Бизнес туралы мақалалар

2024 жылы өтетін жалпыға ортақ декларациялау туралы ақпарат

Бизнес декларациялайтын мүлік, 250 нысанды тапсыру шарттары

2024 жылы өтетін жалпыға ортақ декларациялау туралы ақпарат
Юлия Тё

Юлия Тё

салық кеңесшісі, аудитор, бухгалтер

Мақаланың мазмұны

2024 жылғы 1 қаңтардан бастап ЖШС басшылары мен жеке кәсіпкерлер, сондай-ақ олардың жұбайлары декларация тапсыруға міндетті. Декларацияны үйде жеке кәсіпкерлік ретінде жұмыс істейтін кондитерден бастап зауыт иесіне дейін барлығы тапсыру керек, яғни бұл жерде бизнестің табыс мөлшері мен ауқымы маңызды емес.

250 нысан туралы түсінік

Кәсіпкер бірінші жылы 250 нысан бойынша активтер мен міндеттемелер туралы «кіріс декларациясын» тапсырады. Мұнда 2023 жылғы 31 желтоқсандағы жағдай бойынша барлық жинақталған мүлік пен ақшаны тіркеу керек. 250 нысан жалпыға ортақ декларациялау жүйесіне кіру кезінде бір рет тапсырылады.

Одан кейінгі жылдары кәсіпкер жыл сайын 270 нысан бойынша кірістері мен мүлкі туралы декларация тапсырады, онда ол жыл бойы не тапқаны мен сатып алғанын көрсетеді. Бұл азаматтың алғашқы декларациясында не болғанын көрсетіп, кейін не пайда болғанын көру үшін жасалынады.

Декларация тапсыратын тұлғалар

Активтер мен міндеттемелер туралы декларацияны жұмыс істеп жүрген ЖШС басшылары мен жеке кәсіпкерліктерден басқа, өз қызметін уақытша тоқтатқан және әрекет етпейтін ЖК пен ЖШС басшылары да ұсынуға тиіс, өйткені мемлекет оларды тіркелген кәсіпкерлер деп есептейді.

Кәсіпкерлер декларацияда жеке активтері мен міндеттемелері туралы мәліметтерді заңды тұлға ретінде емес, жеке тұлға ретінде толтырады. Ал егер ЖК 2024 жылы ашылатын болса, онда 250 нысан бойынша декларацияны 2024 жылы тапсырмайды.

Декларацияны ажырасқан ерлі-зайыптылар да тапсыру керек. Мысалы, егер кәсіпкер мен оның жұбайы 2024 жылғы қаңтарда ажырасса, екеуі де активтері мен міндеттемелері туралы декларация тапсыруы керек, өйткені 2023 жылы олар жұп ретінде әлі тіркелген болатын. Бұл арқылы салық органдары табысын жасырғысы келіп, әдейі ажырасқандарды анықтап, оларды салық төлеуге міндеттегісі келеді.

Қазақстанда ЖШС басшылары, құрылтайшылары (қатысушылары) болып жұмыс істеп жүрген немесе ЖК ретінде тіркелген, Қазақстан аумағында уақытша тұруға рұқсаты және тұруға ықтиярхаты бар шет елдің азаматтары Қазақстанның резиденттері болып саналады, сондықтан 2024 жылы декларацияны тапсыруға тиіс. Олардың Қазақстанда мүлдем болмаған немесе өткен жылы 183 күннен аз болған жұбайлары бейрезиденттер болып саналады және декларация тапсырудан босатылады.

Сондай-ақ, 2024 жылы коммерциялық емес ұйымдардың құрылтайшылары мен барлық акционерлер, мейлі олар мажоритарлық, миноритарлық, шетелдік немесе қазақстандық АҚ болсын, декларация тапсырудан босатылды.

Декларацияда көрсетілетін мәліметтер

250 СЕН бойынша активтер мен міндеттемелер туралы декларацияда шет мемлекетте тіркелген барлық жылжымалы және жылжымайтын мүлік жазылады:

  • жылжымайтын мүлік, оның ішінде жер учаскелері мен жер үлестері;
  • көлік құралдары, арнайы техника, ұшақтар мен кемелер сияқты жылжымалы мүлік;
  • шетел банктеріндегі шоттарда сақталған 1000 АЕК-тен астам ақша;
  • шетелде құрылған заңды тұлғаның жарғы капиталына қатысу үлесі.

Бұл декларацияда Қазақстанда тіркелген жылжымалы және жылжымайтын мүлік, оның ішінде гараждар, жер учаскелері, саяжайлар, үйлер, автокөліктер, прицептер көрсетілмейді, өйткені бұл ақпаратты уәкілетті органдарда бар, мемлекет оларды көріп тұрады.

