардың дизайнын бірнеше ай бойы жасап, барлығын ұзақ мақұлдады. Ол кезде мен жетінші ай бала көтеріп жүрген едім, сөйтіп, олардан кітапшаларды уақытында ала алмай, келісімшартты перзентханаға түскенде бұзып жібердім. Сонда менің олармен ары қарай жұмыс істегім келмеді, әрі ол кітапшалардың бағасы да жоғары болды. Қазақстанда біздің салада істейтін өндірушілер өте аз, сондықтан да, қазір біз ондай заттарды ресейліктерден аламыз.
Бизнеске салған қаражат
Бізде басында қаражат болған жоқ. Қазір енді жетінші жыл істеп келе жатсақ та, әлі де ешқайда жылжымаған сияқты. Біз әр жарты жыл немесе бір жыл сайын ақша жинаймыз, басқалардан қарыз аламыз, кредит те аламыз. Бірақ бізге әлі үлкен кредит беріп көрген жоқ. Барлық түскен табысымызды бизнеске — құрал-жабдық және шикізат сатып алуға, шеберхананы жөндеу жұмыстарына жұмсаймыз.
Полиграфия жұмыстарына жақсы принтерлер мен білдектер қажет, мысалы, плоттер білдегі, ою білдегі, кесу білдегі. Білдектердің көбін біз кредитке алдық, себебі құрал-жабдық өте қымбат тұрады. Жалпы алғанда, барлығына шамамен 15 миллион теңгедей кетті.
Шеберхананың орналасу орнын біз әрдайым жалдап отырдық, ал карантин уақытында тіпті барлығын үйге көшіріп алдық. Бір бөлмемізді шеберханаға айналдырдық. Қазір біз өзіміз жеке бөлме сатып алдық, енді оны жөндеп жатырмыз, күйеуім екеуіміз кіреберіс жасап, алдына тас төсеп жатқанымыз осы.
Шеберлер командасы
Бастапқыда жұмыстың барлығын жалғыз өзім істедім. Кешке қарай күйеуім келіп, картон тасу сияқты ауыр жұмыстармен көмектесетін. Одан кейін біз студент қыздарды алатын болдық. Кейін күйеуім менімен бірге істесе, кәсібіміз одан да жақсы жүреді деген ой да келді. Сөйтіп, ол өз жұмысын тастап, маған келді, енді өкінбейтін сияқты.
Екінші жылы барлығы ретке келе бастады, клиенттер де пайда болды, біз де жалақы төлей алатын жағдайға жеттік. Шеберханаға да тұрақты жұмысқа тағы екі-үш адам керек болды. Сонда біз қызметкерлерді OLX-та хабарландыру беру арқылы тауып, командамызға естімейтін қыздарды ала бастадық. Бірақ олар жиі ауысып отырды: кейбіреулері күйеуге шықты, кейбіреуі мамандықтары бойынша жұмыс істеуге кетіп қалды. Қазір командамызда мені қоса бес адам істейді, соның ішінде екеуі зейнеткер жасына таяп қалған әйелдер, ал біреуі — естімейтін қыз.
Жаңа жылдың алдында мен жұмысқа тұрғызу бағдарламаларына — зейнеткер жасына келіп қалғандарға арналған бағдарламаға, әлеуметтік бағдарламаларға, студенттерге арналған бірінші жұмыс орны бағдарламасына өтінім бердім. Маған тек соңғысын ғана мақұлдады, бірақ қазір мен студенттерді де таба алмай жүрмін. Ал естімейтіндерді сурдоаудармашылар арқылы іздеймін — олар менің хабарландыруларымды WhatsApp-тағы топтарға жібереді, сөйтіп жұмысқа тұрғысы келетіндер де табылады. Олар кәдімгі жұмыскерлер сияқты жұмыс істейді, яғни біз олар үшін МӘМС-тен басқа барлық салықтар мен аударымдарды төлеп отырамыз. Ал бухгалтерлермен аутсорс арқылы жұмыс істейміз.
Бұйым дайындау процесі және жұмыс көлемі
Біз барлық бұйымдарды қолдан жасаймыз, сондықтан да үлкен тапсырыстарды ала алмаймыз. Сериялы өндіріске арналған құралдар өте қымбат тұрады. Алайда, ондай құрылғы сатып алғымыз да келмейді, себебі шығармашылық жұмыстың бар рахаты — бұйымдарды қолдан жасап шығаруда. Ең басында біз көптеген нәрсені білмедік, сондықтан да YouTube-тағы бейнежазбалар мен батыс шеберлерінің жұмыстарын қарап, көптеген нәрсені өзіміз ойлап тауып, жасап көруге тырыстық.
