Салық тексеруіне қалай дайындалуға болады

Салық тексерулерінің түрлері, мерзімдері, негіздері, тәуекелдері және оларға дайындық

Дана Ермұхан

Дана Ермұхан

автор

Ирина Дубчак

Ирина Дубчак

редактор

Салық тексеруіне қалай дайындалуға болады

Салық органдары компаниялар мен жеке кәсіпкерлердің салықты дұрыс есептеуін, кірістерін жасырмауын, түрлі төлемдерді уақытылы аударуын үнемі тексеріп отырады. Салық органдары камералдық бақылау мен салық тексерулерін жүргізеді.

Камералдық бақылау

Бұл қызметкерлер объектке бармай-ақ, бар салық деректерін өңдеп, талдайтын салық тексеруі. Бұзушылықтар анықталған жағдайда оларды жоюға 30 күн беріледі, әйтпесе тексерушілер банк шоттары бойынша операцияларды тоқтатады және жоспардан тыс тексеруді бастауы мүмкін. Егер салық төлеуші бұзушылықтармен келіспесе, онда кейбір жағдайларды қоспағанда, салық органына 10 күн ішінде түсініктеме және шағым жібере алады.

Cалық органы камералық бақылау туралы ескертпей, біржақты жүргізе береді.

Салық тексеруі

Камералды бақылаумен салыстырғанда, салық тексерулеріне салық төлеуші тікелей қатысады. Бұл жағдайда 30 күн бұрын компанияны тіркеу кезінде көрсетілген мекенжайға хабарлама жібереді.

Салық тексеруінің түрлері

Салық тексерулерінің жоспарлы және жоспардан тыс түрлері бар. Біріншісін өткізу үшін ҚР Қаржы министрлігі жарты жылда бір рет бекітілетін жоспарға сүйенеді. Жоспардан тыс тексерулер бөлек жағдайларда өткізіледі, соның ішінде:

  • салық төлеушінің бастамасы бойынша;
  • жеке кәсіп тоқтатылған кезінде;
  • ҚҚС бойынша есептен шығару кезінде;
  • салық тексеруінің нәтижелеріне салық төлеушінің шағымы бойынша.

Соңғы үш жылда тіркелген компанияларға жоспарлы салық тексерулер жүргізілмейді.

Салық тексерулерінің нысандары

Салық тексерулері нысаны бойынша құжаттық және хронометраждық болып бөлінеді.

  1. Құжаттық тексеру салықтарды тексеру үшін жүргізіледі және келесі түрлерге бөлінеді:
    • кешенді — салықтың барлық түрлерін тексереді, жылына бір-ақ рет жүргізілуі мүмкін;
    • тақырыптық — салықтың жекелеген түрлерін тексереді, салықтың бір түрі бойынша жарты жылда бір-ақ рет жүргізілуі мүмкін;
    • қарсы — кешенді және тақырыптыққа көмекші тексеру түрі, екі жағдайда жүргізіледі:
      • қайтаруға ұсынылған ҚҚС сомасын растау үшін;
      • салық төлеушілер арасындағы операциялар туралы қосымша ақпарат алу үшін.
      Қарсы тексеру мерзімі 20 күннен аспайды.
  2. Компанияның нақты кірістері мен шығыстарын анықтау үшін хронометраждық зерттеулер жүргізіледі. Осындай тексеру барысында тексерушілердің заңды әрекеттері:
    • түгендеу жасау;
    • ақшаның, ақшалай құжаттардың, есептердің, сметалардың, бағалы қағаздардың және басқа да құжаттардың болуын тексеру;
    • бақылау-касса машинасының фискалдық есебін жүргізу.

Компанияның тәуекел деңгейін қалай білуге болады

Бірінші кезекте тексерілетін компанияларды анықтау үшін Қазақстанда 2019 жылдан бастап санаттау жүйесі жұмыс істейді, барлық салық төлеушілерге тәуекел деңгейі тағайындалады.

Тәуекел ашық және жабық (қызметтік) ақпарат негізіндегі екі түрлі критерий бойынша бағаланады. Мысалы, салық жүктемесінің коэффициенті және бір қызметкердің орташа жалақысы ашық критерийлер болып табылады. Мемлекет заңды және жеке тұлғалар үшін ашық критерийлер тізімін белгілейді. Барлық критерийлер бойынша жылына екі рет 1 қаңтар мен 1 шілдеде тексерілетін компаниялар таңдалады.

Компанияңыздың әрбір критерий бойынша қанша балл алғанын салық төлеушінің кабинетінде көре аласыз.

Компанияға жоғары тәуекел санаты берілсе не болады

Мұндай компанияларға салық органдары тарапынан қызығушылық көбейеді. Мысалы, олар барып тексеру ұйымдастыра алады немесе есеп беру мерзімін ұзартпай қояды. Саналы салық төлеушілерге 15-30 күндік кешіктіру берілсе, арнайы режимдердегі жеке кәсіпкерлерден басқа, тәуекел санаты жоғары компаниялар, бұл мүмкіндіктен айырылады.

