17 наурыз 2023
Жұмыстың таныстырылымы: Ислам банкингі
Jusan Analytics күні кеше БАҚ өкілдері арасында өзінің ислам банкингіне арналған жаңа жұмысы бойынша таныстырылым өткізді. Команда енді көлемді, бір жолғы зерттеулердің шығуына қарай, осындай шаралар өткізіп тұруды жоспарлайды.
Журналистермен кездесу барысында Jusan Analytics басқарушы директоры Әнуар Қуандықов ислам банкингінің ерекшеліктеріне тоқталды. Дәстүрлі банктермен салыстырғанда ислам банктерінің жұмысы мынадай қағидаларға негізделген:
- жобаларды қаржыландыру барысында банк инвесторға айналады, сәйкесінше тәуекелдер мен пайданы клиентпен бірге бөліседі;
- ислам банктері кредиттер бойынша пайыз алып, пайда көрмейді және депозиттер бойынша кепілдік берілген пайыздық табыс ұсынбайды;
- шарттың нысаны, оның талаптары және ұсынылатын ақпараттарына қатысты айқынсыздыққа жол берілмейді;
- исламда тыйым салынған, мысалы, алкоголь және темекі бұйымдарын өндіру секілді кейбір қызмет түрлерін қаржыландыруға тыйым салынған;
- түрлі жағдайлардың тоғысуы нәтижесінде, мысалы, казино және басқа да құмар ойындар бойынша пайда табуға тыйым салынған.
Біз ислам банкингінің әлемдік даму тәжірибесін зерттеп, Түркия мен Ұлыбританиядағы ислам банктерінің табысты кейстерін зерделеп шықтық. Атап өту керек, бұл елдер – ислам банкингін дамыту бойынша өз өңірлерінде көш басында келеді.
Қазақстанда ислам банкингі әлі де өз дамуының бастапқы сатысында тұр. Бірақ әлеуеті жоғары. Айталық, ислам банктерінің бөлшек саудалық салымдарының көлемі 196,9 млрд теңгеге, ал кредиттік портфелі 147,7 млрд теңгеге дейін жетуі мүмкін. Ал әзірге, яғни 2022 жылдың желтоқсанына қарай, депозиттік және кредиттік портфельдің нақты мөлшерлері сәйкесінше 30.2 және 51.2 млрд теңгені құрайды.
Біз елімізде ислам банкингі дамуының 4 базалық өлшемшарттарын бөліп қарадық. Олардың бірі қазір кедергі емес. Толығырақ біздің зерттеу жұмысымыздан оқыңыздар.
17 наурыз 2023
Ең пайдалы ақпарат таратылымына жазылыңыз