Қазіргі кезде біз бір жұмада бес бонбоньерка бойынша тапсырыс — шамамен 800 дана, және дөңгелек қораптарға деген екі-үш тапсырыс, яғни шамамен 400 дана жасап бере аламыз.
Жұмыс процесі мынадай: мен қыздарды бұйым дайындау техникасына үйретемін, ал егер оны жасау қиын болса, онда алдымен өзім жасап көремін де, кейін қыздарға көрсетіп, қайталауды сұраймын, ал қате кетсе, түзетуге көмектесемін.
Егер біз жұмысымызды автоматтандырсақ, онда жұмыс орындарын жасай алмай қаламыз, ал ол, меніңше, өте маңызды мәселе. Естімейтін қыздар жұмысқа тұра алмайды, себебі олар көп нәрсені істеуді білмейді, әрі мектеп бітіргеннен кейін оларға тек шаштараз немесе тігінші кәсібін меңгеруді ғана ұсынады, ал жігіттерге тек етікші және жүргізуші мамандықтарын үйретеді. Арамызда естімейтін адамдар көп, олардың жұмысқа тұру мүмкіндіктері шектелген. Менің естімейтіндерге өз салам бойынша оқыту курстарын ашып, жұмысқа тұру мүмкіндігін бергім келеді.
Бизнесті дамыту және бәсеке
Негізі, адамдар біз туралы бір-біріне әңгіме қылады, яғни «сарафанное радио» арқылы таратады. Мен бұрын үйлену тойын безендірумен және той ұйымдастырумен айналысатын қыздармен жұмыс істегенмін. Олар менің қандай адам екенімді біліп, жұмысқа тиянақты қарайтыныма сенімді. Сол себепті, полиграфия ашқанда, олар маған ең басынан сенім білдіріп, тастап кетпейтініме де күмәнданбады.
Сонымен қатар, мен инстаграмда бонбоньеркаларға, дөңгелек қораптарға және сүргіш мөрлерге арналған үш парақша жүргіземін. Жарнаманы да өзім беремін. YouTube-та таргет жарнамасы туралы бейнесабақтарды қарап алып, барлығын өз бетіммен үйрендім. Заттарды суретке түсіруді де солай үйрендім — ол үшін арнайы топтарға кіріп, суретке түсіру туралы және заттарды суретте орналастыру туралы мәлімет жинадым. Адамдар алдымен бұйымдардың суреттеріне қызығады да, содан кейін тапсырыс береді. Егер мен бірдеңені түсінбей жатсам, шешімін өзім іздестіремін. Өз бетімен жұмыс істейтіндердің көбінде SMM-мамандары мен фотосуретшілерді жалдауға жағдай жоқ.
Біз бәсекелестермен жақсы қарым-қатынастамыз. WhatsApp-та ортақ тобымыз бар, біз онда бір-бірімізбен араласып, көмектесіп тұрамыз. Егер қандай да бір тапсырысты ала алмай бара жатсақ, онда топқа толық техникалық сипатын жазып жібереміз, және кім-кімнің қолы бос болса, сол тапсырысты алып кетеді. Шынын айтсақ, бізде бәсеке деген жоқ, қазақтың тойы бітпейді ғой.
Клиенттермен жұмыс істеу
Менің клиенттерімнің көбі әлі есімде. Кейбіреулері екі-үш реттен қайтып келеді. Ұзату тойына, бірінші баласының үйлену тойына, екінші баласының үйлену тойына, бала тууға тойбастар алғандар да бар. Біз отбасы дәрігерлері сияқты отбасы тойбастаршыларымыз.
Бір жолы клиент 70 кішкентай кітапша түріндегі және 70 кәмпит салынған екі түрлі бонбоньерка алғысы келді. Кітапшаларды біз әлі де Ресейден тапсырыспен аламыз, ал ол уақытта ақша аз болды да, мен ең көбі 100–200 данадан алып отырдым. Сол клиент үшін мен кітапшалардың жетпісін алып қойдым, қалғанын басқа біреулер сатып алды. Біраздан соң, ол ойынан қайтып, кәмпиттерді кітаптарға ауыстыруды сұрады. Біз кітапшаларға тағы да тапсырыс бердік, ал ол оқиға қыста, боран уақытында болған еді. Өкінішке орай, көлік қардың астында қалып, тапсырысымыз тек жексенбі күні ғана келді, ал үйлену тойы сенбіде өтіп кетті. Ондай жағдай болып қалатыны туралы біз клиентті алдын-ала ескерттік, әрі кітапшалардың тойға жетіп үлгермеуінен қорқып, жетпіс кәмпит те сақтап қойған едік. Ақырында, солай болып шықты. Біз тойға кәмпит салынған бонбоньерка апарып бердік, барлығы жақсы өтті. Бірақ мен ол кезде бала көтеріп жүрдім, сол себепті қатты уайымдадым.
