Бизнес туралы мақалалар

Бизнестің бөлшектенуі деген не және мүмкін қатерлерді болдырмау жолдары

Қосымша салықтар мен 200%-ға дейін айыппұлдар төлеу

Бизнестің бөлшектенуі деген не және мүмкін қатерлерді болдырмау жолдары
Айжан Қыдырманова

Айжан Қыдырманова

20 жылдық тәжірибесі бар бухгалтер

Мақаланың мазмұны

Қазіргі уақытта Қазақстанда бизнестің бөлшектенуіне заңмен ресми түрде тыйым салынбаған, өйткені ҚР-ның қолданыстағы Салық кодексінде бизнестің бөлшектену шарттары көрсетілмеген. Кәсіпкерлердің көбі мұны пайдаланып, бизнестерін шағын компанияларға бөліп, салық төлеуде үнемдейді. Бұндай шешімнің неліктен пайдасынан гөрі зияны көп екенін және бизнеске қандай қауіп төндіретінін қарастырайық.

Бизнестің бөлшектенуі деген не

Бизнестің бөлшектенуі — бұл бір бизнесті бірнеше ЖШС немесе ЖК-ға жасанды түрде бөлу процесі. Бұл көбінесе салықты азырақ төлеу үшін жасалады.

Мысалы, ЖК-ның қалада бірнеше кондитерлік дүкендері бар делік, ол оңайлатылған негізде жұмыс істейді, 3% мөлшерінде салық төлейді. 2024 жылдың екінші жарты жылдығында компанияның кірісі 88 748 296 теңгеге жақындады — бұл осы режимдегі ең жоғары шекті шама, ЖК бұдан асып кетсе жалпыға бірдей белгіленген режимге ауысу керек, яғни 10% салық, ҚҚС төлеуді және көптеген есептерді тапсыруды білдіреді.

Кәсіпкер мұны қаламайды, сондықтан ол туысқанының, әйелінің немесе досының атына басқа ЖК немесе ЖШС ашады. Табыс пен жұмысшылар екі компанияға теңдей бөлінеді, олардың әрқайсысы оңайлатылған режимінде жұмыс істеп, 3% мөлшерінде салық төлейді. Бірақ іс жүзінде бұл бір бизнес. Бұл бизнестің бөлшектенуі деп аталады.

Арнайы режимнің жеңілдікті артықшылықтарын сақтау немесе ҚҚС (жылына 20 000 АЕК) шегінен өтпеу үшін оңайлатылған режимдегі ЖК немесе ЖШС иелері бизнесті бөлшектеуге бел буады.

Бизнестің бөлшектенгенінің белгілері

Қазіргі уақытта Қазақстанда бизнестің бөлшектеуін анықтауға болатын белгілердің нақты тізімі жоқ. Салық органы бір ұғымға негізделеді — кәсіпкер адалдық қағидатын ұстануы керек, яғни салық жеңілдіктерін алу және салық төлемдерін азайту мақсатында өзінің заңсыз әрекеттерінен пайда көрмеуі тиіс.

Көрші елдердің тәжірибесін ескере отырып, бизнестің бөлшектенгенін көрсететін белгілер бар және біздің салық органдарының өкілдері тексеріс кезінде оларға назар аударады:

  • Компаниялар бір кеңсе мен ортақ жабдықты пайдаланады. Олардың сайттары, байланыс телефондары, маңдайшалары, заңды мекенжайлары бір, тіпті есепті де бір IP-мекенжайдан жібереді.
  • Бір кәсіпкер немесе оның туыстары (ата-аналары, жұбайлары) бірдей қызметпен екі компанияны басқарумен айналысады, бір өнімге тапсырыстарды орындайды, олардың ортақ контрагенттері бар.
  • Компаниялардың бірі ақша айналымы немесе қызметкерлер саны бойынша шекті деңгейге жақындады, ал жаңа бизнес бірден жақсы ақша айналымын әкеле бастады.
  • Компаниялардың ортақ бюджеті бар, бір-біріне салық төлейді немесе қайтармай несие береді.
  • Қызметкерлер бір компаниядан екіншісіне ауыстырылады немесе екі компанияда бірнеше лауазымдарды алып жүреді.
  • Компаниялар тауарларды немесе қызметтерді бір-бірінен сатып алады, көбінесе бір-біріне жалғыз контрагент болып табылады.