Жоғары тәуекел санаты компанияға қолданылатын шараларға да әсер етеді. Мысалы, санкция ретінде тәуекел санаты жоғары компаниялардың банк шоттарына келесі күні тыйым салынады, ал орташа тәуекел санаттағы компанияларға бұзушылықтарды жою үшін 10 күн беріледі.

Тәуекел санатын қалай төмендетуге болады

Ол үшін не істеу керек:

Бизнестің барлық кірістері туралы айту, барлық транзакцияларды, түбіртектерді және басқа да тиісті құжаттарды есепке алу, онлайн-кассаны және POS-терминалды пайдалану, фискалдық қызметтің нұсқамасын уақытында орындау, есептілікке түзетулерді қажет болғанда ғана енгізу, сондай-ақ қызметкерлерге орташа жалақыдан төмен төлемеу өте маңызды.

Тегін онлайн-бухгалтерия

Jusan Business мобильді қосымшасында 910 СЕН-ді толтырып, айлық салық мөлшерін есептеңіз

Қосу
Тегін онлайн-бухгалтерия

Қандай факторлар салық тексеруінің өтіуне әсер етеді

  1. Компанияның тіркеу нысаны — заңды тұлға;
  2. Соңғы төрт жылда салық тексерулердің болмауы;
  3. Салық жүктемесінің коэффициенті (ол орташа салалық деңгейден белгілі бір пайызға төмен болмауы керек);
  4. Ресми түрде әрекетсіз деп танылған және ұзақ уақыт бойы операциялар жүргізілмеген салық төлеушілермен жұмыс жүргізу;
  5. «Нөлдік» салық декларациясын жіберу;
  6. Шығыстар сомасы көрсетілген табыс мөлшерінен асып кету.

Тәуекел деңгейі жоғары компанияның мысалын қарастырайық. ЖШС ретінде тіркелген тазалық компаниясы 2022 жылдың бірінші жартыжылдығында орташа тәуекел санатын алды, ал салық органдары салық декларациясын автоматты түрде тексергеннен кейін ол жоғары тәуекел санатына ие болды. Неліктен олай шықты:

  • есептерінде қызметкерлердің саны туралы ақпарат болмаған;
  • компания соңғы екі жылда рентабельді болмаған;
  • ЖШС негізін қалаушы атына соңғы бес жыл ішінде әрекетсіз деп танылған басқа ЖК тіркелген;
  • «нөлдік» нысандар жіберіліп, кейін түзетулер енгізілген.

Салық тексеруі қалай өткізіледі

Салық тексеруін бастамас бұрын тексеруші қызметтік куәлікті және тексеру күні, тіркеу нөмірі, тексеру нысаны, тексерушінің лауазымы және аты-жөні көрсетілген нұсқаманы көрсетуі керек.

Тақырыптық тексерулерден басқа тексеру түрлерінде, бір нұсқама бір ғана салық тексеру жүргізуге мүмкіндік береді.

Тексеру 30 күннен аспайды, бірақ жеке кәсіпкерлер үшін 45-60 күнге дейін және ЖШС үшін 75-180 күнге дейін ұзартылуы мүмкін.

Тексеру аяқталғаннан кейін акт беріледі, оған қажетті құжаттардың көшірмелері тіркеледі. Бұзушылықтар анықталған жағдайда қосымша тексеру нәтижелері туралы хабарлама беріледі, оның ішінде ескертулерді жою мерзімдер бар.

Салық төлеуші хабарламамен келіспесе, 30 жұмыс күн ішінде ҚР Қаржы министрлігіне шағым беруге немесе үш ай ішінде сотқа шағым жасауға құқылы.

Кез келген тексеру, жоспардан тыс тексеру де, компанияның жұмысын тоқтатпауы керек.

Кәсіпкердің тексеру кезіндегі құқықтары

Тексерудің заңды екендігін құқықтық статистика және арнайы есепке алу органдарының порталында тексеруге болады.

Кәсіпкер тексеруден бас тартуға құқылы. Мысалы, нұсқама үлгі бойынша шығарылмаса немесе тексеру мерзімі өтіп кетсе әлде тексеру күні әлі басталмаса. Нұсқамада тексерушінің толық аты-жөнінің болмауы да өрескел бұзушылық болып табылады.

Бизнеспен айналысқанда салық тексерулерінен құтылуға болмайды, ол әдеттегі жағдай. Бірақ кәсіпкер салықты уақытында төлеп, құжаттаманы дұрыс жүргізіп, бизнесін ашық жүргізсе, тәуекелдерді азайта алады.