Біз клиенттерден алдын ала төлем аламыз. Бірінші, олармен тапсырыстың мән-жайын толық талқылаймыз, содан соң, жеткізушілерімізден керек түсті қағаздың бар-жоғын бірден сұрап аламыз. Тапсырыстары жиі қайталанбайтындықтан, біз клиенттермен келісімшарт құрмаймыз. Мен клиентке төлем шотын қашықтан жіберіп, одан алдын-ала төлемнің 50%-ын аламын. Әрине, ол тапсырыс шығындарын толығынан жаппайды, себебі қазір біз іші толтырылған бонбоньеркалар дайындаймыз да, тапсырыс құнының 70–80%-ы қағаз бен ішкі толтырылуына кетеді.
Басқа қалалардан келген тапсырыстарды мен тек 100% төленгеннен кейін ғана жіберемін, бірақ клиенттер уайымдамасын деп, алдымен жұмыстың нәтижесін көрсетемін, содан соң қораптарды жіберуге көлік іздеймін. Үлкен тапсырыстарды жеткізетін көлікті өзіміз төлейміз, өйткені клиенттер де мені көрмей тұрып, маған сеніп, басқа қаладан төлеп отыр ғой. Бір жолы біз бір клиентке шоколад қаптамаларын безендірдік, ақыры ол бізге 20 мың теңге қарыз болды. Төлеймін деп, алдап кетті. Бұл менің тапсырысты төлем алмай жіберген бірінші және соңғы ретім болды.
Биыл мен бос бонбоньеркалар жасауды тоқтатқаныма байланысты көптеген клиенттеріммен қоштастым. Маған асықпай жұмасына үш-төрт тапсырыс жасаған артық. Қазір біз қалыпты жұмыс кестесін орнаттық, жұмасына бес күн жұмыс істейміз де, кешке қарай және демалыс күндері кәдімгідей демаламыз, барлығымыздың балаларымыз, жанұяларымыз бар ғой.
Тапсырыстарды жеткізу
Тапсырыстар бүкіл Қазақстаннан келеді. Шетелге де жібергенбіз, ол клиенттер Уфа, Сочи, Баку, Москва, Новосибирск қалаларынан хабарласты — біздің бағаларымыз олардыкіне қарағанда төмен. Бірақ мен басқа елдермен аса жұмыс істей қоймаймын, себебі оларға жеткізу қымбат тұрады, әрі тапсырыс клиентке жетер-жетпесіне еш сенімділік жоқ.
Қазақстан аумағындағы тапсырыстарды біз ішкі компаниялардың көмегімен жібереміз: «Рика», CDEK, InDriver. InDriver-мен әйтеуір жететін шығар деген үмітпен жіберемін. Мен әлі бірде-бір логистика компаниясымен келісімшарт құрған емеспін. CDEK-пен жұмыс істеген маған онша ұнаған жоқ, әрі оның бағасы да «Рика» сияқты өте қымбат. Сол себептен, үлкен тапсырыстарды InDriver-мен, ал сүргіш мөрлер мен конверттер сияқты шағын бұйымдарды CDEK пен «Рика» арқылы жібереміз.
Жеткізушілермен жұмыс істеу
Біздің жеткізушілеріміздің көбі Алматыда орналасқан. Бонбоньеркаларға шай, суфле балын, шоколад, макарон тәтті тоқашын саламыз. Кішкентай гүлдер де бар — оларды Нидерландтан аламыз. Суфле балын «Медолюбов» компаниясынан, ал шайды өлшеп сатып аламыз да, қалташаларға бөліп, безендіреміз. Тәтті тоқаштарды Mi Amor-дан аламыз. Біз дәмді әрі сапалы өнім дайындайтын адамдармен жұмыс істейміз. Өнімнің сапасына өте көп мән береміз.
Біз жеткізушілермен келісімшарт құрмаймыз, себебі жалпы біздің салада ол деген өте сирек оқиға. Бірақ мені әлі ешкім алдаған да жоқ. Бір-ақ рет қағазға байланысты ыңғайсыз жағдай болып қалды — қоймада қағаз бар деген жеткізушілерде қажет көлемнің тек 20%-ы ғана қалған екен. Бірақ клиенттерім қораптардың үш түрлі көк түсті болуына келісе салды.
