Қазақстанда шетел азаматтарын жұмысқа алу тәртібі
Рұқсат алып, құжаттарды дайындау
Ғалия Дүйсекеева
Jusan Bank-тегі шетелдік қызметкерлерге жауапты
Мақаланың мазмұны
Қазақстандық компаниялар кез келген шетел азаматын жұмысқа жалдай алады, бірақ ол үшін белгілі бір ережелерді сақтау керек. Шетел азаматын заңды түрде жұмысқа алып, оған жалақы төлеу үшін жұмыс беруші не істеу керек екенін егжей-тегжейлі қарастырайық. Бұл рәсім Еуразиялық экономикалық одаққа кірмейтін елдердің азаматтарына қатысты — ЕАЭО елдерінің азаматтарын жалдау туралы бізде бөлек мақала бар.
1-қадам. Шетел азаматтарының жұмыс істеуіне рұқсат алу
Қазақстандық компаниялар шетел азаматтарын жұмысқа алу үшін алдын ала шетелдік жұмыс күшін тартуға рұқсат алу қажет. Оны әкімдік нақты қалада немесе аймақта жұмыс істей алатын шетел азаматтарының саны бойынша (бұл сан жыл сайын өзгеріп тұрады) квота шегінде береді. Мемлекетке компаниялардың жергілікті және шетел жұмысшыларының пайыздық ара салмағы сақталуы маңызды.
Шетелдік жұмыс күшін тартуға арналған рұқсат келесі санаттар бойынша беріледі:
- бірінші санат — басшылар мен олардың орынбасарлары
- екінші санат — құрылымдық бөлімшелердің басшылары
- үшінші санат — мамандар
- төртінші санат — білікті жұмысшылар
Шетел жұмысшыларына квота алуға өтінім
Сонымен, жұмыс беруші шетел (ЕАЭО елдерінен емес) азаматын жұмысқа алады. Ол egov арқылы өз қаласының жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасына өтінім беруі керек. Егер компания бүкіл ел бойынша жұмыс істейтін болса, онда әр аймаққа бөлек өтінім беріледі.
Өтінім нысан бойынша толтырылады — бұнда жұмыс істеп жүрген және келесі жылы жұмысқа қабылдануға жоспарланған шетел жұмысшыларының саны көрсетіледі, компания туралы ақпарат толтырылады және шетел азаматтарын тарту қажеттілігі түсіндіріледі.
Егер жұмыс берушіде бұзушылықтар болса немесе ол жұмысқа жергілікті мамандарды біліктілікті арттырудан өткізіп жалдай алса, онда комиссия өтінімді ішінара немесе толығымен қабылдамауы мүмкін. Сондықтан алдағы жылға арналған жобалардың жоспарын, шетел мамандарының қызмет міндеттерін, жобаларды іске қосудағы рөлі және ел ішінен маман таба алмайтын себептерін егжей-тегжейлі баяндау маңызды.
Квота алуға өтінімді алдын ала беру қажет: келесі жылға алынатын квота ағымдағы жылдың 30 қыркүйегінен кешіктірмей ресімделеді. Қызмет ақылы. Бағасы тартылатын жұмысшылар санатына және қызмет түріне байланысты.
Квота келесі жағдайларда қажет емес:
- бір компания ішінде қызметкерлерді ауыстыру кезінде
- инвесторларға немесе 100% шетелдік қатысуы бар компаниялардың директорларына
- ЕАЭО-ға қатысушы елдердің азаматтарына
- бизнес-иммигранттар мен 5 санаттағы виза иелеріне
- Қазақстанда тұруға ықтиярхаты бар адамдарға
- Қазақстанға отбасымен қауышу үшін келген шетелдік қызметкерлерге
Шетел азаматтарын жұмысқа алу шарттары
Компанияда қазақстандықтар саны басшылар арасында кемінде 70% және мамандар мен білікті жұмысшылар арасында кемінде 90%-ды құраса ғана рұқсат беріледі.
Егер шетел азаматы компанияның басқа елдегі филиалынан ауыстырылса, онда шетел қызметкерлерінің саны сол санаттағы қазақстандық қызметкерлер санының жартысынан аспауы маңызды.
