Бизнеске маңызды тиімдік көрсеткіштері

Негізгі метрикаларды есептеу және бақылау

Дана Ермұхан

Дана Ермұхан

автор

Ирина Дубчак

Ирина Дубчак

редактор

Валида Самущенко

Валида Самущенко

7SEVEN компаниясының басшысы және негізін қалаушы

Бизнеске маңызды тиімдік көрсеткіштері

Бизнесті әрқашан жете зерттеу қажет. Компанияның жұмысына қатысты шешім қабылдауда ішкі сезімге сеніп, интуицияға немесе басқа кәсіпкерлердің кеңестеріне сүйенген дұрыс емес. Бизнестің әрбір кезеңінде оның тиімдігін өлшеуге көмектесетін көрсеткіштер болады. Олардың негізгілерін қарастырайық.

Бизнестің тиімдігі дегеніміз не

Бизнестің тиімдігі кассадағы ақшамен емес, бизнеске салынған ақша мен шыққан нәтижесінің қатынасымен өлшенеді. Шоттарда жатқан миллиондаған ақша компания табысының көрсеткішін, ал кассалық алшақтық пен теріс сальдо бизнестің банкрот болғанын білдірмейді.

Бизнестің тиімдігін әр түрлі аспектілердегі сандар көрсетеді.

Бизнестің негізгі көрсеткіштері деп басқа көрсеткіштерге қарағанда компанияның табысына ең көп әсер ететін көрсеткіштерді атайды. Әр түрлі бизнесте ол көрсеткіштер бөлек болады. Мысалы, бір кәсіпкерге арзан бағалы тауар табу маңызды болса, екіншісіне байланыс орталығына кәсіби қызметкерлерді жалдау маңызды.

Шағын бизнеске маңызды негізгі көрсеткіштерді қарастырайық.

Жеке капитал

Жеке капитал — табыс әкелетін барлық активтердің құны. Бұл шағын бизнес үшін ең маңызды көрсеткіш. Мысалы, азық-түлік дүкенінің иесі бір шағын бөлме мен тауар сатып алып, тауарларды үстіне баға қосып сатады дейік. Бұның бәрі оған табыс әкеледі және оның активтері болып саналады, ал активтердің құны — кәсіпкердің жеке капиталына жатады.

Егер активтердің бір бөлігі кәсіпкер меншігінде болмаса, мысалы, сатып тұрған орын жалға немесе несиеге алынған болса, онда жеке капиталды есептеу үшін активтерден міндеттемелерді шегеру керек болады.

Егер бизнес өркендеп жатса, онда жеке капиталдың құны да өседі. Егер жеке капиталдың құны өзгермесе немесе азайып жатса, онда бизнес залалды болып саналады. Бизнес жабылатын жағдайда несиеге алынған капитал кәсіпкердің жеке капиталынан кем болуы керек. Егер кәсіпкердің жеке капиталы аз болса, онда бизнес жабу кезінде кәсіпкер қарызға батып кетуі мүмкін.

Өтімдік

Өтімдік — бұл несие берушілер алдындағы міндеттемелерді өтеу үшін жеке капиталды пайдалану мүмкіндігі. Өтімдіктің үш түрі бар — ол ағымдағы, жылдам және абсолютті өтімдік. Әрқайсысының коэффициент есептеу формуласы әр түрлі.

Ағымдағы өтімдік бизнестің ағымдағы міндеттемелерді тек айналымдағы ақша арқылы өтеу қабілетін көрсетеді. Коэффицент неғұрлым жоғары болса, компанияның төлем қабілеттілігі соғұрлым жоғары болады. 1,5-тен төмен көрсеткіш бизнестің өз төлемдерін уақытында төлей алмайтынын білдіреді. Ең жақсы көрсеткіш — 2. Ағымдағы өтімдік мына формула бойынша есептеледі:

Ағымдағы өтімдік коэффициенті = Айналымдағы активтер ÷ Қысқа мерзімді міндеттемелер

Жылдам өтімдік компанияның дағдарыс кезінде қарыздарын тек қана өтімдігі жоғары айналым активтері арқылы өтеу қабілетін көрсетеді. 1-ден жоғары коэффициент компанияның тұрақты жағдайын білдіреді. Жылдам өтімдік мына формула бойынша есептеледі:

Жылдам өтімдік коэффициенті = (Қысқа мерзімді дебиторлық берешек + Қысқа мерзімді қаржы салымдары + шоттағы қалған сома) ÷ Ағымдағы қысқа мерзімді міндеттемелер

Абсолютті өтімдік бизнестің кредиторлық берешектің қай бөлігін тек ақшалай қаражатпен ғана жаба алатынын көрсетеді. 0,2-ден жоғары коэффициент қалыпты болып саналады. Абсолютті өтімдікті есептеу тәсілі дебиторлық берешекті қоспай есептелген жылдам коэффициентті есептеу тәсілімен бірдей:

Абсолютті өтімдік коэффициенті = (Шоттағы қалған сома + Қысқа мерзімді қаржы салымдары) ÷ Ағымдағы қысқа мерзімді міндеттемелер

Қиын сатылатын активтер өтімдігі төмен активтер болып саналады. Жылдам және оңай сатылатын активтер жоғары өтімді актив болып саналады.

Өтімдік коэффициенттерін есептеу

Ағымдағы өтімдік бизнестің ағымдағы міндеттемелерді тек айналымдағы ақша арқылы өтеу қабілетін көрсетеді. Коэффицент неғұрлым жоғары болса, компанияның төлем қабілеттілігі соғұрлым жоғары болады.
0

Ағымдағы өтімдік коэффициенті

1,5-тен төмен көрсеткіш бизнестің өз төлемдерін уақытында төлей алмайтынын білдіреді. Ең жақсы көрсеткіш — 2.

Рентабельдік

Рентабельдік бизнеске салынған ақшаның тиімдігін көрсетеді. Мысалы, перде тігетін компания табыс әкеліп жүр дейік: тігін машиналар бос тұрмайды, тапсырыстар түсіп отырады, кешікпей орындалып, уақытында жеткізіледі, ақша шотқа тұрақты түрде түсіп тұрады. Бизнес тиімді екенін түсіну үшін оның таза пайдасын біліп, мына формула арқылы есептеуге болады:

Рентабельдік = Таза пайда ÷ Инвестициялар × 100%

Мысалы, перде тігетін компания иесі бизнеске 3 миллион теңге салып, бір жылда 800 мың теңге таза пайда тапты десек, инвестиция рентабельдігі бұндай болады:

800 000 ÷ 3 000 000 × 100% = 27%

Бұл есеп бойынша, ақшаны депозитке салып, жылына 14% сыйақы алып отырғаннан гөрі, бизнеске жұмсаған көбірек пайда әкеледі екен. Дегенмен, бизнес бұдан да тиімдірек жұмыс істей алар еді.

Табыстылықты есептеу

0%

Рентабельдік

Дәл осылай, тек инвестициялардың рентабельдігін ғана емес, сонымен қатар жеке капитал, сауда, активтер және басқа да параметрлердің рентабельдігін есептеуге болады.

Ақша түсімі мен шығыны

Ақша түсімі — бұл компанияның тауар немесе қызмет сатқаннан тапқан ақшасы. Бұған тек аяқталған мәмілелер ғана кіреді, яғни клиент алдындағы барлық міндеттемелер орындалғаннан кейін түскен ақша кіреді. Алдын ала төлемдер түсім болып саналмайды.

Ақшаның қай бөлігі компанияға тиесілі, қай бөлігі әлі тиесілі емес екенін түсіну үшін ақша түсімін санап отырған маңызды.

Мысалы, клиент қаңтар айында бір жылдық йога абонементін сатып алды дейік. Абонементтен түскен ақшаны бірден түсім деп есептеу дұрыс емес. Түсім міндеттемелер орындалған кезде ғана есептеледі: бір жылдық абонементтен түскен ақша 12-ге бөлініп, әр айдан кейін есептеледі.

Шығын — бұл компанияның шикізат сатып алу, жалдау ақысы, коммуналды төлемдер, қызметкерлер жалақысы, өндіріс сияқты әр түрлі жағдайларда жұмсайтын ақшасы. Егер түсім шығыннан көп болса, ол бизнес дұрыс дамып келеді дегенді білдіреді. Болмаса, бизнес жүргізу моделін қайта қарастыру керек.