Өзіндік құн және пайда
Бұйымдардың бағасы оны құрастыру күрделілігіне байланысты болады. Мысалы, қазір біз мұқабалық картоннан күрделі қораптар жасаймыз. Оларды кесуге, жапсыруға, кептіруге үш күн кетеді. Ондай қораптар тығыз, ықшам әрі әдемі болып келеді, олардың бағасы 1000 теңгеден басталады.
Бірақ бұрын олай болмайтын: басында мен нарықтағы бағаларды тексеріп, басқалардың ұсыныстарына қарап, олардан қымбатырақ саттым. Көбірек төлеген адам аз мазалайтын болады деп ойладым.
Өзіндік құн шығын материалдарға, жұмыскерлердің еңбекақыларына, техника кредиттеріне және шеберхана бөлмесіне кететін шығындардан тұрады. Қазір біз өз шеберханамызда істейміз, бірақ оның кредитін әлі де төлеп келеміз. Нәтижесінде таза пайда тапсырыс құнының шамамен 10–15%-ын құрайды. Біз ештеңені дәл санап отырмаймыз, себебі өзіміз де осында жұмыс істейміз ғой, сол себепті жолдасым екеуімізде тұрақты жалақы жоқ.
Мен жұмыскерлерге еңбекақыларын бухгалтерлердің көмегінсіз өз қолдарына беремін, болмаса карталарына аударып жіберемін. Бухгалтерлер барлық есептерді дайындап, төлемдерді менімен бірге интернет-банкинг арқылы өткізеді. Ол үшін мен оларға бірреттік код жіберемін, ал олар қашықтан төлейді. Мен бұны өзім де істей алушы едім, бірақ үйренуге уақытым жоқ.
Сондай-ақ, мен субсидиялауға өтінім беру туралы ойланып жүрдім, бірақ оның құжат жинау, бизнес-жоспар жасау сияқты жыры көп. Сол себепті, әзірше одан безіп жүрмін.
Болашаққа қойылған жоспарлар
Менің Алматыда және батыста — не Ақтауда, не Атырауда қорап жасау ісін ашқым келеді. Ол аймақтарда да естімейтін адамдар бар ғой. Маған жұмыстың мол болғаны емес, жұмыс орындарын жасау мүмкіндігінің болуы маңызды. Кішкентай балалармен аса көп іс бітіру мүмкін емес, сондықтан да, олар өскенше, мен жұмысты басқаларға табыстау және жұмыскерлер іздеу туралы кітаптар оқып жатырмын, өйткені өзіме де өсу керек қой.
Бірақ, егер биыл уақыт болса, мен есту қабілеті төмен адамдарға арналған оқыту курстарын ашып, мемлекеттік бағдарламаға өтінім беремін. Курстарға гүл дүкендері мен наубайханаларды да қатыстырғым келеді, оларға да шеберлер жетіспейді.
Балалы кәсіпкер әйелдерге арналған кеңестер
Ең бастысы, бизнесті балаларға зиян келтірмей жүргізу керек. Кішкентай нәрестемен тек өзіңе өзің жұмыс істемесең, басқа біреуге жұмыс істеу қиын. Жолдастарыңыздың да қолдағаны, көмектескені өте маңызды, себебі кейбіреулердің ойларынша, әйелдері үйде отырып, уақыттарын босқа өткізеді. Бірақ, қыздардың табыстары күні бойы офисте ресми түрде жұмыс істеп жүрген күйеулерінен де көбірек болуы әбден мүмкін. Мұнда жұмыс пен баламен қатар айналысуға ынта болуы керек. Ал жұмыста жанып кетпес үшін әрдайым жан-жақты дамып, жаңа бірдеңе ойлап тауып, бизнесті кеңейту қажет. Егер күн сайын бір жұмысты қайта-қайта істей берсеңіз, онда жұмысқа деген ынтаңыз басылып қалады ғой.
Қазір көптеген адамдар бірін бірі қайталап, ұқсас бизнеспен айналысып жатыр. Сол себепті, кәсіптерін жаңа бастаған кәсіпкерлерге үнемі оқып үйренуге, өз салаларында дамып отыруға, кітап оқуға, пайдалы бейнежазбаларды көруге, шетел идеяларын біздің менталитетке бейімдеуге кеңес берер едім. Сонда барлығы да ойдағыдай болады.