Қазақстанда тұрмыстық химия дүкенін ашу

500 мың теңгеден бастап пайдаға шығу — толық нұсқаулық

Қазақстанда тұрмыстық химия дүкенін ашу

Тұрмыстық химия дүкені — бұл кәсіпкерлер табыс таба алатын келешегі бар бизнес, өйткені тазартқыш пен жуғыш заттарға сұраныс әрқашан тұрақты болады. Мұндай бизнесті қалай ашуға болатынын және қай жайттарға назар аудару керектігін осы мақалада қарастырайық.

Бизнесті тіркеу

Ең алғашқы қадам — бизнесті тіркеу және салық режимін таңдау. ЖК немесе ЖШС-ның арасында қайсысы тиімдірек екенін түсіну үшін біздің мақаламызды оқыңыз. ЖШС ашу барысы туралы осы сілтеме арқылы білуге болады, ал ЖК тіркеу және салық режимін таңдау үшін келесі сілтеме бойынша ұсынылатын мақалалар көмектеседі:

ЖК ашу

Бизнес ашпас бұрын ЭҚЖЖ таңдау керек. Тұрмыстық химия дүкенін ашатын болсаңыз, негізгі қызмет түрі ретінде келесі ЭҚЖЖ кодтары қолайлы:

  • 47 75 — Мамандандырылған дүкендерде косметикалық тауарларды және гигиена заттарын бөлшек саудада сату
  • 46 44 — Кәрлен, шыны ыдыстар мен тазартқыш құралдарды көтерме саудада сату

ЖК-ны еlicense.kz арқылы тіркеуге болады. Кәсіпкерге таңдаған салық режиміне қарамастан, банкте есеп айырысу шотын ашу қажет болады.

Нарықты зерттеп, дүкен түрін таңдау

Орын жалға алып, тауар сатып алмас бұрын, кімге және не сататыныңызды түсінуіңіз керек. Бұл түсінік тек ассортиментті ғана емес, дүкен түрін де анықтайды. Сол аймақта кім сауда жасап жатқанын қараңыз — қала карталарын ашып, «тұрмыстық химия», «тұрмыстық тауарлар» немесе «хозяюшка» деп теріп, маңайда қанша бәсекелестер бар екенін, олардың бағалары қандай екенін, витриналары қалай жасалғанын, сатып алушылар оларға қаншалықты жиі келетінін бағалау керек.

Алматының тұрғын аудандарында әрбір 2–3 кварталында бір шағын тұрмыстық химия дүкені бар. Бірақ жақын жерде жаңа тұрғын үй кешені салынып жатқан болса, сіз орын иесімен жалға алу туралы келісіп, бұны бірінші болып жалдай аласыз.

Содан кейін дүкен түрін таңдау керек, ол бюджет пен аудиторияға байланысты:

  • үйдің жанындағы 15–20 шаршы метрлі шағын дүкен — тұрғын үйдің бірінші қабаттарында не жанында орналасқаны жарамды, ең бастысы — мұндағы орын жалдау бағасы төмен, ықшамды ассортимент, тұрақты сатып алушылардың арқасында табыс көреді
  • үйдің жанындағы 30–50 шаршы метрлі орташа дүкен — жаяу жүргіншілер ағынының жоғары болатын шағын ауданға жарамды, үйге арналған тауарларды қосып, ассортиментін кеңейтуге болады
  • онлайн-дүкен — орын жалға алу шығындары үнемделеді, бірақ қойма мен бизнесті ілгерілетуге, сондай-ақ, сайт жасауға, SMM жүргізуге және логистикаға ақша қажет етеді
  • көтерме және бөлшек сауда нүктесі — ірі партияларды сататындарға қолайлы, мұнда ассортимент кеңірек болады, тауар айналымдары жоғары, бұндай жерлерде жиі жеке сауда нүктелерінің, қонақүйлердің, тазалау компанияларының иелері сияқты кәсіпкерлер мен компаниялар келіп, тауар сатып алады
  • біріктірілген формат — бөлшек сауда мен онлайн-дүкен ретінде сауда жасау, ең икемді нұсқа

Дүкеннің клиенттері кім екенін түсіну маңызды — егер декреттегі аналар болса, онда балалар тауарлары қажет, басқа тұрғындар болса — арзан әмбебап заттарды алған жөн, ал бизнес-класс тұрғын үй кешендерінің тұрғындарына экологиялық таза тұрмыстық химия мен еуропалық брендтерге назар аударған дұрыс.

Тауардың барлығын бірден сатып алуға тырыспаңыз. Бір сегменттен бастап, тұрақты клиенттерді жинап, содан кейін кеңею туралы ойлаңыз.