Шетелдіктерді жұмысқа алуға болмайтын салалар бар. Мысалы, шетел азаматтар мемлекеттік қызметке тағайындала алмайды және күзет ұйымдарында жұмыс істей алмайды.
2-қадам. Еңбек шартын жасасу
Жұмыс беруші шетелдік маманды жұмысқа тартуға рұқсат алды, енді онымен еңбек шартын жасай алады. Еңбек шартына алдын ала қол қою маңызды, өйткені ол жұмыс визасын алу кезінде қажет болады және оны беру үшін негіз болып саналады.
Еңбек шартының мерзімі жұмысқа тарту рұқсатының қолданылу мерзіміне қарап жасалады. Шетел қызметкерімен жасалған еңбек шартында мыналар көрсетілуі керек:
- жұмысқа рұқсаттың нөмірі және қолданылу мерзімі
- рұқсаттың қолданылу аймағы (орналасқан жері)
- жұмысқа рұқсатына сәйкес қызметкердің лауазымы
- қызметкер қайтыс болған жағдайда мәйітті отанына қайтару шарттары
Еңбек шарты корпоративішілік ауыстыру кезінде қажет емес. Жұмысқа рұқсат бойынша, тұруға ықтиярхаттың немесе өз бетінше жұмысқа орналасу туралы анықтаманың негізінде жұмыс істейтіндерге еңбек шарты қажет, ол жалпы шарт бойынша және ҚР Еңбек кодексіне сәйкес болуы тиіс.
Жұмыс беруші шетел азаматтарының жұмысына байланысты құжаттарды сақтауы керек — оларды мемлекеттік органдар аудит кезінде талап етуі мүмкін.
3-қадам. Құжаттарды дайындау
Еңбек шартына қол қойылды, енді жұмыс берушіде шетел қызметкерін елге шақыруға негіз бар. Ол үшін маманға жұмыс визасын алу керек. Жұмыс беруші виза алу барысын өзі бастайды, өйткені ол шақырушы тарап ретінде әрекет етеді.
Жұмыс беруші шақыру хатын ресімдеп, әрбір шетел азаматқа 0,5 АЕК (2025 жылы 1966 теңге) мөлшерінде ақы төлеуі керек. Содан кейін консулдыққа келесі құжаттарды тапсырады:
- жұмыс берушінің шақыруы
- консулдық алымның төленгені туралы түбіртек
- шетел азаматтарының төлқұжаттарының көшірмелері
- шетелдік жұмыс күшін тартуға рұқсат
- қол қойылған виза сауалнамасы және қызметкердің 35 × 45 мм фотосуреті
Жұмыс визасы әдетте жұмысқа рұқсаттың мерзіміне беріледі, бірақ үш жылдан аспауы керек. Төлқұжаттың жарамдылық мерзімі виза мерзімі аяқталғаннан кейін кемінде үш ай болуы маңызды.
Тағы бір маңызды мәселе — жұмыс беруші шетел азаматының тәжірибесін растап, қызметкердің біліктілігін дәлелдейтін хат дайындауы керек. Мұндай хаттың нақты бекітілген үлгісі жоқ, бірақ оны келесі мәліметтермен компанияның бланкісінде дайындаған жөн: қызметкер туралы мәліметтер (аты-жөні, азаматтығы және төлқұжат деректері), білімі туралы құжаттардың аударылған көшірмелері, жұмыс тәжірибесі (маусымды жұмыскерлерді қоспағанда — оларға ештеңе дәлелдеудің қажеті жоқ).
Егер шетел қызметкері корпоративішілік аударым бойынша жұмысқа тартылса, онда құжаттар тізімі келесідей болады:
- жұмыс орнынан анықтама
- жіберуші және қабылдаушы тараптан қызметкердің біліктілігі мен кәсіби тәжірибесі туралы хаттар
- еңбек шарты немесе корпоративішілік ауыстыру туралы келісім
Шетел азаматының Қазақстанда тұруға ықтиярхаты болса, онда оған жұмысқа рұқсат пен жұмыс визасын ресімдеудің қажеті жоқ.
