Жұмыскерлерді сақтандыру кімге міндет

Жұмыскерлерді не үшін сақтандыру керек, ол қанша тұрады, сақтандыру шартын жасамаған жұмыс берушілерге қандай айыппұл салынады

Ақбота Хасенова

Ақбота Хасенова

автор

Ирина Дубчак

Ирина Дубчак

редактор

Жұмыскерлерді сақтандыру кімге міндет

Жұмыскерді жазатайым оқиғалардан сақтандыру — әр жұмыс берушінің міндеті. Компанияда бір-ақ жұмыскер істесе де, оны сақтандыру қажет. Компанияны тексергенде сақтандыру полисі болмай қалса, кәсіпкерге үлкен айыппұл салынады.

Жұмыс берушінің жауапкершілігін сақтандыру

Жұмыскерлерді жазатайым оқиғалардан міндетті сақтандыру 2005 жылдан бері қолданылады. Заң бойынша әр кәсіпкер сақтандыру компаниясымен жұмыскерлердің алдындағы жауапкершілік туралы шартқа отыруға тиіс. Қызметкерлер жұмыс барысында зақым алса, мысалы, жарақат алса, денсаулығы кенеттен нашарласа, уланса, мүгедек болса, ауыр, зиянды немесе қауіпті жұмыс жағдайларына байланысты кәсіби сырқатқа ұшыраса немесе қайтыс болса, сақтандыру компаниясы олардың шығындарын төлейді.

Сақтандыру шарты 12 айға жасалады. Оның мерзімін жыл сайын созып отыру керек. Сақтандыру шартын тек лицензиясы бар сақтандыру компанияларымен ғана жасауға болады.

Сақтандыру сомасы — бұл жазатайым оқиға болып қалғанда сақтандыру компаниясы тарапынан төленетін максималды сома. Ол сома жылдық жалақы қорынан, яғни барлық қызметкерлердің бір жылғы жалақыларының қосындысынан кем болмауы керек. Мысалы, компанияда айына 150 000 теңге алатын 5 қызметкер істейтін болса, жылдық жалақы қоры 9 000 000 теңгені құрайтын болады. Демек, сақтандыру сомасы да осы мөлшерден төмен болмауға тиіс. Егер жылдық жалақы қоры өзгерсе, сақтандыру сомасы да сәйкесінше өзгеруі керек.

Қызметкерлерді кім сақтандыруға тиіс

Сақтандыру полисін жұмыскер ұстайтын барлық компаниялар табыстарының бар-жоғына қарамастан жасатып алуы керек. Бірақ егер жеке кәсіпкер немесе ЖШС өз қызметін ресми түрде салық төлеушінің кабинеті арқылы тоқтатқан болса, онда жұмыскерлерді сақтандырудың қажеті жоқ.

Сондай-ақ, жеке кәсіпкер жұмыскерлерсіз жұмыс істесе де, сақтандыру полисі керек емес. Себебі жеке кәсіпкер — бұл өз атынан жұмыс істейтін жеке тұлға, ол өзіне өзі жұмыскер бола алмайды.

Ал ЖШС — бұл кемінде бір жұмыскері бар заңды тұлға, оның директоры да жұмыскер болып саналады. Сол себептен, кез келген ЖШС сақтандыру шартын жасасуға тиіс.

Жұмыскерлерді қашан сақтандыру керек

Жұмыскерлерді бизнесті тіркеген кезден келесі айдың 10 жұлдызына дейін сақтандыру керек. Егер қызметкер жұмыстан шығып кетсе, немесе жұмысқа жаңа қызметкер келсе, сақтандыру компаниясына ол туралы 10 күн ішінде хабарлау қажет.

Жұмыскерді қалай сақтандыруға болады

Қызметкерді сақтандыру үшін алдымен сақтандыру шартын жасасуға өтініш беру керек. Оны ЖК-ны немесе ЖШС-ны тіркеу барысында egov.kz сайтында бірден жасауға болады, болмаса өз бетіңізбен сақтандыру компаниясына баруыңызға болады.