Шығынды азайту үшін оны бірнеше категорияға (материалдар сатып алу, қызметкерлердің жалақысы, коммуналды төлемдер, несиелер, көлік шығыны, салық, байланыс және т.б.) бөліп, ең көп ақша жұмсайтын категорияны қалай қысқартуға болатынын ойластыру керек. Мысалы, тауарларды арзан сататын жаңа жеткізуші табу, несиені қайта қаржыландыру, ұялы байланыс операторын ауыстыру, т.б.

Шығынсыздық

Шығынсыздық шегі — бұл компания шығыны өтеліп, пайдасы нөлге теңелгенін белгілейді. Компания бұл нүктеде өз шығынын өзі өтейді, яғни оның табысы шығынын жаба бастайды. Бұл көрсеткішті әрбір кәсіпкер есептеп отыруы керек. Оның көмегімен бизнестің тұрақтығын және өндірісті кеңейту уақытын анықтауға болады.

Шығынсыздық нүктесі мына формула бойынша есептеледі:

Заттай түрде

Шығынсыздық нүктесі = Тұрақты шығын ÷ (тауар немесе қызмет бірлігінің бағасы – Тауар немесе қызмет бірлігінің ауыспалы шығыны)

Ақшалай түрде

Шығынсыздық нүктесі = Тұрақты шығын ÷ (Түсім – Ауыспалы шығын) × Түсім

Шығынсыздық нүктесін есептеу

Заттай түрде есептеу тәсілі бір өнім түрін шығаратын, мысалы, құлпынай өсіріп сататын кәсіпкерге ыңғайлы
0 ед.

Шығынсыздық

Тұрақты шығын — бұл шығарылған өнім көлеміне қатысы жоқ ай сайынғы шығын: орын жалдау ақысы, несие және т.б.

Ауыспалы шығын — бұл шығарылған тауар көлеміне байланысты шығын, мысалы, шикізат сатып алу немесе клиенттерге тауарларды жеткізу, т.б.

Заттай түрде есептеу тәсілі бір өнім түрін шығаратын, мысалы, құлпынай өсіріп сататын кәсіпкерге ыңғайлы. Ақшалай түрде есептеу тәсілі ассортименті үлкен және тауарларының бағалары әр түрлі бизнеске жарайды, мысалы, тігін ательесі тек перделер ғана емес, көйлектер мен костюмдерді тігіп жатса, бұл тәсілді қолдануға болады.

Шығынсыздық шегі арқылы түгел шығынды жабу үшін қанша өнім шығарып, және сату керек екенін анықтауға болады. Ал одан қалған ақша кәсіпкердің пайдасы болып саналады.

Маржа

Жалпы пайда — бұл түсім мен өзіндік құнның арасындағы айырма, ал маржа — абсолютті немесе пайызды мағынада (көбінесе пайызды мағынада) көрсетілген жалпы пайда.

Маржаны есептеу үшін қолданылатын формула:

  • Маржа, % = (Баға – Өзіндік құн) / Баға × 100%
  • Маржа, % = (Түсім (Ақша айналымы) – Өзіндік құн) / Түсім (Ақша айналымы) × 100%

Маржа мағынасы әрқашан 100%-дан төмен болады. Бұл өнімнің табыстығын және сауда нүктенің тиімдігін көрсетеді. Абсолютті мағынадағы табыс жалпы пайда мен үстеме бағаға сәйкес келеді, ал пайызды мағынадағы табыс сату табыстығын көрсетеді. Маржа әрқашан үстеме бағадан төмен болады.

Маржаны есептеу

Маржа мағынасы әрқашан 100%-дан төмен болады. Бұл өнімнің табыстығын және сауда нүктенің тиімдігін көрсетеді. Абсолютті мағынадағы табыс жалпы пайда мен үстеме бағаға сәйкес келеді, ал пайызды мағынадағы табыс сату табыстығын көрсетеді. Маржа әрқашан үстеме бағадан төмен болады.
0%

Маржа

Шағын бизнес иелері бизнес тиімдігін бағалау кезінде тек осы көрсеткіштерді есептесе жеткілікті болады. Шығынды қалай жоспарлау және оңтайландыру керектігін түсіну үшін деректерді ай сайын талдап отыру керек.