4-қадам. Шетел азамат келгені туралы органдарға хабарлау
Қызметкер елге келді. Жұмыс беруші оның келуі туралы келген күннен бастап үш күн ішінде хабарлауға міндетті. Мұны екі жолмен жасауға болады:
- электрондық визалық-көші-қон порталы арқылы. Ол үшін жұмыс берушінің ЭЦҚ-сы және көшіп келушінің паспорттық деректері қажет
- E-Qonaq қолданбасы арқылы (AppStore және PlayMarket-те қолжетімді)
Сондай-ақ, Қазақстанда тұруға жоспарланған мекенжайын білу қажет.
5-қадам. ЖСН алу
Банк шотын ашып, жалақы алу, жұмыс құжаттарына қол қою, цифрлық қызметтерді алу, сим-картаны сатып алу үшін шетел қызметкерге ЖСН қажет. Оны тұрып жатқан үйіңіздің қасындағы ХҚКО-да ресімдеуге болады, бірақ құжат онлайн берілмейді, шетел қызметкер өзі баруы керек — сол жерде өтініш толтырады және паспорт ұсынады. Құжат бір күн ішінде тегін беріледі.
Сондай-ақ, ХҚКО-да дактилоскопиядан — саусақ ізін беруден өту қажет. Дактилоскопиядан өту туралы анықтама сол күні беріледі.
Келесі қадамдар
Шетел қызметкерлерімен еңбек қатынастары жұмыс берушіні әр айдың 30-на дейін тартылған шетелдік жұмыс күші бойынша мәліметтер беруге міндеттейді.
Бұзушылықтар үшін салынатын айыппұлдар
Әкімдіктің жұмысқа тартуға рұқсатынсыз немесе рұқсатта көрсетілген басқа мамандық бойынша шетел қызметкерін жалдағаны үшін — 100-ден 700 АЕК-ке дейін айыппұл (2025 жылы 393 200-ден 2 752 400 теңгеге дейін) салынады.
Егер шетел азаматының үш күн ішінде келгені туралы хабар берілмесе, онда шағын, орта және ірі кәсіпкерлік субъектілеріне 10-нан 20 АЕК-ке дейін (2025 жылы 39 320-дан 78 640 теңгеге дейін) айыппұл салынады. Шетел азаматының өзі жұмыс берушінің хабарлама жібермегеніне жауап бермейді.
Компанияға тартылған шетел азаматтары бойынша ай сайынғы мәліметтерді ұсынбағаны үшін бірінші рет ескерту жасалады, ал кейін — 10 АЕК (2025 теңгеде 39 320 теңге) айыппұл салынады.
Шетел қызметкері үшін төленетін салық
Тұруға ықтиярхаты бар шетел азаматтары үшін қазақстандықтармен бірдей салықтар төленеді:
- ЖТС — 10%
- ЖМЗЖ — 1,5%
- ӘА — 3,5%
- МӘМС — 3%
- МӘМСЖ — 2%
- МЗЖ — 10%
- ӘС
Қызметкер үшін төленетін әлеуметтік салық таңдалған салық режиміне байланысты төленеді: оңайлатылған және жалпыға бірдей белгіленген режимдегі ЖШС 11% төлейді, жалпыға бірдей белгіленген режимдегі ЖК — 1 АЕК (2025 жылы 3932 теңге), ал оңайлатылған ЖК мүлдем ештеңе төлемейді.
Тұруға ықтиярхаты жоқ шетел қызметкері үшін МЗЖ мен МӘМСЖ-дан басқа қазақстандық қызметкерге төленетін салықтарды төлеу қажет, оған қоса оның ЖТС бойынша жеңілдіктері жоқ (ол ең төменгі жалақы шегерімін пайдалана алмайды).
Басқа елдерден қызметкерлерді жұмысқа алу үшін сәйкес рұқсат алып, оларға жұмыс визасын ресімдеу керек. Бұл ережелерді сақтау маңызды, әйтпесе айыппұлдар салынады.