Өтініш беру үшін қажет мәліметтер:

  1. жылдық еңбекақы қоры — бұл барлық жұмыскерлердің бір жылдық жалақыларының қосындысы;
  2. қызметкерлердің жалпы саны;
  3. ЭҚЖЖ — компанияның қызмет түрінің коды;
  4. кәсіптік тәуекел класы.

Сонымен қатар, бұған компанияның мемлекеттік тіркеу туралы құжаттары, ЖШС-ның құрылтай құжаттары және банк реквизиттері керек болады.

Сақтандыру сыйақысы қалай есептеледі

Сақтандыру сыйақысы — бұл жұмыс беруші сақтандыру компаниясына шарт жасасқан кезде төлейтін төлем. Оны есептеу үшін жылдық жалақы қорын сақтандыру тарифіне көбейту керек.

Сақтандыру тарифі экономикалық қызмет түрі мен кәсіптік тәуекел класына байланысты белгіленеді. Кейбір сақтандыру компаниялары сақтанушы ұйымның соңғы бірнеше жыл ішінде болған жазатайым оқиғалар статистикасын зерттеп, жеңілдік те беруі мүмкін.

Минималды сақтандыру сыйақысы 1 ең төменгі жалақыға тең, 2024 жылы ол 85 000 теңгені құрайды. Сол себептен, егер есептелген сома ең төмен жалақыдан төмен болып шықса да, сыйақыны бәрібір 1 ең төменгі жалақы мөлшерінде төлеу керек болады.

Егер қызметкер денсаулыққа ауыр, зиянды немесе қауіпті жұмыспен айналысса, мысалы, құрылыс, пайдалы қазба, қауіпті өндіріс, ауыр заттар тасу, өрт сөндіру, электромонтаж немесе дезинфекция жұмыстарын жасаса, оны сақтандыру қымбатырақ тұратын болады.

Бірақ, айлық орташа жалақысы 150 000 теңге болатын 5-10 адамы бар қарапайым бизнес үшін, мысалы, үйдің маңындағы шағын дүкен, гүл бизнесі немесе сұлулық салоны үшін сақтандыру құны көбінесе 1 ең төменгі жалақыдан аспайды.

Өтемақы қалай есептеледі

Жазатайым оқиға болған кезде сақтандыру компаниясы қызметкерге оның айырылып қалған жалақысын өтейтін болады. Егер қызметкер жұмыс істеу қабілеттігінен айырылса, онда өтемақы оған ай сайын төленетін болады.

Өтемақы алу үшін жұмыс беруші сақтандыру компаниясына жазбаша өтніш беруі керек. Өтемақы мөлшері қызметкердің ай сайынғы орташа жалақысынан есептеледі, бірақ оның мөлшері 10 ең төменгі жалақы мөлшерінен көп болмауға тиіс — 2024 жылы ол 850 000 теңге.

Егер қызметкердің денсаулығына келтірілген зиян деңгейі 30%-дан 100%-ға дейін болса, өтемақыны сақтандыру компаниясы төлейтін болады. Ал 30%-дан төмен болса, жұмыс беруші өзі төлеуге тиіс болады. Ол шығындарға кепілді тегін медициналық көмек көлеміне кіретін шығындар қосылмайды.

Егер қызметкер қайтыс болса, сақтандыру компаниясы жерлеуге кететін шығындарды 100 АЕК мөлшерінде жерлеумен айналысқан адамға өтеп береді, 2024 жылы ол 369 200 теңге. Алайда, егер жерлеуге кеткен шығындар сақтандыру шартындағы сомадан асып кетсе, онда айырмасын жұмыс берушінің өзі төлейтін болады.