Салынған ақша мен күтілетін пайданы есептеу

Шығындарға батпау және артық тауарды сөрелерде ұстамау үшін тұрмыстық химия дүкенін ашуға қанша ақша керек екенін және қанша айдан кейін табысқа шығатынын алдын ала есептеу керек.

15-30 шаршы метрлі шағын дүкенді ашуға арналған негізгі қажет қаражат:

  • орынды жалға алу — қала мен жаяу жүргіншілер ағынынына қарай айына 100–300 мың теңгеден басталады
  • жөндеу жұмыстары, витриналар мен стеллаждар құру — 200 мың теңгеден басталады
  • тауардың алғашқы партиясын сатып алу — 100–200 затқа 500 мың теңгеден басталады
  • онлайн-касса, бухгалтерлік бағдарлама — 0 теңгеден басталады
  • жарнама қосу мен маңдайша құру — шамамен 100 мың теңгеден басталады

Сонымен тұрмыстық химия дүкенін ашуға кететін қаражат — 900 мың теңгеден басталады

Айына кететін операциялық шығыстар:

  • орынды жалға алу — 100–300 мың теңгеден басталады
  • тауарды қайта сатып алу — сатылу шамасына қарай орта есеппен 300 мың теңгеден басталады
  • сатушының жалақысы — 80 мың теңгеден басталады
  • коммуналдық қызметтер, интернет, кассалық қызмет көрсету шығындары — 30 мың теңгеден басталады
  • жарнама — 30 мың теңгеден басталады

Барлығы: айына 540 мың теңгеден басталады

Күтілетін пайда:

Орташа чек 2 800 теңгемен күніне 25 сатылым болса:

25×2 800 ₸ x 30 күн = 2 100 000 ₸ айлық түсімі

Тұрмыстық химия саудасындағы маржа шамамен 30–40% құрайды. Орташа маржа 38% болғанда, жалпы пайда шамамен 800 000 теңге болады.

Ай сайынғы 540 000 теңге құрайтын шығыстарды шегергеннен кейін шамамен 250 000 теңгеге жуық таза пайдаға шығуға болады. Клиент базасы көбейіп, ассортиментте жоғары бағамен сатылатын тауарлар қосылғанда, пайда айына 400–500 мың теңгеге дейін өсуі мүмкін.

Тауардың бірінші партиясын сатып алу — бұл қатып қалған қағида емес. Кейбір кәсіпкерлер ассортименті аз сомадан қалыптастыруды бастайды және біртіндеп оны кеңейтеді. Бірден тым көп тауар алмаңыз. Ең көп сатылатын заттарды кейін қосымша сатып алуға да ақша қалдырыңыз.

Сенімді жеткізушілерді табу

Сататын тауарды табу — басты мәселелердің бірі. Тұрмыстық химия дүкенінің ассортименті — клиенттің қайта оралуына ықпал ететін басты фактор. Бұл тікелей жеткізушілерге байланысты. Мұнда баға, сапа және брендтің танымалдығы арасындағы тепе-теңдікті табу маңызды. Жеткізушілерді қайда және қалай іздеу керек екенін, кімге сену және қандай жайттарға назар аудару керектігін қарастырайық.

Қаладағы көтерме қоймалар

Егер дүкен тұрғын ауданда, үйдің жанында орналасқан болса, онда Fairy, Sorti, Domestos, Dosia, Ariel, Tide және т.б тауарлар сияқты жаппай сатылатын, сенімді тауар түрлерін сатып алған дұрыс. Оларды ірі қалалардағы көтерме базалардан оңай табуға болады: Алматыда — Алтын Орда мен Барыс базарларында, Астанада — Шапағат базарында, Шымкентте — Қарасу базарында.

Мысалы, Алматыдағы Himtex Asia Plus компаниясы Барыс базарында орналасқан және көтерме бағамен барлық тұрмыстық химияның кең ассортиментін сатады. Тауарды 300 000 теңгеден бастап сатып алған кезінде Алматы бойынша жеткізу тегін, Қазақстан бойынша да жеткізу бар, кез келген сомаға бір қораптан бастап өздеріңіз алып кетуге болады.

Көтерме қоймалармен жұмыс істеудің артықшылықтары — тауардың жылдам жеткізілуі, сатып алу көлемінің икемділігі, жақсы үстеме баға қою мүмкіндігі және қажет болса, кәсіпкер тауарды өзі барып алса болады. Кемшіліктері — тауар қалдықтарын өздеріңіз бақылауыңыз керек, сапасы мен жарамдылық мерзімін тексеру керек.