Декларацияда Қазақстандағы банк шоттары да көрсетілмейді, өйткені мемлекет олар туралы біледі, оған тек шетелдегі шоттар туралы ақпарат қана қажет. Егер шетел банк шотында 1000 АЕК-тен астам ақша жатса, ол декларацияда көрсетілуі керек, ал егер 1000 АЕК-тен аз болса, онда көрсетпеуге болады.

Қазақстанда және шет мемлекеттерде орналасқан мына мүлік түрлерін декларациялау керек:

  • үлескерлік қатысу келісімшарты негізінде алынған тұрғын ғимараттағы үлес;
  • бағалы қағаздар;
  • инвестицияланатын алтын;
  • зияткерлік меншік және авторлық құқық объектілері;
  • мөлшері 10 000 АЕК-тен аспайтын қолма-қол ақша (егер одан артық болса, онда 10 000 АЕК қана жазылады, артығы жазылмайды, оны банк шоттарына салған жөн);
  • нотариалды куәландырылған келісімшартпен бекітілген басқа тұлғалардың сізге деген қарызы немесе өзіңіздің біреудің алдындағы қарызыңыз. Банк алдындағы қарыз жазылмайды, өтйкені мемлекет оларды көріп отырады;
  • шетелде орналасқан құны 1000 АЕК-тен астам және бағалау құны бар басқа да мүлік;
  • сенімгерлік басқаруға тапсырылған мүлік.

Декларация беру тәртібі

Онлайн

Декларация тапсырудың ең қолайлы жолы — онлайн тапсыру. Кәсіпкер өзіне ыңғайлы сайт таңдап, декларация туралы бөлімге өтіп, нұсқауларды орындауы керек. Декларацияға цифрлық қолтаңба немесе SMS пароль арқылы қол қоюға болады.

Салық органына барып тапсыру

Декларацияны қағазға басып шығарып, өз қалаңыздың мемлекеттік кірістер органына немесе ХҚКО-ға өзіңіз барып тапсыра аласыз, ол жердегі консультанттар құжат толтыруға көмектеседі.

Декларация тапсыру мерзімі

Декларацияны 2024 жылғы 1 қаңтардан бастап тапсыруға болады.

Декларация тапсыру мерзімі — 2024 жылғы 15 қыркүйекке дейін.

Егер кәсіпкер декларация тапсырып қойып, бірақ кейін қандай да бір мүлкін жазуды ұмытып қалғанын есіне түсірсе, онда ол қосымша декларация тапсыра алады. Декларацияны келесі үш жыл ішінде өзгертуге болады.

Мемлекеттік кірістер комитеті салық төлеушілерге жалпы декларациялау мәселелері бойынша түсініктеме беретін чат-ботты іске қосты.

Декларация тапсырмағанда салынатын айыппұл

Декларация тапсырмағандар және толық емес немесе жалған мәлімет ұсынғандар әкімшілік жауапқа тартылады. Салық органы бірінші ретінде ескерту жасайды да, екінші ретінде декларация тапсырмағаныңыз үшін 15 АЕК, ал мәліметтерді толық ұсынбағаныңыз үшін 3 АЕК мөлшерінде айыппұл салынады.

Егер кәсіпкер салық салу объектілерін жасырса, оған төленетін салық үстіне салық мөлшерінің 200% көлемінде айыппұл салынады, ал жағдай қайталанса, 300% айыппұл салынады.

Егер кәсіпкер шет елде орналасқан мүлкі, сондай-ақ шетелдегі банк шоттарында жатқан ақшасы туралы мәліметтерді жасырса, онда 100 АЕК көлемінде айыппұл төлейтін болады. Егер бір жылда жасырын мәлімет декларацияда түзетілмесе, 200 АЕК көлемінде айыппұл салынады. 2014 жылы Қазақстан салық мәселелері бойынша өзара әкімшілік көмек туралы Страсбург конвенциясына қосылды. Бұл біздің мемлекет басқа қатысушы елдермен резиденттердің қаржы шоттары мен есептері туралы ақпарат алмасады дегенді білдіреді. Осылайша, салық органдары жеке тұлғаның Қазақстан Республикасынан тысқары жерлердегі мүлкі бар екендігі туралы жасырын ақпаратты көре алады.

Егер кәсіпкер қатесін өз бетімен түзетсе, оған айыппұл салынбайды.

 

Декларация онлайн қолжетімді және кәсіпкер бизнесін ашық жүргізіп, салық органдарынан ештеңе жасырмаса, оны тіпті тез толтырып шығуға болады.