Сақтандыру жағдайы туындағанда не істеу керек

Жұмыс берушінің сақтандыру жағдайында жасайтын әрекеттері:

  • егер қызметкердің кәсіптік тәуекел класы өзгерсе, ол туралы 10 күн ішінде сақтандыру компаниясына хабарлау керек;
  • егер қызметкер жазатайым оқиғаға ұшыраса:
    • ол туралы сақтандыру компаниясына 3 жұмыс күні ішінде хабарлау керек;
    • уәкілетті орган мен сақтандыру компаниясымен бірге жазатайым оқиғаның жағдайын тергеу керек;
    • жазатайым жағдай мен оның салдарынан туындаған шығындарды дәлелдеу керек;
    • сақтандыру компаниясына жұмыскердің құжаттары мен байланыс мәліметтерін тапсыру керек;
    • қызметкердің атына немесе қызметкер қайтыс болғанда өтемақы алатын тұлғаның атына аннуитеттік шарт жасасу керек.

Аннуитеттік шарт — бұл қызметкер жұмыс істеу қабілеттігінен айырылған жағдайда сақтандыру компаниясы оған ай сайынғы өтемақы төлейтіні туралы сақтандыру шарты.

Сақтандыру шарты қандай жағдайларда бұзылады

Сақтандыру шарты сақтандыру мерзімі бойы жұмыс істейді, яғни, бірінші болған сақтандыру жағдайынан кейін күшін жоймайды.

Шарт мынадай жағдайларда бұзылады:

  • шарттың қолданыс мерзімі аяқталғанда;
  • шарт мерзімінен бұрын бұзылғанда, мысалы, компания таратылған кезде;
  • сақтандыру компаниясы шартта бекітілген сақтандыру сомасын толығынан төлеп шыққанда.

Қандай жағдайларда өтемақы төленбеуі мүмкін

Сақтандыру компаниясы денсаулыққа әдейі зиян келтірілген жағдайда өтемақы төлеуден бас тартуы мүмкін. Сондай-ақ, жазатайым оқиға кезінде жұмыскер өзінің қызметтік міндеттеріне қатысы жоқ жұмыспен айналысқан болса да, өтемақы төленбеуі мүмкін.

Заң бойынша сақтандыру компаниясы ядролық жарылыс, радиация, әскери әрекеттер, азамат соғысы, халық қозғалысы, жаппай тәртіпсіздік немесе ереуіл кесірінен туындаған жазатайым оқиғаларға өтемақы төлемейді.

Қалай болса да, жұмыс беруші сақтандыру компаниясынан өтемақы төленбейтіні туралы жазбаша негіздеме алуы керек.

Жұмыскерлерді сақтандырмағанда не болады

Әр жұмыс беруші өз жұмыскерлерін сақтандыруға міндетті болғандықтан, сақтандыру полисі де алдын-ала ескертусіз тексерілуі мүмкін — ол барлығында болуға тиіс.

Егер жұмыс берушіде сақтандыру шарты болмаса, оған мынадай айыппұл салынады:

  • шағын бизнес, нотариустер, сот орындаушылары, бейкоммерциялық ұйымдар және лауазымды тұлғалар — 160 АЕК (2024 жылы 590 720 теңге);
  • орта бизнес — 400 АЕК (2024 жылы 1 476 800 теңге);
  • ірі бизнес — 1000 АЕК (2024 жылы 3 692 000 теңге).

Айыппұлды келесі 7 күн ішінде төлегендер 50% жеңілдік алуы мүмкін. Ол үшін:

  • заңды бұзғанын мойындау керек;
  • 50% мөлшерінде айыппұл төлеуге келісу керек;
  • құқық бұзушылық дәлелдеріне шағым жасамау керек.

Жұмыс берушінің жауапкершілігін сақтандырудың мәні тек заңға бағынуда ғана емес, компанияның материалдық қауіпсіздігін қамтамасыз етуде де: кәсіпкер сақтандыру полисіне бір рет ақша төлейді де, қызметкер денсаулығына зиян келтірілсе, қаржылай өтем алатын болады. Әрі сақтандыру құнынан бірнеше мәрте асатын айыппұл төлегенше, уақытында сақтандырылып, уайымдамай жұмыс істеген жақсы, себебі кейін жұмыскерлерді бәрібір сақтандыру керек болады.