Еуропалық және әлемдік брендтердің ресми дистрибьюторлары

Сауда орталығындағы, бизнес-класс тұрғын үй кешеніндегі немесе фитнес-клубтар мен мектептердің жанындағы дүкендердің клиенттері талғампаздау болады. Мұнда Persil, Losk, Bref by Henkel, Lenor by Procter & Gamble сияқты сапалы, гипоаллергенді, экологиялық таза брендтерге назар аударған жөн — Қазақстанда мұндай тауарладың ресми дистрибьюторлары бар және Ecover, Frosch, BioMio және басқа био-құралдардың импорттаушылары бар.

Мысалы, Oasis Group Distribution компаниясы Еуропаның тұрмыстық химия брендтерін Қазақстанға жеткізіп, дистрибуциямен 30 жылдан бері айналысып келеді. Компанияның еліміздің 9 қаласында қоймалары бар, 27 брендтің 1 000-нан астам тауарын ұсынады, Алматы және басқа қалалардың ірі гипермаркеттеріне, супермаркеттеріне мен дәріханаларына тауар жеткізеді.

Артықшылықтардың арасында — брендтерге деген жоғары сенім, экологиялық таза дүкен ретінде сауда жасауға болады, тауар қайтару мәселесі аз кездеседі, өйткені адамдар не сатып алғанын біледі. Кемшіліктердің ішінен — тауарды көбінесе тек үлкен партиялармен сатып алу, тапсырыстың ең аз сомасы 500 мың теңгеден басталуы мүмкін.

Ресейлік жеткізушілер

Қазақстандық кәсіпкерлердің көбі тауарларды ресейлік жеткізушілерден делдал арқылы немесе тікелей зауыттардан сатып алады. Мұндай жұмыс түрі көпшілік біле бірмейтін, бірақ сапалы және қол жетімді тауарлардың ассортиментін кеңейту үшін қолайлы. Кәсіпкер тауарды optlist.ru сияқты ресейлік сайттардан немесе «Ушастый нянь», «Дегтярное», «Прелесть», «Чистин» және т.б. брендтерді ұсынатын Көктем сияқты қазақстандық дистрибьюторлардан іздей алады.

Артықшылықтардың ішінен — бағалары жиі төмен болады, таңдауға болатын тауарлар көп. Кемшіліктердің ішінде — логистика мен валюта бағамына байланысты тәуекелдер бар.

Қазақстандық өндірушілер

Бүгінде Қазақстанда тұрмыстық химия өндірушілерінің саны артып келеді — бұл дүкен ретінде ерекшеленуге болатын жақсы мүмкіндік. Сапасы лайықты брендтер көп, әсіресе кір жууға және тазалауға арналған тауарлар.

Артықшылықтардың ішінен — қолайлы баға, жылдам жеткізу, эксклюзив туралы немесе шағын партияны сатып алу туралы келісуге болады, оған қоса бұл қазақстандық бизнестің дамуына үлес қосады — бұны жарнамада пайдалануға болады. Кемшіліктердің ішінен — адамдар әлі күнге дейін жаңа атауларға сенімсіздікпен қарайды, клиенттерге өнім нашар емес екенін, тіпті үйреншікті брендтерден қарағанда одан да жақсы екенін түсіндіруге тура келеді.

Сауданы икемді жиынтықтан бастауға болады: 70% — Tide, Fairy, Domestos сияқты танымал брендтер, 20% — экологиялық немесе ресейлік баламалар, 10% — жарнама және сұранысты сынау үшін алынатын қазақстандық жаңа тауарлар.

Барлық өнімді бірден жалғыз жеткізушіден, әсіресе ол жаңадан бастап жатса, алмаңыз. Өнімнің сертификаттарын тексеріңіз, Қазақстанда тұрмыстық химия — сертификаттауға жататын тауар. Кішкентай топтамадан бастап, тұтынушылардың қызығушылығын тексеріп көрген дұрыс.

Біз Ақтөбеде орналасқан Easy HOME атты қазақстандық компаниямыз, тұрмыстық химия өнімдерін шығарып, сатамыз. Өз дүкеніміз бар, оның көлемі — 132 шаршы метр. Жалдайтын орынды іздеген жоқпыз — меншікте жеріміз болды, сонда орналастық. Бірақ егер сіз жалға алатын орынды іздесеңіз, онда бөлменің температурасына назар аударған жөн — бұл 25-30 градус шектерде болу керек, сонымен қатар желдеткіштің болуы және тауарларды сөрелерге ыңғайлы орналастыру маңызды.

