Дауыс көмекшісі

kk
Қазақша
Русский
English
location
Abai.kz: Тозығы жеткен тұрғын үй: Апатты жағдайдағы Қазақстан

Елімізде жеке және көп пәтерлі тұрғын үйлердің 30%-ы бұдан 50 жыл бұрын – 1970-ші жылдары салынған. Ал 1900-ден астам үй апатты жағдайда. Олардың ішінде жеке үйлер де, көп пәтерлері үйлер де бар. Бұл баспаналарда 30 мыңдай адам өмір сүреді. 

Jusan Analytics зерттеу орталығының талдаушылары осындай статистика жариялады. Команда еліміздің бүкіл базалық инфрақұрылымының қазіргі жай-күйіне талдау жасаған болатын. Белгілі болғанындай, қазіргі уақытта отандық инфрақұрылымның 75%-дан астамы қайта құрылымдауды немесе тіпті ауыстыруды қажет етеді.

Жалпы тұрғын үй қорын сумен қамтамасыз ету (әртүрлі абаттандыру құралдарымен жабдықталған тұрғын үй қорының бүкіл тұрғын үй қоры ауданындағы үлес салмағы) деңгейі – 98%-ды, кәрізбен – 74%-ды, орталық жылыту жүйесімен қамту – 44%-ды, орталықтан ыстық сумен қамту – 38%-ды, газбен қамту – 86%-ды құрайды. Бұл ретте әсіресе электр желілеріне қатысты жадай сын көтермейді екен.

«Елімізде электр желілерінің жалпы ұзындығы 467 мың шақырымды құрайды. Оның 27 мың шақырымы – магистралдық болса, 274 мың шақырымы – өңірлік электр желілік компаниялардың желілері. Электр желілерінің тозу деңгейі 65%-ға жетті, ал кейбір өңірлерде бұл 80%-дан жоғары», - дейді Jusan Analytics аға талдаушысы Аят Сұрағанов. Оның айтуынша Қазақстанда жылумен жабдықтау желілерінің жалпы ұзындығы қосқұбырлы жүйе бойынша 12 681 шақырым. Оның ішінде ескірген желілер – 3 033 шақырым болса (24%), 3 214 шақырымдық желі (25%) – шұғыл түрде ауыстыруды қажет етеді.

«Су жеткізу, яғни су құбыры желілеріне келер болсақ, олардың жалпы ұзындығы 98 мың шақырымды құрайды. Оның 19%-ы күрделі жөндеуді талап етеді. Ал кәріз желілерінің ұзындығы 17 мың шақырымнан асады. Сәйкесінше оның 40%-ына күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу керек. Бұл жерде кәріз тазарту құрылыстарының тозу дәрежесі орта есеппен алғанның өзінде 60%-ды құрайды, кей жерлерде ол тіпті 90%-ға жетеді», - дейді Аят Сұрағанов.

Бұдан басқа, Қазақстанда жылу электр орталықтары (ЖЭО) жабдықтарының орташа тозу деңгейі – 66%-ға тең, ал қазандықтар мен турбиналардың орташа жасы  – 61 жыл.

«Қазіргі уақытта елімізде 37 ЖЭО жұмыс істейді. Олардың 19-ы тозу деңгейі бойынша қызыл аймақта, яғни апатты күйде деген сөз. Ал 11-і сары аймақта. Ең жоғары тозу деңгейі Орал, Степногор, Тараз, Қызылорда және Кентау қалаларында. Бұл өңірлерде тозу деңгейі 80%-дан асады», - дейді А. Сұрағанов.

Қазақстанда жалпы қолданыстағы автомобиль жолдарының ұзындығы 96 мың шақырымды құрайды. Оның ішінде 25 мың шақырым жол – республикалық және халықаралық маңызға ие болса, 71 мың шақырымы – облыстық және аудандық маңызға ие. Сәйкесінше бірінші жағдай бойынша нормативтік күйдегі жолдардың көлемі 91%-ды, екінші жағдайда 85%-ға тең.

Ата кетелік, биыл ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі 11 мың шақырымнан астам автожолдарды жөндеуден өткізуді, сөйтіп жолдардың нормативтік күйін сәйкесінше 92% және 87%-ға жеткізуді жоспарлауда.

Ақпарат көзі

Ең пайдалы ақпарат таратылымына жазылыңыз