Қазақстанда бизнесті бөлшектеуге бола ма

Бизнесті іскерлік мақсатта бөлшектеуге болады. Мысалы, компания қызмет аясын кеңейтіп, енді тек кондитерлік өнімдерді шығарып, сатып қана қоймай, сонымен бірге осы өнімдермен көшпелі кейтеринг ұйымдастырады. Екі компания да бір меншік иесіне тиесілі, бірақ олардың бағыттары әр түрді және бір-біріне тәуелсіз. 

Егер компаниялардың контрагенттермен жұмысты жүргізу шарттары, командасы мен өндірістік процестері әр түрлі болса, онда бұл толығымен заңды. 

Егер компаниялардың контрагенттері немесе өзара есеп айырысулары ортақ болса да, бірақ екеуі де жалпыға бірдей белгіленген режимде болса, мысалы, біреуі — жалпыға бірдей белгіленген режимдегі ЖШС, ал екіншісі — жалпыға бірдей белгіленген режимдегі ЖК, онда бұл жерде бөлшектеу белгілері жоқ, өйткені бұл жағдайда бизнесті бөлудің салықтық пайдасы жоқ. Егер үлестестік болмаса, онда ешқандай қауіп те жоқ.

Бизнестің бөлшектенуінің салдары

Салық органы бизнесті әдейі бөлшектейтін кәсіпкерлерді ұнатпайды, өйткені бұл мемлекеттік бюджет тиісті салықтарды алмайтынын білдіреді. Қазақстанда бизнесті бөлшектегені үшін тікелей айыппұл болмаса да, бұл жазаның мүлдем жоқтығын білдірмейді. Егер салық тексерулер кезінде салық органы заңсыз бөлшектенуді дәлелдесе, онда:

  • арнайы режимнен жалпыға бірдей белгіленген режимге ауыстырады
  • ҚҚС бойынша тіркеуге мәжбүрлеп тұрғызады
  • салық толық мөлшерде есептеледі
  • айыппұлдар мен уақтылы төлемегені үшін өсімпұл тағайындайды

Айыппұлдың мөлшері құқық бұзушылық түріне байланысты:

  • салық салу объектілерін жасырғаны үшін салық сомасынан 200%, ал қайталанған жағдайда салық сомасынан 300% 
  • үшінші тұлғалармен өзара есеп айырысу жолымен салық төлеуден жалтарғаны үшін — шағын бизнеске — 15 АЕК (2024 жылы 55 380 теңге), орта бизнеске — 30 АЕК (2024 жылы 110 760 теңге), ірі бизнеске — 50 АЕК (2024 жылы 184 600 теңге)
  • есептеу кезінде ағымдағы төлемдер сомасын кем бағалағаны үшін — шағын және орта бизнеске салық сомасының 30%, ірі бизнеске — салық сомасының 50%
  • жалған шот-фактураны бергені үшін — шағын бизнеске шот-фактураға енгізілген ҚҚС сомасының 100%, орта бизнеске 200% және ірі бизнеске 300%.


Жалпыға бірдей белгіленген режимге ауыспау немесе ҚҚС бойынша тіркеуге тұрмау және артық салық төлемеу үшін бизнесті бөлшектеу заңсыз болып табылады және оның салдары бар. Өз кірістерін негіздеуге міндеттейтін жалпыға ортақ декларациялау, сондай-ақ бизнесті бөлшектеу ұғымы ензігілетін ҚР-ның жаңартылған Салық кодексінің алдағы уақытта күшіне енуі кәсіпкерлерді қазірден бастап сұр схемалардан шығуға міндеттейді. Бұл ретте заң кәсіпкерге бірнеше компания ашуға тыйым салмайды, ең бастысы, оның мақсаты салық төлеуден қашу болмаса болды.