Тауарлардың үстеме бағасы орта есеппен 20%-дан жоғары болады. Ең жақсы сатылатын тауарлар — бұл жууға арналған гельдер, оттекті ағартқыштар, беттегі жұғын мен майға қарсы құралдар. Құбырлар, әйнектер немесе едендерге арналған тазартқыштар сияқты белгілі бір бағыттағы тауарлар қиынырақ өтеді. Ассортимент әр жарты жыл сайын жаңартылады. Біздің тауардың бағалары қолжетімді, мысалы, ыдыс жууға арналған құралдың бағасы — 559 теңге. Азық-түлік бөлшек саудасында сияқты, біздің бизнесте де маусымдық сезіледі — ең жақсы сатылымдар көктем мен жазда болады, ал қыс пен күзде айтарлықтай азаяды. Дүкенімізде басқа жеткізушілердің тауарларын сатпаймыз, тек өзіміздің өнімдерімізді сатамыз.

Ресми жағынан бәрі оңай. Бизнесті тіркеп, жеткізушіден сәйкестік сертификаттарын алу керек. Біз өзіміз өндіруші болғандықтан, тауар таңбалау мен сертификаттау мәселесін өзіміз шешеміз.

Instagram — бұл негізгі сату арналарының бірі. Парақшамызды 2022 жылы дамыта бастадық, қазір әлеуметтік желі барлық табыстың шамамен 18% құрайды.

Штатымызда 15 адам бар. Компанияның кірістері мен шығыстарының есебін жүргізу және ұйымдастыру үшін 1С және Bitrix24 жүйелерімен қолданамыз. Қызметкерлеріміз тұрақты жұмыс істейді — бұл жағынан қиындықтар жоқ.

Кристина Хорошайло, EASY-TM компаниясының жоба менеджері

Жарнама әдістері және клиенттерді тарту жолдары

Кәсіпкер пайда табуды бастау үшін бірінші күннен бастап дүкенін дамыту керек. Келесі әдістер қолдануға болады:

  1. Дүкен терезесін жарнамалық баннер ретінде жасау. Адамдар сырттан ішінде не сататынын және дүкен немен ерекшеленетінін бірден түсінуі керек. «Тұрмыстық химия» атауы мен жазуы алыстан көрініп тұруы керек, жақсы сатылатын тауарлардың бағасы үлкен әріптермен көрсетілу керек — «Fairy 1 л — 690 теңге». Егер еуропалық брендтерді сатсаңыз, витринаға «Германияда шығарылған гипоаллергенді химиялық заттар» деп жазу керек.
  2. Компанияны Google Карта және 2GIS жүйесіне қосу. Бұл тегін әдіс және қызығушылық танытатын клиенттердің ағынын қамтамасыз етеді. Адамдар бұндай жүйелерге кіріп, «жақын жерде тұрмыстық химия» деген сұраулар бойынша іздеген кезде дүкен іздеу нәтижелерінде шығады.
  3. Instagram немесе TikTok ашу — бұған идея болса ғана кірісу керек. Тауарды қаптамасынан ашып жатқанын түсіруге болады, «1200 теңге мен 600 теңгеге алынған тазартқыштардың айырмашылығы» деген салыстырмалы бейне түсіруге болады, «5 минут ішінде плитканы қалай тазартуға болады» деген пайдалы кеңестер беруге болады. Таргет жарнаманы қосып көру керек.
  4. Үндеухаттар мен купондар сияқты бюджеттік жарнаманы іске қосу. Жарнамалық үндеухаттарды пошта жәшіктеріне салып немесе есіктің өзіне жабыстырып көріңіз, әсіресе жаңа тұрғын үйлерде, бірінші сатып алуға 10% жеңілдігі бар купондарды беріңіз. Тіпті флайерге қоса сыйлық салуға болады — бұл сынап көруге болатын кез келген тауар, майлық немесе кішігірім ауа сергітуші болуы мүмкін. Мекенжайды, телефон немесе WhatsApp нөмірін жазуды ұмытпаңыз.

 

Тұрмыстық химия дүкені — бұл моделі түсінікті және сұранысы тұрақты келешегі зор бизнес. Жақсы орын таңдап, ассортиментті дұрыс құрып, жұмысты ұйымдастырса, бизнес табыс әкеледі. Бастапқыда азырақ қаражаттан бастап, ақырындап бизнесті кеңейтуге болады. Ең бастысы — ірі желілермен бәсекеге түсуге тырыспай, нарықтағы өзіңізге ғана тиесілі орынды және клиентке ұсынатын құндылықты табу.